Шындыққа суарылған жаужүрек жырлар

Шындыққа суарылған жаужүрек жырлар

Шындыққа  суарылған  жаужүрек  жырлар
ашық дереккөзі
358

(Ақын Рафаэль Ниязбектің шығармашылығы жөнінде бірер сөз)

Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Бұл – аксиома. Солай десек те осы аксиоманың өзі айдалада шаң қауып, апақ-сапақта адасып қалатыны бар. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп астарлы пәлсапалайтын да қазақ. Қисыны келсе екеуі де қатар шабуы мүмкін ғой. Бірақ, қайсысы оза жүйіткіп, мәреге бұрын жететіні тағдырдың маңдайға жазған жазуына байланысты. Мұны айтып отырған себебіміз, о баста адамдарға таңдау жасағанда Жаратқан ие оның ішінен үмітін үкілеп, желкенін желге салған жаужүрек жүйріктерін назарына алдымен алатын болса керек. Ал ондай таңдаулылардың маңдайы әрқашанда анадайдан ерекше жарқырап, бөлекше көрініп тұратыны тағы бар. Бір қызығы, олар ұлт қамы үшін істеген күресі мен еңбегін ешкімге бұлдамайды.

Әрине, Рафхаңның ақындық жолын, шығармашылық келбетін білмейтіндер, оның тұрымтайдай бір уыс пішініне қарайды да ешкімнің бетіне жел болып тимейтін биязы, жүндеуге көнбіс жуас ақын деуге бейім тұрады. Сырттан қарағанда шынында да солай сияқты. Алайда, Рафаэль Ниязбектің шығармаларын мұқият қадағалап жүретін адам ол пікірмен мүлде келіспес еді. Келіспегені былай тұрсын: «Ақын Рафаэль Ниязбекті білмейтін мынау өзі қандай қазақ?» – деп қайран қалар еді. Өйткені оның оқырманға белгілі алғашқы жырларының өзінен-ақ үлкен азаматтық жүректің дүрсілі мен елдік, ерлік дауыстың үні естіліп тұрған. Биік рух пен өршіл пафос, қайтпас жігер мен мұқалмайтын қайсарлық – оның өлеңдерінің негізгі лейтмотиві.

Қыран құстар қағып өтсе қанатын,

Арғымақтар көкке атылып қалатын.

Шабыс тілеп қосылғанда бәйгіге

Теңіз – жаным толқып, тасып алатын.

Немесе:

Кей адамның жүрегіне бітпеген

Алау оттар

Арғымақтың тұяғында жанады.

Сол секілді:

Ақымақтар жүріп өткен жерлерді,

Арғымақтың тұяғымен тазартам.

Тағы да:

Жабы болып қалар ма еді, кім білсін,

Бір арғымақ маған бола тумаса.

Бұл жолдар ақынның 1969 жылы «Жазушы» баспасынын шыққан «Келер күндер» атты тұңғыш жинағынан алынып отыр. Аспанда қырандар қанатын қаққанда жердегі ай кекіл арғымақтардың қайыс құлағын қайшылап, көкке қарай емексіп қалатыны рас. Немесе, «Адамның жүрегіне бітпеген алау оттар арғымақ аттың тұяғында жанып» бара жатқандағы суретті көз алдыңызға елестетіңізші… Ғажап қой! Арғымақ болудан дәметпейтін ақын не ақымақ, не тумысында жабы. Жабыдан жүйрік шығарамын десеңіз, босқа арам тер боласыз. Өйткені жабының аты – жабы, оны қанша бағып, қақсаңыз да, одан желмен жарысқан жүйрік бәрібір шықпайды. Ақынның «Бір арғымақ маған бола тумаса, жабы болып қалар ма еді, кім білсін» деп жұмбақтап отырғаны сол. Ақын болсаң – арғымақ бол деген емеурін. Мінекей, осы жолдар Рафхаңның шығармашылық мінезін дәл ашып тұрғандай. Ал, ондай мінез ішкі қуаты мен ішкі қайшылығы қым-қиғаш жандарда кездеседі. Оның үстіне «Ақымақтар жүріп өткен жерлерді, арғымақтың тұяғымен тазартқысы» келетін ақын өршілдігі қандай! Астарынан динамикалық ырғақ пен екпіндегі еркіндіктің тереңінен лықсып көтерілген қайратты лепті сезінесің. Арғымақтың ай болып түскен ізі секілді, оқылған кезде шатырлап ойнап, делебеңді қоздырып шыға келетін оның кейінгі кездегі жазған көптеген жырлары да осы сөзіміздің толық дәлелі.

Ұлы мәртебелі Уақыттың өзі осы кезге әдейі межелеп, осылай шешті ме, әйтеуір, өз халқына табаны күректей жарты ғасыр риясыз рухани қызмет етіп келе жатқан осы бір талантты ақын туралы сөз айтудың орайы оның жетпіс жылдығына тура келді. Баршаға белгілі, әр ақынның өзіне тән талант табиғаты, өзіне тән дүниетанымы болады. Алайда өзі ғана еншілеп, өзі ғана иемденіп, отау үй ғып тігіп алған тақырыбы болмайды. Әңгіме оны қалай игеруде, қай қырынан келуде, қандай өлшемге сүйенуде болса, онда сөз басқа. Мәселеге осы талап тұрғысынан келсек, онда Рафаэль Ниязбек ақындық мұраты айқын, тақырып аясы кең, ізденіс соқпағы сан тарау талант ретінде өзінің ең басты миссиясын орындап жүргені сөзсіз. Өйткені ол қайсы тақырыпты қозғаса да ойды әйтеуір айту керек болған соң айтпайды, мүмкіндігінше жүрек – таразыға тартып, талғам көрігінде қорытып, елдік, жасампаздық мүдде мұраттарын ішкі стихиясы арқылы алға шығаруға бейім. Басқаша айтқанда, тарих пен таным, тұлға мен тағдыр, адам мен адамгершілік, қоршаған орта экологиясы мен рухани экологияның байланысы, ұлт пен ұрпақ болашағы, елдік пен ерлік мұраттары, жастық пен достық тақырыбы оның өлеңдерінде сыр мен сезімге үйлесіп, біртұтас денеге айналып кетеді. Мәселен, Рафхаң қазақ жырының наркескені атанған Махамбеттің 200 жылдығына арнап 200 өлең жазды. Өлең болғанда қандай! Арада жеті-сегіз жыл өтер-өтпестен поэтикалық қуаты одан бір де кем емес тағы бір өлеңдер топтамасын дүниеге келтірді. Осы бақандай 300 өлеңнен тұратын бұл топтаманың қаһарманы кім дейсіз ғой? Заманымыздың кемеңгері дәрежесіне көтерілген Дінмұхамед Қонаев! Енді мынаған қараңыз: Махамбет азаттық жолында басын бәйгеге тіккен батыр, күрескер ақын ғана емес, ол – жығылып жатса да тілін тартпайтын, керек десеңіз тағдырдың өзімен жағаласып өтетін қазақтың қайсар мінезі, кеткен кегі, ызасы, наласы, намысы, мұқалмас жігері. Яки, Махамбет қазақтың кегі мен ызасынан, намысы мен жігерінен жаралған наркескен рухани қару.

Дегенмен, біздің шамалауымызда Рафаэль Ниязбектің азамат ақын, қайраткер қаламгер деген атын шығарған «Шешендер» дастаны дер едік.

Шешендер тарихы – аса өршіл әрі қайғылы тарих. Азаттық үшін қан кешкен шешендер күресі – қасиетті де қасіретті күрес. Ресей империясының тау халықтарына жасаған басқыншылық жорықтары мен қолдан ұйымдастырған сойқан қырғындарын ештеңемен ақтауға болмайды. Ақын Рафаэль Ниязбек осы ешкімге опа бермейтін, сұрауы жоқ адам өлтіру ойынына лағнет айтты. Сөйтіп шешеннің шерлі шежіресін өлең түрінде сөйлетті. Рафхаңа осы дастаны үшін Шешенстанның ең жоғарғы мемлекеттік «Ұлт намысы» ордені мен мемлекеттік сыйлығы берілгені белгілі. Оны шешендердің сол кездегі атышулы президенті Аслан Масхадов өз қолымен табыстаған болатын. Шын мәнінде, бұл дастанды тұтас бір ұлт рухының, рух сілкінісінің поэтикалық галереясы деуге болар еді. Дастанды оқи бастағаннан-ақ әр өлеңнің өн бойынан тартысқа толы тұтас бір дәуірдің үні атойлап алдыңнан шығады. Әр өлеңнің тұла бойынан сол бір зар заманның зарлаған дауысын, қоғамдық шарпысулардың болмыс-бітімін бірден танисыз. Танып қана қоймайсыз, түу тереңдегі жүрек түкпірінен көтерілер ішкі үнді, ішкі қайшылықты, ішкі драманы сезінесіз. Алтыннан құйып, асылдан соқса да бұғаудың аты – бұғау ғой. Бұғаулы рух бұлқынбай тұрмайды. Бұлқыныс бұл – жанды процесс. Рухты, анығырағы адам жанының ең бір нәзік қыл ішектерін қозғалысқа келтіретін ұлы ырғақ. Образ, ой дейсіз бе, теңеу, метафора, эпитет дейсіз бе, кез келген әдеби өлшем осы рухтың ырғағына байлаулы. Яғни, бұлардың ешқайсысы да рухсыз өмір сүре алмайды, ал рух оларсыз да өмір сүруін жалғастыра беруі мүмкін. Міне, халық бұғауда отыр. Халықты халық қылатын намыс пен жігер. Намысы бар халық ешуақытта бұғау мен кісенге шыдамақ емес. Жігері бар халықтың түптің түбінде әйтеуір бір қайрат көрсетері хақ. Ондай ұлттың қолын бұғау неғұрлым қаттырақ қысқан сайын, соғұрлым өжеттеніп, өршеленіп шығады. Ондай ұлт бұғауда тұрып та ықтырып сөйлейді. Асқақ, тәкәппар көрінеді. Сайып келгенде, бұл дастан – азттық аңсаған ұлттың ой-арманы, сол жолда көрген қиямет-қайымы, тар жол, тайғақ кешулері ғана емес, бұл дастан – тарих пен танымға, елдік пен ерлікке үңілудің жаңа бір тың формасы. Басқаша түсіндіргенде, тарих пен өзіміз өмір сүріп отырған ортаның кескін-келбеті мен тұтас бір әлеуметтік қоғамның психологиялық мінезін өлең арқылы ашу. Шығарма идеясы осынысымен құнды. Ақынның «Соғыста туған қанжарлар» өлеңін оқып көрейік:

Арсыздың азғын баласы,

Жасымен көздің бет жуған.

Кек қуған шешен анасы,

Нәресте емес, кек туған.

Зұлымдығы кейде шаң берген,

Байқастап дүние ажарын, –

Құрсақта жатып қан көрген,

Қолға ұстап туған қанжарын.

Сойқаның тұрса бәрі есте,

Қатерге тікпес кім басын?

Соғыста туған нәресте,

Қанжар боп неге тумасын?!

Кавказдың таулы даласы

Жеңіле қоймас ақпанда, –

Ызалы шешен анасы,

Кіл қанжар туып жатқанда!

Дәл осы жыр жолдарында бүкіл бір халықтың драмасы мен трагедиясы жатыр. Ақын жүрегінен қорытылып шыққан заман көрінісі. Уақыт картинасы. Ұлт қамы үшін басын қатерге тігу – ол ерлік қана емес, ол азаматтық, ол өнеге. Өнегесіз ел де, ер де болмайды. «Кек – кекті тудырады» демекші, соғыста туған нәресте тек соғыс туралы түс көреді. Шырқайтын әні де, билейтін биі де, ойнайтын ойын да тек соғыс туралы болады. Соғыста туғандар соғыс әкелген лаңнан басқа не көріп, не шырқауы мүмкін? Сосын олар өзінен өзі алтын сап, алмас жүзді қанжарға айналмағанда қайтеді?! Ұлттық трагедия деген – осы. Мұның сұмдығын тек қып-қызыл оттың ортасында ана жатырын қанжар болып жарып шыққан шешен баласы ғана сезінетін шығар. Ал осы өлеңді асқақтатып тұрған төртінші шумақтағы соңғы екі жол. Кеуделері ызаға, көздері жасқа толы шешен аналары бүкіл пәнилік қызығының астан-кестеңін шығарып, тонаған соғысқа қарғыстан басқа айтпайды. Олар ел басына түскен ауыртпалықты ерлермен бірдей көтеріп келеді. Қасірет жасын ішіп жүрсе де күнгейіне көлеңке, арына дақ түсірген жоқ. Түсінгенге, олар да соғысып жүр. Шешен анасы үшін бүл соғыс – ар мен ождан үшін соғыс. Сондықтан да олардың соғысы адал. Сондықтан да бұл соғыста олардың мерейі үстем. Ана ерлігі – ар ерлігі, ождан ерлігі ғана емес, ұлт ерлігі. Олардың оқтары – қарғыс. Қарғыстың оғынан бұ дүниеде ешкім құтылған емес. Сол себептен де қарғыспен қаруланған «ызалы шешен анасы кіл қанжарды» дүниеге әкеліп жатыр.

Біреулер өлеңді өмірден бөлек алып қарастырғысы келеді. Сонда өлеңді өзімізден, бізді қоршаған ортадан қалай бөлектейміз? Әдебиеттің өмірмен өзектес, тіршілікпен тамырлас екеніне күмән келтіруге бола ма? Шындығында, өлең мен өмірдің тынысы бір, тіршілігі ортақ қой. Бұлар бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын, керек десеңіз бірін-бірі толықтырып отыратын тектес ұғымдар. Ақын Рафаэль Ниязбек ғұмыр бойы осы екі ұғымды бөлектемей бір тұтастықта жырлап келе жатқан ақын.

Дүниенің қабағы тұр түнеріп,

Елге ажар танытпай сыртын беріп.

Жер-жаһанға естілді

Ақ Жайықтың,

Жылап аққан дауысы күңіреніп.

Рухын асқақ көтеріп биіктердің,

Тауы неге жығылған сүйікті елдің?

Апатты аймақ болмаса Орал жері,

Қырылғаны бұл қалай киіктердің?!

Тас қоғамды сілкімей шаңын қағып,

Азамат ер қайда жүр жанын бағып.

Бәлкім солар үйінде жеп отыр ма,

Жайықтың көз жасына нанын малып…

Бұл үзінді «Жайықтың көз жасы» деген өлеңінен алынып отыр. Осы суреттің астарына үңілсеңіз талай-талай гәп жатыр. Мұнда өмір мен өлең, табиғат пен тас қоғам бір тұтас. Ақын табиғатты аяп сөйлейді, аяп отырып оның бейшара болған картинасын жасайды. Тіпті Ақ жайықты өзіңнен-өзің жұбатқың келіп кетеді. Қазақ даласында мұндай эколгиялық апаттың салдарынан сансырап қалған жерлер аз ба? Арал қасіретін кім білмейді? Сарыарқаның үстіне құлаған зымыран сынықтарының үйіндісін ше? Тас бауыр қоғам өзінің табиғаттың төл баласы екенін ұмытты. Бұдан өткен қайғы — қасірет бола ма?!

Ойдан ой туады. Ақынның «Қоғам» деген өлеңінен үзінді оқиық.

Жетілдің өсіп күшті елде,

Дүние сырын ұғынып.

Ұлт тағдыры сынға түскенде,

Үндемей қалма бұғынып.

Ұлтыңды қорға, шырылда,

Қорғайды құс та мекенін.

Үндемей қалу шынында,

Ұмытпа қылмыс екенін,-

деп келеді де:

Намысы қайда жұртыңның,

Әділдік іздеп жол шегер.

Қолыңнан бірақ не келсін:

Өлтірген рухын ұлтыңның,

Қоғамның өзі болса егер,-

деп аяқталады.

Бұл жерде ақын Абаймен үндес. Абайдың да бүкіл шығармашылығы нала мен өкініштен, күйініш пен ызадан, қайғы мен қасіреттен тұрады. Елімді қайткенде қараңғылық түнегінен құтқарамын, қайткенде басқа жұрттың қатарына қосамын деген ниетпен ол қазақтың бойына меңдеп кіріп, ендеп алған арамдық пен қулық, зұлымдық пен зымияндық, дарақылық пен даңғойлық, аярлық пен алакөздік сияқты мінездерімен күресті. Қазақтың рухы сонда көтеріледі деп ойлады. Осы мақсатта ұлы Абай қазақты төске сап, балғамен соқты, табаққа сап, тарыдай қуырды.

Сонда, бар қазақ бір қазақ болу үшін бізге не жетпейді? Барды бағалау жетпейді. Олай болса, осы барды әр қазақ жүрегінің ең төрінде ұстауы тиіс.

Ей, ағайын!

Үш арысқа бөлініп,

Қайдағы жоқты неге толғайсың.

Бір тұтас елге айналып,

Тұлғаңды қашан сомдайсың?

Алпауыттардың ауызында

Шырылдаған торғайсың.

Жұтылып кетсең егер де,

Тұқымың құрып сорлайсың.

Өзіңді қорғай білмейсің,

Тәуелсіздікті қалай қорғайсың?!

Расы да сол ғой. Бір қарағанда қарапайым жолдар, бірақ астарына үңілсеңіз әр сөздің терең түкпірінен құйын үйріліп, дауыл көтеріліп келе жатқандай. Адам өзін, ана тілін, дінін, салт-дәстүрін, ұлттық мінезін қорғай білмесе Тәуелсіздікті қалай қорғайды? Қорғай ала ма? Әлде, жат қарау күштердің қолтығында қор бола ма? Бүгінгі таңдағы қазақ үшін толғағы жеткен толағай мәселенің бірі – осы. Ақын жоғарыдағы өлең арқылы елін жігерлендіріп тұр. Бірлікке, тұтастыққа шақырып тұр. Ал, елі мен жеріне жігер беретін, күш беретін ақынның әрқашан маңдайы ашық, мерейі үстем. Басқаша болуы мүмкін емес. Ақынның азаматтық позициясы деген не? Ол – кез-келген пенде айта алмайтын ащы ақиқатты айта білу. Ол – ар мен намысты ту ету, ол-өжеттік пен өрлікті асқақтату. Сондай-ақ, өті жарылып кетсе де шындықтың көзіне тайсалмай тура қарау. Шындықтың көзіне тура қарауды оңай деп кім айтты? Шындықтың көзіне тек қажырлы, жігерлі таңдаулылар ғана тура қарай алады. Міне, сан алуан ізденістерді артта қалдырып, уақыт сынынан сүрінбей өткен және өтіп келе жатқан Рафаэль Ниязбек осындай қажырлы, қайратты, жігерлі, жаужүрек ақын.

Қорыта айтқанда, Рафаэль Ниязбек поэзиясы негізінен ішкі динамикалық қуатқа, динамика – ішкі драмалық қайшылыққа құралған өз дауысы, өз үні, өз ерекшелігі бар ақын.

Мүмкін кітап шығармын оқылмаған,

Мүмкін құрлық шығармын зерттелмеген, – деп өзі айтқандай, ақынның шын бағасын беретін келелі сөз айтуды оны іздеп оқитын, зерделеп зерттейтін ұрпақтың еншісіне қалдырамыз…

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Серіктес жаңалықтары