ЖАСТАР ЖӘНЕ ЖАЛАҢ ҰРАН

ЖАСТАР ЖӘНЕ ЖАЛАҢ ҰРАН

ЖАСТАР ЖӘНЕ ЖАЛАҢ ҰРАН
ашық дереккөзі
1677

«Тәуелсiздiк алдық!» деп күмп-күмп етiп отырған дәл бүгiнгi заманда бұрынғы небiр киелi де дегдарлы қасиетiнен, ата-баба дәстүрiнен, бұрынғы жаугерлiгiнен, ержүректiгiнен, ұлттық намысқойлығынан, анау-мынау ұлтта кездесе бермейтiн небiр ерекше асыл қасиетiнен айырылып бара жатқан (айырылып болған деуге Құдайдан қорқамыз!) ұлт екенiмiз көкiрегi ояу, санасын кiр шалмаған кiм-кiмге де ап-анық көрiнiп тұр.

Ол – жалаң ұраншылдық, «айтақ!» десе тұра шабатын дарақы далақбайлық… Онымыз жайдақ атқа жыртық шалбар, тесiк тұмақпен мiне салып, тапырақтап шауып бара жатқан дарақы, даңғаза адамды елестетiп тұрғанымен де, оған былайғы жұрттың (өзге ұлттардың) мырс-мырс күле қарап тұрып өтiрiк қолпаштайтытымен де шаруамыз жоқ. Бұған бiр ғана мысал келтiрейiк: Осы күнi зейнетақысы өзгелерден сәл де болса тәуiрлеу, дөп-дөңгелек шаруасы бар қарапайым қартымыз да, Үкiметтен үйден-үй, атақтан-атақ алып, жүрдiм-бардым қазақшасы бар баласын қызметке орналастарып қойған ғалым, жазушы, бұрынғы партократ, ақсақалдар да “Мен жастарға сенемiн!”, “Жастар – бiздiң болашағымыз!” деген ұранды сөздердi бiрiнен-бiрi қағып алып, теледидар мен баспасөзден қайталаудан танбайтын болды. Көшелерде де осы тақылеттес ұрандар iлулi тұр. Сонда олар мұны неге сүйенiп айтып отыр? Әлде көшеде, көлiкте бет-аузын қисаңдатып, былапыт сөздi сапырып, бiр-бiрiмен орысша, не жартысын орысша, жартысын шұбарланған қазақша сөйлеп, бiр-бiрiне “братан” деп бақылдап бара жатқан, базарда “Дэрөгу!” деп арба сүйретiп бара жатқан жастарға қарап, соларды болашағымыз деп жүр ме? Қазақтың бұрынғы ер азаматы о дүниелiк болып бара жатып, артындағыларға:

«…Арғымақ кетсе артында

Үкiлi құйрық тайың бар,

Қаз-қаздаған қарғашым

Жеткiзер бiр күн қараға,» – деп басу айтып кеткен. Ол бейбақ, мұны әуелi Аллаға сүйенiп, сосын өзiнiң жаңағы “қаз-қаздаған қарғашына” сенiп айтып кеттi. Өйткенi, Алланың әдiлдiгiне, рахымдылығына сенетiн ол, өзiнiң соңында қалып бара жатқан ұрпағы әке орнына әке, ана орнына ана болатын, ұлттық санасы бұзылмаған халқының адамдардың тәрбиесiн көрiп өсетiнiне сенетiн едi. Өйткенi, ол жаңағы “қаз-қаздаған қарғашының” Елiн, Жерiн, өзiнен кейiнгi ұрпағы – қызыл қарын жас баласының төсегiн арулап кiр шалдырмай отыратын адал жүрегi мен дiлi жат бәлекеттерден қорғайтын жаужүрек қазақ болып өсетiнiне кәмiл сенетiн едi. Өзiне-өзi қайшы келу, өз сөзiнiң артында жауабы бар-жоғын ойламау, әйтеуiр, жоғарыдағылардың сөзiн қолдағансымақ сыңай көрсету – бiздiң бүгiнгi ақсақалдардың басты қылуасы. Ол ақсақалдар сол қылуасын керемет саясаткерлiгiмiз деп бiледi. Бiрақ ақсақал адам әр сөзiн ойланып, пiсiрiп, қай нәрсенiң де әдiлiн айтуға ден қойып сөйлегенi ләзiм. “Ақсақалға жарасар елiне болса тоғашы” дегендей, ақсақал адамға да, зиялы қауым деп аталатын интеллигенцияға да мұндай жәдiгөйлiк, мұндай саяси сайқализм жараспайды. Жараспағаны былай тұрсын, мұндай қылық бүгiнгi де, ертеңгi де ұрпаққа тек залалын тигiзерi сөзсiз. Өйткенi, кейiнгi толқын қашан да алдыңғы толқынның iзiмен жүредi. Әрi жәдiгөй, әрi сөзiнiң фәтуәсi жоқ фарықсыз, сатқын ұрпақ осылай қалыптасады. Бұл – бiр.

Екiншiден, бүгiнгi ағабуын мен атабуын қазiргi жастарының жүрiс-тұрысындағы да сауатсыздықты, ең бастысы, өз ұлтына деген селқостық пен ұлттық намыссыздықты көрмей отырған жоқ. Олар бүгiнгi ұрпағының бойындағы бұл келеңсiздiктердi алысқа бармай-ақ, таяғына сүйенiп есiгiнiң алдына шыққан сайын көрiп жүр.

Есiк алдында бөбектер ойнайтын алаңқайдағы орындықтарда, әткеншектерде, күркелерде алдына бiр-бiр пепси-кола, кока-кола, сыра шишаларын, бiр-екi қорапша “Соверен” темекiсiн қойып, көк түтiндi бұрқыратып отырған жасөспiрiм ұлдар мен қыздарды көрмеу мүмкiн емес. Айтатыны – негiзiнен орыстың үш немесе бес әрiптен тұратын боқтық сөзi, болмаса абақтыдан шыққандардың жаргон сөздерi. Тағы бiраз жүрсеңiз, тапа-тал түсте бiр-бiрiнiң ышқырлығына, қыздың төстартқышына қолын сұғып жiберiп, көзiн тарс жұмып алған, әлi бозбалалық пен бойжеткендiк дәуреннен өтiп кете қоймаған шикiөкпелер. Әрi өткен, берi өткендердi адам екен деп қымсыну жоқ.

Бұл – бұл ма? “Одан да әрi өткенде, малға таман жеткенде” дегендей, одан сәл әрiрек өтсеңiз, ұзын орындықта шалқасынан жатқан бозбаланың үстiне атша мiнiп отырған жап-жас бүлдiршiн қызды көресiз. Олар да сенi ит екен, кiсi екен демейдi, тiптi, бетiңе бажырая қарап, тұлабойыңды көзiмен түгендеп шығады. Мiне, бiздiң билiктегiлер мен соларды көз жұмып қойып өтiрiк қолпаштайтын аға буынның “Мен – жастарға сенемiн” дегендi айтып жүрген жастары осы!

Қазiр жоғары оқу орындары түгiл, мектептерде де шәкiрттер мұғалiм мен мұғалиманың көзiнше темекiсiн тартып, шырт-шырт түкiрiп, былапыт сөздi сапырып тұра бередi. Бұның бәрi бiз көрiп жүрген сұмпайылықтың, жабайылықтың бiрер ғана мысалы. Бұл бiздiң Үкiмет басындағылар мақтанышпен айтатын “европаланғанымыздың”, “жаһанданып” келе жатқанымыздың, “өркениеттi елдердiң қатарына қосылғанымыздың” бiр ғана жемiсi. Бiздiң шонжарлар, мiне, осы жастарды да, – Қазақстанның болашағы, – дейдi.

Жастау кезiмiзде Шалқар қаласында Ленинград жақтан келiп дүкеннiң, асхананың iшiнде майкамен, шорт-дамбалмен жүрген туристердi жiгiттердiң оңдырмай сабағанын көрiп едiк. Сөйтсек, “әлгi өркениеттiлер” бiздiң жiгiттердiң: «бұлай жүрмеңдер» дегенiн мазақ қылып, «сендер артта қалғансыңдар» деп күлген көрiнедi. Ал, таңертең келген келiмсек кешкiлiк бiр-бiр қазақ қызын қолтығынан алып Қонақ үйге кiрiп бара жатқанынан жiгiттердiң де, ақсақал-қарасақалдарының да көзi үйренiп, етi өлiп кеткен. Бұл да, «Қазақта намыс деген ұғымның өзi жойылып кеткен бе?» деген үрей туғызады. Әлгi таяқ жеген туристер түгiл, қазiр сiрiңкедей сыриған арық қара қыздарымыздың ышқырлығы қолпылдап, семiз қыздарымыздың қарны салбырап, кiндiгiн көрсетiп жүруiне де көзiмiз үйренген. Оларға мұның не деудiң орнына, көптеген ересек кiсiлер басына орамал тартып, ұзын көйлек киген қыз көрсе үдiрейе қарайды. Теледидардан соларды мазақ қылып сөйлеп жатқанын да, лауазымды шонжардың “Немене, бәрiң молда болып кеттiңдер ме?” деп ұрысқанын да көрдiк. Егер ол кiсi дұрыс азамат болса, ол “Мiне, осы ботагөздерден басқалар да үлгi алуы керек. Тәуелсiз ел болғаннан кейiн ең болмаса сондай бiр ерекшелiгiмiз көрiнiп тұрғаны дұрыс” – дер едi-ау. Осыдан екi-үш жыл бұрын ЖаңаӨзен қаласының әкiмi қоғамдық орынға, әкiмшiлiкке әлгiндей жалаңаш-жалпы, тәнiн ашып-шашып жүретiндерге лыпамен келуге тыйым салып едi. Орыс газеттерi мен “31 канал” телеарнасындағы орысша хабардағылар оны да күстаналап, шу шығарды. Бiзге өзге тiлдiлердiң қандай ниетпен қарайтынын саналы басшылар осыдан-ақ байқар едi-ау.

Өткен жылы Францияда мұсылман қыздарына басына орамал тартып, ұзын көйлек киiп оқу орындарына, мекемелерге келуге тыйым салынды. Англияда да солай. Ал, осы Англияда мыңдаған адам анадан жаңадан туғандай тыржалаңғаш күйiнде көшелермен шерулетiп өттi. Оны да бiздiң орыстiлдi телеарналар әдейi көрсеттi. Мiне, бiздiң басшылар мен Парламент депутаттары аузынан суы құрып айтатын “өркениеттi” елдердiң сиқы осы. Бұл айтылғандар ұлттық “болашағымыздың” бiрер ғана көрiнiсi. “Ауыра-ауыра Құдайдан ұят болды” демекшi, жасыратын дәнеңе қалған жоқ, бiз қазiр ұрпақты азғындатып алдық. Ал, ел болып, елдiң тұтқасын ұстағандар болып бiр сiлкiнiс жасамаса, ұрпағы азғындаған ұлт түбiнде жойылып бiтедi. Бұның өзi бiз үшiн, «Қазақ» деп аталатын бiр кезде екiнiң бiрi батыр, қазiр қойдан жуас халық үшiн қазiр КНБ – яғни, ұлттық қауiпсiздiк комитетi iздеп жүрген, елiмiзде бар-жоғы белгiсiз терроршылардың әрекетiнен әлдеқайда қауiптi, әлдеқайда қатерлi. Бiздiң телеарналар көрсетiп жатқан көптеген музыкалық көрiнiстер де, клиптер де, шетелдiк фильмдер де кез келген терактiден әлдеқайда залалды. Бұлар тұп-тұтас ұлтты жойып жiберуге әдейi бағышталған дүниелер. Оның обадан айырмашылығы – “медленная смерть” деп орыстар айтқандай, ұлтты баяу, бiлдiрмей, бiрте-бiрте өлтiретiндiгiнде ғана. Иә, жасыратын дәнеңесi жоқ, бүгiнгi қазақ ұрпағында отаншылдық, ұлтжандылық, сезiм деген жоқтың қасы. Қазақстаным, ұлтым, тiлiм деп жүргендер де бар.

Қанша айтсаң да келеге келуден қалған бiр шаруа – шет жұрттан келген келiмсектердiң намыссыз қыз-жiгiттерiмiздi өз дiнiне “үйiрiңмен үш тоғыз” деп кiргiзiп, қанжығасына байлап жатқанына билiк тарапыннан қарсылықтың жоқтығы. Қазiр басқа дiнге өтiп кеткен қазақ жастарының саны миллионның о жақ бұ жағы. Соны көрiп, бiлiп отырған билiктiң “Жастар – елiмiздiң болашағы!”, “Мен жастарға сенемiн!” деп көлгiрсiген ұрандар тастауын қалай түсiнер едiк? Басқа дiнге, басқа тiлге көшкен, жан-дүниесi түгел өзгерген жастарды қазақ елiнiң келешегi деу барып тұрған қылмыс емес пе! Ұлтты қорлау емес пе? Көшедегi жарнамалардың қазақшаға дұрыс тәржiмаланбағанын айтып, өкпемiз қара қазандай болып жүрмiз-ау. Расында осы жарнамалардың да аржағында үлкен астар жатқанын пайымдай бермеймiз. Батыс елдерi бiзге өздерiнiң пиццасын, бризолiн, гамбургерiн, хотдогiн, кока-кола, пепси-колаларын жарнамаласа да олардың аржағында үлкен саяси жымысқылық жатады. Оларда өз жарнамалары басқа елдерде қалай әсер етуi керектiгi туралы жүйелi түрде кiтапшалар, газеттер, журналдар шығарылып тұрады. Бiзде қазiр көркем әдебиеттi оқымақ түгi қолына ұстағысы келмейтiн жастарымыз осындай кiтаптарды, газет-журналдарды, көшедегi жарнамаларды ғана оқиды. Шетелдiк жарнамалардың бiз бiлетiн екi үлкен залалы бар. Бiрiншiден, жарнамалар жастарды өз елiнiң, өз ұлтының iшер тағамынан бастап, iрiлi-уақты бүкiл бұйымынан, киiмiнен, ұлттық сән-салтанатынан, ұлттық үрдiс-дәстүрiнен безiндiредi. Сол жарнаманы жасаушы елге елiктеуге тiптi, табынуға душар етедi. Бүгiнгi қазақ жастары қарны ашып, аңқасы кеуiп, шөлдеп бара жатпаса да бiр қолына хотдог (ыстық ит деген сөз), екiншi қолына кока-кола, спрайт ұстап жүрудi сән көредi. Олар сөйте-сөйте ұлттық тағамнан да безiнiп барады.

Қазақ баласының тiлiн бұзуда да жарнамалардың атқарып жатқан жұмысы тiптi шексiз: “сатып ал да сыйлыққа ие бол”, “байлыққа барар жол”, “сөйлеулерiң машина әкелсiн”, “сәттiлiк вулканын оят”, “өмiрден бәрiн ал”, “элит үйлерге арналған 100 пайыз Еуропа ағаш жиһазы”, “бар-жоғы 2 бiрлiк”, “бәрiн қамтыған тыныштық”, “Әуезова Джандосова қиылысы Sulpak” деген ауру сөздерден сау адамның өзi де, жан-дүниесi де ауру болмағанда қайтедi. Мiне, осының бәрi 2006 жылы-ақ түп-түгел қазақшаға көшпек болған Алматының бiр ғана көшесiндегi “қазақшалар”. Көшедегi осындай жазуларды оқыған, миына сiңiрген қазақ баласы ертең бүкiл ар-ұятты жиып қойып, адамшылық атаулыны аяққа басып қайтсе де байлыққа жетуге, қайтсе де “сөйлеулер арқылы машина алуға” жанын салса салар, бiрақ қазақша сөйлейтiн, қазақ ұлтының болашағын жасайтын ұрпақ бола алмайды.

Қазiр қазақ жастары кiтап оқымайтын, еш нәрсе жазбайтын жастар атанды. Демек, бiз жақында кiтап оқымайтын, тек қантөгiс және секс фильмдер мен казинолар, ойын автоматтары мен түнгi клубтар елiне айналамыз. Мұның бәрi бүгiнде қазақ жастарының басын тұмандатып алған көп қасiреттiң жүзден, тiптi мыңнан бiрi ғана. Бұл айтылғандарға үдiрейе қарсы шығып: “Бұлай сөйлеуге болмайды! Үкiметiмiз қазiр жастар тәрбиесiн мықтап қолға алып отыр” деп, шыға келетiндер табылатынын да бiлемiз. Қош делiк! Бiрақ бiз жүргiзiп отырған жастар тәрбиесi ұлттық, қазақы тәрбие емес. Конгломераттық, яғни, дүбәра ұрпақ өсiретiн тәрбие. “Жас Отан”, “Жастар конгресi” және тағы басқа жастар ұйымдарының ұлт мәселесiн, дiнiмiздi, тiлiмiздi, ата-баба дәстүрiн көркейтейiк дегенiн көрген емеспiз. “Хабар арнасынан берiлетiн “ХХI ғасыр көшбасшысы” деген бағдарламаның басты бағыты не екенi де бұлдыр. Теледидардан “Бiз – елiмiздiң болашағымыз. Елбасының саясатын қолдаймыз, елу мемлекеттiң қатарына қосылғалы жүрмiз! деп, анда-санда ұрандатып тұрған жастарды, жер сiлкiнiсiнен кейiн үй салуға барған студенттер отрядтарын, сенбiлiкке шығып, қоқыс жинап жүрген жастарды ғана көрсету нағыз ұлттық тәрбие емес. Бiр кезде “31 каналдан” түнгi клубтардағы ырду-дырдулар туралы репортаж жүргiзген, бүгiнде депутат Тәңiрберген Бердоңғаровты өз басым қазақы дәстүрлi, қазақы тiлдi жастардың көшбасшысы ретiнде, тәрбиенiң үздiк үлгiсi ретiнде көрсете алмас едiм. Әлгiндей шаралар бүгiнгi саясатымызды жастардың iлгерi апарып, ертеңге ұластыруына шарапатын тигiзетiн де шығар. Бiрақ, бұл ұлт болашағын, елге тұтқа болар қазақы азаматтарды тәрбиелеу деуге келмейдi. Ал, “Мен жастарға сенемiн!” деп жалаң ұран тастау ұлттық тәрбие емес. Жәй, өз басындағы мiндеттi жастардың өзiне аудара салу ғана!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары