“YЛКЕН YШТIК” ПЕН САЯСИ АЛАҢ

“YЛКЕН YШТIК” ПЕН САЯСИ АЛАҢ

“YЛКЕН YШТIК” ПЕН САЯСИ АЛАҢ
ашық дереккөзі
179

Мұнай экспорттаушы елдерден құрылған халықаралық ұйым – ОРЕС сияқты газ картелiн құруға Ресей талайдан берi талпынып жүрген болатын. Табиғи газды экспорттайтын елдермен ортақ ұйым құру туралы бастамасын ұзақ уақыт бойы сырт көзден жасырып келген Кремль өз ойын ақыры iске асырды: сейсенбi күнi Иран Ресей мен Катармен бiрiгiп, “Көгiлдiр отын” одағын құратынын мәлiмдедi.<br>

Иранның мұнай өндiрiсi министрi Г.Хұсейн Назаридiң айтуынша, Тегерандағы үшкүндiк кездесуде аталған үш елдiң өкiлдерi газ ұйымын құруға келiскенiн, ресми құжаттардың үстiмiздегi жылдың 18 қарашасында Мәскеудегi кездесуде бекiтiлмек. “Үшжақты келiсiм жалпы газ нарығы үшiн өте тиiмдi болуы тиiс әрi газ экспорттаушы елдердiң қарқынды дамуына ықпал етерi анық” деп ағынан жарылған “Газпромның” басшысы А.Миллер бiрiккен жобаларды техникалық тұрғыда сарапқа салатын комиссия құрылғанын жеткiздi. Дүниежүзiлiк табиғи газ қорының жартысынан астамы Катар, Иран мен Ресейдiң еншiсiнде. Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiне алаңдаған Батыс бұған дейiн газ ұйымын құруға үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытып келген едi. Жыл сайын арнайы басқосулар өткiзудi әдетке айналдырған Жер шарын табиғи газбен қамтамасыз ететiн елдер қатарындағы Алжир, Нигерия, Венесуэла, Индонезия, Ливия, Египет, Катар, Ресей, Иранмен басқа да елдердiң аталмыш ұйымға қалай қарайтыны белгiсiз.

Өздерiне “Үлкен үштiк” деп айдар таққан Иран, Катар, Ресей жыл сайын 3-4 рет кездесiп тұруға келiстi. Әлемдiк энергетикалық нарықтағы ахуалдың тамырын басып көру үшiн, әрине. Әзiрге ресми мәртебеге ие бола қоймаған “көгiлдiр отын” одағына Кремльдiң ықпалы өктем болары айқын. Өйткенi, әлемдiк саяси сахнада ядролық бағдарламасы дауға қалған Тегеранды БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң қаһарынан Мәскеу қорғап отыр (бұл мәселеде Ресейдiң жақтасы – Қытай). Уранды байыту iстерiне наразылық танытқан АҚШ Иранға қарсы санкция қолданды. Осының кесiрiнен көптеген еуропалық компаниялар Иранмен серiктестiктен бас тартып, бүгiнде ирандық кен орындарында жұмыс тоқырауға ұшыраған. Тегеранның Мәскеумен одақтастыққа ұмтылуы осындай келеңсiздiктердiң ықпалынан. Батыстың Иранға тiс батыруына энергетикалық қауiпсiздiк кедергi болады. Осыдан екi жыл бұрын “илеуге” көнбеген беларусь пен украиндарды Ресей қыстың көзi қырауда мұнайсыз, газсыз, жарық пен жылусыз қалдырғаны белгiлi. “Аузы күйген үрiп iшедiнiң” керiн келтiрген Еуропалық одақтың Ресейге қатысты ұстанатын саясатта ауызбiршiлiк таныта алмауы сондықтан. Қазiргi таңда энергетикалық қорларға бай елдердiң шикiзатын батыстық нарыққа Ресейдiң қатысуынсыз, тiкелей тартатын жол жоқ. Мұнай мен газды арзанға сатып алы, еуропалық нарыққа көңiлi қалаған бағаға сататын Кремль “қазаншының еркi бардың” керiн жиi келтiредi. Осы себептi, сырт қарағанда, ортақ еуропалық құндылықтар мен мүддеге бiрiгетiндей көрiнетiн Еуроодақ жеме-жемге келгенде, қатаң шаралар қолданудың орнына, тайқып шығуға құмар. Саяси астары бар тартыстарда Кремльдiң айтқанына бас шұлғумен шектелетiнi сондықтан. Мысалы, күнi кешегi Оңтүстiк Осетиядағы 5 күнге созылған қантөгiске Ресейдi кiнәлi деп тауып, айып таққан Еуроодақ Мәскеуге қарсы қатаң шара қолдана алмады. РФ Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны ендiгi тәуелсiз мемелкет ретiнде мойындап үлгерсе, Батыс “арба да сынбайтын, өгiз де өлмейтiн” оңтайлы әдiстi iздеп әлек. Әрине, екi елдi тәуелсiз деп таныған Ресейдi поскеңестiк кеңiстiктегi стратегиялық серiктестерi де құптай қоймады. Олардың барлығы дерлiк Ресейдiң Оңтүстiк Осетиядағы қанды қырғында азаматтарына араша түскенiн қолдағанмен, абхаздар мен осетиндер елiн егемен ел ретiнде мойындамады. Әзiр екi елдi дербес деп таныған Никарагуа ғана. Кремльге жеделхат жолдап, әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдарынан “Бiз Ресейдiң жағындамыз” деп жар салған Никарагуа Америкаға деген өшпендiлiгi мен ашу-ызасын тағы да бiр рет осылайша бiлдiрдi. Ал өзге мемлекеттер үнсiз. Тiптi, Ресеймен “кiндiгi бiр” Беларусьтiң өзi “парламенттiк сайлаудың қорттындысын күтейiк” деп сырғақсытқан. Парламенттiк сайлау өттi. Бiрақ ресми Минск жақтан сыбыс жоқ. Ал “көгiлдiр отын” одағына келсек, табиғи газ өндiрушi және өңдеушi мемлекеттерден тұратын картельге қандай елдердiң қосылатыны белгiсiз. Энергетикалық қорлары арқылы әлемдiк саясатқа ықпал етуге ұмтылған, кейде тiптi, қоқан-лоққы жасауға дейiн барған Ресейдiң табиғи ресурастарға бай елдердi картельдiң құрамына тартатыны анық. Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Өзбекстан сияқты орталықазиялық аймақтағы энергоқор көздерiне бай мемлекеттерге ұйым құру туралы бастамасын Мәскеу әлдеқашан емеурiнмен жеткiзген. Бiрақ Орталық Азия мемлекеттерiнiң мұнайы мен газын еуропалық нарыққа тасымалдауда балама жолдарды көптеп табуға, яғни, тасымалды дербестендiруге мүдделi екендiгiн ескерсек, Посткеңестiк елдердi “ашса, алақанда, жұмса, жұдырықта” ұстауға тырысатын Кремльдiң ықпалына өз еркiмен берiлмесi анық. Мәселен, Қазақстан Қытаймен, Румыниямен серiктестiк қатынастарды бастады. Астанаға ат басын бұруды жиiлеткен америкалық және еуропалық шенеунiктердi де көкiректен итерген емес. Керiсiнше, ынтымақтастық пен серiктестiктi нығайтуға мүдделi екендiгiн ашық мәлiмдеп жүр. Әзiрбайжандар болса, Түркия арқылы еуропалық нарықты бетке алады. Грузияның аумағынан өтетiн БТЖ бұрынғы беделi мен қарқынынан айырылып қалды. Бiрақ әзiрбайжандар Ресейдi айналып өтетiн жобалардан бас тартқан жоқ. Еуроодақ басымдық берген Nabucco жобасын жүзеге асыруға қарсы еместiгiн Баку бiрнеше рет мәлiмдеген. Айтпақшы, халықаралық сарапшылардың кейбiрi “Үлкен үштiктiң” газ картелi ОРЕС сияқты беделдi бола алмайды деп есептейдi. Өйткенi, табиғи газға қатысты келiсiмшарттар ұзақ мерзiмге жасалады.

Негiзi энергетикалық қорларды тасымалдауға арналған Ресейдi айналып өтетiн жолдарының бiрi Қап тауының етегiнде болатын. Бiрақ кешегi соғыста Ресейдiң Грузияға баса-көктеп кiруi, балама жолдың болашағына балта шапты. Шетелдiк инвесторлар Грузиядан ақшаларын ала қашса, мұнай мен газды еуропалық нарыққа тасымалдаудағы кепiлдiк мәселесi адыра қалған. Кремльдiң ықпалынан аулақ жолдар әзiр табылмай отырғандықтан, Еуроодақ Сахара шөлi арқылы газ құбырын тартуға қатысты Нигерияға ұсыныс айтты. Бiрақ әлем бойынша табиғи газ қоры жағынан жетiншi орынға ие Нигерия билiгiмен кездескен “Газпром” өкiлдерi Сахара арқылы құбыр тартуға ЕО-дан бұрын келiсiм жасап қойған болатын. Алайда, мамандар пiкiрiнше, жоба iске асырылған күннiң өзiне сахаралық құбырдың тағдыры бұлыңғыр. Өйткенi, саяси ахуалы аумалы-төкпелi Нигерияда мемлекеттiк маңызы бар нысандарға көтерiлiсшiлер жиi шабуыл жасайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары