Ақпараттар
Ақпараттар
Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезiнде ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге Ресей Президентi Дмитрий Медведевпен Ақтөбеде екi ел басшыларының кездесуiнде Таулы Алтай және Моңғолия арқылы Қытаймен жалғастыратын автожол құрылысының мәселелерi талқыланғанын айтты.
“Мен бiздiң Таулы Алтай және Моңғолия арқылы Қытайға шығуымыз үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасап жатырмын. Бiздер Таулы Алтайдың аумағы арқылы өтетiн жолдың осы учаскесiн салып бiтiру туралы уағдаластық. Бұл жөнiнде Моңғолия да өтiнiш бiлдiрiп отыр. Оларға Моңғолиядан Өскеменнiң өңдеу кәсiпорындарына дейiн жету үшiн “мал айдау жолдары” қажет.
Сонымен қатар, бiз Өскемен-Шар темiржол құрылысын аяқтау үстiндемiз. Оның тек өңiр үшiн ғана емес бүкiл елiмiз үшiн де маңызы зор. Заманауи автожолды ұйымдастыру үшiн алдағы уақыттары бiз Алматы-Өскемен күрежолын қалпына келтiретiн боламыз.
Мұның барлығы да осы өңiрдегi сауданы Қытайдың үлкен рыногына шығаруға мүмкiндiк бередi және бiздер осы мiндеттi шешумен айналысудамыз”, – деп атап көрсеттi ҚР Президентi.
Н.Назарбаев өңiр әлеуетiнiң орасан зор екендiгiн атады. “Бұл жердiң табиғаты ғажайып, жер қойнауы бай, бiрегей өндiрiсi және сауатты мамандары бар. Мен облыс әкiмдiгi ҚР Үкiметiнiң көмегiне сүйене отырып, осы бай өлкенi көтередi және адамдардың өмiрiн жақсарта түседi деп үмiттенемiн”, – дедi Мемлекет басшысы.
Ақордада ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен ҚР Президентi жанындағы Азаматтық мәселелер жөнiндегi комиссияның кезектi отырысы болып өттi.
Комиссия отырысында Қазақстан азаматтығын алуға өтiнiш бiлдiрген, түрлi елдерден келген 24 мыңнан астам адамға қатысты материалдар қаралды. Отырыста елiмiздiң азаматы болғысы келетiн бұл жандардың материалдары құзырлы мемлекеттiк органдар тарапынан жiтi тексерiлгендiгi айтылып, аз-кем талқыланғаннан кейiн комиссия олардың өтiнiштерiн қанағаттандыру қажет деген шешiмге тоқталды. Ендi Мемлекет басшысы тиiстi Жарлыққа қол қойғаннан кейiн бұл адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары атанады. Басқосуда тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағдыр тәлкегiмен Отанынан жырақта жүрген қандастарымызды елге оралту жөнiнде бастама көтерiп, мемлекеттiк бағдарлама қабылданғанын еске сала келе, “осы жылдардың iшiнде бұл мемлекеттiк бағдарлама қандастарымызды келген жерiне бейiмдеу тұрғысында тұрақты және жүйелi түрде iске асырылып келедi. Бүгiнде олар – Қазақстанның тең құқылы азаматтары. Олар бiздiң елдiң дамуына өздерiнiң лайықты үлестерiн қосуда”, – деп атап көрсеттi Мемлекеттiк хатшы.
Сондай-ақ, комиссия отырысында Қазақстан азаматтығынан шыққысы келетiн 69 адамның материалдары қаралып, олардың да өтiнiштерi қанағаттандырылды. Негiзгi мәселелердi қарау аяқталғаннан соң комиссия мүшелерi әр жылдары Отанына оралған қандастарымызбен кездесiп, емен-жарқын әңгiмелестi. Кездесу барысында олар оралмандарға көрсетiп жатқан қамқорлығы және тарихи Отанына орнығуларына қол ұшын берiп жатқаны үшiн Мемлекет басшысының атына шынайы алғыстарын жеткiздi. Сондай-ақ Қазақстанның көшi-қон саясатын жетiлдiруге орай көкейлерiнде жүрген бiрқатар ұсыныс-тiлектерiн ортаға салды.
Тiлi мен дiнi алшақ болса да әдет-ғұрпы ұқсас, түп негiзi жақын екi ұлыс саяси-экономикалық және мәдени ынтымаққа ыңғай берiп отыр. Соның бiр айғағы Моңғолияда Қазақстанның мәдениет күндерi өттi.
Ресми шара аясында елмiздiң мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед Улан-Батырда бiрнеше кездесу өткiздi. Моңғол үкiметiнiң басшысы Санжийн Баярмен кездескен министр Мұхтар Құл-Мұхаммед екi елдiң мәдени-ғылыми байланысын жандандыру жолдарын талқыға салды. “Саяси-экономикалық даму қарқыны арқылы бiр кездегi тете мемлекеттерден көш iлгерi кеткен Қазақстанның өткен жолы мен тың реформалары және жаңашыл қадамдары бiзге ғана емес көп мемлекеттерге үлгi”, – дедi Санжийн Баяр. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед Моңғол Парламентiнiң спикерi Дэмбэрэлмен де кездестi. Кең отырып кеңескен тараптар қос елдiң байланысы баянды, достығы берiк болу үшiн ортақ шараларды жиi өткiзiп тұрған абзал дестi. Келешекте Моңғолияның мәдениет пен өнерге ден қойған жастары Қазақстанға келiп бiлiмiн жетiлдiруi мүмкiн. Бұл туралы министр Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Моңғол елiнiң бiлiм, мәдениет және ғылым министрi Отхонбаярдың кездесуiнде мәлiм болды. Емен-жарқын әңгiме-дүкен құрған тараптар түбi түркiден тарайтын екi ұлыстың тарихы ортақ, мәдениетi мен салт-дәстүрi ұқсас екенiн тiлге тиек еттi. Моңғол министрiн Қазақстанға шақырған Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет саласындағы кез келген мәселенi кеңесе отырып шешуге әзiр екенiн айтты.
Қазанның 6-ы күнi Астанада “Лайықты баспана үшiн” қоғамдық қозғалысының 100-ге жуық өкiлi үкiмет үйiнiң алдында наразылық шараларын өткiзiп, Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң атына жазған хаттарын тапсырды.
Негiзiнен қоғамдық қозғалыс өкiлдерiнiң үкiметтен нақты қолдау болмайынша, әр айдың 6-шы жұлдызында Үкiмет үйiнiң алдына шығып отырамыз деп келiскен келiсiмдерi бар.
Бұл жолы наразылық бiлдiруге ипотекаға пәтер алып, бiрақ уақытында банкке ақша төлей алмай отырғандар, үйлерi сүрiлiп, оған өтемақы ала алмай жүргендер және 10 сотық жерге зәру қала тұрғындары шығыпты. Мәселен, Сәуле Тасболатқызы ипотекалық бағдарлама алғаш шыққан кезде 18 пайызбен несиеге пәтер алғандығын айтады. Ендi дағдарыс басталғанда жұмыссыз қалып, уақытында банкке ақша төлей алмай отыр екен.
– Бiз ақшаны мүлдем төлемеймiз деп айтпаймыз. Төлеймiз. Бiрақ, бiзге уақыт берсе екен. Жұмыс тапқан соң ақшаны қайтарамыз. Ал банк қызметкерлерi сотқа берiп, бiрден пәтерлерiмiздi тартып алуға дайын тұр. Билiк қол ұшын берсе, – дейдi Сәуле Тасболатқызы.
Ал Валентина Чикимова өзiнiң Астанада тың игеру дәуiрiнен берi тұрып жатқандығын, ендi өзiнiң тұратын үйiн сүрiп, көше салып тастағанын, бiрақ өтемақыға бiр тиын да төлемегенiн баяндайды. Осы мәселемен оның бармаған жерi, баспаған тауы қалмапты.
“Еш нәтиже болмаған соң, қоғамдық қозғалысқа кiрiп, бiрлесiп күресуге шешiм қабылдадым”, – дейдi Валентина Чикимова.
Осы секiлдi “түйiндерi шешiлмеген” мәселелерi көп, баспанасыз жүрген қала тұрғындары билiктен жәй сөз емес, нақты шешiм күтедi. Бұл мәселеге қатысты Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары Сергей Хорошун наразылық бiлдiрушiлердiң алдында билiк нақты қадам жасап жатыр деумен ғана шектелiп, “үкiмет үйiнiң алдында шеру өткiзбей, сәрсенбi күнi әкiмдiкке келiңдер, проблемаларыңызды қарайық” – деп жауап қайтарды.
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйек айының басында Парламенттiң екiншi сессиясының ашылуында дағдарыстан шығатын қор құрылатындығын мәлiмдеген болатын. Онда банктерге несиесiн төлей алмайтындарға, үлескерлерге аталмыш қордан көмек берiледi деген едi.
“Несиесiн төлей алмайтындардың пәтерлерiн жаппай алу, банктер үшiн де тиiмсiз, одан екi жақ та зардап шегедi, сол үшiн осы қорды құрып отырмыз”, – деген едi президент Назарбаев. Алайда, қала тұрғындары осы мәселенiң де оңтайлы шешiмi табылатындығына сенбейдi.