ҚАЗАҚҚА “ҚАЗАҚ КАРТАСЫ” КЕРЕК ПЕ?

ҚАЗАҚҚА “ҚАЗАҚ КАРТАСЫ” КЕРЕК ПЕ?

ҚАЗАҚҚА “ҚАЗАҚ КАРТАСЫ” КЕРЕК ПЕ?
ашық дереккөзі
308

Қазақ басылымдары “Орыс картасы” туралы Заң жобасын талқылап, оның бiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiзге қаншалықты нұқсан келтiретiндiгi жайында дабыл қағып жатқаны белгiлi. Бұл туралы газетiмiздiң өткен нөмiрлерiнде бiз де сөз еткенбiз.

“Орыс картасы” Ресейден тыс жүрген шеттегi орыстардың мүддесiн қорғау мақсатында жасалып жатыр. Ал, шетте жүрген қазақтың саны да аз емес. Олар – 5 миллионға жуық. Ендеше, осы қазақтың мүддесiн қорғайтын “Орыс картасы” секiлдi “Қазақ картасын” неге жасамасқа?

1991 жылы Терещенко үкiметiнiң тұсында әйгiлi №791 Қаулы болғаны белгiлi. Бұл Қаулы, әрине, шетте жүрген қазаққа арналды. Қаулы бойынша “егер шетте жүрген қазақ Қазақстанға келетiн болса, қоғамдық көлiкте жүруде, медициналық көмек алуда, жұмысқа орналасуда әлеуметтiк көмекке қол жеткiзе алады” делiнген. Бұл Қаулының оралмандар саясатын жүзеге асыру барысында бiршама көмек болғаны белгiлi. Бұл жеңiлдiктерге ие болу үшiн Сыртқы iстер министрлiгi тарапынан сенiң қазақ екенiңдi растайтын құжат берiлетiн. Бұл құжат Қазақстан Республикасының төлқұжаты мiндетiн атқаратын. Өйткенi, оны көрсетсең болғаны сiзге Қазақстан азаматымен бiрдей деңгейде қызмет көрсетiлетiн. Бұл өз кезегiнде қазiргi Ресей тарапынан жасалынып жатқан “Орыс картасына” жақын құжат болған едi. Бiрақ, бiраз жылдан берi бұл Қаулының күшi жойылды да, оның орнын басатын жаңа құжат әлi жасала қойған жоқ.

Қазiр шеттен көшiп келген ағайындарға “Оралман куәлiгi” берiледi. Бұл куәлiкке Қазақстанда тұрақты қалып қою ниетi жоқ, азаматтыққа құжат тапсырмаған қандастарымыз ие бола алмайды. Сол себептi де, ол №791 Қаулының орнын баса алмайды. Жақында Үкiмет №524 Қаулыны қабылдады. Бұл Қаулы бойынша “Оралман куәлiгi” жеке әлеуметтiк код берiлетiн құжаттардың қатарына қосылды. Яғни, оралмандар Қазақстан Республикасы азаматы атанбай тұрып-ақ мемлекеттiк қызметке тұруға құқылы болды.

Ал, “Орыс картасы” сырттан келген орыстарға ғана емес, сондай-ақ, шетте тұрып жатқан орыс пен орыстiлдi, православие дiнiн қолданушылардың барлығына арналған. Демек, Ресей бұл құжатты жасау арқылы орыстар шоғырлана орналасқан мемлекеттерде сепаратистiк пиғылдағы адамдарды тәрбиелеуге атсалысып бағады. Сарапшылар “Орыс картасы” Украинадағы ұлттық саясатты ушықтыру мақсатында туындап отырғанын айтады. Ондағы Қырым мәселесiнiң күн өткен сайын өткiр сипат алып бара жатқаны мәлiм. Ондағы орыстардың қолтығына су бүркiп, Қырым мәселесiн ушықтырып отырған тағы да Ресей шовинистерi. Украинаның Ресейге тәуелсiз өзiндiк саясатын жүргiзуi Ресейге ұнамайды. Сол себептi де олар бұғаусыз кеткен елдi бөлшектеу әрекетiне кiрiспек.

Грузияны бөлшектеу iсiн Ресей тым ерте қолға алды. 15 жыл бойы Оңтүстiк Осетия мен Абхазия халқына оңды-солды Ресей азаматтығын таратып, олардың Грузияны мойындауына кедергi келтiрiп келдi. Олар тәуелсiздiгiн жариялап, оны Ресей Федерациясы мойындаған кезде Грузияның бұл субьектiлерiнiң тұрғындарының 95%-ы Ресей азаматы екендiгi анықталған. Ендi дәл осы саясатын ол өзге посткеңестiк мемлекеттерге қолдануды көздеуде. Бұрын бұл саясатын жасырын жүргiзiп келген болса, ендi ашық жүргiзуге кiрiстi. Яғни, “Орыс картасы” туралы заң жобасын дайындап, Ресей мемлекеттiк Думасының оны қабылдап жiберуiнiң астарында осындай зымиян саясат жатыр.

Бiз ұсынып отырған “Қазақ картасы” бұған дейiн жоғалтқан жоғымызды тауып, ұлттық саясатта жiберген есемiздi қайтару үшiн керек. Яғни, бiздiң ұлтшылдығымыз – ұлт ретiнде жер бетiнен жоғалып кетпеудiң амалынан туындаған ұлтшылдық болса, “Қазақ картасы” да өзге елде жүрген, өзге ұлттың құрамына бiртiндеп сiңiп, ассимиляцияға ұшырап бара жатқан қазақтарды қорғау және оларды Атамекенiне оралуына жағдай жасау мақсатында дүниеге келуi керек. Әрi бiз бұл құжатты шетте жүрген қазақтарға таратып беруден бас тартқанымыз дұрыс. Өйткенi, бiз қазақ идеологиясын өзге мемлекеттерге тықпалап, олардың iшкi саясатына қол сұға алмаймыз. Бұл халықаралық нормаларға жат. Ал, шеттен келiп, Қазақстанға тұрақтағысы келетiн немесе азаматтығын алғанша түрлi кедергiлерге тап болатын қазақтар үшiн бiз “Қазақ картасын” немесе осы деңгейде жаңа Қаулы жасауымыз керек.

Төменде осы туралы бiрнеше саясаткердiң пiкiрiн ұсынып отырмыз.

Берiк ӘБДIҒАЛИЕВ, Мемлекеттiк тiл жөнiндегi Президенттiк қордың жетекшiсi:

БIЗГЕ “ҚАЗАҚ КАРТАСЫ” РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫНАН ҚҰТЫЛУ ҮШIН ҚАЖЕТ

– Қазақтар орыстарға өте көп елiктейдi. Теледидардағы бағдарламалыр болсын, т.б. көптеген мәселелерде қатты елiктейдi. Алайда, орыстардан үйренуге тиiстi кейбiр мәселелерге келгенде керi кетедi. Орыстар ұлттық патроиттық мәселесiне қатты мән беруде. Орыс патриотизмiн соңғы жылдары қатты қолдауда. Мемлекеттi құрушы ұлттың мүддесiн бiрiншiге қою тұрғысынан келгенде бiздiң үйренетiн мәселелерiмiз өте көп.

“Орыс картасын” жасау да осындай ұлттық патриотизмдi ұлықтау мүддесiнен туындап отыр. Ресей Федерациясының тұтастығын сақтап қалу iсi – өте маңызды. Оны күшпен ұстап қалу мәселесi күн өткен сайын қиындап барады. Олар оны орыстың санымен және сапасымен ғана ұстап қалу мүмкiн екендiгiн түсiндi. Сол себептен олардың шетте жүрген орыстарды тарту мақсатында ұстанып отырған саясатын бiз де қолдануымыз керек.

Бiз тiл, ақпарат, идеология және басқа да салаларда әлi күнге дейiн Ресейдiң ықпалынан шыға алмай келемiз. Осы ықпалдан құтылу үшiн бiз де ұлттық жобаларды жасай беруiмiз керек. Сол себептi де “Қазақ картасын” жасау туралы идеяны өз басым қолдаймын. Бұндай карта бiзде болмағанымен, бiр кездерi дәл осындай Қаулы болды-ау деймiн. Ең болмағанда сол Қаулыны қайта қалпына келтiрген дұрыс.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

“ОРЫС КАРТАСЫ” ЕЛIМIЗДIҢ ЕГЕМЕНДIГIНЕ ҚАУIП ТӨНДIРУI МҮМКIН

– Менiңше, мәселеге екi түрлi көзқараспен қарау керек сияқты. Бiрiншiден, “Орыс картасы” – түбiнде елiмiздiң қауiпсiздiгi мен егемендiгiне қауiп төндiретiн болады. Себебi, Қазақстан – унитарлы мемлекет. Мұнда қос азаматтық мойындалмайды. Бiздiң Сыртқы iстер министрлiгi және басқа да құзырлы органдар Ресей тарапына алаңдаушылығын бiлдiруi керек. Яғни, Ресейдiң мұндай құжат қабылдауы – бiздiң ұлттық мүддемiзге қайшы келедi. Қазақстан осыны және бiздiң екi ел арасындағы мәңгi достық келiсiмiнiң талаптарына бұның қайшы келетiндiгiн сөз ете отырып, Ресейге осы құжатқа қатысты өз көзқарасын бiлдiруi қажет. Қазақстанда өзге ұлт өкiлдерiне тiлдi бiлмегенi үшiн қысым көрсетiлiп жатқан жоқ. Мұндағы орыстардың орыс тiлiнде сөйлеуiне, Ресейге кетуiне, онда барып жұмыс iстеп, тұрақтап тұруына кедергi болып жатқан ештеңе жоқ. Егер, мұндай құжат қабылданатын болса, екi ел арасындағы қарым-қатынастарды қайта қарау керек.

Екiншiден, “Қазақ картасы” қазаққа қажет болады. Бiрiншiден, Қазақстанда жұмыс қолы жетiспейдi. Бiз бүгiннен бастап, осы мәселенiң алдын алуға ұмтылуымыз керек. Осы мәселеде бiздiң сыртқы ресурсымыз – Қытайда, Моңғолияда, Ресейде және Өзбекстанда тұрып жатқан қазақтар. Олардың Қазақстанға оралуы бiздiң ұлттық мүддемiзден туындайтын мәселе. Қазақстанда айлап, жылдап төлқұжат ала алмай жүрген қазақтар жеткiлiктi. “Қазақ картасы” Қазақстаннан тыс жүрген қазақтарға емес, осында келiп азаматтығын алып үлгермеген қазақтар үшiн жасалуы керек. Өйткенi, бiз шет мемлекеттерге өз идеологиямызды тықпалай алмаймыз. Ал, Қазақстанға келген қандасымызға мұнда емiн-еркiн жүрiп тұруын, медициналық көмекке қол жеткiзуiн, оқуға түсуiн және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететiн мұндай құжат қажет-ақ.

Хасан ОРАЛТАЙ, халықаралық “Алаш” сыйлығының иегерi, Мюнхенде тұрады:

ӘР ЕЛ КЕЛЕШЕГIН ОЙЛАУЫ ТИIС. “ҚАЗАҚ КАРТАСЫ” СОЛ ТҰРҒЫДАН АЛҒАНДА МАҢЫЗДЫ

– Бұл “Орыс картасы”, өткен тарихты, 1940 жылдарды ойға оралтады. 1945 жылдан бастап бiздiң Шығыс Түркiстанда “Орыс гражданына жазылу” деген құпия науқан басталған-ды. Бiлетiндер оларды “орыс шпионы” дейтiн. Отаршыл (империалист) елдер қазiргi “орыс картасы” сияқты тактиканы бұрын да қолданған.

Батыстық елдерде ондай тактика Гитлершiл Германияның соғыстың алдындағы кезеңде көршiлес елдерде ұйымдастырылған “5 қол” дейтiндерiмен әйгiлi.

Қазiргi “Орыс картасы” дегенiмiз Грузиядағы жағдайға байланысты дүниеге келдi. Ендi оның Украинаның және Молдованың орыс шоғырланған өңiрлерiнде кәдеге жаратылуы мүмкiн деген саяси шолушылар баршылық.

Әр ел өз жағдайын, өзiнiң келешегiн ойлауы тиiс. “Қазақ картасы” да сол тұрғыдан алғанда маңызды. Алдымен барлық мүмкiншiлiктердi кәдеге жаратып, Қазақстаннан тыс қалып қойған қазақтарды көшiрiп алуға тырысу керек. Ал, олардың шетелдерде қалғандарын да ескерiп, оларды естен шығармау, қазақтық сана жiгерiн жетiлдiре беру ұлттық парыз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары