553
ҚАЗАҚТЫҢ ЖИЫРМА БIР ҰСТАНЫМЫ
ҚАЗАҚТЫҢ ЖИЫРМА БIР ҰСТАНЫМЫ
Оқушы назарына ұсынып отырған бұл жиырма бiр ұстаным (қағида) Ата Заң, не Конституциялық құжат емес. Бұл тек көп елдерде бар халықтың жадында ұстар жекебастық тұжырым дерлiк ереже iспеттi авторлық ой-түйiн. Ұлт дәстүрiне енiп, ел құлағына сiңiсiп, халық қабылдап кетсе құба-құп. Жұртшылықтан пiкiр күтемiз.
1. Қазақ, әуелгi байлық – денсаулық, содан кейiнгi қызық – жарық дүние! Тәттiң – өмiр. Өмiр бар жерде тiрлiк бар. Тiрлiктiң ләззаты – от басында. Отан да от басынан басталады. Отанды сүю парыз. Демек, әр қазақ Отанының тәуелсiздiгiн сақтап, қорғауы керек. Қазақстан – бiртұтас мемлекет! Қазақ ел нышандарын қадiрлесiн! Ол Мемлекеттiң – Туы, Әнұраны, Елтаңбасы! 2. Қазақ, жерiңе нық иелiк жаса! Жерiңдi сатпа, шекараңа жiтi қара! Жер-ұйығың – туған топырағыңды қастерле, ашық аспан, саф ауаңның қадiрiн бiл. Өзен-көлiңмен сусында, бұлақ көзiн аш, тұнығыңды лайлама, табиғатыңды таза ұста, орман-тоғайыңды, тау-тас, киелi далаңды аяла, ата қоныстың жер асты байлығын игер, кен қазбаларын тап, қазыналы алқаптың барша игiлiгi – ұлттық құндылығың. 3. Қазақ, ана тiлiңдi ардақта! Өз тiлiңдi бiл, сүй, құрметте. Тiлiң үшiн күресуден жалықпа, басқаға үйрет. Тiлiң – байлығың, ұлттық абыройың. Қазақ тiлi өзiнiң тарихи мекенiнде Отандық тiл қызметiн атқарумен бiрге елiмiзде ұлтаралық қатынас тiлi болуы қажет. Қазақстанда Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi! Қазақ елiнде тұғырлы тiл де қазақ тiлi! Басқа тiлдердi бiлу ықтиярың. 4. Қазақ, мұсылман екенiңдi ұмытпа! Қазақтың дiнi – ислам дiнi, түп тұқияның – Ер Түрiк, Алаштың ұлысың, Мұхаммедтiң үмбетi, Алланың құлысың! Бөтен дiнмен әуеленбе, өз дiнiңе берiк бол! 5. Қазақ, дiлiң – рухың! Дiлiңе берiк бол, дiлiң – ар-ұятың, намыс-жiгерiң, сана-сезiмiң, қайрат-қуатың. Қазақ – рухты ел! Ұлттың ұлтсыздануынан сақтан. Ұлтыңнан безiп ұл болдым деме! Елiңдi елжiрей сүй! 6. Қазақ, тарихыңды сыйла, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, өнерiңе зер сал, көне мәдени мұраңды ұлықта! Қазақ руханияты – кiтап, ұлттық баспасөздi қолда! Ана тiлiңде шығатын газет-жорналдардың жанашыры бол, таралымының көбеюiне ат салыс! Ұлт iсiне ұлардай жұмыл! 7. Қазақ, өз жерiңде ел экономикасын көтеруге үлесiңдi қос, егiн ек, мал өсiр, ауылшаруашылығын қолда, ауылыңның ажарын аш, тұрған жерiңде МТС, қауымдасып колхоз құр, фермерлiк шаруа қожалығын ұйымдастыр, қалада тұрсаң зауыт-фабрика, кәсiпорын аш, өндiрiсiңдi дамыт. Бұл жолда кездесетiн қандай қиындықтарға да шыда. Сыртқа телмiрме, жаттың жарылқағанына сенбе, алға “жаным арым садағасы, малым арым садағасы” деп ұмтыл. 8. Қазақ, әрдайым өзiңнiң жеке басыңның, отбасы, ағайын-туыс, жақыныңның ғана жайымен болма, қашан да елiңнiң, халқыңның, Отаныңның қамын ойла, мүддесiн көзде, ұлттық байлыққа қол сұққан сұғанақтармен күрес, жемқорларды әшкереле, коррупцияға қарсы шық, қазына қорының молая түсуiне үлесiңдi қос! 9. Қазақ, жақсы екен деп шетел затына қызықпа, онда сен өз мемлекетiңе зиян келтiресiң. Әуелi Отандық мүлiктi ал, ел жиһазын қызықта. Қазақ, қазаққа керек затты қазақ елi шығаратын күндi жақындат. 10. Қазақ, дастарқаныңды өз елiмiзде өндiрiлетiн тағаммен толтыр, үстiңдегi киiп жүрген киiмдi Отандық шеберханаларда тiгiлгенiн қарап, өз дүкендерiңнен сатып ал. Үй жай, көлiгiңiз, күнделiктi пайдаланатын заттарыңыз қазақстандық тауар болсын. Елдi-мекендерде Тұтынушылар одағының жұмысын дамыт! Ұлттық валютаңның беделiн көтер, ақшаңды ұлттық банкiде сақта! 11. Қазақ, қазақты қолда, бауыр көр. Ала бағанның әр жағында жүрген қандастарыңды шақыр, олардың тарихи Отанына оралуына көмектес, құшағыңды аш! Өз бауырыңды “оралман” демей, “қазақ” деп қарсы ал! Қазақтың бiр ғана аты бар, ол – қазақ! 12. Қазақ, қазақ iсiне, қазақ жұмысына адал бол! Көршiге пейiлдi, досқа таза, ағайынмен ынтымақта жүр! Ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылық жасама. Отаныңның ұланы бол! 13. Қазақ, адам құқығын қорға, қазақ мерейiн асыр, ұлтыңды ұялтатын iс iстеме! Билiк алдында бүгежектеме, пiкiрiңдi ашық айт! 14. Қазақ, ұлыңды ұяға, қызыңды қияға батамен қондыр! Ұрпағың адал, ұлың ұлықты, қызың қылықты боп өссiн! Ұлыңа мылтық атуды, қызыңа ұршық иiрудi үйрет! Ұрпағыңды төл әдебиет, мәдениет құндылықтарымен тәрбиеле! 15. Қазақ, мүсәпiрге қол соз, жетiмiңдi жебе, жесiрiңдi жылатпа! Тағдыр мәжбүрлесе әмеңгерлiк салттан да қашпа. Қазақтың үш, төрт әйел алғанын сөкет көрме, халық демографиясын өсiрудi ойлағанда қазақ жұрты 2030 жылы 20 миллионға жетудi көздесе, 2050 жылы 50 миллион, ғасыр соңында 100 миллионға тақауы тиiс. Алғы ғасырларды қазақ ғасыры жасауға басқаны жұмылдыр. 16. Қазақ, мектепке бар, оқы-тоқы, iлiм-бiлiм алудан жалықпа. Ұлттық Ғылым академиясын сақта, ұлттық энциклопедияңды шығар, ұлттық кiтапханаңды байыт! Ұлттық маман, ұлттық кадр қазақтың ұлттық тәрбиесiмен өссiн. Жас ұрпақ ғылымның әлемдiк үлгiсiнен нәр алсын. Озық елден үйренсiн, азғын жұрттан жиренсiн. 17. Қазақ, ақпараттық қақтығыстарға жол берме, халықаралық келiссөздерде басқа ұлт өкiлi алдында жiгерлi бол, шешен сөйлес. Қазақтарға қарсы әрекет етiп жүргендерден қазақтарды қорға, өз ұлтыңа жаман сөз айтқызба. Қазақ ешкiмдi алаламайды, қазақтың ұстанымы – бейбiтшiлiк пен татулық. Қазақпен араласып жатқан қазақия жерiндегi эмигранттардың бәрiне өз қандас бауырларыңдай қара, терiс пиғылдысын тезге сал. Оларға “қазақстандық ұлт” деген ұғымның терiс екенiн айтып түсiндiр. Қазақтардың ата жұртында негiзгi ұлт – қазақ ұлты! Қалғандары этностық ұлыстар. Қазақтың басты мақсаты – қазақ мұратына (идеалына) – түркi елдерi халықтарының бiрлiгiне қызмет ету екенiн ұмытпа! Алты Алаш елдiң аласа ел емес екенiн ұғын! 18. Қазақ, Отанын сатқанды отандасым деме, ұлтына ара түспегенмен тегiм бiр деспе. 19. Қазақ, халқын аздырғанды хан көрме, көптi адастырғанның соңынан ерме, елiн арашаламағанды елшi санама, ұлтынан жерiгенге елiктеме. Ұлтшыл болма – ұлтжанды бол! 20. Қазақ, туғаныңды түртпе, ағайынды шет көрме, елдесiңдi ел тұт, жұртыңды жаттай сыйла! Жат жерде де есiңде елiң болсын! 21. Қазақ, қазақ бол!
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, “Қазақ” газетiнiң бас редакторы, жазушы.