ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒА МА?
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒА МА?
Әдетте билiк тiзгiнiн ұстағандар тақтан таяр кездiң алдында қатты сынға ұшырайды. Денсаулық сақтау министрi Дерновой да Елбасыдан, артынша Премьер-министрден бiрнеше мәрте сөгiс алып, ақыры орнынан кетiп тынды. Сөйтiп, Елбасының Жарлығымен министрлiкке 2001-2004 жылдары осы саланы басқарған Жақсылық Досқалиев тағайындалды.
Әрине, Жақсылық Досқалиевқа бұл жұмыс таңсық емес. Денсаулық сақтау саласының мәселелерiне бұған дейiн де жiтi қанық экс-депутат әрi мәдени-әлеуметтiк даму комитетiнiң төрағасы болған ол осыдан 3 жыл бұрынғы орнына қайта оралды. Аталмыш саланың майын iшкен маман ендi өз тұсында жiберген қателiктерiне тың көзбен қарап, жаңа серпiнмен жұмыс iстейдi деген сенiм бар. Көпшiлiкке жақсы танымал, 53 жастағы министрдiң ендiгi мiндетi – елiмiздiң тұралап қалған медицинасын жақсарту, Елбасы жүктеген “100 аурухана” бағдарламасын межелi уақытында орындау. Соңғы кездегi денсаулық сақтау саласына бағытталған ескертпе-сындарды түйiп жүрген Досқалиев өз кезегiнде Елбасы мен Премьер-министр сенiп артқан мiндеттi ақтауға тырысатындығына уәде бердi.
Шындығына келсек, түйткiлдi жәйттiң бәрi экс-министр Дерновойдың тұсында шамадан тыс қордаланып кеттi. Қайсыбiр мәселенi шешуде маман әрi министр ретiнде ұтымды ұсыныс айтпаған ол бұл саланың түп-тамырына қан жүгiрте алмады. Мемлекеттiк бағдарламаға бөлiнген бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға жол бердi. Қаражат мөлшерден тыс көзделiп жатса да, елiмiзде жүрек-қан тамырлары, туберкулез, қант диабетi, қатерлi iсiк секiлдi ауру түрлерi мүлдем өршiп кеттi. Ана мен бала өлiмi де азаймай тұр. “100 аурухана” салу бағдарламасы кей өңiрлерде тiптi, қолға алынған да жоқ. Ал шетелден қымбат ақшаға сатып алынған медициналық қондырғылардың тiлiн бiлетiн мамандардың аздығынан, қаңырап бос тұр. Қазiр облыстарда 444 миллион теңгеге алынған 276 медициналық қондырғы күнi бүгiнге дейiн пайдаланылмай отыр. Себебi, оларды орнатып, халықтың игiлiгiне жұмсайтын бiлiктi маман тапшы.
Бiр өкiнiштiсi, дәрiгердiң алдына келген науқастың ақ халатты жандарға деген өкпе-назы басылмай тұр. Бұл бiр қарағанда адам жанының күтушiсi – дәрiгер мамандығының қоғамдағы беделiнiң төмендеп кеткенiн аңғартатын сияқты.
Халық арасында басқасын қайдам “аурухана мен милицияға күнiмiздi салмасын” деген сөз кеңiнен тараған. Бұл сөздiң жаны бар-ау деймiн. Өйткенi, қазiргi кезде республика азаматтарының белгiленген нормативтiк актiлер бойынша тегiн емделуi және тегiн дәрi-дәрмекпен қамтылу құқығын тағы да медицина саласы мамандары бұрмалап, бұзып келген. Оның үстiне тап бүгiн кез келген адамға “Медицина мекемелерiнде тегiн ем аласыз ба?” деген сұрақты төтесiнен қояр болсаңыз, бiрауыздан “тегiн емделу мүмкiн емес, бәрiбiр ақша дәметедi” деген жауап аласыз. Шындығында, солай. Адам болған соң ауырмай тұрмайсың. Қайбiр жылы аяқастынан iшiм түйнеп, медициналық жедел-жәрдем көмегiн шақырттым. Қоңырау шалғаннан соң жиырма минөттен кейiн келген медбике ары ойланып, берi толғанып тез арада өзiмен бiрге №12-қалалық ауруханаға баруымды өтiндi. Жанымды қоярға жер таппай, сары уайымға баттым. Не болғанын бiлмегендiктен де, ауруханаға жетуге асықтым. Келдiк. Тағы да баяғы қағазбастылық. Екi-үш есiкке кiрдiм. Бiр кезде ауруым одан әрi үдей түсiп, күшейiп кеттi. Содан не керек, айналып келгенде “соқырiшек” екенiмдi айтып, операция жасайтындықтарын жеткiздi. Әлгi түйiн жаныма тiкен боп қадалды. “Ауырса, ендi қайтемiз, шыдайсыз. Операцияның кезегiнде тұрған қаншама адам бар. Түнгi ауысым болғандықтан, хирург екеу-ақ” деген медбикенiң жауабына қарсы уәж айтпастан, кезегiмдi күтуге амалсыз мойынсұндым. Әуелде жедел-жәрдеммен келгендiктен, операцияны тегiн жасайтын шығар деп арқаны кеңге салғанмын. Тiптi, ары кетсе 5 мың теңге сұрар деп те қойдым. Сөйтсем, жұмысын жаңадан бастаған жас хирург операция жасамас бұрын 20 мың теңге талап еттi. Жаның шүберекке түйiлген кезде әрi денсаулықтан асқан байлықтың жоқ екендiгiн сезiнгенде, сұрағанын бередi екенсiң.
Мiне, тегiн көмек беруi тиiс медициналық мекеме дәрiгерлерiнiң әрекетi осы. Қателеспесем, сонда соқырiшекке операция жасату үшiн кезекте бес-алты адам тұрған. Әрқайсысынан 20 мың теңге алған күннiң өзiнде 100 мың теңге қалтаға түстi дей берiңiз. Бұл сонда алакөздiк пе, әлде парақорлық па? Әлде, жалақының аздығынан мәжбүрлiкке барып отыр ма?
Тағы бiрде анализ тапсыру үшiн емханаға бардым. Учаскелiк дәрiгер үйiп-төгiп жолдама жазып бердi. Жекеменшiк медициналық мекемеге. “Мұның бәрi өздерiңiзде бар емес пе?” десем, “Бiздегi қондырғылар ескi, ал мына жерге барсаңыз диагнозды тез әрi нақты айтып бередi” деген сылтау айтты. “Жарайды” деп жолдамамды алып, жiберген мекемесiне келдiм. Бiр емес, 3-4 анализ тапсыруым керек екен. Одан кейiн дәрiгердiң қабылдауына кiрiп, кеңес алудың өзi де ақша тұрады. Сонымен не керек, барлығын есептесем 10 мың теңгедей ақша желге ұшыпты. Бұл диагнозға байланысты дәрi-дәрмегiмдi алмағанның өзiндегi сома. Ал дәрiнiң өзi бiрталай ақшаны сорады. Не деген бассыздық? Жергiлiктi жердiң тұрғыны ретiнде тiркеуде тұрсам да, ақылы медициналық көмекке жүгiндiм. Бiлуiмiзше, қазiр кез келген емхана осындай жүйенi енгiзiп қойған. Олар әлгiндей жекеменшiк клиникаларға “клиент” тауып бередi, ал бұлар белгiлi бiр пайызын аударып отыратын көрiнедi. Демек, арада екiжақты келiсiм орнаған. “Екi түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледi” демекшi, айдың-күннiң аманында қарапайым халық ақшасынан қағылады. Бар жиған-тергенiн анализ тапсыруға ғана жұмсайтын науқас емнiң толық курсын ала алмай дал болады. Бүгiнгi Денсаулық сақтау министрлiгiне қарасты медициналық мекемелердiң заңды сақтамай, былық-шылыққа белшесiнен батып отырғандығы осыдан-ақ бiлiнедi. Ал осы бюджеттiк медициналық мекемеге ақылы жүйенiң қосылып кеткендiгiн көрсе де көрмегенситiн басшыларға не жорық? Әрине, бұған әуелi жергiлiктi департаменттегiлер, сосын медициналық мекеменiң меңгерушiлерi жол берiп отырғаны белгiлi. Тiптi, кейбiр пациенттерге тегiн берiлуi тиiс дәрiлердiң өзiн сатып алуға жұрт көндiккен. Алматы қаласы, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан облыстарының мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде жүктi әйелдерге тегiн берiлуi тиiс дәрi-дәрмектердiң сатылу фактiлерi анықталған. Негiзi Заң бойынша босанатын әйелдер үшiн дәрiлер тегiн берiлуi тиiс. Ал олардан мемлекеттiк медициналық органдарда мемлекеттiк дәрi-дәрмектер үшiн ақша алынады. Мамандардың айтуынша, Қазақстан халқы 42 аурудың түрi бойынша дәрi-дәрмекпен ақысыз емделуге құқы бар. Ал кейбiр ауруларға қажеттi дәрiлер үшiн бюджеттiң есебiнен 50 пайыз жеңiлдiктер қарастырылған. Соған қарамастан дәрi-дәрмектiң тапшылығы туралы арыздар азаймай келедi.
Камал Ормантаев, елiмiздiң бас педиатры, академик:
– Жақсылық Досқалиев – дәрiгер. Министр болды. Ауылда болып, көп елдi аралаған азаматтардың бiрi. Одан көп үмiт күтiп отырмыз. Негiзiнде дамыған елдердiң iшiнде Iшкi жалпы өнiм 7, 8 пайыз мөлшерiнде болса, бiзде 2, 5 пайыз ғана. Денсаулық сақтау – қиын мәселе. Үкiмет осыны қолдаса, бiрнәрсе шығуы мүмкiн. Ол үшiн ақшаны да әжептәуiр бөлу керек. Министрлiктi тағайындау кезiнде әуелi елдiң, халықтың жағдайын бiлетiн, өзi де осы саланың маманы болған адамды отырғызған дұрыс. Дерновойды санитарлық дәрiгер десе де, ел iшiнде көп iстемеген сияқты. Яғни, ауылдың, ауылдағы халықтың жағдайын дұрыс бiлмейдi.
– Жақында Елбасы Оңтүстiкке жасаған сапарында дәрiгерлердi қатты сынға алған-ды. Ciздiңше, денсаулық сақтау саласының жүйесiн өзгерту керек пе?
– Бұл жүйе сол Кеңес үкiметiнен қалған жүйе ғой. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесiн өзгерту қиындау сияқты. Бiрақ көп қызметкерлердi орнынан алып жатыр. Ол да дұрыс шығар. Бiрақ “Кеткен адамнан келген адам жақсы болмайды” деген мақал бар. Мiне, осыны ескеру керек сияқты. Сол баяғы жүйе жұмыс iстеп жатыр. Бiрақ “жаңа қондырғылар алдық, ол дұрыс жұмыс iстемейдi” дейдi. Аяқ астынан алады да, ол бiр кезде керек болмай шығады. Әйтеуiр, түсiнiксiз. Негiзi осының бәрi ойланып iстейтiн нәрсе ғой.
– Ал ақылы медициналық көмекке деген көзқарасыңыз қалай?
– Шынында да, көп жерде халықтың жағдайы көтермейдi. Ол үшiн мемлекет тарапынан көмек қажет. Ал ақылы мен тегiн емхананы бөлек хабарландыру ретiнде жазып қойса. Көп медициналық мекемелерде бұл көрсетiлмейдi, жазылмайды. Сөйтедi де, бәрiнен ақы алады. Бұл дұрыс емес. Қанша жерден айтсақ та, дәрiгерлердiң айлығы өте төмен. Негiзiнде әлемде ең бай адамдар – дәрiгер мен заңгер. Жоғары оқу орнын 7-9 жыл оқып, бiтiрген жас маман бар жоғы 17 мың теңге жалақы алады. Бұл айлықпен жұмыс iстеу қиын. Сондықтан да дәрiгерлердiң жалақысын көтеру керек.
Келесбек Абдуллин, А.С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетiнiң Фармацевтика кафедрасының деканы:
– Денсаулық сақтау саласына жаңа басшы тағайындалды. Медицина саласында қалыптасқан барлық мәселенi бiлетiн азамат келдi. Досқалиев мәжiлiсте әлеуметтiк пен денсаулық сақтау саласын басқарды. Сондықтан да ол барлық мәселенi жетiк бiледi. Денсаулық сақтау жүйесi адамның жеке басына да Үкiметтен бөлiнетiн қаржыға да байланысты. Егер де қаржы онша көп бөлiнбесе, қанша мықты министр болса да қордаланған мәселелердi шеше алмайды. Өйткенi, қандай мәселе болсын қаржы мәселесi көсе-көлденең шығып тұрады. 2013 жылға дейiнгi қабылданған бағдарламаға сәйкес Iшкi жалпы өнiмдi он пайызға жеткiземiз деп жатырмыз. Бұл үлкен жұмыс. Ендi министр осы жағдайды ескерiп әрекетке көшетiн шығар.
– Қазiр кез келген ауруханаға, емханаға барсаңыз ақылы мен тегiн қаралу бiрiгiп кеткен сияқты.
– Негiзi ақысыз аурлардың түрi көрсетiледi. Мұндай көмекке әлеуметтiк топтар, мүгедектер (оның тобына қарай) немесе сәбилер ие болады. Ал басқа жағдайдағы аурулар ақылы қаралады. Қазiр нарыққа байланысты осылай болып отыр. Қызметтiң бәрi сатылып алынады. Сол себептен де ақылы медицина өте көп жол алуда. Кейбiр ауруларға министрлiктен квота берiледi. Бұл Үкiметтен бiр адам басына немесе бiр ауруға бөлiнетiн ақшаның сомасы. Мұның бәрi жұрттың бәрiне жете бермейдi.
– Мемлекеттiң бюджеттiк мекемесi болса да, ақы алып емдейтiн ауруханалар бар ғой. Тiптi, ақша бермесеңiз, жаның қиналып жатса да терiс айналып кететiн дәрiгерлер бар…
– Бұл негативтi мәселе. Мемлекетiмiз сыбайластыққа қарсы заң да шығарып жатыр. Өмiрде неше түрлi адам бар, аласы да, қарасы да дегендей. Оның үстiне жалақысы аз болғаннан кейiн ақша алмаса тұра алмайды. Бұл дерт қалыптасып кеттi. Медицина саласындағы нағыз жағымсыз дүниенiң бiрi – осы. Мұны Үкiметтiң қаулысымен, тағы басқа жолмен жою қиын. Қазақта “Ауру қалса да, әдет қалмайды” демекшi, осы қара күйеден құтылу үшiн өте көп күш қажет.
– Дәрi-дәрмек мәселесi де күн тәртiбiнен түскен емес. Оның сапасының нашар екендiгi, қымбат бағамен сатылатындығы да жиi айтылып жүр.
– Үкiмет тарапынан дәрi-дәрмектердiң сапасын тексеру жүйесi жақсы жолға қойылды. Мысалы, бiздiң рынокқа келетiн дәрiлердiң бәрi мiндеттi түрде сертификациядан өтуi керек. Бұл дәрiнiң сапасын тексерудiң бiрден-бiр рычагы. Сол сияқты мемлекеттiк тiркеуден өткiзу де сапаны бақылайды. Және тендер бойынша сатып алуда да сапаға мән бередi. Бiр айта кетерлiгi, қазiр Үкiметте дәрi-дәрмектiң сапасын бақылау жөнiнде бұрын кеңес кезiнде қабылданбаған заңдар қабылданып жатыр.
– Сонымен, денсаулық сақтау саласының жүйесiн түбегейлi өзгерту керек пе, жоқ па?
– Әрине, өзгерту керек. Дүниеде қатып қалған ештеңе жоқ. Заманға қарай жүйенi де өзгерту қажет. Мәселен, бұрын кеңес үкiметi кезiнде ақылы медицина деген ойға келмеген үрдiс едi. Қазiр нарық қалай келдi, бәрi де ақылы жүйеге көштi. Сол сияқты бұрын қазiргiдей дәрi-дәрмек, жаңа технология болған жоқ. Жүйеге тың жаңалық, соңы үрдiс енгiзуден аса қорқудың қажетi жоқ. Әйтпесе, елiмiз денсаулық сақтау саласы бойынша артта қалып қояды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ