ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI СЫЙЛЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI СЫЙЛЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI СЫЙЛЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ
ашық дереккөзі
246

Қазақ әдебиетi биыл сыйлықсыз қалды. «Қазақ әдебиетi сыйлықсыз қалғаны несi?» дейтiн шығарсыз. Әдебиет саласы бойынша берiлетiн Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығы ешкiмге берiлмейтiн болыпты. Ақтық сынға жеткендерiне қарамастан, екi ақын да, яғни Серiк Ақсұңқарұлы мен Несiпбек Айтұлы да мәртебелi комиссияның шешiмiне қарағанда аталмыш сыйлыққа лайықсыз көрiнедi.

Әлем әдебиетi өзiнiң Нобель сыйлығына иегерлердi анықтап, бағасын берiп жатқан шақта, қазақ әдебиетiнде Мемлекеттiк сыйлыққа иегер қаламгердiң табылмағаны қызық екен. Аты-жөнi белгiсiз, әрине қазақ оқырманы үшiн беймәлiм есiмнiң, яғни француз жазушысы Жан Мари Гюстав Леклизио топ жарып, Нобельдi иемденiп жатқанда, қазақтың ақын жiгiттерi өз Отанының сыйлығынан құр қалды.

Жабық дауысқа түсiп, соңғы шешiм осыған тiрелген сияқты. Қазақ әдебиетiнде Мемлекеттiк сыйлыққа ие болатын бiрде-бiр жан табылмағаны бүгiнгi оқырманды алаңдатып отыр. Қазақ оқырманы әдебиеттi оқымайды деп бiржақты пiкiр айтуға болмас. Бiрақ, билiктiң әдебиеттi бiлмегендiгiнiң салдарынан қазақ әдебиетi сыйлықтан құр қалды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеев: “Әдебиеттi әдебиетшiлердiң өзi түгел оқып жатпайтыны бар. Сондықтан олар әдебиеттi қаншалықты бағалай алады дейсiз. Әрi ол жерде әдебиетке қамқорлықтан гөрi ақша үнемдеу де болды ғой деймiн” дегенiнде де шындық бар. Бүгiнгi қоғам әдебиетшiлерден қаламақыны ғана алып қоймапты. Ендi жылына бiр рет берiлетiн Мемлекеттiк сыйлықтың да ауылы әдебиетшi қауымнан алыстап кеткен сияқты.

Мемлекеттiк сыйлық демекшi, соңғы шыққан бiр ғана еңбекке қарап, қаламгердiң бүкiл шығармашылығын анықтау дегенге келiсе қою да қиын. Сонда соңғы уақытта дүниеге жақсы шығарма әкелмесе, оның осы кезге дейiн жазған дүниелерiнiң бәрiнiң құны көк тиын болғаны ма? Лайықты шығарма, лайықты дүние қай кезде қазақ әдебиетiнiң төрiнен ойып тұрып орын алары сөзсiз. Ал, оған бағаны беретiн оқырманның өзi ғана. Бiрақ, бүгiнгiдей нарықтық қоғамда билiктiң де қамқорлығы қажет-ақ.

ӘДЕБИЕТТI СҮЙЕТIН ҚАУЫМНЫҢ ДА, ӘДЕБИЕТШI ҚАУЫМНЫҢ ДА АЙТАРЫ БIР НӘРСЕ: “ЕКI АҚЫН ДА СЫЙЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ ЕДI” ДЕЙДI.

Қазақ әдебиетiне Мемлекеттiк сыйлықтың берiлмеуi дұрыс емес дегендi де айтып жүргендер көп. Олай болмауы да керек едi. Қазақ әдебиетi ықылым заманнан өмiр сүрiп келедi, сүре де бермек. Қазақ әдебиетi өлмейтiн, өшпейтiн әдебиет. Ал қаламгердiң еңбегiнен ақша үнемдеп қалу деген сөз, әдебиеттен ақшаны үнемдеу деген сөз. Жылына 400 мың долларды қайырымдылық қорына аударатын Пауло Коэльоның еңбегiнiң қасында қазақ қаламгерлерiнiң еңбегi шын әрi шынайы емес пе? Солай бола тұра, қазақ қаламгерлерi, қазақтың талантты жазушылары өлместiң күнiн кешiп жүр. Бiр кiтабы бiр машинаның құнымен тең келген екен Кеңес Одағының тұсында қазақ қаламгерiнiң. Ал бүгiнде бiр кiтабын жарыққа шығарудың өзi қаламгерге ауыр мұң. Қаламақысының орнына өз кiтабын өзi саудалауға мәжбүр.

Ал, кейбiр пiкiрлерге сүйенсек, бұл сыйлықтың берiлмегенiн дұрыс деп санайды. Лайықты шығарма болмаса, кез келген жазушыға “он жыл бұрын еңбек жазыпты” деп сыйлық берудiң де қажетi жоқ. Тiптi керек болса, он жыл бойы қатарынан Мемлекеттiк сыйлықты бермеген жөн дегендi де алға тартады. Соған қарағанда, оқырманның арасында қазақ әдебиетiнде соңғы жылдары жақсы шығармалар туылған жоқ деген пiкiр бар сияқты. Қаламгердiң өз отанының сыйлығына ие болмауының сыры да осында жатыр ма?!

Қалай десек те, екi ақын да Мемлекеттiк сыйлықтан шеттетiлiп қалыпты. Екi бiрдей ақынның еңбегi еленбей, шығармашылығы бағаланбай қалғаны қазақ қаламгерлерiн де, қазақ оқырманын да жабырқатып тастады.

Француз жазушысы Нобельдi алды, ал қазақ ақыны өз елiнiң сыйлығынан құр қалды. Осындайда Ғабит Мүсiреповтiң әдебиет туралы айтқан толғамы еске түседi. “Әлемдiк мәдениеттi аспаннан Алла кигiзген жоқ қой. Қай ғасырда болмасын, алдымен мектеп керек. Африка озып бара жатса, ағылшындай, француздай мектебi бар, ал олар арғысын айтсақ, Шекспирден, бергiсiн айтсақ Флоберден өскен әдебиет. Бiз кеше Маяковский боламыз деп қазақтың қара өлеңiн қырық турап, бүгiн бәрiмiз де бабаевский боламыз деп өнерден қара жаяу қала жаздаған жоқпыз ба. Ұлт әдебиетi үшiн олардан сан ғасыр озып кеткен Абайды бойға сiңiрмей жатып, ұлыны тәрк қып, бiреудiң құлына жүгiндiк. Сендер Хемингуэй дейсiңдер, сөз жоқ, шырқаудағы жазушы, бiрақ жазушы табиғаты бiр болғанымен оның даусы да, уайымы да бөлек қой… Олар барды аман алып қаламыз деп жүрген, бiз жоғымызды жасап, жоғалтқанымызды тауып алсақ деп жүрген жандармыз…”

АЛ БҮГIН ТАПҚАН ӘДЕБИЕТТI ҚАЙТА ЖОҒАЛТЫП АЛҒАН СИЯҚТЫМЫЗ, ЖОҒАЛТЫП ҚАНА ҚОЙҒАН ЖОҚПЫЗ, ӘДЕБИЕТКЕ ДЕГЕН ҚАМҚОРЛЫҚТАН ДА АЙРЫЛЫП ҚАЛДЫҚ.. ОҒАН КIМ КIНӘЛI, ҚОҒАМ БА, АДАМ БА?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары