ҚАНМЕН ЖАЗЫЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ
ҚАНМЕН ЖАЗЫЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ
…Екi кештiң арасында әлдекiм қақпаны дүрсiлдете соқты. Дауыстады кеп… Қаңсып тұрған қақпаның қаңылтыры ауланы басына көтерсiн. Көрмегенге көсеу таң. Көршiдегi көп қазақтың офицерлерiнiң қызылауыз өсекшi әйелдерi бөрi көрген ешкiдей сыртқа көз салған шығар, түге. Жетiсу әскери генерал-губернаторының облыстық басқармасының iс жүргiзу бөлiмiнiң меңгерушiсiнiң ауласына әлдекiм қызылiңiрде баса-көктеп кiрдi дер. Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман. Сөйткенше қақпа күзеткен орта бойлы, жүндес сары қарауыл салып ұрып өзiне жеттi. Әдеттегiдей қолын шекесiне апарып, қалт тұрып баяндауға ыңғайланған едi, қожайыны құлық танытпады. Меңiреу адамдай алға қарай жөнеп бердi. Тiлiн жұтып қойғандай.
– Әу, балам бармысың? – Қақпаның арғы жағынан үн естiлдi. “Әкем ғой, мынау… Сонау Қарағаштан салт атпен келген бе? Батыр ғой… Пау не дерсiң? Екi орта – төрт жүз шақырым. Тыныштық болғай. Бұл фәниге кейiспен келген пенденiң алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай, өмiрiн өкiнiшсiз өткiзген бiрде-бiреуi жоқ. Қақпаның құлпын ұстай берiп, артына қарай шегiндi.
– Әй, тамыр Барлыбек, Тұрлыбек знайт?
Тағы да әкесiнiң үнi естiлдi.
– Знайт, знайт, – деген сөз аузынан шығып кеткенiн өзi де сезер емес.
– Чего ты стоишь? Открывай быстро, – деп кiжiндi. Мұндай тосын мiнездi бұрын соңды басынан өткермеген қарауыл жалма-жан қалтасын қарманып, кiлттi алып шықты да, мылтығын қабырғаға сүйей берiп, құлыпқа ұмтылды.
Қақпа әдеттегiдей “ән салып” екiге айырылды.
Есiк көзiнде қос атты тұр. Алға қарай екi-үш аттады да:
– Ассалаумағалекум, Әке! – дедi дауыстай.
– Әликсалам, балам. Барлыбекпiсiң? Менi сүйеп жiбер.
Үнi дiрiл аралас, қарлығыңқы.
– Давайта, вдвоем, – деген үн қапелiмде аузынан шығып кеттi.
– Не надо, Ваше благородие. Я сам!
Сол екi ортада әкесi оң аяғын үзеңгiден суырып, екiншiсiне салмақ сала тiрендi. Қарауыл тәлегiне қарамай қарулы екен. Арлан тазыдай арбиған сүйектi адамның қолтығының астына сүңгiп кеттi де, мiнiсiнен сырғи құлаған еңгезердей дененi бұйым көрмей арқасына салды. Алға қарай екi-үш аттап, қабырғаға сүйей бердi.
– Үйiңе жеткiз. Қаным құрып барады… Әлiм бiттi… – Жүрегiнiң тұсы от басқандай тызылдады. Айдың-күннiң аманында мына кептiң соңы не болар екен?..
Барлыбек әкесiнiң тiрлiгiне жылы жымиды.
…Әкесiнiң сонау Ақсу бойынан ат ауыстырып, салт бас, сабау қамшы Верныйға жетуге мәжбүрлеген сол баяғы қарғыс атқан “Уақытша ереженiң” лаңы. Жергiлiктi жердегi басқаруды болыс пен ауыл старшындарына телiген боп, бай мен кедей деп бөлiп, атыстырып қойған тiс батпайтын, сөз өтпейтiн ақ патшаның зәлiм саясаты. Қала бере малының көптiгiне мастанып, маңғазсып жүрген надандар мен бiтеу кеуделердiң қолымен от көсеу. Дүниенi ұқпаған құлақ, құптауды да бiлмейдi. Парықсыз, әумесер түге. Өз жұртының қанын сорған өңшең пенде.
Барлыбек алақандай бөлменiң ары-берiсiн сенделiп, кiжiне ұрсып, жатаған үстелге қайта оралды.
…Ресей мен Сiбiрдiң казактарын қазақ жерiне топырлатып әкеп, таңып жатыр. Ел шетiне келер жаудан құтқармақ ниеттегi көдедей көп алдамшы әскери бекiнiс. Зiл батпан – салық. Жайлауына шыққаны, төбесiнде ойнағаны. Өзi ырқы болмаса басқаның зорлығына көнбейтiн мыңның бiрi. Әкесi сонау қырдан ат басын тiрептi. Жаны қысылған соң, жақынын тапқан түрi ғой. Төрiнен көрi жуық байғұс бiр апта төсек тартты. Жас жыңғылдай қызыл күрең шағы емес. Түйнек болған жылқыдай тыпырлады-ау. Әдiлетсiздiктiң қамшысы тиiп, тор абақтыға қамаламын деп жансауғалаған ғой, жарықтық. Барлыбек содан бiр ай бұрын ғана генерал-губернатордың ерекше iстер жөнiндегi шенеунiгi қызметiне тағайындалған. Иттiң баласы әкеме тiсiн батырып көрсiн. Шамасы қапал аязы пара алған. Малымды айдап кеттi деп шағынған Қаралардың арызы жала. Ояздың жер-жебiре жеткiзiп, қарапайым халыққа қоқаңдамай дұрыс басқаруын талап еткен генерал-губернатордың жарлығын шығартып, әкесiнiң қоржынын сый-таралғыға толтырып; Iленiң өткелiнен өткiзiп жiберуiне бiр тобыр казакты аттандырды. Әкесiне өшiккендерге қарсылық бiлдiрген айбатының түрi. Ел құлағы елу. Сырттанның Верныйға жеткенi жайлы суыт хабар баяғыда-ақ ел-жұрттың ашса аузында, естiсе құлағында. Артынан бiлгенi – Қапал оязы Сырттанның үстiнен арыз бергендерге ат-шапан айып төлетiп, әкесiнен кешiрiм сұрапты. Пай-пай, әкем бiр аспандады-ау, ә. Аз да болса баласына жасаған еңбегiнiң қайтымын көрдi-ау.
Иә, дала қазағының табиғаты бөлек. Менiң әкем кешегi өткен батыр бабаларымыздың сарқыты.
Ертеректе ел аралаған, «тфу» десе түкiрiгi жерге түспеген Жетiсудың генерал-губернаторы Колпаковскийдiң өзiн, өңшең өз жұрты Құлшаннан жинаған тобырымен Iле шекарасында қарсы алған әкесiнiң тiрлiгi ел аузында. Неткен батырлық. Өңшең сарыауыз асынған, жирен мұртты Қарауыл казактар бұларға сұстана қарапты. Сонда әкесi әй-шайға қарамай, кезенген мылтықты да мiсе тұтпай күймеге жақын келiп, тiзе бүгiп “Ваше Величествосын” iске жаратқан ғой. Бейтаныс жанның тосын әрекетi оқалы киiмдi генерал-губернаторды да таңдандырса керек, әкесiнен: – Ты кто, грозный киргиз? – деп сұрайды.
– Да, я киргиз, Ваше величества. Я Вас охранайт, – дейдi әкесi. Колпаковский күймеден түсiп, қарауыл басының шырылдағанына қарамай, әкесiнiң арқасынан қағып, өзiн қорғайтын казактарды көрсетедi. Сонда әкесi: – Плохой гелобек степь много. Ваш солдат незнайт, – деп бiлген орысшасын қайталай берiптi.
– Ну, хорошо, – дептi генерал – губернатор дала қазағының қамқорлығына риза боп.
Сырттан әкесiнiң содан кейiнгi әрекетi тiптен қызық. Колпаковскийдiң күндiз де, түнде де қорғаны боп күймесiнiң артынан қалмай жүрiп отырған. Қанаттыға қақтырмаған, тұмсықтыға шоқыттырмаған. Қапал маңы, етегi Ақсу бойы, Басқан, Сарқан жағалауы, арысы Үйгентасты, Алакөлдi кезген. Келе-келе генералдың казактарымен достаса бастайды. Әттегенайы – орыс-казак шошқа етiн, бұлар бөлек отырып қазы-қартасын талшық етiптi. Көңiл құптарлығы – орыс та, қазақ та билеушiнi көзден таса қылмаған. Анда-санда Колпаковскийдiң сенiмiне кiрген болуы керек: – Ну, как грозный киргиз, – деп сұраса – Степь плохой человек никак нет, – деп қолын шекесiне апарып, қалшия қалып жауап берiптi. Казактардан үйренгенi ғой.
Айды алдыға салып, Уленiң шекарасына қайта оралғанда Колпаковский күймесiнен түсiп, әкесiне жақындап кеп, қыр қазағының “қызметiне” ризашылығын бiлдiрiп: – Ты грозный киргиз, что желаешь? – деп сұрайды. Қайран менiң Қарауыл әкем-ай. Билiкшiмен ойды-қырды кезгендегi бар мақсаты құдайдан сұрап алғандай болған қарғалары – ағасы Тұрлыбек пен өзiнiң келешегi екен ғой. Әкесi:
– Мне денгi ненадо. У мене есть два бала, сын. Школа, Берни нада, – деп сипақтамай, ағынан ақтарылыпты. Неткен зеректiк. Барлық қазақ менiң әкемдей болса ше. Қараңғы қазақ тiлсiз мақұлық. Оң солын бағамдап кiмнiң жау, кiмнiң дос екенiн аңғарар емес. Әкем бәрiн тереңнен ойлаған.
Колпаковский уәдесiнде тұрып, сол жылы күзде алты жас үлкен ағасы Тұрлыбек пен өзiн Верныйдағы ерлер гимназиясына қабылдаттырды. Онда өзiнiң “бұл қалада қалмаймын” деп жер-көктi басына көтерiп жылағанда орыс балалары: – Вот чудак, – деп қарап тұр едi-ау. Жылжып өткен жылдар-ай. Асықпайтын айлар легi. Аршындаған апталар. Қас-қағым сәт күндер. Гимназияны бiтiрген соң көңiлi түскен мұғалiмi Новактың арқасында Санкт-Петербургтiң императорлық университетiнiң шығыстану факультетiнен бiр-ақ шықты…
– Әлгi Абдолла не қып келмей жатыр, – дедi Барлыбек ойдан айырылған сәт күбiрлеп. Жалдап алған шағын бөлменiң iшiндегi әр зат санаулы. Ыс-ыс балшық қабырға темекi езiп жаққандай. Ауылдан сүйреп келген қасқыр iшiгi қала жұртына, қой iшiндегi қасқырдай көрiнер. Ауылға барғанда Мамановтардың жапқаны ғой. Өңшең тiк қалпақты, белдiгiн көкiрегiне таман буынған, кеудемсоқ ақсүйектер, ұзын етек, кеулеме көйлек киiп, қолшатыр ұстаған төмен етектiлер. Көше кезген цыған да осында. “Заман қиын, аяғыңды байқап бас” деген погондылар да жетiп артылады. Iшiндегi көнектен үрiккен көк дөнендей осқырынғанына патша ағзам шен тағып, шекпен кигiзiп, мылтық ұстатып кең далаға жiбергенiн қарашы. Санкт-Петербург өзi оқып жүрген уақыттан сәл-пәл өзгерген сияқты. Iзшiлерi иiсшiл иттердей, таяғын ұстап тықақтап, даладан келген бөрiнiң аузы қисық дей ме, кiм бiлсiн, тексерiп құжат сұрайды. Бас-аяғын сүзе қарап “кешiрiм өтiнемiн” деп майыса иiлiп жөнеле бередi.
…Мамановтар дегеннен шығады-ау. Жұртын бастаған Тұрысбегi әкесiнен соң көз жұмды. Сейiтбаттал мен Есенқұл қажылар жарап тұр. Үш кластық медресе, сегiзжылдық мектепке айналып, көпке қараңғыдан жол көрсетер шапағатты шырақ атанды. Қазақы жiгiттер де бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарып, бәрi қуана үн қосты. Әлиханы, Ахметi, Жүсiпбек пен Бақытжанын айтпағанда, Ғазизi, Көлбайы, Жақыбы, Мұхаметжаны, Жаншасы бар қазақ жерге қарап қалмас. Алға ұмтылар. Өздерiнен; «Халқыңа қамқор болар не iстедiңдер?» деп сұрар ма едi? Ал өзi ше? Верныйда шендi атанып, қызмет iстеп жүрiп бiраз қазақтың баласын ерлер гимназиясына кiргiздi. Мұхамеджан Тынышбаев, Базарбай Мәмбетов, Ысқақ Дүйсенбаев, Салық Аманжолов, Нүсiпбек Жақыпбаев, Қанат Боранбаев, Ораз Жандосов, Бәрiбаев. Сүйектуысы емес, қаймана қазақтың қара домалақ балалары. Тынышбаев пысық, әрi адамға жұғымды едi. Губернаторды жағалап жүрiп, шәкiртақы тағайындатып Верныйдан Санкт-Петербургке пойызға билет алып берiп, шығарып салды. Маңдайынан сүйiп: “Жолың болсын, балақай! Қазақтың көзi ашық, көңiлi ояу азаматтарының көбеюi өте қажет. “Бiлектi бiрдi жығады, бiлiмдi мыңды жығады”. Қараңғы қазақтың күнi қараң. Осыны зердеңе сақтап жүр, – дегенi есiнде. Содан талай жыл өткен соң кездестi ғой. Сонау бiрде Ақтасты да Маманның қара шаңырағына шақырылған. Бай күтушiсi алдынан шығып, мiнiстен қолтығынан демеп түсiрiп, он екi қанат қазақ үйге бастағанда:
– Үйде өңшең мырзалар отыр. Оязбен бiрге Жақып ағам да, Көлбай көкем де, Ғазиз мұғалiм де бар, – деп күңк еткен. “Қапал жақын болған соң Ояз-да келген ғой” деп iшiнен күбiрлей берiп, жiгiтке таңдана қараған. “Ғабдулғазиздiкi жөн делiк, ал Жақып Ақпаев пен Көлбай Тоғыс жер аударылғандар санатында емес пе? Қасқыр мен қойдың бiр астаудан ас iшуi қалай болар екен? Барлыбек жiгiтке сұстанды.
– Әй, жiгiтiм, үйде ояз отыр дедiң бе? – деп сұрады. Күтушi жiгiт Барлыбекке үрке қарады.
– Ие, ояз ғой деймiн, тура сiз сияқты киiнген. Сiз үлкен ұлықсыз ба? Барлыбек жауапқа қанағаттанбай жiгiтке қайта шүйiлдi.
– Ояз орыс па? – Күтушi жiгiт басын шайқады. – Орыс сияқты киiнген, қазақ.
– Солай демейсiң бе? Мұхаметжан болмасын. Петербургтен кеп, елде жүр деп естiген. Обалы қане, өзiн бiр-екi рет iздеп келiптi. Ол кезде өзi қазақ пен қытайдың шекара бөлiсiнде жүрген.
– Соның өзi ғой, – деп күбiрледi қиық мұртты, дөңгелек жүздi, маңдайы кең, қойкөз бала едi. Қандай болып ержеттi екен.
Есiктен енген Барлыбек оязды құшақтай алғанда, көз қиығын тастап тұрған күтушi жiгiт: – Бәсе, ояздар құшақтасты, – деп күңк етiп сыртқа беттедi. Көлбай да, Жақып та қазақша төс қағысып амандасты. Құс жастықты құшақтап жатқан Сейiтбаттал қажы да орнынан тұрып:
– Батырдың бауыр етi, қош келдiңiз! – деп сәлем бердi.
– Рахмет, аға баласы. Мектебiңнiң өрлегенiне қуаныштымын, – дедi Барлыбек сүйiнiшiн жасырмай.
– Верныйдың үлгiсiнен аумапсыз.
– Әлбәтте. Жағалай жайғасқан үлкен-кiшi әңгiменiң астарын бағамдайтын емес. Әңгiме Сейiтбаттал қажының Верный өтiп, Қарағаштағы салынбақ мектепке Барлыбек қаладағы ер балалар гимназиясының үлгiсiн ұстатқанын тiлге тиек еткенде барып, дауласып салды.
– Қолда тұрғанда мына Арасанның шипалы суын пайдаланып қалған жөн. Басына құрылыс салса, мың бiр ем, – дедi Жақып.
– Игiлiктi iс болар едi, – деп қостады Көлбай.
– Орыстың пагонды шошқаларының мұрны иiсшiл. Батпағына батып, суына шомылып жатады, түге. Сөз өзiне бағытталғанын бiлген қала шенеунiгi басын изедi.
– Ойға қонады екен, – дедi сонан соң. Аяғы сырқырап, белi ауырған жақын маңның кемпiр-кепшiктерi күрке тiгiп кеп жатып, құяңын емдейтiнiн бiлетiн. Шешесiнiң де осы бiр жабайы курортқа келгенi бар.
Өкiнiштiсi, сол Арасанды губернаторға айтып, нұсқау бергiзiп, сәнiн келтiрсе де, өзiнiң дертiне шипа болмады…
…Есiктiң қоңырауы шылдыр еткенде, Барлыбек басын жерден жұлып алды. Алғашқы болып, есiктен Бақытжан ендi де Барлыбектi құшақтай кеттi. – Хош келдiңiз, бауырым. Хатымда “Менiңше, жалғыз сен ғана халықтың сенiмiне ие болдың. Жалғыз сен ғана халық үшiн еңбек еттiм деуге хақың бар, – деп жазып ем. Айтқаным тағы да айдай келдi ме? Елдiң мұңын жоқтап жетiпсiң, – деп сәл уақыт құшақтап, емiренiп тұрып алды. – Ау, Думаның депутаты, аға, өктемдiк танытқаныңа жөн болсын. Бiз де Барлыбектi сағынып қалдық. Бiр уақыт бiз де мауқымызды басайық, – дедi Абдолла Темiров күңкiлдеп. – Әлi де ақ патшамен алысып жатырсың. Дұрыс-ақ. Ел саған сенiптi. Iсiңе сәттiлiк тiлеймiн. Өзiңнiң бiр кезде генерал-губернаторға қарсы тұрып, мешiтке iлмек болған ақ патшаның суретiн алдыртып тастағаныңды естiп, қуанғанымды көрсең. Арыстанға айбат шеккен, нағыз батырсың, – дедi Бақытжан сөзiн тауыса алмай. Сөйттi де бұрыштағы сықырлауық ескi орындыққа отыра берiп, қайта тұрды.
– Бауырым-ау, түрiң не болып кеткен. Арып-аршыған түрiң мынау. Денсаулығың болмай жүр ме? Емдетейiк. – Жауап орнына Барлыбек басын изедi.
– Иә, емделу керек, – дедi Абдолла да ескi диванға жайғасып. Достарының демеуi Барлыбектiң жанына шуақ құйып, жадыратып жiбердi.
– Ештеңе етпес. Қарашоқыға жаным жеттi ғой. Қымыз, саумал iшiп емделiп жүрмiн. Нағыз дәрi солар ғой, – дедi Барлыбек.
– Дұрыс айтасың, iнiм, – дедi Қаратаев.
– Сонау бесiншi жылы Оралдағы бес облыстың делегаттары өткiзген “Алаш” партиясының сиезiндегiден жүдеу тартыпсың. Асау тұлпардай жұлқынып тұр едiң, сол кезде.
– Е, ол өмiр ғой. Жә, жiгiттер онанда Петербургтегi жаңалықтармен хабар етсеңдершi, – дедi Барлыбек әңгiменiң бағытын басқа бағытқа бұрып.
– Жөн, – дедi Абдолла алыстан келген қонаққа көз астымен ұрлана қарап. “Ауырса да алған бетiнен қайтпайтын қайсарлық” дедi iшiнен.
Әңгiме түн ортасына дейiн созылды. Бақытжан Думадағы әңгiменi тiлге тиектесе, одан Абдолла да қалыспады. Барлыбек ел iшiндегi қиын жағдайды мейлiнше талдап, тереңдете ақтарылды. Үшеуiнiң қабақтары түнерiп, ауық-ауық күрсiнiп, бөлме iшiн мұң басты. Кей-кейде дау да өршiп барып тынды. Сәлден соң Бақытжан әңгiменi түйiндедi – Жiгiттер, күн жаумай, су болмайық. Құдайға шүкiр, қатарымыз көбейiп келедi. Бiздiң ауылға да таң атып, күн шығар. Барлыбек iнiм, саған Әлекеңнiң сәлемiн жеткiзгелi отырмыз. Алаш дегендердiң ұйғарымы сол. Өзiң әкелген ел сәлемiн Думаға мен жеткiзейiн. Абдолла да ұлықтардың кеңсесiн жағалар. Бөкейханов өзiңе “Қазақ елiнiң уставын” жазуды тапсырды. Қазақша жазылуы мiндеттi. Қалай дегенде сен императорлық университеттiң шығыстану факультетiн бiтiрген тұңғыш қазақсың ғой, – дедi айбынды сөзiнiң түйiнiн әзiлге бұрып.
Үшеуi бiр сәт үнсiз қалды. Кенет Барлыбек қойынқалтасынан қаламын алып, үстел үстiнде жатқан ақ қағаздың бiр парағын алдына жайды да, көзiн күлiмсiрете екеуiне қарады. – Бiрiншi бап, – деуi сонан соң. – Мен бұл жолдарды бұрыннан ойланып жүр едiм. – Сөйттi де ақ қағазға тiзбектете жаза бастады. Соңына нүкте қойып үлгергенi сол едi, оқыс жөтел ауыз жаптырмай қолорамалымен тұмшалап аузын басып, сыртқа ата жөнелдi. Бақытжан да, Абдолла да Барлыбектi көздерiмен ұзатып салып, жалма-жан ақ параққа үңiлген. Онда: “Қазақ елiнде адам баласының бәрi тең құқылы” деп жазылыпты. Қағаздың маңайы шашыраған қып-қызыл қан түйiршiктерi… Бұл 1911 жылдың 13-iншi маусымы едi.
– Қайран Барлыбек, – дедi Бақытжан Қаратаев. – Қанмен жазылған конституция, – деп күрсiндi Абдолла Темiров.
…Барлыбек Сырттанов 1914 жылы, осыдан үш жыл өте, қарашаның 26-сында, туған ауылы Қарашоқыда құрт ауруынан көз жұмды.
Ескерту:
Барлыбек Сырттанов
Бақытжан Қаратаев
Абдолла Темiров
Көлбай Тоғысов
Мұхаметжан Тынышбаев – “Алаш” қайраткерлерi
Сейiтбаттал Маманов – Жетiсудағы “Мамания” мектебiн салғандардың бiрi, Маманның ортаншы ұлы.
Есенқұл Маманов – қазақта алғашқы романға бәйге жариялаған меценат, мектеп салушы, Маманның кенже ұлы.
Колпаковский – Жетiсудың генерал-губернаторы болған адам.
Шәкен КҮМIСБАЙҰЛЫ