ҰЛЫҚ ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ!

ҰЛЫҚ ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ!

ҰЛЫҚ ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ!
ашық дереккөзі
207

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды әлем мұсылмандарының ұлық мерекесi — Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күндi жаһанның барша мұсылмандары асыға күттi. Өйткенi, ол Аллаһ разылығы үшiн мал шалып, ақ түйенiң қарны жарылатын күн. Қажылық етушiлер қасиеттi Қағбаға жүзiн қаратып, Арафатта Жаратушы Иемiзден тiлек тiлейдi.

Құрбандық шалудың мәнiсiн ұғыну үшiн ең алдымен, құлшылықтың не үшiн жасалатынын бiлген абзал. Кең-байтақ ғаламды жаратқан құдiреттi Иемiз жер бетiндегi саналы пенделерiн тектен-текке жаратпаған. Олардың әдiлеттi қоғам құрып, саналы да, салауатты өмiр сүруi үшiн Аллаһ тағала тура жол көрсетуге хақ дiн жiберген. Мұны қасиеттi Құранда: “Мен жындар мен адамдарды (Менi танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым” (“Зарият” сүресi, 56-аят), — деп бiлдiрген. Демек, құлшылық жасаудың түпкi мәнi — Жасаған Иенiң әмiрiне бойұсынып, ризалығына жетуге тырысу арқылы тиiсiнше сауапқа кенелу.

Құрбандық шалу мал бауыздаумен шектелмейдi. Онда адамның iшкi ниетi, шын пейiлi, дiнге бекемдiгi, тақуалығы мен жалпы адам баласына жанашырлығы таразыланады. Сонымен қатар, пенденiң пендешiлiгi мен мәрттiгi, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседi.

Мұсылман жеке басының ғана қамын күйттемеуi тиiс. “Өзiм iшiп-жесем, тоқ болсам басқаларда шаруам жоқ. Олар қалай күн көрсе, олай күн көрсiн” дейтiн өзiмшiл тоғышар түсiнiк оған жат. Өйткенi:”Керiсiнше аш көзде өзi тоқайып түнеген адам бiзден емес”, “Өзiңе тiлеген жақсылықты басқаға да тiлемейiнше, шынайы мұсылман бола алмайсың”, “Мұсылмандар бiр дене тәрiздi, бiр жерi ауырса, басқа мүшелерiнiң де мазасы кетiп, ұйқысы қашады”, — деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерi барша мұсылмандарды бiр-бiрiне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейiрiмдi болуға шақырды.

Айт намазынан кейiн құрбандыққа мал шалу — шамасы келетiндер үшiн уәжiп. Аллаһ тағаланың Құран Кәрiмде: “Намаз оқы және құрбан шал” (“Кәусар” сүресi, 3-аят), — деп бұйыруы — құрбан шалудың мiндеттiлiгiн бiлдiредi.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Кiмде-кiм мүмкiншiлiгi бола тұра құрбан шалмаса, бiздiң намаз оқитын жерiмiзге жақындамасын!”; “Құрбан шалыңдар! Өйткенi, ол Ибраһим бабаларының сүннетi”, — деуi де бұған дәлел.

Хадисте айтылған “сүннет” — жол деген мағынанын бiлдiредi. Яғни, бiзге уәжiп ретiнде мiндеттелген құрбан шалу — Ибраһимнен (ғ.с.) жалғасқан жол дегендi меңзейдi.

Мұнымен қатар, құрбандық шалуға байланысты мына екi аятқа да терең ой жүгiртелiк: “Барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсiн. Келгесiн олар мұның өздерiне тигiзген түрлi пайдаларын көрсiн. Аллаһтан өздерiне ризық ретiнде берiлген құрбандық малды белгiлi бiр күндерде Аллаһтың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етiнен өздерiң де жеңдер, жоқ-жiтiкке де жегiзiңдер!” (“Хаж” сүресi, 27-28-аяттар).

Құрбан шалуға жағдайы келмейтiн бауырларымызға да жеңiлдiк бар. Ол — айт күнi жуынып-шайынып, тазалану. Себебi, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледi.

Абдуллаһ ибн Амир ибну-л-Астың (р.а.) айтуынша, бiрде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): (Құрбан (айт) күнiн мереке ретiнде атап өтуге маған бұйрық келдi. Бұл күндi Аллаһ тұтас үммет үшiн мереке еттi”, — дедi.

Осы кезде бiр кiсi: — Уа, Аллаһтың Елшiсi! Менде аманат ретiнде табысталған малдан басқа мал жоқ, сол малдан құрбандық шалуыма бола ма?” — деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Аллаһ Елшiсi (с.ғ.с.):

— Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердiң түгiн қырынғаның да жеткiлiктi. Бұл Аллаһ есебiнде сен үшiн құрбандық шалғанмен тең, — дедi.

Айт күнi ғұсыл құйынғаннан (дененi толықтай жуу) кейiн әдемi, таза киiм киiп, үстiне хош иiс сеуiп, мешiтке айт намазына бару — мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейiн құрбан шалу мiндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етiн кем-бағалдарға таратады.

Айт күнi мұсылмандар көршi-қолаң, туыс-туғанды қыдыртып, мерекемен құттықтайды. Ол күнi мейлiнше көтерiңкi көңiл-күйде, жылы жүздi, кешiрiмдi болуға тырысуы керек. Ренжiскен кiсiлер қайта табысып, айтта бiр-бiрiн кешiрiскенi абзал. Ауырып жатқан кiсiлердiң көңiлiн сұрап арнайы бару, жетiм-жесiр, мұң-мұқтаждарға қолұшын берiп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездiру — сауапты амалдарға жатады. Бұған қоса әке-шешесiне, отбасына, көршi-қолаң, жора-жолдастарына мүмкiндiгiнше кiшiгiрiм болса да, сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап жатса, нұр үстiне нұр. Бұл мерекеде осындай сауабы мол амалдар — адамдардың бiр-бiрiне деген жылылығы мен сыйластығын барынша арттыра түсерi хақ.

Құрметтi отандастар! Баршаңызға Аллаһ тағаладан зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, ынтымақ, елiмiзге гүлдену, дiнiмiзге қуат тiлеймiн.

Қасиеттi айт мерекесi мүбарак болсын!

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер Кеңесiнiң төрағасы, Бас мүфти.

Серіктес жаңалықтары