АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс: ҚАЗАҚ БӘРIМЕН ТАТУ

АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс: ҚАЗАҚ БӘРIМЕН ТАТУ

АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс: ҚАЗАҚ БӘРIМЕН ТАТУ
ашық дереккөзі
474

Делиден Астанаға ат арытып келген АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс бiрнеше сағат көлемiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен де, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовпен де, Сыртқы iстер министрi Марат Тәжинмен де келiссөздер жүргiзiп үлгердi.

Мемлекет басышысымен Кондолиза ханым халықаралық, аймақтық мәселелердi талқылады. Қазақ-америка қатынастары көпсалалы, арада ешқандай дүрдараздықтар жоқ, дамудың қалыпты ырғағы өз бағытынан ауытқыған емес, деген әңгiмелер айтылды.

Американың бизнесi мұнай мен газ секторында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның ауыл шаруашылығына, телекоммуникациясына, транспортына инвестиция құяды деген болжамдар бар.

Үкiмет үйiнде болған кездесуде Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Қазақстан бұрынғысынша әлемдiк нарыққа, Әзiрбайжан мен Грузия арқылы өтетiн бағыттарды қоса есептегенде энергоқорларын тасымалдау кезiнде көпвекторлық принципiн ұстанатынын айтты.

Сонымен қатар Премьердiң айтуына қарағанда, Қазақ елi нарықтық экономиканың базалық толыққанды констркутивтi серiктестiк қатынас, шетел инвесторларының құқығын құрметтеу принципiн ұстанып, iлгерiде жасалынған келiсiм-шарттардың тұрақтылығына кепiлдiк бередi.

— Азық-түлiк қауiпсiздiгi саласында да, энергетикалық қауiпсiздiк саласында да Қазақстан өзiнiң рөлiн айқын сезiнедi. Бiзге аймақтағы ғана емес, бүкiл Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мiндетi жүктелгендiгiн айрықша сезiнемiз, — дедi Кәрiм Мәсiмов.

Сыртқы ведомство басшысы Марат Тәжинмен Кондолиза Райстың басы соңғы он күндiкте тағы қосылып отыр.

Қазақстан мен АҚШ-тың арақатынастарына қазақ тәуелсiздiгiн алғалы ешқашан қылау түсiп көрмеген. Сондай-ақ, Қап тауындағы болған оқиғаларға орай, Қазақстан Ресеймен арадағы қатынастарына ешқандай түзету ендiрмейдi.

— Ресеймен арақатынасымыз саяси тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тәп-тәуiр. Ресей — бiздiң стратегиялық серiктесiмiз. Сондықтан, әлдеқандай әңгiмелер желдей есе бастаса, ол тасадағы сарапшылар мен БАҚ болжамы деп қабылдағанымыз жөн, — дейдi Марат Тәжин.

Ал, Кондолиза Райс ханым өз кезегiнде АҚШ пен Қазақстанның энергетикалық саладағы өзара әрекеттерi басқа елдер мүддесiне залалын тигiзбейдi, деп атап өттi.

— Қазақ елi — қалыпты, тұрақты ел. Барлық қоңсысымен тату тұрады. АҚШ-пен де, Еуропамен де жiбi түзу байланыстары бар. Қазақстан сондықтан да сүйкiмдi, — дедi АҚШ Мемлекеттiк хатшысы.

Ғалымжан Мелдеш

Серіктес жаңалықтары