ЖЕТІ БАЗАРҒА ҚҰЛЫП САЛЫНДЫ. БІРАҚ...

ЖЕТІ БАЗАРҒА ҚҰЛЫП САЛЫНДЫ. БІРАҚ...

ЖЕТІ БАЗАРҒА ҚҰЛЫП САЛЫНДЫ. БІРАҚ...
ашық дереккөзі
119

Алматы қаласының әкімдігі қара базарға қарсы күресті бастағанына біраз жыл. Бұған дейін осы мәселеге қатысты отырыс болған сайын, «базарлар күреледі екен» деген қауесет қаулай түсетін. Бұл сөздің енді шындыққа жанасатын түрі бар. Себебі, Алматы қаласындағы 74 базардың 30-ы мемлекеттің меншігіндегі «қызыл жолақтың» бойына орналасқан көрінеді.

Қала басшылығының алдына 15 жоба ұсы­­нылды. Бұлар келешекте салынатын сауда орталығының сұлбасы. Оған сәйкес, болашақта әр саудагердің алдында интернет, телефон болатынға ұқсайды. Сатушыға барлық жағдай жасасақ, қызмет сапасы да жақсарады деп сенеді олар. Әйтсе де, әлгі базар қожайындары өз еркімен кеткісі жоқ. Күн сайын мыңдаған қаражаттың қалтаға оңай түсіп жатқанын ескерсек, мұндай табыстан кім бас тартады дейсің. Алайда, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп жиналыс ашып, мәселені егжей-тегжейлі талқыға салған қала басшылығы заңсыз құрылыс пен жабайы саудадан құтылуды көздейді. Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, 34 базар сүріліп, орнына жаңа сауда орталықтары бой көтермек. Нәтижесінде үлкен жолдардың бойына орналасқан, кең көшелерді тарылтқан базарлардан 120 гектардан астам жер босайды. Өйткені, 74 ба­зардың 53-і «Солтүстік шеңбер» айналма жолының бойынан орын тепкен.

«Соттың шешімі бар. Жер мемлекеттің қарамағында. Соны біле тұра, базарды бергісі келмейді. Мұндай адамдарды қалай түсінуге болады? Бұдан әрі сот шешімі бойынша, заң негізінде жұмыс істеу керек» деп қадап айтқан қала әкімі А.Есімов халықтың денсаулығына алаңдаушылық білдірді. «Денсаулық сақтау басқармасы базар­ларда жұмыс істейтін әйелдердің ара­сындағы жұқпалы аурулардың орташа есеппен жеті есе көп екендігін анықтады. Демек, базар­ларда жұмыс істеуге ешқандай жағдай жасалмаған, жылу, жарық, әжетханалар жоқ, сондықтан тазалық та сақталмайды», – деді. Көптеген саудагерлер салық төлемей, зейнетақы қорларына ақша аудармай, көшеде жабайы саудамен айналысады. Салық департаментінің мәліметінше, осындай 12 мың адамның зейнетақы қорларымен ешқашан келісімге отыр­маған және екі жарым мың адамда әлеуметтік жеке код болма­ған.

Базарларды қайта құру бағдарламасы 5-6 жылға арналған. Бүгінде 74 сауда орны жұмыс істеп тұр. Оларды қайтадан жаңартып салу және кейбіреулерін басқа жаққа көшіру туралы қала әкімдігі шешім шығарған. Алматы қаласының бас сәулетшісі Сайран Фазыловтың пікірінше, «Солтүстік шеңбер» төтенше жағ­дайлар кезінде қала тұрғындарына эва­куация жасауға арналған. «Сондықтан біз «Солтүстік шеңбер» айналма жолын босатып, шығыс жағынан транспорттық дәліз жасаймыз. «Барахолка» орналасқан «Солтүстік шеңбер» айналма жолын жеңіл­детсек, Сейфуллин мен Сүйінбай көше­леріндегі көлік кептелістері азаяды. Қаланың батыс бөлігіне жол ашылып, Алматы-1 вокзалына, әуежайға баратындар және Қапшағай даңғылына шығатындар осы жолмен жүрер еді. Жолды жеңілдету үшін Рысқұлов көше­сінен Алматы каналына дейін, шығыс жақтан ұзындығы 2,4 шақырым жол салынады. Бұл жерден ашылатын 16 сауда ор­талығы тауарларын осы жолмен жеткі­зетін болады, сондай-ақ тұтынушылардың көліктері тұратын орындар, қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамалар салынады, – дейді.

Сол сияқты қаладағы базарлар да сәулеттік келбетіне сәйкес келуі керек. Мәселен, қала әкімі «Тиграхауд», «Арыстан», «Сәлем-7», «СтройСити» жаңартылған ғимараттарға көшіріліп, жаңа заманға сай жұмыс істеуде. «Көк базар» да солай. Алдағы уақытта «Тастақ» базарының да сыртқы келбеті өзгеретіндігін тілге тиек етті.

Сонымен, аптаның сейсенбісінде сот орындаушылары «Барахолка» әмбебап базарындағы жеті базардың қақпасына қара құлып салды. Сот шешімі бойынша, «Құлагер» «Арал», «Адам», «Ақжар» және «Аягөз», «Дәстүр», т.б. базардың өрт қауіпсіздігін ережелерін сақтамағаны анықталған. Алматы қаласы сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік орындаушысы Рахым Орымбаев: «Базарлардың барлығы төтенше жағдайлар департаментінің тексерулерінен кейін, өрт қауіпсіздігін сақтамады деген сот шешімімен жабылып отыр. Егер базар басшылары қателіктерді дер кезінде қалпына келтірсе, базарды қайтадан ашып, жұмыс істетуіне болады», – деді. Алайда, күнделікті табыстан қолы қағылған саудагерлер наразылық танытып, тиісті орындардың мәселені тез арада шешуін талап етті. Олардың айтуынша, базардың жабылуы туралы құлақтандыру да естімеген, ескерту қағазын да алмаған.

Гүлвира, саудагер:

– Өзім біреудің контейнерін жалға аламын. Айына отыз бес мың теңге. Киім-кешек сатамын. Сауда да көңіл-күйге байланысты. Кейде болады, кейде түк сатпай үйге қайтамын. Қыста мүлдем сауда болмады. Күннің көзі енді шығып, қолымыз жүреді деп үміттеніп жүрсек, базарларды жабу туралы мәселе көтерілді. Біз енді не істейміз? Күнделікті табыс осы саудадан ғана келетін. Оның өзі бала-шағаның киім-кешегі мен азық-түліктен аспайды. Әйтеуір жоқтан бар жасап күнелту ғой біздікі. Базарды жапса, сауда кешендерінде сауда жасайсыңдар дейді. Оны қашан салады? Құрылысы біраз жылға созылатыны белгілі ғой. Сауда кешендерін салып біткенше базарды жаппай-ақ қойса болмай ма? Тағы бір жайт, әзірге жобасы ғана бар сауда кешендерінен орынды жалға алу әлдеқайда қымбат. Бұл қаржы біздің қалтамызды көтере ме, көтермей ме, ешкімнің шаруасы жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары