ҚАСИЕТТI ҚҰРАНДЫ ДА ШЕКАРАДАН ӨТКIЗЕ АЛМАҒАНБЫЗ...

ҚАСИЕТТI ҚҰРАНДЫ ДА ШЕКАРАДАН ӨТКIЗЕ АЛМАҒАНБЫЗ...

ҚАСИЕТТI ҚҰРАНДЫ ДА ШЕКАРАДАН ӨТКIЗЕ АЛМАҒАНБЫЗ...
ашық дереккөзі
220

1931 жылдан бастап Түркияның батыстағы Iзмiр қаласының орталық саябағында жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында халықаралық сауда және өнеркәсiп жәрмеңкесi өткiзiлiп тұрған. Iзмiр — экономикалық және мәдени тұрғыдан алғанда маңызы мен халқының санына орай Түркияның үшiншi қаласы болып саналады. Жәрмеңке бұрын 20-тамыздан 20-қыркүйек аралығында өткiзiлiп, бiр айлық мерзiмге созылатын, кейiн бұл мерзiм сәл қысқартылыпты деп естiдiм.

Әуелде Кеңес одағы бұл жәрмеңкеге одақтық бiр павильонмен қатысады екен, 1938 жылдан бастап екi павильонмен қатысатын болыпты: одақтық орталық павильон және бiр одақтас республиканың павильоны.

1978 жылы 47-рет болып өткен сол жәрмеңкеге тұңғыш рет Қазақстан қатысты. Одақтық павильон және бар. Қазақстанның алдында әзiрбайжандар, грузиндер болып кетiптi.

Қазақстаннан 40 шақты адам бардық. Қазақстан делегациясын сол кездегi мемлекеттiк жоспарлау комитетiнiң халықаралық қатынастар бөлiмiнiң меңгерушiсi Нариман Шаханұлы Дулатов деген азамат басқарып барды.

Оның орынбасарларының бiрi МҚК-нiң қызметкерi болатын (аты-жөнi есiмде қалмапты). Госпланда жүрер алдында болған соңғы жиналыста ол бiзге ашық таныстырылған және қажет кезде ақылдасып, кеңес сұрауға болатыны айтылған едi. “40 шақты адам бардық” дегенде олардың бiр бөлiгi — павильондағы түрлi бөлiмдерде жұмыс iстейтiн мамандар. Ол мамандар сол салаларды жақсы бiледi, келушiлердiң қандай сұрағына болсын жауап бере алады, бiрақ түрiк тiлiн бiлмейдi, бiлуi шарт та емес, өйткенi олардың әрқайсысының қасында аудармашы бар. Мiне, сол аудармашылардың бiрi мен едiм. Оның үстiне әрбiр бөлiмдегi стендiлерде жазулы мағлұмат түгелдей түрiк тiлiнде болатын.

Бұл Түркияға алғаш рет баруым. Кейiн тәуелсiз Қазақстан азаматы ретiнде 90-жылдардың ортасында ол елге тағы бiрнеше рет бардым. Түрлi жиындарға қатыстым.

Бiздiң делегацияның құрамында әлгi мамандар, аудармашылармен бiрге сол жылы жәрмеңкеге “Досмұқасан” ансамблi де барды. 1978 жылы бұл ансамбльдiң құрылғанына 11 жыл болған, атағы жер жарып, дүрiлдеп тұрған кезi.

Ол кезде Түркия саяси-идеологиялық тұрғыдан қазiргiдей емес, бiзден алыстау, жаттау. Қазақстан болса, Мәскеуге бағынышты. Сондықтан болар құжаттарымыз ұзақ тексерiлдi. Сәуiр айында тапсырған құжаттарымыз Алматыдан Мәскеуге жiберiлiп, төрт айдан кейiн, тамыз айының басында ғана сапарымызға рұқсат алдық. Алматыда да, Мәскеуде де бiрнеше рет инструктаждан өттiк. (КПСС ОК-нiң түрлi бөлiмдерiнде)…

Сол жылы жәрмеңке өткен мерзiм оразамен тұспа-тұс келдi, әрi күн өте ыстық болатын. Күндiз қаладағы мейрамхана, кафелердiң көбi жұмыс iстемейдi. Бiздердi арнаулы автобустармен Егей теңiзiнiң жағасындағы жекеше бiр жағажайға апарып тастайды да, бiз сонда едәуiр уақыт суға шомылып, күнге қыздырынып жатамыз. Жәрмеңкенiң павильондары кешкi алтыда ашылады. Бiз сәл ертерек келiп, киiм ауыстырып үлгеруiмiз керек. Дәл сол тұста “Досмұқасанның” концертi де басталады! Оның дауысы саябақтың түкпiр-түкпiрiне еркiн жетiп жататын. Саябақты немесе басқа павильондарды аралап жүрген халық ерiксiз бiздiң павильонға қарай ағылады. Күнде кешкiсiн осылай! Осылай басталған жәрмеңкенiң жұмысы түн жарымға дейiн созылады.

Бiздiң павильонға келушiлер легi бiр толастаған емес. Оның бiр себебi — “Досмұқасанның” алыстан тартатын әдемi концерттерi болса, екiншi себебi, жергiлiктi халықтың қазақ деген елдiң тұрмыс-тiршiлiгiне, мәдениетiне қызығушылығы болды ғой деп ойлаймын, өйткенi ол кезде түрiк туыстар, өкiнiшке қарай, қазақ халқы туралы әлi онша жақсы бiлмейтiн. Сондықтан да болар, бiздiң павильонға келушiлердiң саны (2-3 миллион) жағынан бiрiншi орын алды деп естiгенбiз кейiн…

Жәрмеңке павильондарын аралаушылардың денi, әрине, негiзiнен жергiлiктi түрiктер болатын. Дегенмен басқа ұлттардың өкiлдерi де көзге түсетiн. Бiр күнi, тамыздың соңы ма, қыркүйектiң басы ма, есiмде қалмапты, бiздiң павильонымызға түркиялық қазақтардың бiр тобы келдi. 10-15 адамдай. Iштерiнде жас қыздар мен балалар да, ересек ерлер мен әйелдер де бар. Ол елдегi қазақтардың едәуiр бiр бөлiгi өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасында Мао Цзедун билiкке келген соң Шығыс Түркiстаннан ауып, отаршыл қытай коммунистерiнен бас сауғалаған, жолда Гималай тауынан асып өтiп, көп қиындық көрген, көп адам қайтыс болған (Хасен Оралтай ағамыздың бес бауыры осы сапарда қаза болған) азабы орасан әрi бес-алты жылға созылған сапардың (Қытай және Совет әскерлерiмен қиян-кескi ұрыс жүргiзе отырып) ақырында туысқан Түркияға барып қоныстанған Алтай қазақтары. Бұл топтың бiр бөлiгiн қазiр есiмi иiсi қазаққа түгел таныс, көрнектi тарихшы ғалым, “Азаттық” радиосы қазақ бөлiмшесiнiң бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың (1933 ж. туған) әкесi Қалибек Райымбекұлы — Түркиядағы аты бойынша Әлiбек Хәкiм (1908-1985) басқарған. Қалибек қажы туралы кейiнгi жылдары қазақ газеттерi мен журналдарында ауық-ауық жазылып тұратын болды. Ол — әйгiлi Оспан батыр Iсләмбайұлының (1899-1951) үзеңгiлес досы, Шығыс Түркiстан қазақтары басшыларының бiрi болған. Мао Цзедун (1893-1976) басқарған отаршыл коммунистер партиясы билiктi қолға алған соң тәуелсiздiк жолындағы күрестi жалғастырудың мүмкiндiгi қалмағандығын аңғарған Қалекең қандастарының үлкен бiр тобын басқарып, азат әлемге қарай ауыр сапарға шығады. Содан 1954 жылдың желтоқсан айында Түркияға барып қоныстанады, сол Салихли қаласына барып орналасады. Өкiнiшке қарай, Оспан батыр бұл топқа қосылмайды, күресiн жалғастыра бередi, ақыры қызыл қытай отаршылдары қолынан ерлiкпен қаза табады.

1978 жылы, яғни мектепте де, университетте де тек КПСС пен КСРО тарихын оқып жүрген жылдары бiздер мұның бiрiн де бiлген жоқпыз, Қалибек Райымбекұлының да, Оспан батырдың да аттарын естiген емеспiз, “Азаттық” радиосын тыңдай алмадық! Хасен Оралтай деген кiсiнiң бар екенiн, жоғары айтылған есiмдер мен оқиғалар жайындағы бiрден-бiр дерек сол кiсiнiң еңбектерi екенiн көп кейiн бiлдiк. Хасекеңдi мен тұңғыш 1991 жылы 2 маусымда көрдiм. Сол күнi белгiлi түрiк профессоры, үлкен экономист ғалым Тұран Язған (1939) басқарған 120 кiсiлiк туристiк топтың құрамында Хасекең алғашқы рет тарихи Отанының топырағына — Алматыға аяқ басқан-ды. Бiз мiне сол күнi танысқанбыз. Сол таныстық, сол достық әлi күнге дейiн жалғасып келедi. Кейiн мен ол кiсiнiң (түрiк тiлiнде жарияланған) еңбектерiн қазақшалап, Алматы газеттерi мен журналдарында жарыққа шығардық, қазақ оқырмандарына таныстырдық, өзi туралы мақалалар жаздық. Қалекең туралы да оның туған халқының азаттығы үшiн сiңiрген үлкен еңбегiн, көрсеткен ерен ерлiктерiн де мен 1978 жылдан көп кейiн Қазақстанымыз тәуелсiздiгiне қайта қауышқан 1990 жылдарда Хасекеңнiң еңбектерiн оқуға мүмкiндiк алған соң ғана барып бiлдiм…

1978 жылға қайта оралайын. Павильонымызға келген түркиялық қазақтардың бұл тобын еңсегей бойлы, қызыл шырайлы, байсалды да парасатты бiр ақсақал басқарып кiрдi. Үстiнде — қазақы шапан, басында қазақы бөрiк. Асықпай және жұптары жазылмай павильонды аралап шықты. Өзара шүйiркелесiп сөйлесiп қояды. Коммунистiк Қытайдан кетiп, капиталистiк Түркияға қоныс аударғандықтан олар басқа қазақтар, бiз басқа. Олар бiзге “жаттау”, идеологиялық тұрғыдан “алыстау”. Сондықтан бiз олармен сөйлескемiз жоқ. Бiз де коммунистiк елден бардық қой. Сөйлесiп кетуге мүмкiндiк болмады себебi, алыстан қатаң бақылау болды. Олар көрменi асықпай аралап, шығып кеттi… Қандай пiкiрде болғаны бiзге белгiсiз. Сөйтсек, әлгi ақсақал Қалибек Райымбекұлы екен. Жоғарыда айтқанымдай, мұны мен көп кейiн бiлдiм.

Қазiр ойлап тұрсам, сол жылы Қалекең 70 жаста екен. Содан берi 30 жыл өтiп, ол кiсiнiң биыл 100 жылдығы аталып отыр, ендi мен де 70-ке келдiм.

Қалекеңнiң сол бейнесi әлi күнге менiң көз алдымда. Хасекеңдi көрсем, әкесiн көргендей боламын.

1990 жылдардың ортасында Қалекең жайындағы бiрден бiр дерек көзi болып табылатын. Х.Оралтай еңбектерiндегi мақалаларды мен бiрнеше рет қазақ тiлiне аударып, осындағы газет-журналдарда жарияладым. Сондай-ақ, түрiк профессоры Орхан Түрiкдоғанның Қалекең жайындағы “Қазақтың ұлттық қаһарманы Әлiбек Хәкiм” деген мақаласын да қазақшалап, осында жарияладық. Ол мақаласында түрiк ғалымы Қалекеңнiң күресiне өте жоғары баға бередi.

Жалпы Қалекең Түркияның түрiкшiл, мiлләйәтшiл қайраткерлерiмен жақсы араласқан, кездесiп, әңгiме-дүкен құрған. Мысалы, кезiнде Түркияға қоныс аударған әлемге әйгiлi тарихшы ғалым, бауырлас башқұрт халқының парасатты перзентi Ахмет Зәки Уәлиди Тоған (1890-1970), бәйбiшесi Нәзмияны (1910-1995) ертiп Қалекеңнiң Салихлидегi үйiне жиi барған, қымыз iшiп тұрған. Мұның бәрi Х.Оралтайдың “Елiм-айлап өткен өмiр” деп аталатын кiтабында егжей-тегжейлi жазылған. Дегенмен, қазақ оқырмандары бұлардың көбiн бiлмейдi, Қалекеңнiң өмiрi мен оның ерлiк күресi жайлы мағлұматы жоқ. Әлi де кеңiрек насихатталуы керек.

Сөйтiп сұлу Iзмiрде 40 күн болып, елге қайтатын болдық. Әкемнiң үлкен ағасы Аббас бүкiл Шу ауданына танымал атақты молда болатын. Мен ол кiсiге сыйлық ретiнде қалтаға сиятын кiшкентай Құран кiтабын әкелудi ойлап, әлгi МҚК-нiң өкiлiмен ақылдастым. Ол ағынан жарылды. “Тексеру кезiнде байқалып қалса, партиядан шығасыз, жұмысыңыздан кетесiз, немесе төмендейсiз (мен ол кезде ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтында қызмет атқаратынмын әрi КПСС мүшесi болатынмын). Сондықтан ал деп те, алма деп те айтпаймын. Мен себепкер болғым келмейдi. Өзiңiз жолын табыңыз”, — дедi. Шыны керек, оның ағынан жарылған бұл жауабы маған ұнады. Өзiм жолын таптым. Түркияда танысқан бiр орыс жiгiтiне бұл ойымды айттым. Ол: “Сатып ала бер, мен апарамын. Мен орыспын ғой, маған еш нәрсе демес. Көршiм татар молдасы едi, соған сувенир ретiнде апара жатырмын деймiн”, — дедi ол. Ақыры солай болды да. Мәскеудегi тексерiстен кейiн маған қасиеттi Құранды қайтарып бердi.

Содан берi де тұп-тура 30 жыл өтiптi. Iзмiр жәрмеңкесi биыл 77 рет өткiзiлгенiн таяуда радиодан естiдiм…

Фадли Әли, түрiктанушы

P.S. Газетiмiздiң тұрақты авторы, қазақ баспасөзi мен мәдениетiнiң үлкен жанашыры, ғалым Фади Әли таяуда 70 жасқа толды. Редакция ұжымы ғалым ағаны осынау мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, оған мықты денсаулық, ғылыми және шығармашылық қызметiне зор табыс тiлейдi.

Серіктес жаңалықтары