“АЛАТАУДАҒЫ” АЛАМАН БӘЙГЕ

“АЛАТАУДАҒЫ” АЛАМАН БӘЙГЕ

“АЛАТАУДАҒЫ” АЛАМАН БӘЙГЕ
ашық дереккөзі
289

Алматының төрiндегi “ Алатау “ емдеу-сауықтыру орталығында екi күнге созылған блиц-шахматтан өткiзiлген әлем чемпионаты да мәресiне жеттi. Кирсан Илюмжинов — FIDE халықаралық шахмат федерациясының президентi, Марғұлан Сейсембаев — ҚР шахмат федерациясының президентi, Сәкен Сейфуллин — ҚР шахмат федерациясының 1-вице — президентi, Ахметжан Есiмов — Алматы қаласының әкiмi, Анатолий Карпов, Борис Спасский, Виктор Корчной және Болат Асановтың бақылауында болған турнир батыл басталып, абыроймен аяқталды. Ауыр жүктi арқалаған ҚР-ның шахмат федерациясы және FIDE халықаралық шахмат федерациясы Альянс Банкiнiң қолдауымен SEIMAR SOCIAL FUND қайырымдылық қорының ұсынған 350000 франкты құрайтын грантын жеңiмпаздарға тапсырды.

Әлемнiң 16 елiнен келген гроссмейстерлердiң iшiнде жалғыз әйел — Венгрияның өкiлi Юдит Полгар соңғы сатыда қалса да, Қазақстанда қонақта болған күндерiн еш ұмытпайтынын, ең бастысы жеңiс емес, қатарда болу екендiгiн орыс тiлiнде еркiн жеткiздi. Қазақ тiлiн де үйренгiсi келетiнiн жасырмады. Ал өзiмiздiң оралдық өкiлiмiз Муртас Кажгалеев: “Маған 15 елдiң өкiлi көп кедергi келтiрерi рас. Дегенмен жоғарғы балл жинауға тырысамын”, — деп бiлек сыбана кiрiскен ойынның қорытындысы бойынша 8 балды мiсе тұтты. Жүрегiмiз жерлесiмiзге қанша бұрып тұрса да қомақты қаржыны кубалық Домингес Перес Лейньер иеленiп кеттi. Қазақшаға шорқақтау қандасымыз қойған сауалдарымызға орыс тiлiнде жаңылмай жауап бердi. Оның ойынша шахмат спорт ойынына көбiрек жақын. Шахмат турнирлерi — оның жұмысы.

— Егер классикалық шахматтан әлем чемпионы болмасаң миллионер де бола алмайсың. Менiң бұл салада жүргенiме де бiраз жылдың жүзi болды. Рейтинг жоғары болса iрi әрi көлемдi турнирлерге шақыртады және қалтаңның қалыңдығы да ойдағыдай орындалады. Ал нашар ойнасаң шахматтан ақша табу бос әурешiлiк сияқты. Бұл турнирден маған тиесiлi қаржы – 12000 франк көлемiнде. Мен қазiр әлемдегi ең мықты деген ойыншылардың қатарындамын. Астана қаласындағы шахмат клубтарында жастарды жаттықтырамын. 1996 жылдары Орал қаласында өз мектебiм де болған. Бiраз жағдайларға байланысты тоқтатылып қалды. Ары қарай жалғастыру ойымда бар дүние.

— Шахматтан басқа қандай ойындарға, атап айтсақ ұлттық ойындарға көзқарасыңыз қандай? Бала күнiңiзде асық ойнаған шығарсыз?

— Шахматтан басқа ойындармен әуестенген емеспiн. Дойбы да ойнамаймын. Ұлттық ойындарға келетiн болсақ, тоғызқұмалақпен таныспын әрине. Аздап қана қызыққаным бар. Ол да есептi, жылдамдықты талап етедi ғой. Анда-санда доп теуiп тұрамын. Шынын айту керек, бала күнiмде асық ойнағаным есiмде жоқ.

— Сiздiң ойыңызша шахматта бақ шаба ма, әлде бап шаба ма?

— Екеуi де. Ең алдымен өзiңе сенiмдi болуың керек. Яғни, бабыңда болуың керек, тәжiрибең керек. Ал сәттiлiк кедергi болмайды. Менiң осы турнирдегi көрсеткiшiмдi өзiме лайықты баға деп бiлем. Домингес пен Василий Иванчуктiң басымдылығын мойындаймын, — дедi жасырмай. Ұтымды ұйымдастырылған шара қонақтарына қазақтың ұлылығын, қонақжайлылығын тағы да мойындатқандай әсер қалдырды.

Манар ӘЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары