ҚОРҚОРДАН ДА ҚОРҚУ КЕРЕК...

ҚОРҚОРДАН ДА ҚОРҚУ КЕРЕК...

ҚОРҚОРДАН ДА ҚОРҚУ КЕРЕК...
ашық дереккөзі
169

Қазіргі кезде кез келген ойын-сауық орталығына бас сұқсаңыз, қорқор тартып отырған жастарды көзіңіз шалады. Бұрын-соңды мұны бірлі-екілі мейрамханада ғана кездестіретін болсақ, бүгінде дәмханаларға да кіріп үлгерген. Сұраныс артты деген сөз. Бірақ оның ағзаға зияны туралы білеміз бе? Міне, мамандарды алаңдатып отырған осы мәселе.

Медициналық сараптама нәтижелеріне сенсек, қорқорды қоғамдық орындарда шегу өте қауіпті. Аты айтып тұрғандай, «кальян» – аралас қорқор дегеннен шыққан. Оны бір күнде бірнеше адам пайдаланады. Бір грамм кальянда 8,32 мг никотин болса, ал бір тал темекіде ол 1 мг ғана екен. Яки, бір кальянның зияны 60 түйір темекі шеккенмен тең. Бұл жұқпалы дерттің көбеюіне септігін тигізуі мүмкін дейді мамандар. Бізде ауыз қуысындағы қатерлі ісікке шалдыққан азаматтардың үлесі әйелдермен салыстырғанда он есе артық саналса, көршілес Өзбекстандағы онкология орталығының мамандары тіл, ауыз қуысындағы қатерлі ісікке іліккендердің саны 90 пайызға жеткенін мәлімдеді.

Жақында еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым салғаны да сондықтан. Бұл үкімде 55 мекемеге жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық сарап нәтижесі көрсеткендей, қорқор құрамы мен оның ыдысындағы сұйықтықтан туберкулез бактериясы, гепатит секілді қауіпті заттар бөлініп шығады. Оны аз мерзімге шегудің өзі бауыр, өкпе, бүйрек пен жүректі зақымдайды. Түтінге құмартушылар арасында герпесті жұқтырып алатындар да бар. Адам денсаулығы үшін қауіпті болып саналатын ішек және көкірің таяқшалары, сарғыш стафилоккоктар, саңырауқұлақтар табылғаны көрсетілген. Яғни, осы айғақтар бойынша, 2009 жылдың 18 қыркүйегіндегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 21, 159 баптары негізінде сәуірдің ортасынан бастап қорқорға тыйым салынатын болды. Осы туралы халықты ақпараттандыру мәселесі тапсырылды. Ал егер құқық бұзушылық орын алған жағдайда 10-40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

СЭС-тің наурыз айының 14-індегі қаулысынан кейін, қорқордан табыс тауып келген Астана мен Алматының кәсіпкерлері бірігіп, «Қазақстанның қорқор өнеркәсібі кәсіпкерлерінің қауымдастығын» құрыпты. Апта басында бір топ кальян бизнесінің өкілдері бас санитарлық дәрігердің қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым салуына байланысты өз наразылықтарын білдірді. Олардың пікірінше, аталған қаулы ҚР Конституциясының 12-бабындағы: «Қазақстан Республикасында адам құқығы мен бостандығы мойындалады және оған кепілдік беріледі деп көрсетілген» деген, 26-бабының 4-тармағында «Әрбір адамда кәсіпкерлік қызмет бостандығына, кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін өзінің мүлкін еркін қолдануға құқысы бар деп көрсетілген» деген заңнаманың нормаларын бұзып отырғанға ұқсайды. Тіпті олар денсаулық сақтау саласы мамандары шектеу қойып отырған қорқор шегудің мәдениетін қалыптастырып, арнайы ереже енгізу арқылы шешеміз деген ойын жеткізді.

Қазақстан қорқор өнеркәсібі кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Нұрболат Сейпишев: «Қоғамдық тамақ ішетін орындарда қорқор шегу қызметтерін ұсынатын 12 нысанда тексеру жүргізілген. Бұдан барлық кәсіпкерді өз ісіне жауапсыз және қорқор арқылы жұқпалы ауру тарап жатыр деу дұрыс емес. Біріншіден, тазалықты сақтау керек. Екіншіден, импортпен сертификаттауды қадағалауды күшейту қажет. Бұл контрафактілік тауарлардан сақтап, бюджетке қосымша қаржы құяды. Ал, ә дегеннен-ақ шорт кесіп, тыйым салу мәселені шешпейді. Бұл керісінше, жұмыссыздардың санын арттырып, көлеңкелі бизнеске жол ашады», – дейді.

Бірақ СЭС мамандары бұл пікірлермен мүлдем келіспейді. Республикалық СЭС бас дәрігері Шалғынбай Жандосов қорқорға шектеуді бүгін қоймасақ кейін кеш болады дегенді баса айтады. «Бізді қобалжытатыны, кәсіпкерлер халықтың денсаулығын емес, өз қалтасының қамын ойлауда. Олар бұған дейін гигиена талаптарына сай әрекет етпеді. Енді келіп басқаша сөйлеп отыр», – дейді ол.

Шынында да, қорқорды пайдалануға тыйым салу мейрамхана, дәмхана және басқа да ойын-сауық мекемелеріне үлкен шығын әкелген көрінеді. Кәсіпкерлер 10 мыңдаған адам жұмысынан айырылып, мемлекет 20 миллион теңге табыстан қағылуы мүмкін дейді. Қалай десе де, бұл дауға әзірге нүкте қойылған жоқ. «Құқымыз аяқасты болды» деп шағымданған кәсіпкерлер Бас прокуратура мен Конституциялық кеңес төрағасынан көмек сұрады. Мәселенің қалай өрбитіні де сол кезде белгілі болмақ.

МАМАН ПІКІРІ

Бауыржан БАЙСЕРКИН,

медицина ғылымдарының докторы:

– Біріншіден, қорқордың өзі судың ішімен өтетін түтін. Бұл темекінің бір түрі. Оның ішінде денсаулыққа зиянды заттар көп. Онкологиялық аурулар ішінде адам өлімі бойынша, өкпе ісігі екінші орында. Сондықтан да дүниежүзі дәрігерлері қорқордың зияндығы туралы фактілерді тауып, дабыл қағуда. Екіншіден, қазіргі кезде санитарлық-эпидемиологиялық зертханалар іш ауруын тудыратын бактерияларды анықтады. Қорқорды бір адам пайдаланады, артынша тағы біреу түтіндетеді. Бірақ сол екі арада оны ешқандай қайта тазалау­дан өткізбейді. Бұл жұқпалы ауруларды өршітуі мүмкін. Міне, осыған байланысты арнайы жоспар жасап, гигиеналық тазалықты қалай орындау керектігін шешу керек. Қазір бәріміз темекімен күресіп жүрміз. Бүгінде қорқор тартатындар – жастар. Сондықтан қорқорға адам ағзасына зиян емес, тек сертификаттан өткен заттарды ғана қосатындығын зерттеу керек. Біз оған не қосады, қалай жасайды, мүлдем білмейміз. Әрине, қорқорға бүгін тыйым салсақ та, ертең тұтынатындар көбейіп кетуі мүмкін. Лажы болса, жастарға қорқор тартқызбаудың жолын іздеу керек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары