ӘКЕ

ӘКЕ

ӘКЕ
ашық дереккөзі
626

(Әкем Кәп Құмарұлының рухына бағыштаймын)

Егер көзі тірі болса, әкем – Кәп Құмарұлы биыл 80-нің сеңгіріне шығар еді. Алайда амал нешік, сұм ажал ортамыздан алып кетті. Осыдан үш жыл бұрын, 76-дан 77-ге қараған шағында бақилық болды. Содан бері әкем біздің көңілімізде, жүрегімізде, жадымызда.

Саналы ғұмырының елу жылын бала тәрбиелеуге, ұстаздыққа арнаған әкем қарапайым ғұмыр кешті. Қазақы тірлікпен, қазақы пәлсапамен өрнектелді бүкіл ғұмыры.

Егемен елдің тарихында алтын әріппен жазылар бір кезең – алыс-жақын шетелдерде тарыдай шашылып жүрген қандастарын атажұртқа шақыру. Сол бір игі бастаманың арқасында Қазақстанға алыс-жақын шетелдерден 1 миллионға жуық қазақтардың келгенін және қазақтың деміккен демографиясына өлшеусіз үлес қосқанын бүгінде жеріне жете айтып жүрміз. Менің әкем де осы топтың алғашқы шоғырында болды әрі Атамекен топырағына ұрпағын жеткізіп, аманаттай алғаны үшін өзіне-өзі риза еді. Сол кезде жазған «Ұлы көш» атты толғауында:

«Жігерлен балам,

Құт болсын қадам,

Еліңе барып қос үлес.

«Бірігу – тірлік,

Бас қосу – бірлік»

Қазақ үшін бұл – күрес.

Өз елін тапқан,

Ететін мақтан

Бүгінгі көшің – Ұлы көш», – деп толғады.

Тегі бір, қаны бір, атасы бір – қазақ баласының тарыдай шашылып әлемнің елудей елін шарлап кеткеніне тағдырдың тәлкегі кінәлі еді. Бала күнінде Алтайдың күнгей бетінен Қобда бетіне қоныс аударып, онда бар саналы ғұмырын өткізген, жер ортасы жасқа жеткен әкем үшін қоныс жаңарту да, өмірбақи еткен еңбегін, мекенін тастап кету де оңай болған жоқ. Бірақ әкем оның бәріне жасымады. Керісінше, «бұдан былайғы күніміз не болады?» деп абдыраған ұрпағын жігерлендіре білді. Қазақстандағы көш саясаты туралы сөз болғанда, «Оралман, Ота­нымнан не алам деп емес, не берем деп кел» деген пәлсапалық тәмсілді жиі еске салады сарапшылар. Мен өзге емес, әкемнің Қазақ еліне бергені арқылы-ақ, осы сұрақтың жауабын тапқандай боламын.

Әкемнің бүкіл-бүтін ғұмырын үш арнаға тоғыстыруға болады. Ең әуелі әкем – ұстаз. Сонау 1957 жылдан бастап, 2007 жылға дейін ұстаздық қызметтен қол үзбеді. «Қазір ұстаздың қадірі қашты, еркек біткен осы бір қадірлі мамандықтан бас тартып, мектеп тізгіні негізінен әйелдердің қолына көшті. Содан да бүгінгі ұрпақ жалтақ, тым жасық, өрлік, асқақтық болашақ ұрпақтың бойынан өшіп барады» дегенді жиі естиміз. Біз мектепте оқып жүрген жылдары әйел мұғалімдер саусақпен санарлық еді. Мектеп директорынан бастап, әкем секілді ардагер ұстаздардың сап түзеп, қатар келе жатқанының өзі айбынды. Ұстаздың қарасын көргеннен баладан сұс қашатын. Артық қимылдап, бекер сөйлеуден қорқатын.

Мектепте әкем қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Және ол өз пәнін жан-тәнімен сүйді. Моңғолияның астанасы Ұланбатырда екі жылдық Мұғалімдер даярлайтын арнайы мамандандырылған колледжді тәмамдағаннан кейінгі еңбек жолы әуелі бастауыш сыныптың мұғалімінен басталып, кейіннен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдігімен жалғасты. Баян-өлгий аймағының орталығы Өлгий қалашығында Қазақстаннан арнайы келіп, дәріс берген қазақ тілі мен әдебиеті мамандарынан алған дәрісін бүкіл ғұмырына арқау ете білді. Әкем 1940 жылы Баян-Өлгий аймағының Баяннуур сұмынында алғаш ашылған мектептің алғашқы шәкірттерінің бірі болғанын және осы мектепке Қазақстаннан арнайы білім беру мақсатында қоныстанған Тілеуберді Сауранбаевтың тәлімін алғанын мақтан тұтатын. Бәлкім бала күнінен ақындық талантының оянуына осы ұстазының да әсері мол болса керек.

– «Кітап оқуға деген ынтам өте ерекше болды. Бірде бір топ баланы ауыл әкімінің кабинетіне шақырып, бір тапсырмалар берді. Қасында аймақтан келген өкіл бар екен. Менің көзім үстел үстінде жатқан Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» романына түсті. Ол кезде кітаптың қат кезі, қолға түссе ғана оқимыз, түспесе тамсанып қана жүреміз. Бала күнімнен естігенім бар еді, «кітап ұрлағанның айыбы жоқ» дегенді. Оның үстіне бүгін оқып, ертең жатқан орнына қайта қойсам несі бар деген сумақы ой да қылаң етті. Қалай дегенмен де, осы кітапқа аңсарым қатты ауды. Сып еткізіп, күртешемнің ішіне салып жібердім. Бізге тапсырылған жұмыс аяқталғаннан кейін, басқа дүниені ұмыттым, «Сұлушаш» романының қызығына ден қойдым. Түнімен көз ілмей оқып, бір әрпін қалдырмай жаттап алдым. Мектепке келсем, ауыл әкімі, қасында аймақтан келген өкіл бар, бүкіл баланы тік тұрғызыпты, «Сұлушаш» романын іздеп жүр. «Кешегі балалардың ішінде бұл да болған», – деді мектеп директоры мені нұсқап. «Бір алса осы алады. Өйткені кітапқа деген аңсары алабөтен». Мен алғанымды бірден мойындадым және оқып қайта орнына қоюды мақсат еткенімді айттым. Аймақ өкілі маған сене қоймады. «Кәне, оқып үлгерген болсаң, оқиғасын айтып жіберші», – деді сенімсіз. Мен кітаптың оқиғасын емес, өзін үтір, нүктесіз айта бастадым, біраз жерге келгенде, өкіл өзі тоқтатып: «Кітап нағыз иесін тапқан екен. Бұл менікі емес, сенікі болуға лайық екен», – деп «Сұлушашты» сыйлап кетті, – дейтін балалық шағын еске алғанда. Сонда әкем жетінші сыныпта оқып жүрген екен.

Әкемнің, анамның ақындығы бізді тым ерте кезден әдебиетке, ұлттық рухқа баулыды десем артық айтқандық емес. Шекараның арғы жағында деген аты болмаса, біз өзімізді атажұрт қазақ елінен бөлек сезініп көрген жоқпыз. Өйткені біз таза қазақ мектебінде білім алдық, оқулықтарымыздың бәрі Қазақстаннан келетін. Яғни бізге өзге емес, Қазақстанның қазақы идеологиясы жүргізілді. Бәлкім, Қазақстан шекарасы ашылғанда, ақтарыла қоныс аударуымыздың сыры да осында болса керек. Ауылда қолына қалам алып, өлең жазатын, ақын деген ардақты атқа ие жандар тек менің ата-анам ғана еді. Сол себепті де бүкіл мектепішілік, қала берді ауылішілік рухани шаралардың барлығының сценариі осы кісілердің қолынан өтетін. Солардың бірі сегізінші сыныптар арасындағы КВН – көңілді тапқырлар сайысы еді. Тақырып – ана тіліне қатысты болды-ау деймін. Сонда әкемнің шәкірттерінің бірі – Әбділда Тәжібаевтың:

«Туған тілім тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін,

Өссе тілім мен де бірге өсемін» деген өлеңін оқыса, екіншісі Расул Ғамзатовтың:

«Туған тілім тіл болудан қалса егер.

Жүрегімді суырып ақ алыңдар», – өлеңін жатқа айтты екпіндете. Кішкентай ғана ауылдың мектебі аймақтан ат арылтып келген КВН «тұлпарларының» танауын тасқа тигізіп, жеңіліспен қайтарды.

Көп кешікпей Моңғолия білім беру саясатында өзгерістер жасалып, мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сағаты қысқартылып, есесіне орыс тілі пәнінің сағаты көбейтілетін болды. Сол кезде менің қалжыңбас ағам Рәштің: «Енді қайттік, сценариін жазған әкем, орындаған – Дәурен. Қазақ тілі – тіл болудан қалатын болса, қайсысы жауап берер екен?» дегені бар.

1987 жылдың жазында жоғалған баланы іздеу үстінде әкем аттан жығылып, оң қолын сындырып алды. Тағдырдың жазуы шығар, оң қол содан жансыз қалды. Тумысынан солақай әкем сонда да ұстаздық қызметін үзген жоқ. Жансыз қолын арқалап жүріп, сол қолымен тақтаға жазу жазып, балаларды білім нәрімен сусындата білді. Сөйтіп 1989 жылы Моңғолияның білім беру ісінің үздігі атанды.

1992 жылы Қазақстанға қоныс аударғанда әкем 59 жаста екен. Зейнетке жасы келсе де, еңбектен қол үзгісі келмеген әкемді сонау қиырдағы, ит арқасы қияндағы Егеу­бай қыстауына бір қора қойды бағуға жібереді. Алайда, әкем ғұмыр бойғы ұстаздық қызметін жалғастыруды мұрат етеді. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысындағы жаңадан құрылып жатқан Абыралы ауданының орталығы Қайнар кентіндегі 11 жылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс оқи бастайды. Осы жылдары ол кісі халықтық педагогикаға қатысты жаңа еңбегін қолына алды. Қайнар кентіндегі мұғалімдік қызметі ұзаққа созылмады, өйткені бұл мекенде ұзақ отыруға Алла нәсіп етпеген екен. 1994 жылдың жазында Үржар ауданының Көкөзек ауылына қоныстанады. Түгін тартса майы шығатын шұрайлы өлкенің негізгі тұрғындары қазақтар болғанымен, немісі мен орысы басым екен. Сол себепті де болар шағын ауылдағы мектеп 1989 жылға дейін тек орыс тілінде, 1989 жылдан кейін аралас мектепке ауыстырыла бастапты. Сол кездегі мектеп директоры әкемді: «Орыс тілінде іс-қағаздарын жүргізе алмайсыз ғой. Біз сізді жұмысқа қабылдай алмаймыз», – деп шығарып салыпты. Әкемнің бақытына орай, көп ұзамай мектеп саясаты мүлдем өзгереді. Мектепті қазақ мектебіне айналдыру ісі күн тәртібіне шықты. Осы кезде әкемнің іс-қағаздарын жүргізуге, мектеп ішіндегі көрнекі құралдарды жазуға (құсни хатпен ежелден әуестігі бар әкем қабырғадағы түрлі жазуларды өте әсем шрифпен жаза алатын) септігі тиді. Сөйтіп Көкөзек орта мектебінің қазақ мектебіне айналуына үлкен үлес қосты. Әлі күнге дейін мектеп қабырғасында көзіме оттай басылып әкемнің қолтаңбасы анадайдан менмұндалап тұр. Ол кісінің осы бір ізгі ісін Көкөзек мектебінде дене шынықтырудан сабақ беретін ағам Тәттімбет жалғастырып келеді. Өйткені әкем ол кісіні көзінің тірісінде осы өнерге баулыған еді. Көкөзек мектебінде сабақ бере жүріп әкем «Халықтық педагогика – ұлттық мұра» тақырыбында педагогикалық нұсқаулық жазып бітірді. Оны Семей облыстық (ол кезде облыс тарамаған) Білім беру департаменті аудандағы 19 қазақ мектебіне балама нұсқаулық ретінде пайдалануға шешім қабылдайды.

Әкем о дүниелік болғанда ол кісінің игі істерін тілге тиек еткен ауыл атқамінерлері Көкөзек мектебін әкемнің атымен атауды қолға алатындықтарын айтты. Бұның өзі әкемнің білім беру ісіндегі еңбегінің еленгені деп білемін.

Әкем 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ақын, бірнеше кітаптың авторы. Баян-Өлгийде Өлгий баспасынан «Қызыл ту», «Қос қанат» атты өлеңдер жинағы жарық көрсе, Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін – «Қос ішек» («Жалын» баспасы, 1992 жылы), «Кәрібоз» (Астана: «Елорда» баспасы, 2001 жылы), «Таудай болғым келеді», «Арпагер» (Астана: «Рух» баспасы, 2008), «Тайқызыл» (Астана: «Фолиант» баспасы, 2010) атты кітаптары жарық көрді. Ол кісінің шығармашылығының өзі екі арнада өрбіді. Біріншісі, қазақы мақаммен жазылған толғау, дастан, поэмалар болса, екіншісі – балаларға арналған жырлар еді. «Балдырған» журналының бас редакторы, қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевке әкемнің балаларға арналған өлеңдерін әкеп ұсынғанымда: «Әкең – нағыз балалар ақыны екен. Бізге осындай өлеңдер керек. Әкеп тұр. Басып тұрамыз», – деген еді. Және сол уәдесінде тұрды. Өлеңдерін «Балдырған» журналына «Ата айтады» сериясымен жиі жариялады. Кейін інім Дәулеткерейдің үйлену тойында сөз сөйлеген Тұмағаң әкемді «Балалар әдебиетінің классигіне» теңеді. Бала күнімізден әкемнің дастандарын жаттап өстік. «Кәрібоз» атты толғауының кіріспесі:

«О, менің қазағымның күйі қандай

Мың толқын бір арнаға құйылғандай.

Күмбірлеп оркестрден күй кеткенде,

Табынып мен тұрамын сыйынғандай, – деген шалқымамен басталатын. Дастан Алтай өңірін қоныстанған қос ру – Керей мен Найманның қос жүйрігі «Кәрібоз» бен «Тарланбоздың» өзара сайысын күйге айналдырған аңыз жайында. Романтикалық желіге құрылған, барымта, қазақтың ұлттық ойындары және сол кездегі әлеуметтік жағдайды тілге тиек ете отырып, дастан ХІХ ғасырдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін қаз-қалпында көз алдыңа елестетеді. Әрі осы дастаны арқылы күйдің құдіретін келешек ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтады. «Күй құдіреті» деген балаларға арналған келесі дастанында сыбызғысын сызылтқан бала Қарғалдайдың сарай әміршісінің әміріне құлдық ұрмағаны үшін жазаланып, жылқы бағуға жіберілгендігі, жоғалған жылқыларын сыбызғы күйінің құдіретімен қайтарып алуы – әдемі өрілген. Әкемнің шығармашылық қыры туралы оның замандастары, ғалымдар, журналистер де біраз қалам тербеп, өлеңдерін жылы қабылдаған еді. Ең алғаш 1994 жылы Уақап Қыдырханұлы басқаратын «Шалқар» газетінде Қазтай Әбіштің «Өлеңнің бастап бір көшін» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада әкемнің қазақ поэзиясына тың серпін әкелгені баяндалса, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Фольклортану бөлімінің ғылыми қызметкері Ақеділ Тойшанұлының «Арпагер» дастанындағы этно-мәдени құндылықтар» атты мақаласы дастанды ғылыми тұрғыдан талдауға негізделді.

«Бос белбеу, бота тірсек, құлжа мойын,

Ас етіп, алты жұлса, алар тойым.

Кең тынысты, алқалы, омыраулы,

Еңсесі көтерілер жүрген сайын.

Сіңірлігі көк етті, түйінделген,

Қанша шапса қыздырмас жілік майын.

Бұлшық ет тарамысты, біткен тұнық,

Құс төсті, құлан құрсақ, барыс тұлып.

Буынсыз бітеу біткен омыртқасы,

Артына қарай алмас мойын бұрып.

Мұндайды «Күйсіз күлік» деп атайды,

Болса да әл жібермес ыстық-суық.

Дастанды оқығанда ақын тілінің шұрайлы, құнарлы, нәрлі екендігі көрініп-ақ тұр, К.Құмарұлы жүйрік аттың мүсінін Абай мен Ілиястың ізбасары ретінде шеберлікпен сомдайды. Сонымен бірге ақынның өзі кәнігі ат бапкері болғандықтан да қазіргі тілдік қолданыстан шығып қалған ат өнері туралы небір сырлы ұғым-түсініктерді, атауларды, айшықты теңеулерді жас сыншы Жансаяның аузына салады.

Жалпы, жүйрік атты бос белбеу, күдір, мұзбүйрек, кеңсал, сандал, қызбел, төңірек, желбегей т.с.с. деп кейде тоғыз, кейде он екі түрге жіктеу дәстүрі Баян-Өлгий қазақтарында сақталған. Ақын қариялардың аузында айтылатын қазыналы деректерді інжу-маржан жырға айналдырып, ұрпақтың зердесіне ұялатуға үлес қосыпты:

Жер алып шапқан сайын бекіп белі,Ұмтылса кең тынысты күдірлері…

Екпінге екпін қосса жел жүйріктер,

Тыраштап жер ұтады мұзбүйректер.

Бұлшығы бұлтылдаған шомбалдар да,

Құлашын кеңге созар шыққан соң тер.

Бұл шумақтардағы күдір, мұз­бүйрек, шомбал деген жүйріктің түрлері ана тіліміздің байлығын көрсетіп қана қоймайды, этно­графиялық категория ретінде мамандар тарапынан арнайы зерттеуді қажет ететін құндылықтар деуге болады», – дейді мақала авторы. Әкем жайында сөз қозғаған ақындардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы:

­– «Кәпекең елге бет алған ұлы көш­тің басы ғана болып қойған жоқ, ол кісі көптеген қазақ ән-күйлерін, аңыз-әфсаналарын да қазақ топыра­ғына ала келген. Сөйтіп, әдебиетіміз бен мәдение­тімізге үлкен үлес қос­қан адам, – деген еді толғанып әкем өмірден озғанда.

Әкемнің жыр-дастандарының негізгі басым бөлігі жылқы түлігімен байланысты екендігі мәлім. Оның өзіндік сыры мынада. Әкем белгілі атбегі еді. Ат жалын тартып мінгеннен белдеуінен жорға мен жүйрігі арылмапты. Әлі тумаған құлынды жорға болады деп бәстесіп сатып алып, туа салысымен үйге алып келді. Түсі қызыл тарғылданып тұрған құлынды Қобыландының «Тайбурылындай» «Тайқызыл» атап кеттік. Үйдің кенжесі Дәулеткерейдің әкем қайтыс болғаннан кейін «Фолиант» баспасынан шығарған кітабының атын «Тайқызыл» қоюының сыры да осында еді. Кейін сол «Тайқызыл» алыс-жақын ауылдардағы бәйгенің алдын бермеген жорға атанды. «Кәптің көк жорғасы» дейтін ел. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 2-курсында оқып жүргенімде, біздің отбасы Семей облысының Абыралы өңіріне қоныс аударғаны жайлы хабар алдым. Сонда «Көк жорғаны кімге қалдырды?» екен деп қабырғамның қайысқаны бар. «Көкаланың үйірін» айдаған әкем Қазақстанға оралғаннан кейін, бұл кәсібімен мүлдем қоштасты деу­ге болады. Керісінше, ұзақ жылғы тәжірибесінің негізінде жылқы туралы дастандарды көптеп жазды. Әкем поэзияның әртүрлі жанрын қаламына арқау етті. Тек жыр-дастандар ғана жазып қойған жоқ. Басқа да қысқа өлеңдердің шебері-тұғын. Бірде кешқұрым үлкен толғаныспен оралды үйге. «Ырғайлы жартас» дейді күбірлеп. Мәселенің мәнін жақсы біле бермейтін біз басында ештеңе түсінбей аңтарылдық. Алайда әкем түнімен отырып, «Ырғайлы жартас» толғауын жазып шыққаннан кейін түсіндік. Сол күні әкем 5-6 жасында ағайынының тоқтысын жоғалтып алып, «оны тауып әкелмесең, қараңды батыр» деген өктем сөзден қорқып, көктемнің жаңбырлы, ызғар түнінде барып паналаған «Ырғайлы жартас­ты» көріп қайтыпты. Оны көргенде Сталиндік зұлматтың салқынымен 1937 жылы «есірку» («халық жауы») деп атылып кеткен ағасы Құмардан қалған жалғыз тұяқты ел қатарына қосам деп шырылдап жүріп, небәрі 17 жасында ажал құшқан әпкесі Ағизаны еріксіз еске алыпты.

Осы бір үнді аулақтан,

Отырсам жорып байғызға.

Түнімен іздеп зар қаққан

Әпкем екен Ағиза.

Келгенде танып, тым таяп.

Құшақтай алдым жүгіріп.

Егілді қатты мені аяп,

Отыра кетті бүгіліп.

Жыладық-ау, жыладық,

Дәрмен жоқ бізде тілдесер.

Көзінің жасын бұла ғып,

Дәрменсіз пенде күн кешер, – деп егіледі. Өзі егіліп қана қоймайды. Оқырманын да егілтеді. Қиын кезеңдердің қилы тағдыры бұйырған әкемнің шығармаларында сталиндік репрессияның моңғолиялық үрдісі жақсы көрініс тапқан. «Үш ару, үш белгі», «Бұлың апа» секілді толғаулары сол заманның шаш ал десе, бас алған қызыл жендеттерінің ел ішін алатайдай бүлдіргені хақында. Әкем жырларында аңыздарды тілге тиек етеді. Аңызды сөйлете отырып, өткеннен ғибрат, өнеге алуға шақырады. «Үш ару, үш белгі» – бір отбасының ай мен күндей үш келіні. Жендеттердің көзі әуелі осы үш келінге түседі екен. Сөйтіп арыстарын амалын тауып айдатып жіберген соң, үш келінді өздері олжалаудың амалын ойластырады. Сонда қазақтың намысты ту еткен ару аналары жендетке арын таптатпау үшін, бір-біріне пышақ ұрып, ажал құшқан деседі. Осы аңыз өлең тілінде, поэзия өрнегінде сөйледі.

Әкем мұқым елдің баласын тәрбиелеп, білім нәріне сусындата жүріп, өзінің 10 баласының болашағына бағыт-бағдар көрсете білді. Үнемі біздің сабағымыз, тәртібіміз ол кісінің көз алдында еді. Үшінші сыныпта оқып жүргенімде сабағым күрт нашарлап кетті. Соны ескерген әкем менен күнде кешкісін емтихан алатын болды. Соның арқасында қайтадан үлгілі шәкірт атандым. Сол секілді Дәулеткерейді кішкентайынан толғаулар жазып беріп, айтқызып жүріп, бау­лыды. 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін Алматыда «Қазақ халық қандай халық?» деген тақырыппен ақындар айтысы ұйымдастырылды. Осы айтысқа белгілі айтыс ақыны, Моңғолия, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері анамыз Егеухан Мұхамәдиқызы қатысты. Ал «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Дәулеткерей осы айтыста әкемнің жоғарыда тілге тиек еткен «Ұлы көш» толғауын орындады. Осы ғибраттың бүгінде арқауы үзілген емес. Әкемнің немерелері «Ата айтады» сериясымен жарық көрген өлеңдерін түгелдей жатқа айтады. Әкесі «есіркуге» айдалғанда небәрі 5 жас­та, «тірідей жесір» атанған анасының етегіне тығылып, үнсіз егіліп қалған Кәп Құмарұлы әкесінің «түтінім өшпесе екен» деген ізгі аманатын орындап, үрім-бұтағын атажұртымен қауыштырып кетті. Жары айдалғанда 25 жаста қалған әжеміз ғұмыр бойы жарының аман келетініне сенім артып өтті өмірден. Бүгінде атамыздың «молдалықтан» өзге күнәсі болмағандығы айқындалып, ақталды.

Әке, бүгінде егемен елдің төрінде өзің тігіп кеткен шаңырағың шаттыққа толы. Ел-аман, жұрт тыныш. Ылайым солай болғай!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары