Нәсілдің кемі де жоқ, артығы да ...

Нәсілдің кемі де жоқ, артығы да ...

Нәсілдің кемі де жоқ, артығы да ...
ашық дереккөзі
1912
21 наурыз – Нәсілшілдікті жоюдың Халықаралық күні

Бала кезімізде «нәсілшілдік», «нәсілдік кемсіту» деген ұғымдарды радиодан ұдайы естіп, баспасөзден жүйелі оқитын едік. Кеңестік үгіт-насихат АҚШ пен Батысты сол үшін айыптап, еліміздің Азия, Африка, Латын Америкасы халықтарына көмегі мен қолдауын мақтан етіп отырды. Айыптауы да дұрыс. Көмек пен қолдау көрсеткені де рас. Өкініштісі сол, Кеңес Одағының өзінде де нәсілшілдік болмай қалған жоқ. Оның ең бір «жеңілдеу» түрі–кемсітіле айтылатын «чукча», «сы ғыр көз», «өрік» сынды сөздер…

Нәсіл – жұмыр жерді мекен еткен адамзаттың сыртқы түсі, түрі жөнінен бір-бірінен ерекшеленуі. Мәселен, біреулердің түсі ақ немесе сарғыш келеді де, көздері сығырайып бітеді. Оларды «моңғол тектілер» деп атайды. Түсі ақ құба, көздері көк, көгілдір немесе қоңыр болып келетін, қыр және қоңқақ мұрындылар – еуропалық нәсілдің өкілдері. Бәрінің бірдей түсі ақ болмаса да, арабтар мен парсылар, үнділер мен Қап тауының тұрғындары да екінші нәсілге жатады. Үшінші зәңгі (негроид) немесе қара нәсілдіде жиі кездесетін бұйра шаш ақ пен сарыда да бар. Бұл – ғасырлар бойы түрлі нәсіл арасындағы қан араласудың көрінісі. Демек, әлемде «таза қанды» ұлт та, нәсіл де жоқ. Төрткүл дүние ғалымдарының басым көпшілігі «нәсілдердің бір-бірінен ақыл-ойы, денесінің дамуы жөнінен айырмашылығы жоқ. Барлығы өзара тең» деген ортақ тұжырымға баяғыда-ақ келген. Алайда жер бетіндегі нәсілшілдік (расизм) күні бүгінге дейін жойылмай келеді.

  «Еуротабынушылық» Нәсілшілдіктің Отаны – Еуропа. Ең алғашқы нәсілшілдер – ежелгі гректер мен римдіктер. Өйткені осы екі халықтың өкілдері өздерінен басқаларды «тағылар» (варварлар) деп атады. Ол көне герман тайпаларына да қарап айтылды. Тіпті, бес мың жылдық өркениеті бар Мысыр мен Персия сынды мемлекеттерге де қарсы айтылды. Христиан діні Еуропада орныққаннан кейін, адамзат нәсілінің Адам Атаның үш ұлынан тарағандығы туралы уағыз өмірге келді. Яғни, Яфеттен – ақ, Симнан – сары, Хамнан – қара нәсіл тарапты-мыс. Бәрінен артығы – Яфет те, қалғандары «кембағал» нәсіл көрінеді. Кейін еуропалықтардың бүкіл жауыздықтары – крест жорықтары, Америка, Азия, Африка құрлықтарын отарлауы осы тұжырымның бүркемелеуімен жүргізілді. Аталған ұлттар мен халықтардың түрлі саяси-экономикалық себептерге байланысты белгілі бір кезеңде қоғамдық дамуы жөнінен артта қалуы олардың «нәсілдік ерекшелігімен» түсіндірілген-ді. Әлі де солай өзеурейтіндер бар. Мәселен, еуротабынушылық (евроцентризм) – соның бір көрінісі. Яғни, бүкіл адам баласының ғылыми-техникалық жаңалықтары мен жетістіктерін тек Еуропаға, еуропалықтарға телу. Алысқа бармай-ақ, өзіміз күнде телміретін «көк жәшікті» алайық. Онда тек қана АҚШ пен Батыстың фильмдері көрсетіліп, солардың болмысы тынымсыз мадақталып, ақ түстілердің басқалардан «артықшылығы» зымияндықпен насихатталуда. Соның салдарынан еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өзінікін қор тұтып, өзгелерді зор тұтқан (әсіресе өзге тілді мектептің түлектері) қазақтың тұтастай бір ұрпағы қалыптасып та қалды… Дұрысында сол Еуропаның өзі орта ғасырдағы қараңғылықтан соң, араб-ислам өркениетінен үлгі алу арқылы даму мен алға басу жолына түсті. Бір ғана мысал. Орта ғасырлық тәжік ғалымы Әбурайхан Бируни поляк Коперниктен 400 жыл бұрын жердің шар сияқты екендігін және оның күнді айналатындығын дәлелдеген. Ньютоннан 500 жыл бұрын жердің тартылыс заңын да анықтаған. Демек, Коперник те, Ньютон да Бируниге «жиендік» жасаған екен. Айта берсе, мұндай мысал көп. Ал мұсылман Шығысы да, буддалық Шығыс та әуелден-ақ, нәсілшілдіктен ада. Мысалы, араб та, парсы да нәсілі бөлек қытай, кәріс, жапон, зәңгі қыздарына жаппай үйленсе, үнділер мен Қиыр Шығыстың ұлттары адамды сыртқы түсіне қарап, бөлектеуден хабарсыз болған. Итальян саяхатшысы Марко Поло 1276 жылы Қытайдың Ханчжоу, Ганчжоу қалаларында болғанда былай деп жазған: «Мұндағы халықтың көптігінен көзің тұнады. Сан түсті, сан түрлі адамның сапырылысқан нөпірі. Алайда бір-бірімен алакөз боп жатқан ешкім жоқ». Ұлы Шығыстың нәсілдік төзімділігі міне, осында жатыр. Қасиетті «Құран-Кәрімді» парақтасаңыз да, кемеңгер Кун Цзыйдың (Конфуций) өлмес іліміне үңілсеңіз де, индуизмнің қағидаларымен таныссаңыз да, ешқандай нәсілдік «артықшылық» туралы бір сөз де таба алмайсыз. Осы сенімдердің барлығына ортақ негіз – адам нәсілі түрі немесе ұлтына қарамастан, Құдай мен қоғам алдында өзара тең…   Нацизмнің қайнар көзі Бір нәсілдің (яғни, «ақтардың») өзге нәсілдерден «артықшылығы» қағидатына негізделген саяси нәсілшілдік Батыс Еуропадан бастау алады. Тіпті «нәсілшілдік» саяси терминін 1932 жылы ғылыми айналымға енгізген француз ғалымы Альбер Мемми. Ол «Нәсілшілдік» деген кітап та жазды. Екінші француз әрі ақсүйек Жозеф Гобино әлемдегі нәсілдердің теңсіздігін «дәлелдеп», кітап жазып, немістің ата-бабалары – «арийлерді» «асыл сүйек» деп бағалады. Оны ағылшын «әріптесі» (ол да ақсүйек) Хьюстон Чемберлен іліп әкетіп, «Адам нәсілдерінің теңсіздігі туралы тәжірибе» атты кітап жазды. Ол да «арийлерге» бас иіп, ақыры солардың елі – Германияға көшіп кетсе керек. Нәсілдік өшпенділікке толы сол кітаптарды құныға оқыған Адольф Гитлер кейін оны партиясы мен саясатының арқауы етіп алды. Нәсілдік өшпенділік екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында адамзатты телегей теңіз қайғы-қасіретке ұшыратты, неміс ұлтының беделіне қылау түсірді. Азия, Африка, Латын Америкасының халықтарына көрсеткен нәсілдік негіздегі қиянаты еуропалықтардың өздеріне зауал боп кері оралды. Кәрі құрлықтың тұрғындары ақ нәсілді болса да, «арий» тектіге жатпағандықтан, миллиондап қырғынға ұшырады. Нәтижесінде соғыстан кейін БҰҰ нәсілшілдікті «адамдыққа қарсы қылмыс» деп жариялады. 1966 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 21 наурыз күнін «Халықаралық нәсілшілдікті жою күні» деп жариялау туралы шешім қабылдап, бекітті.   «Қараларға қызмет көрсетілмейді» 1945 жылы неміс нацизмі, итальян фашизмі және жапон милитаризмі күйрегенімен, нәсілшілдік аласталған жоқ. Соғыстан кейін, 1948 жылы Оңтүстік Африка Республикасы апартеидті («апартхейд» немесе «бөлектеп ұстау» деген голланд сөзінен шыққан) мемлекеттік саясат етіп жариялады. Елдегі халық төрт топқа бөлініп, бір-бірінен оқшауландырылды. Әрине, «ақтар» (ағылшын мен голландықтардың ұрпағы) «жоғары сұрыптыға» жатқызылды. «Түрлі түстілер» (ақ пен қараның арасынан шыққандар) және үнділер «бірінші сұрыптыға» енсе, ең төменде «қаралар» (зәңгілер) тұрды. Мемлекет тек ақтардың сойылын соғып, қалғандарды аяусыз басып-жаншып отырды. Ақтардан басқалардың құқықтары шектеліп, жер-жерге «Қаралар мен иттерге кіруге тыйым салынады», «Қараларға қызмет көрсетілмейді» сынды маңдайшалар ілініпті. Тіпті бір ақ адам қансырап жатқанына қарамастан, зәңгінің қанын құйдырудан бас тартып, өліп кеткен… 1948-1992 жылдары өмір сүрген апартеид билік басына жергілікті халықтың өкілі, Нобель сыйлығының иегері Нельсон Мандела келгеннен кейін жойылды. Сөйтіп, ОАР елі дүние жүзінің өзге де мемлекеттері қатарынан лайықты орнын алды. «Арабтар мен түріктерге есік жабық!» Қазір мұндай маңдайшалар Еуропаның көптеген қалаларында кездесіп қалады. Ондағы исламофобия міндетті түрде нәсілшілдікпен астасып жатыр. Ал Ресейдің астанасы Мәскеуде кейбір дәмханалар қаралар мен сарыларды қабылдамайды, ішке кіргеннің өзінде даяшылар қызмет көрсетпейді. Сол елдегі «тақырбастардың» жылдар бойғы жүгенсіздігін айтпағанның өзінде. АҚШ-та нәсілшілдік әлімсақтан бар. Оның құрбандары – сол жердің заңды иелері үндістер мен құлдыққа әкелінген зәңгілер. Кескілескен күрестің нәтижесінде американдық зәңгілер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жеңіске жетті. Қара түсті пастор Мартин Лютер Кинг сол үшін өмірін қиды. Қазір онда кез келген қара түстіге «зәңгі» десеңіз, сізді сотқа сүйрейді. Өйткені олар «афроамерикандық» деп аталады. Бір қызығы сол, АҚШ-та зәңгі мұсылман Фард Мохаммед негізін қалаған «қара нәсілшілдік» өмірге келіпті. Оның өзі ақтарға қарсы бағытталған… Нәсілшілдіктің неге «жаны сірі»? Себебі түсіне қарап, адамға жалақыны кем төлеу, жұмысқа алмау, ауыр да лас жұмысқа жегу – қожайын үшін мейлінше пайдалы. Жалпы кемсітушіліктің қай түрі де кәсіпкерге тиімді. Әрі әр түстілерді бір-біріне қарсы қою арқылы жұмыс иелері ұжымның адами және кәсіби құқықтары үшін ұйымдасып күресуін болдырмайды. Бірақ түптің түбінде кемсітушілік пен өшпенділік қарсылық туғызбай тұрмайды. Мұның соңы белгілі – қантөгіс. Нәсілшілдіктің «қылмыс» деп бағалануы да сондықтан… Жапан даланың жаны жайсаң иелері –қазақтар ешқашан да нәсілшілдікті білмеген халық. Бұл жөнінде ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің мына өлең жолдары бекер жазылмаса керек: Қазақ осы «Өнер алды-тіл» дейтін. Қазақ осы Қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба, Жатырқауды білмейтін…
Серік Ыхсанғали Орал қаласы

Серіктес жаңалықтары