СӘН ӘЛЕМIНIҢ ЕРКЕСI

СӘН ӘЛЕМIНIҢ ЕРКЕСI

СӘН ӘЛЕМIНIҢ ЕРКЕСI
ашық дереккөзі
239

Бүгiнде елiмiздiң сән әлемi әлемдiк сән кеңiстiгiне өзiндiк қолтаңбасын қалдыруға бар күш-жiгерiн салып келедi. Бұл жолда қызмет етiп жүрген сән компанияларымыз да көп емес. Дегенмен, Құдайға шүкiр, бiздiң сән кеңiстiгiмiз қазақ қауымында да париждiк сән компанияларымен терезесi тең түсетiн компаниялар бар екенiн барынша дәлелдеп келедi. Сондай сән компанияларының бiрi — “Ерке-Нұр”. Биыл 10 жылдық мерейтойын атап өткен “Ерке-Нұр” Еуропаның көптеген елдерiн тамсандыруда.

КОМПАНИЯ ЖЕТIСТIКТЕРI

1997 жылы Фарида Мерхамитқызының бастауымен “Ерке-Нұр” компаниясы құрылды. Небәрi 10 жыл iшiнде қазақтың қолөнер жаухарларын насихаттауда компания үлкен жетiстiктерге жеттi. Атап айтар болсақ, 2007 жылы “Жыл таңдауы” байқауында компания “Ең үздiк сән орталығы” атағына ие болды. Бүгiнде компания қарамағында 200-дей адам қызмет жасайды. “Ерке-Нұр” 4 бағыт бойынша жұмыс iстейдi. 2004 жылы компания жанынан өзiмен аттас сән театры ашылды. Мұнда көркiмен көз тартар сұлу қыздар мен бекзада жiгiттер сән көрсетудiң қыр-сырын үйренiп келедi. “Ерке-Нұр” тек бiздiң елiмiзде ғана емес, Қытай, Түркия, Германия, Швеция, Ресей сынды мемлекеттерде де үлкен құрметке ие. Сонымен қатар Германия, Бельгия, Америка елдерiн компания өзiнiң таңғажайып киiмдерiмен таңқалдырып келедi. Голливуд пен Қытай басқа да шет елдерде өткен сән өнерi сайыстарында да елiмiздiң абыройын асқақтатып жүлделi орындарға ие болып жүр. Сондай-ақ, 2007 жылдан бастап компания қыз-келiншектерге арналған “Ерке-Нұр” әдеби-танымдық, сән журналын оқырман қауымына ұсынып келедi. Ал 2008-2009 оқу жылында, яғни биыл сән компаниясы 4 мамандық бойынша маман дайындайтын қазақ-қытай тiл колледжiн ашты. Бүгiнде колледжде бiршама студент дәрiс алуда. Бұл әрине компанияның осы уақытқа дейiн жеткен жетiстiктерi. Адамның көркiн ашар, ұлттық мәдениетiмiздi еске салып отыратын теңдесi жоқ киiмдер дайындап, “Ерке-Нұр” қазақстандық, әлемдiк сән кеңiстiгiне өзiндiк ерекшелiгiмен осылай енiп келедi.

“КЕРIМ-АУ, АЙДАЙ”

10 жылдығын “Ерке-Нұр” Алматыдағы “Қазақстан” қонақ үйiнде “Керiм-ау, айдай” атты сән кешiмен атап өттi. Кешке елiмiздiң зиялы қауым өкiлдерi, сәнқұмар қауым жиналды. Сән кешiнде “Ерке-Нұр” сән компаниясы жаңа коллекцияларымен қоса, сәнқой қауымға бұрыннан таныс коллекцияларын көрермен назарына ұсынды. Сондай коллекциялардың бiрi — үйлену тойына арналған “Ақ босаға” коллекциясы. Қазақтың таңғажайып ою-өрнегiмен көмкерiлген коллекцияны көрген кезде 19 ғасырдағы қазақ тойы көз алдымызға елестедi. Ал қыз-келiншектерге арналған “Хан Тәңiрi”, “Томирис” коллекциялары да ерекше. Әрбiр киiмге салынған ою-өрнектер көз тартады. Компания назарынан жiгiттерге арналған киiм үлгiлерi де тыс қалмаған. Оған дәлел “Сары Арқаның сал серiлерi” коллекциясы. Бұл коллекцияның ерекшелiгi – әрбiр киiм алтын жiптермен тiгiлген. Ал асыл аналарымызға арналған “Ару-Ана” коллекциясы тiптi керемет. Қазақ ұлты жас ерекшелiгiне байланысты әйел затына өзiндiк бас киiмдi дайындаған емес пе? Сахна төрiнде кимешек киген сән көрсетушi қыздарды көрiп, ертеректегi апаларымызды көргендей болдық. Қазақтың ұлттық киiмдерi шын мәнiнде әлем таңқаларлықтай ғажап. Себебi қазақ ұлты киiм үлгiлерiне аса жоғары талғаммен қараған. Әрине компания жаңа заман талабына да сәйкес киiмдердi шығарады. Дегенмен “Ерке-Нұр” мұндай киiм үлгiлерiне де қазақтың ою-өрнегiн қосуды ұмытпаған екен. Мәселен, “Керiм-ау,айдай”, “Алатау-Самал”, бойжеткендерге арналған “Гүл көктем” коллекцияларындағы киiм үлгiлерi күнделiктi өмiрдi киюге арналған. Ал джинсы маталарынан тiгiлген “Замандас келбетi” коллекциясы джинсы маталарын сүйетiн жастарға арналыпты. Сән кешiндегi жаңа коллекциялардың бiрi — “Астана келбетi” коллекциясы. Бұл “Ерке-Нұрмен” түйедей құрдас Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына арнап шығарылған колекция. Ақ, қара маталардан тiгiлген киiмдер шын мәнiнде Елордамыз Астананың келбетiн көрсетiп тұрғандай. Тағы бiр жаңа коллекция тоқыма киiмдерден тiгiлген “Фарида”. “Фарида” коллекциясының да өзiндiк ерекшелiгi бар. 2 сағатқа созылған сән кешiнен керемет әсер алдық. Құдды бiр сәннiң орталығы атанған Париж қаласындағы сән апталығының бiр кешiн тамашалағандай болдық. Әлбетте, елiмiздегi сән әлемiнiң еркесi “Ерке-Нұр” бiзге шетелдiң кез келген сән компанияларынан да қымбат.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары