ҚОР НАРЫҒЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС

ҚОР НАРЫҒЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС

ҚОР НАРЫҒЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС
ашық дереккөзі
385

Қаржылық дағдарыспен жаппай күрес әлемдiк экономиканы рецессиядан аман алып қалуға бағытталған. 15 қарашадағы Вашингтондағы Еуроодақ пен АҚШ көсемдерiнiң кездесуiнде дүниежүзiлiк экономиканың күн тәртiбiнде тұрған мәселелерiне арналмақ.

Жер шарының алпауыт елдерi әлемдiк қаржылық дағдарыспен текетiреске түскен экономикаға көмек қолын созуда. АҚШ-тың Федералдық қор жүйесi мен Еуропалық орталық банктер пайыздық көрсеткiштердi қолдан төмендетiп, банкрот қаупi төнген дүниежүзiлiк деңгейдегi қаржылық құрылымдарды сатып алуға көштi. Рецессияның алдын алу, бәсең тартқан экономикалық өсу қарқынын қалпына келтiру, қаржылық тұрақтылықты орнату, белең алып бара жатқан жұмыссыздық деңгейiн төмендету, инфляцияны ауыздықтау т.б. мәселелердi күн тәртiбiне шығарған АҚШ пен Батыс қолдағы мүмкiндiктердi сарқа пайдалануға мүдделi.

Дүйсенбi күнi ғаламдық қаржылық дағдарыспен тiзе қоса отырып күресетiндiктерiн мәлiмдеген ағылшын премьерi Гордон Браун мен француздардың президентi Николя Саркози Еуропалық Одақ қорынан бөлiнетiн қаржылық көмек көлемiн 15 млрд. доллардан 25 млрд. долларға дейiн өсiруге ұсыныс айтты. Ағылшын премьерi Қытай мен Парсы шығанағындағы мұнай өндiрушi елдердi Халықаралық қаржы қорына құятын жарғыны ұлғайтуға шақырды. Қаржылық дағдарыспен арпалысқан бiрқатар мемлекеттерге, әсiресе, дамушы елдерге көрсетiлетiн қаражаттық қолдау мардымсыз. Бүгiнде азиялық аймақпен қатар кәрi құрлықтағы жағдай да аса мәз емес. Осыдан бiраз уақыт бұрын БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун дамушы елдердi дағдарыс дауылына ұшыратпаудың нақты шараларын қабылдау керектiгiн айтқан едi. Экономикасы әлсiз, әлеуметтiк ахуалы төмен мемлекеттердегi адамдардың тұрмыс-тiршiлiгiне қажеттi деген тұтынушылық қажеттiлiгiн өтеу үшiн арнайы несиелер бөлуге шақырған Пан Ги Мун керiсiнше болған жағдайда, миллиондаған адамның аштықтың құрбанына айналатындығын айтқан. Қаражат көлемiн өсiрудi еуропалық шенеунiктер қозғады. Жуырда Пекинде өткен 43 мемлекеттiң өкiлдерi бас қосқан кездесуде Еуропа мен Азияның өкiлдерi “Халықаралық қаржы қоры әлемдiк қаржылық тұрақтылықты орнатуда маңызды рөл атқаруы тиiс” деген қорытындыға келген. Қазiргi таңда атқарылып жатқан шаралар мен атқарылуы тиiс жоспарлар екi құрлықты құтқаруға бағытталмақ.

Саяси мәлiмдемелерге тiкелей тәуелдi халықаралық қор нарығы сан құбылуға әуес. Дүйсенбi күнi өткен аптада басталған әлемдiк нарықтағы тұрақсыздық жалғасын тапқан едi. Мысалы, жапондардың көрсеткiшi соңғы 26 жылда алғаш рет тым құлдырап, қаржы алаңындағы 1982 жылғы жағдай қайталанды – 6,4%. Гонконгтағы Hang Send биржалық көрсеткiшi 12,7 пайызға бiр-ақ төмендесе, Шанхай мен Лондондағы көрсеткiш те аса мәз емес: 5,6%. Тәулiк соңына қарай қор нарығындағы акция бағамдары бiртiндеп өсе бастағанмен, жоғалтқан шығынның орнын жабу мүмкiн болмады. Осының кесiрiнен биржалар өз жұмысын жағымсыз көрсеткiштермен аяқтаған. Керiсiнше, бiраз уақыттан берi төмендеумен болған доллар бағамы беки түсiптi. Нәтижесiнде, 1 фунт стерлинг – 1,54 доллар, 1 еуро – 1,24 доллар. Сондай-ақ, мұнай бағасы да күрт төмендедi. Осыдан 17 ай бұрын 147 долларға бiр-ақ шығандаған бiр баррель “қара алтын” дүйсенбi күнгi саудада 60,38 долларға теңгерiлген.

Қор нарығындағы қарбаласты сәл де болса саябырсытуға тырысқан еуропалық шенеунiктер бiрауыздан ресми мәлiмдеме жасай отырып, инвесторларды сабырға шақырды. Мемлекеттiк бюджеттен қаржылық тұрақтандыруға байланысты 700 млрд. доллар бөлуге бел буған АҚШ аталған соманың 125 млрд. долларын америкалық банктердiң ендiгi ала алатынын жеткiздi. Осының нәтижесiнде, сейсенбi күнi құнды қағаздардың халықаралық нарығында iлгерi жылжушылық, яғни, өсу қарқыны байқалды. Соңғы күндерi үздiксiз төмендеген биржалық индекстерге қарамастан, Лондондағы FTSE 100 – 1,8 пайызға, Франкфурттағы Dax – 5,1 пайызға, Париждегi Сас 40 – 2,9 пайызға, Гонконгтағы биржа бағамы – 6,1 пайызға, Токиодағы Nikkei – 6,4 пайызға, Оңтүстiк Кореядағы акциялардың жалпы бағамы – 5 пайызға өскен. Жағымды жаңалықтан Америка да шет қалмады. 1 және 1,5 пайызға жоғары көтерiлген Nasdaq пен Dow Jones негiзiнен INTL Group, General Motors пен Boeing компанияларына тиесiлi құнды қағаздардың қымбаттауының нәтижесiнде көтерiлiптi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары