БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН “БАҚЫТГҮЛ МЕРЕКЕСI”

БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН “БАҚЫТГҮЛ МЕРЕКЕСI”

БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН “БАҚЫТГҮЛ МЕРЕКЕСI”
ашық дереккөзі
183

Үстiмiздегi жылы қазан айының 16-жұлдызында елiмiзде тұңғыш рет республикалық ғылыми-танымдық, көпшiлiк “Гүлстан” журналы және “Гүлзар” қоғамдық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен “Бақытгүл мерекесi” атты тәрбиелiк-танымдық, мерекелiк байқау болып өттi. Қазақстандағы гүл мәдениетiн көтерудi мақсат тұтқан мереке республика көлемiнде өтiп, Алматы облысымен қатар, Жамбыл облысының да бiрнеше мектебiн қамтыды. Алматы қаласы, Бостандық ауданында орналасқан №146 орта мектепте қызықты өткен байқау ендi жыл сайын дәстүрлi түрде ұйымдастырылатын болады.

Осыдан төрт ай бұрын “Гүлстан” журналында жарияланған “Бақытгүл мерекесi” байқауына дайындалып, асыға күтiп жүрген топтар мереке басталмай жатып-ақ спортзал iшiн сан алуан жұмыстарымен толтырып жiбердi. Әртүрлi көзтартар қылқалам туындылары, оюлы, өрнектi кестелерге қарап көзiң тоймайды. Бiрiн екiншiсiнен бөлiп-жарып, мынау әдемiлеу көрiнедi деуге тiптен болмайтын сияқты. Әрқайсысы өзiнше көркем, өзiнше ерекше.

Мерекелiк байқаудың шарттарына сай үй жұмысына берiлген тапсырмалар: бақытгүлi жайлы өлеңдер, аңыз-әңгiмелер, суреттер мен қолөнер туындылары алдын-ала жиналып, әдiл-қазы мүшелерiнiң үстелiне қойылды.

Алғашқы құттықтау сөздi алған “Гүлстан” журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева: “Шығыс жұртшылығы үшiн бақытгүлi ұзақ ғұмырдың символы, мемлекеттiк елтаңбасының негiзгi бейнесi, ең жоғарғы беделдi белгiлеушi орден, ұлттық мейрам болып табылады. Бiздiң елде де өсiмдiктiң бақытгүлi аталуы тегiннен емес. Күз мезгiлiнде айналаны қызылды-жасылды түске бояп, адамзатқа ерекше көңiл-күй, шабыт, бақыт сыйлайтыны берiлген атына сай болса керек. Бүгiнгi күнi елiмiзде маңызды мәселе саналатын көгалдандыру мен гүл мәдениетiн көтеруде мұндай iс-шаралардың маңызы зор деп ойлаймын. Ендеше, “Бақытгүл мерекесi” құтты болсын! Сәттiлiк тiлеймiн!” — деген лебiзiн бiлдiрдi.

Ортада әр топтан үш оқушы жұмыс жасап жатқанда, қалған топ мүшелерi мерекенi әрi қарай бақытгүлiнiң бейнесi бейнеленген киiм үлгiлерiн көрсетумен жалғастырды. Сан алуан көзтартар “бақытгүлi ханшайымдарын” көргенде, көрермендер мен қонақтар бiр сәт бақытгүлi әлемiнде жүргендей сезiмде қалды. Осындай жұмыстарға қазылық етуге арнайы шақырылған қонақтар ақын Ләззат Игiсiн, “Түркiстан” халықаралық саяси апталығы журналистер тобының жетекшiсi Есенгүл Кәпқызы, “Жас қазақ” ұлттық апталығы экономика және қоғам бөлiмiнiң редакторы Гүлзат Нұрмолдақызы да оқушылардың шығармашылық жұмыстарын жоғары бағалап, өз бағаларын берiп жатты.

Одан әрi байқауға қатысушы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тiлi мен әдебиетiн тереңдете оқытатын орта мектеп интернатының жанкүйерлерi, республикалық байқаулардың жеңiмпаздары Сажыда Зиятаева мен Жанат Түймешева мереке қонақтарына әсем әндерiн сыйласа, халықаралық байқаулардың жүлдегерi Аяныш Самашева мың бұралған “Қазақ биiмен” көрермендi таңдай қақтырды.

Жетi номинация бойынша өткен мерекелiк сайыста III дәрежелi дипломмен Алматы қаласы, Алатау ауданы, №151 орта мектебi марапатталса, II орынды Алматы облысы, Талғар ауданынан келген №35 орта мектебi өз қанжығасына байлады. Ал, бас жүлденi иемденген Жамбыл облысы, Шу ауданының орта мектебi өз белсендiлiгiмен ерекше көзге түскенiн қазылар алқасы сөзге тиек еттi. Жүлделi орындарға ие болған бұл топтар бағалы сандық фотоаппараттармен марапатталды. Ал, қалған командалар болса, номинациялар бойынша марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болып қайтты.

Осылайша, оқушыларға бiр сәт бақыт сыйлаған “Бақытгүл мерекесi” өз мәресiне жеттi. “Әр ауланың гүлденгенi — мемлекеттiң гүлденгенi” деген ұранды ту ғып ұстаған “Гүлстан” журналы мен “Гүлзар” қоғамдық бiрлестiгiнiң елiмiздегi гүл мәдениетiн дамытуға бағытталған осындай жобаларының маңызы зор екендiгi даусыз. Тек оны қолдау бiздiң қолымызда.

Ертай СҰЛТАН

Серіктес жаңалықтары