ЖУРНАЛДЫҢ ҚАЗАН АЙЫНДАҒЫ САНЫ

ЖУРНАЛДЫҢ ҚАЗАН АЙЫНДАҒЫ САНЫ

ЖУРНАЛДЫҢ ҚАЗАН АЙЫНДАҒЫ САНЫ
ашық дереккөзі
215

“Мәдениет” журналының қазан айындағы нөмiрi ҚР Халық артисi, Мемлекеттiк және Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты Тұңғышбай әл-Таразидiң “Қазақ театрының даму белестерiндегi фольклордың орны” атты мақаласымен ашылған.

“Қазақ театрының өнер ордасы ретiнде қалыптасып, өсiп-өркендеу процестерiнде ұлттық фольклор сүбелi орын алады. Алғашқы қазақ спектакльдерiндегi шешендiк монологтар кестелей өрiлген диалогтар пьеса қаһармандарының сұлу қиыстырылған аталы сөздерден тұратынын, оны көрерменнiң құлақ құрышы қана тыңдайтынын, оған ешбiр ұтымды режиссерлiк мизансцена мен сәндi сахналық шешендердiң пар келмейтiнi көзiқарақты қауымға бесенеден белгiлi” дей келiп, автор өзi таңдаған тақырыбын жан-жақты зерттеп, тұщымды ой айтқан.

Театртанушы А. Мұқанның “Жаңа опера, ескi балет” атты сараптамалық мақаласы үстiмiздегi жылы Астанада өткен “Опералия — 2008” музыка фестивалiнiң үлгiлi қырларын ашып көрсетуге тырысқан.

Журналдың бiрнеше нөмiрiне қатар жарияланған “Наурыз “ және “Ай мен Амал” (авторы Т. Әбенайұлы) атты танымдық мақаланың да оқырмандарға берер тағылымы зор.

Он бесiншi ғасырда дүниеге келген көркем жазба ескерткiштердiң бiрi әрi бүкiл түркiге ортақ мәдени жәдiгер — “Бабырнаме” туралы белгiлi ғалым Кәкен Қамзин нақты дерек көздерiне сүйене отырып бiрқатар тың байлам-тұжырымдар айтқан.

Белгiлi әдебиетшi-ғалым Үмбетбай Уайдиннiң “Жылт-жылт сәуле” атты материалы, автордың өзi айтқандай, басылымдарды оқып отырғанда сөз-сөздiң, жол-жолдың ара-арасында көзге жылт-жылт жанған от-сәулелерге арналған екен. Шынында да бұл мақала сөз қадiрiн бiлетiн оқырмандарға ой салатындай фактiлерден құралған.

Белгiлi әдебиет сыншысы, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Сайлаубек Жұмабектiң дүниеден өткенiне де бiр жыл болды. Осы датаға орай Сайлаубектiң рухани iнiлерiнiң бiрi — белгiлi журналист Е.Ералының “Сайлаубек кiтапханаға кеттi…” деген шағын естелiк мақаласы марқұмның адами асыл қасиетi арқылы оқырманның көңiлiне шуақ құйғандай.

Белгiлi журналист Мырзан Кенжебайдың “Қазақта ұрлық болды ма?” атты мақаласы қазақтың ұлттық намысына қамшы басқандай әсер ететiн жанайқай тақырыпты қозғаған.

Сондай-ақ, журналдың қазан айындағы кезектi санында жарияланған Е. Жапақтың “Сәкен Ғұмаровтың “Ой әптiлерi”, О. Жақсановтың “Көмейiне ән ұялаған”, З. Асабаевтың “Қазақтың қымызы”, А.Ахметтiң “Алаш ардақтысы — Сұлтанбек Қожанұлы”, “Қазiр Бекежан мен Қодарлардың заманы”, К. Намазованың “Дирижер Жайымов”, А. Батырқызының “Алпамыс” өзбектердiң қанжығасында кете бере ме?”, А. Рақышеваның “Майдандық газеттер — қаһарлы жылдар шежiресi”, Ә. Әшiмұлының “Бураталаның бұла құсы” атты мақалаларының қай-қайсысы да бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiн көтерiп тұр.

Серіктес жаңалықтары