791
ӘЗБЕРГЕН МҰҢАЙТПАСҰЛЫ ХАҚЫНДА НЕМЕСЕ ТАРИХИ ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ
ӘЗБЕРГЕН МҰҢАЙТПАСҰЛЫ ХАҚЫНДА НЕМЕСЕ ТАРИХИ ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ
Жақында “Жазушы” баспасынан белгiлi журналист Идош Асқардың “Әзберген. Рухтың оянуы” аталатын тарихи зерттеунамасы кiтап болып шықты. Бұл еңбекте ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Жайықтан Сырға дейiнгi аралықта отаршылдыққа қарсы ондаған жылдарға ұласқан күрестердiң көрнектi жетекшiлерiнiң бiрi Әзберген Мұңайтпасұлының өмiрi мен iсiн ұлтымыздың тарихымен тамырластықта баяндалады.
Өнегелi өмiрi, үлгiлi iстерiмен көзi тiрiсiнде-ақ көпшiлiктiң құрметiне бөленiп, атақ-даңқы алысқа кететiн адамдар болады. Сосын соңы сенсең де, сенбесең де шынға бергiсiз аңызға айналды. Кейiнгi ұрпақ кешегi сондай көрнектi тұлғаларды әңгiме еткенде, оның шындығына табан тiреуге тырысатыны өз алдына, аңызын да айналып кете алмаса керек. Себебi оның бiрiншiсi өмiрдiң нақ өзi болса, екiншiсi – болған жайдың көркем сөз, жүйрiк оймен кестеленген шығармашылық қалпы. Көрнектi тұлғалар мен көлемдi оқиғаларды кескiндеу мен мазмұндаудың барысында осы екi жағдай табиғи байланыс тауып, табысқанда ғана олар санада ұзақ сақталумен ұрпақтан ұрпаққа көшiп, жалғаса жетуге тиiс. Он тоғызыншы ғасырдың ортасына дейiн, жазу-сызуын мемлекеттiк iс ретiнде қалыптастырған жан-жағыңдағы жұрт өткен жолдарының әлгiдей шындығын да, аңызын да хаттап келгенде, бiз, қазақтар, жылнамамызды ауызша сақтауға мәжбүр болғанымыз белгiлi. Құжаттары хатталған дейтiн елдердiң әр билiктiң ыңғайымен де жазыла салатын қағаздарында қанша шындық барын бiр Құдай бiледi, ал қазақтың ауызекi сөзiнде сақталған әпсаналар адамның жаны, жүрегi, сезiмiнен шыққан әңгiмелер болуымен қалайда қисынына иландыратын секiлдi. Әрiге бармай-ақ, бергi он тоғызыншы ғасырдағы отарлауға қарсылық көрсеткен оқиғаларды егер тек Ресей құжаттары аясында ғана танып, бiлсек, сөз жоқ, азаттық жолында жанын пида еткен күрескерлер тағдырының мәнi мен мазмұны толық ашылмай қалар едi. Исатай мен Махамбеттiң, Кенесары мен Жанқожаның, Әзберген мен Ханғалидың кезiнде ортасында үлгi, кейiнгi ұрпаққа тағылым болған азаматтық, ерлiк бейнелерi халықтың өлең, жыр, дастандары арқылы да ауыздан ауызға көшiп, есте қалды. Әзберген Мұңайтпасұлы туралы хатталған деректер оның отарлау саясатына қарсылықтары мен Хиуа хандығындағы әскери және саяси iс-қимылдарынан бiршама хабардар еткенмен, батырдың мiнез-құлқын, елдiк биiктiкке көтерiлген мұраттарын сипайттайтын ресми деректер, әрине, көп кездесiп жарымайды. Ал оның бүкiл саналы ғұмырының неге арналғандығын бүкiл әрекет, iс-қимылдарының мазмұны мен мәнi дәлелдейтiндiгi дау жоқ, алайда нағыз айғақты негiз әлгiдей поэтикалық жолдарда. Ақиқатына келгенде, Әзбергеннiң азаттық үшiн шайқасып өткен тұтас тұлғасы қарқалпақ жұртының сол кездегi классик ақындары Бердақ пен Әжнияздың өлең-жыр жолдарында, кiм қалдырғаны беймәлiм, бүгiнде табылмай жүрген “Әзберген” атты дастанда. Осы секiлдi өлең сөздер құндылығымен заманнан заманға кететiн жәдiгер болғандықтан, сана мен ойда әбден қайнап-пiскен, айтқызбай қоймайтын, жеткiзбей тынбайтын, ғұмыры ұзаққа кететiн шығармаларға айналды. Ресми құжаттарда ой мен сана, сезiм мен ниет секiлдi адамның кiм екенiн, не екенiн айырып айтатын психологиялық қалыптар тiркелмейдi, сол себептi мiнез-құлық көрiнiс таппайды. Ол тек жеке адамның да, тұтас ұлттың да ортақ мiнез-құлқын айқындайтын әңгiме, аңыздарда, поэтикада жатпақ. Осы ретпен тұжырым жасағанда, Әзбергеннiң өмiрi мен iсiн айғақтайтын, бейнелейтiн баяндаулар қай уақытта да аз болмаған, күнi үшiн байлық пен билiктi жағалаумен жүрген жағымпаз өлеңшiлердiң емес, ой мен санада халықтың құндылықтарын жинақтаған классикалық тұрғыдағы ақындардың толғауларында қалғандығы тұлғаның кiм екендiгiн толығырақ ашуға мүмкiндiк бередi. Әзберген – өз заманындағы ұлт элитасының көрнектi өкiлi. Халықтың қаймағы есептелетiн элитаның қай кезде де, кемi, екi түрi болады. Екеуiн де ақтау немесе айыптау тұрғысында емес, түсiну, ұғыну мақсатында еске алуға керек. Өйткенi уақыттар, жүйелер өзгергенмен, қалыптар өзгере бермейдi. Бұндай мысалдар бүгiнге, ертеңге керек. Бiрi – байлыққа да, билiкке де, беделге де алдымен өз мүдесiн жоғары қойып жететiн топ. Бұлар билiктiң сөзiн сөйлеп, сойылын соққасын ресми деректерде жиi еске алынып, көбiрек баяндалады. Олар, мысалы, сол 19-ғасырда отарлау iсiн орнықтыруды жеке басының ғана пайда, мүддесiмен байланыстырып, ұмтылған биiктерге ұлтын аласарту есебiнен өрмелеп, патша берген шен-шекпендi киiп, сылдырақ, жылтырақтарын тағынғандар. Екiншi түрi – қауым мүддесiн өз мүддесiнен жоғары қойып, жанкештi өмiр кешкендер. Бұлар көп те, көлемдi де болған жоқ. Көп болуы мүмкiн де емес, себебi тарихтың дөңгелегiн айналдыру тағдыры тек осындай сиректердiң маңдайына жазылады. Әзберген осы қатардан. Ол қит еткенге қиқулап шаба беретiн тек әйтеуiр батырлықтың адамы емес. Әзберген өзiмен қандас, тағдырлас, рухани дәстүр бiрiктiрген жалпақ жұртын бiртұтас әлем, ал өзiн соның бөлуге, бөлiнуге келмейтiн бiр бөлшегi деп есептеген, сондықтан отаршылдықты тек жеке адамға келген нәубет емес, әлгi тұтастықты қиратуға, бүлдiруге келген қасырет деп түсiнiп, жұртына тигенге қаһар төгiп шабатын батыр болумен бiрге, қауым үшiн бейбiт тiршiлiктiң жолдарын iздестiретiн мәмiлегер саясаткер, қайраткер ретiнде танылды. Әзбергеннiң он тоғызыншы ғасыры ұлттық драманың аса ауыр кезеңi болғаны белгiлi. Алайда бұл ауыртпалық, аталған кезеңде, тек қазақ жұртының ғана емес, сол жағынан Ресей, оң тұсынан Англия – екi империя аяусыз қыспаққа алған, бiрiмен бiрi тарихи тамырлас, тағдырлас бүкiл ортаазиялық мемлекеттердiң ортақ қасыретi болатын. Орта Азия хандықтарының бұрыннан да жоқ емес өзара кикiлжiң мен жауласуының ушығуына нақ осы екi империяның оларды бiрiн бiрiне айдап салған құйтырқы саясаты әсер еткенi белгiлi. Әлсiздi, бiрiкпегендi күштiнiң, азулының талап алып, талғамай шайнайтын заманында ұлттың естi перзенттерi алдында, сөз жоқ, елдiң ертеңi не болар екен емес, өзi ертеңi бар ма екен деген қатерлi сұрақ тұрды. Бұл мәнi мен маңызы өте терең, ауқымы көлемдi, шешiмi күрделi сұрақ болғандықтан, оған жауап iздейтiн тұлғалар табылса, олардан ой мен iстегi өте iрiлiктi талап еттi. Бiрақ жан-жағы жыртқыштық пен тарылып келе жатқан қатал дүниеде негiзiнен көшпелiлiктi кәсiп еткен қазақ қоғамы ондай тұлғаларды көптеп шығаруға әзiр болмады, ол және заңды да едi. Бұл кез қазақтың еркiндiгi мен елдiгiнiң басына түскен қалың қауiптiң торлаған тұманы болатын. Әзберген сол тұманда адаспай аман қалудың жолын өзiнше iздеген адам. Оның бүкiл өмiрiнiң мазмұны мен мағынасы көрсеткендей, iс-әрекетi жаратылысынан жау тауып, жағаласа кетуге дайын ұр да жық батырлыққа мүлдем жақындамағанға ұқсайды. Оны батыр еткен, шайқастарға шығарып, қолбасшы еткен жеке өзiнiң емес, жан-жағындағы ерiне қараған жұртының мүддесi. Ол талдап, зерттеген адамға би болуға да ұмтылмағандығын аңғартар едi. Алайда қалыптасқан күрделi жағдай оны келелi мәселелерi шешудiң мәмiлегерi де еттi. Бiр ауыз орыс сөзiн бiлмесе де, табиғи ақыл-парасатын, табанды, тиянақтылығын танытумен ормандай орыстың әскери экспедициясы жеткшiлерiнiң ризалығын алып, мыңдаған қандастарын қауiп-қатерден аман алып қалуы осының дәлелi. Әзберген болмысында отаршылдықтың негiзгi саясатын мойындамай өткен адам. Себебi Ресей империясының мәнi мен мақсаты Әзберген үшiн өзi соның өкiлi болып табылатын қазақ елiнiң қалыптасқан әлеуметтiк, мәдени, шаруашылық тұрмысын қиратуға, мүлдем жоқ етуге келген тажал деп бiлдi. Қазақ жұрты бұған дейiн де жан-жағымен жалғаспай, оқшауланып қалған томаға тұйық ел емес-тi. Әзберген ата жұртының тамыры қайдан тартылғанын жақсы бiлген адам. Батыс пен Шығыстың ортасында өмiр кешiп, екi жақпен де ғасырлар бойы дәстүрлi сауда жолымен байланысқан қазақтарға қай жұрттың да жаттығы жоқ болатын. Таяу Шығыстан Орталық Азияға Нишапур, Мерв, Бұхара, Самарқанд, Бинкент арқылы өтетiн әйгiлi сауда жолы қазақты жанап өткен жоқ едi. Ал екiншi сауда сапары – Едiл бойынан Мәуреннахрға, Хорезм арқылы Иранға тартқан жол ХI-ХII ғасырларда аса iрi транзиттiк сауда жолына айналғаны белгiлi. Сонда болашақ қазақ этносына да тiптен бөтендiгi жоқ Үргенiштiң сөрелерi солтүстiктiң аң терiсi, балауыз, сауыт, семсер сияқты тауарлардың көптiгiмен майысып тұрған. Көшпелiлер болса, Хорезм базарларына аңға салатын құстарын, малдарын үздiксiз жеткiзiп тұрған. Кеше Әзберген iздеген, бүгiн бiзге де бiрiгуге керек тарихи тамырластық, солай, тереңде жатыр. Оны түсiну, тарихи дәстүрi мен қадырлы салтынан айрылмаған қуатты жұрт үшiн бөлiну емес, бiрiгудiң қажеттiгiн кеше Әзберген секiлдi сирек тұлғалар тек сезiнсе, бүгiн Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сияқты кемел саясаткер бүкiл әлем алдында ашық айтып, сол жолда қажымас қайратпен қызмет етiп келедi. Осы кезге дейiн тарихи, саяси тұрғыдағы ғылыми мектептердiң әлсiздiгiнен көптеген жарияланамаларда ұлттық тарихымыз жалған патриоттық пен әсiре ұлтшылдық, маргиналдық және нигилизммен тiркесе жазылып, ұдайы бұрмаланумен баяндалғаны белгiлi. Ұлттың өткенiнде қалыптасқан рухани дiңгегi осылайша шайқалумен келдi. Елдiң ең басты мәселесi – қазақ ұлтының мәселесi мына жаһандану заманында ендi тағы да оның ертеңi қалай болады деп емес, ертеңi сiрә бар ма өзi деген сұрақ көлденеңдеп тұрғандығын жасырудың тiптi де қажетi жоқ. Бұл сұрақтың жауабын ұлтымыз өткен жолдың бүкiл өн бойындағы құндылықтарымыздан iзденуге тура келедi. Құндылықтарымыз қалыптасқан қадырлы салт-дәстүрлерiмiзде, өмiрге көзқарас ерекшелiктерiнде, таным мен тағылымда, сол негiздерде ғұмыр кешiп, соларды қорғау, сақтау және дамыту жолындағы қызметтер мен күрестерде. Әзберген Мұңайтпасұлымен байланысты мына кiтапта оның заманын, маңайын өз түйсiгiмде аудара қарап, ақтара тексеруге тырысуымның мәнi осында. Материал жеке көзқарас пен пайымдауға құрылғандықтан, кейбiр бұрын қалыптасып қалған тұжырымдар жөнiндегi пiкiрлерден өзгешелiктер болуы заңды деп ойлаймын. Бiзде қызыл сөздермен жалаулатқан жалған патриотизм мен даурықпа ұлтшылдықтан арылатын кез келдi. Заманның талабы осы. Ғылыми мектептiң әлсiздiгi себептi кәсiбилiктiң жетiспеуiнен ұлтымыздың өткенi толық деңгейде ашылған жоқ. Өткендi мақтау да, даттау да тарихи пайымдаудың мiндетi емес, оның мiндетi – болғанды болған күйiнде көрсету. Шынайы тарихи ғылым, сiрә, әдiлдiк iздейтiн сала емес, ол әдiлiн айтуға тырысатын пән болса керек. Автордың басшылыққа алғаны осы тұжырым. Соның өзiнде бұл кiтап нақты тарихи зерттеу емес, өткендi белгiлi бiр тұлғаның төңiрегiнде пайымдауға, зерделеуге, ой айтуға ұмтылған еңбек. Авторда тарих ғылымының мiндетiн алайын деген ниет жоқ, алайда ұмытылып бара жатқан немесе растығы мен жалғандығы шүбә келтiретiн тұстарымызға не өкiнбей, не өрекпiмей пiкiр бiлдiрудiң, сiрә, артықтығы болмаса керек. Заман адамнан адамдық мәндi алыстата беретiн техниканың сан алуан бөлшектерiндей шашылмай, тұтас қалпын сақтауы адамның тек өз қолында, өзiнiң жеке ерiк-жiгерiнде, өз ақыл-есi мен өз сезiмiнде ғана. Ол үшiн, алдымен, тарихилығы керек секiлдi, адамдар қауымы “өткен жолдарды саналы түрде саралап, кешегiнi пайымдауды алдағы жасампаздыққа ұластыруы” керек (Августин Аврелий). Тарихпен, оның тағылымды сабақтарымен сауығу деген осы. Ол алдымен өзiң өзiңе тәубе етiп, өзiңе өзiң ой салудан басталады…
Идош АСҚАР