ДIН БАСШЫЛАРЫ III СЪЕЗД ӨТКIЗУГЕ ДАЙЫНДАЛА БАСТАДЫ

ДIН БАСШЫЛАРЫ III СЪЕЗД ӨТКIЗУГЕ ДАЙЫНДАЛА БАСТАДЫ

ДIН БАСШЫЛАРЫ III СЪЕЗД ӨТКIЗУГЕ ДАЙЫНДАЛА БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
428

Дiн — аса бiр нәзiк қарым-қатынасты қажет ететiн, толғауы тоқсан мәселе. Әлемде ұлтаралық қақтығыстардан гөрi, дiнаралық түсiнiспеушiлiктер жиi орын алып тұрады екен. Мәселен, Ирактағы түбi бiр, қаны бiр халықтың бiр Ислам дiнiнiң қос ағыны — суннизм мен шийзм бағытын ұстануының өзi миллиондаған адамның қанын судай ағызуға себеп болды. Сондай-ақ, христиан дiнiнiң қос бұтағы — католиктер мен православие дiнiнiң өкiлдерi де ғасырлар бойы қырғиқабақ болып келгенi белгiлi.

Әлемге бейбiтшiлiгiмен атын шығаруды ту етiп ұстаған Қазақстан 2003 жылы тұңғыш рет әлемдiк дiн басшылары съезiн өткiзiп, бiр-бiрiмен қырғиқабақ болып келген дiн өкiлдерiн диалогқа шақырып, олардың бiр үстел басында отырып дидарласуына мұрындық болған едi. Содан берi Әлем және дәстүрлi дiндер басшыларының 2 құрылтайы өткiзiлiп, Әлем және дәстүрлi дiндер лидерлерi Съезi хатшылығының 7 отырысы болып өттi. Ендi III съезд келер жылдың 2-3 шiлдесiнде Астана қаласының төрiнде өтпек. Бұл жайында осы аптаның басында Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуiмен Әлем және дәстүрлi дiндер лидерлерi Съезi хатшылығының ҮII отырысында шешiм қабылданды. Хатшылық төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты ашып, Әлем және дәстүрлi дiндер лидерлерi Съезiн өткiзу идеясы маңызды әрi қазiргi дүние талабына сәйкес екенiн атап өттi. Бұл отырысқа Ислам дiнiнен — 12, христиан дiнiнен — 8, буддизмнiң — 7, иудаизмнiң — 3, синтоизм, даосизм мен индуизмнен бiр-бiрден өкiл қатысты. Сондай-ақ, “Бейбiтшiлiк үшiн бүкiләлемдiк дiни конференция” (АҚШ), Шiркеулердiң бүкiләлемдiк кеңесi, БҰҰ өкiлдерi, Пәкiстанның Ислам идеологиясы кеңесiнiң, Қазақстандағы Апостолия нунциясыны, Оман сұлтанатының Қазақстандағы елшiлерi бақылаушы ретiнде қатысты. — Аса мәртебелi меймандар, Сiздердiң бүгiнгi отырысқа арнайы келiп, қатысып отырғандарыңыздың өзi Әлем және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң Съезiн өткiзу идеясының бүгiнгi таңда аса өзектi екендiгiнiң тағы бiр куәсi. Бүгiн бұл залға бейбiтсүйгiш, өз дiнiне шынайы берiлген адамдар жиналып отыр. Сiздердiң сөздерiңiзге тек қана дiндерiңiзге құлшылық етушiлер ғана ұйымайды, сондай-ақ, достық пен келiсiмге шақырушы миллиондаған қарапайым адамдар да сiздердi тыңдайды, — дедi отырысты ашып сөз сөйлеген, Сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Алдағы жылдан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ-ның “басқарушы үштiгiнiң” құрамына енедi, ал 2010 жылдан бастап осынау беделдi ұйымды басқаратын болады. Бұл ұйымның ең басты талаптарының бiрi — елдегi ұлтаралық және дiнаралық татулыққа жiк түсiрмеу. Бұл тұрғыдан Қазақстан өзге мемлекеттер арасында көшбастаушы болып тұрғаны белгiлi. Қазiргi заманда қазақстандық тамаша үлгi көптеген мемлекеттерге танылды. “Бiздiң мемлекетiмiздiң басшысы толерантты түрдегi конфессияаралық қатар өмiр сүрудiң әлемдiк оң тәжiрибесiн ұштастырып қана қоймай, оны бiздiң халқымыздың көпғасырлық рухани тәжiрибесiнен бастау алатын жаңа құнды идеялармен байыта алды”, — деп атап өттi Қ.Тоқаев. Бүгiнгiдей аумалы-төкпелi заманда дiнаралық диалогтың мәселелерiн кеңiнен талқылаудың маңыздылығын атап өте келiп, төраға соңғы кездегi оқиғалар қауiпсiздiктiң жаңа жүйесiн қалыптастыру қажеттiгiн көрсетiп бергендiгiне тоқталды. Адамзаттың жаһандық мәселелерiнiң тез күрделенуi әртүрлi бәсекелестiк сипаттарын шектеудi және мемлекеттер арасында ғана емес, дiндер арасында да ынтымақтастыққа көшудi талап етедi. Хатшылық басшысының айтуынша, көптеген дiни қайраткерлер қазiргi жағдайдағы дiнаралық келiсiмнiң қажеттiгi мен маңызын жақсы түсiнедi және оны қалыптастырудағы белгiлi бiр қадамдар жасап отырғаны даусыз. “Бұл тұрғыда Әлем және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң Съезi мәдениетаралық жаһандық диалог үдерiсiне Қазақстанның қосқан қомақты үлесi болып табылады. Ол әлем қауымдастығының толеранттылық пен өзара түсiнiстiк, диалог пен ынтымақтастық қағидаларын нығайту жөнiндегi күш-жiгерiнде ерекше орын алады”, — деп атап өттi Қ.Тоқаев. Ол сондай-ақ, БҰҰ қолдаған Қазақстанның осы бастамасы дәл өз уақытындағы қадам болғанын атап өттi. Өткен кезеңде Съез басқа iрi халықаралық жиындарға — Өркениеттер альянсi, Киелi Эджидия қауымдастығы, Азия үйi, Тони Блэр қорына кеңiнен танылды. Хатшылық басшысы қатысушылар алдында алдағы Съез мiндеттерi туралы өз ойларын ортаға салды. Оның пiкiрiнше, қазiргi кезеңде жиынға дiни лидерлер мен халықаралық ұйымдарға қазiргi заманның өзектi мәселелерi мен оларды бiрлесiп шешу жолдарын әзiрлеу жөнiнде сындарлы әңгiмелесуге мүмкiндiк беретiн әмбебеп диалог алаңы мәртебесiн бекiту керек. Сапалық тұрғыдағы жаңа әлемдiк конфессияаралық диалог ретiнде үшiншi Съездiң рөлi мен маңызын арттыруға бағытталған ұсыныстар қатарында Қ.Тоқаев алдағы БҰҰ қолдауымен жиын өткiзудi атады. “Қазiргi кезде бiз өткен жылы Бас Ассамблеяда Президент Н.Назарбаев айтқан осы идеяны жүзеге асыру жөнiнде жұмыс iстеп жатырмыз. Бұл бiздiң жиынның беделi мен жаһандық ауқымдағы ықпалының арта түсуi тұрғысында елеулi оқиға болды”, дедi Хатшылық Басшысы. Дiнаралық диалогтың жалғасуы рухани құндылықтар мен мәдениеттердi iлгерiлетуге, жаңа мыңжылдықта бейбiтшiлiк пен келiсiмдi бекiту үшiн конфессияаралық үнқатысуды кеңейтуде маңызды үлес болатынын атап өте келiп, Хатшылық басшысы қатысушыларды халықтардың бейбiт қатар өмiр сүруi үшiн дiндер арасындағы пiкiр алуандығын түсiне бiлу жөнiндегi бiрлескен жұмыстарды жалғастыруға шақырды. Басқосуға қатысқан өзге дiн өкiлдерi дәл осы пiкiрлердi құптады. Әрi келесi дiндер съезiнiң “Жаһандану жағдайында толерантты заман құрудағы дiни лидерлер рөлi” деген тақырыпта өтуiн ұсынған Сенат басшысының идеясы мақұлданды. Сондай-ақ, Әлем және дәстүрлi дiндер лидерлерi III Съезiнiң жұмыс тобының жаңа құрамын белгiлеу және қорытынды құжаттарын әзiрлеуге, жиын Хатшылығы кезектi отырысының мерзiмi мен орнын белгiлеуге қатысты мәселелер қаралды.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары