Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Қырық тіл біл, қазақ екеніңді ұмытпа

Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Қырық тіл біл, қазақ екеніңді ұмытпа

Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Қырық тіл біл, қазақ екеніңді ұмытпа
ашық дереккөзі
314

Парламентте тіл үшін шырылдап жүрген қазақтың қайсар қыздары көп емес. Соның бірі – Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы. Қашан да мемлекеттік тілдің мәселесін көтеріп, оны шешудің бағыттарын ұсынып жүретін халық қалаулысының еңбегі ұшан-теңіз. Біз Оразкүл апаймен мешітте кездестік. 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өрбіген әңгімеміз де ашық, емен-жарқын өтті.

– Саясат сахнасында жүрген нәзік жанды адамсыз. Анасыз. Талай жыл биліктің де дәмін таттыңыз. Бүгінде тіл жанашыры ретінде қазақ тілінің ахуалына алаңдап жүрген депутатсыз. Он, он бес жылдан бері «тіл» деп шырылдап келесіз. Шаршаған жоқсыз ба?

– Мемлекеттік тіл тұғырына қонғанша, ешкім шаршамауы керек. Тіл үшін шырылдап жүргендердің мойнында ауыр жүк бар, себебі, қалың халық ана тілін жүрегімен қалап тұрса да, өте енжар. Біз сан ғасыр бойы ата-бабамыз аңсап кеткен уақытта өмір сүріп жатырмыз. Мемлекеттік тілді мәселе етіп көтерудің өзі ыңғайсыз. Бұл әрбір қазақ боп туған азаматтың Алланың алдындағы парызы. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Ей, пендем, мен сенің әрқайсыңа өзіңе лайық түр бердім, тіл бердім, діл бердім, дін бердім», – дейді. Жер бетінде 7 млрд.-тан астам халық болса, 7 млрд. адамның бас бармағының ізі 7 млрд. түрлі деген сөз. Яғни, әр адамға өзіне лайық ерекшелік берген, тіл берген. Сол сияқты біздің тілімізді сақтау не үшін керек? Мысалы, орыс тілін, ағылшын тілін біліп-ақ мемлекет басқарып, күн көруге болады. Бірақ біздің қасымызда алпауыт мемлекеттер бар екен деп қазақ тілін жоғалтпауымыз керек. Халықаралық ұйым бар. Онда кезінде тоғыз мың тіл мен ұлт тіркелді. Қазір мыңнан аса адам сөйлейтін екі-ақ мың ұлт қалды, яғни екі-ақ мың тіл бар. Сол ұйым: «Мынау адам бүгін өлді. Ол бейшара мына тілде сөйлеуші еді. Бүгіннен бастап бұл ұлт та, тіл де өлді», – деп айтады. Шын мәнінде, тағдырдың талқысымен біздің тіліміз бірнеше мәрте сахнадан түсіп қалу қаупінде болды. Сондай бір үзілер шақ Кеңес үкіметінің кезінде болды, билікке құмар көптеген қазақтар орыс тілін жетік меңгерді. Сөйте тұра отбасында қазақ тілін сақтап қалуға болар еді. Бірақ Кеңес үкіметінің кезінде мықты ақын-жазушыларымыз, ел басқарған азаматтар «мен көрген қорлықты балам көрмесін, балам билікте отырсыншы» деп балаларына орыс тілін үйретіп, ана тілін ұмыттырып жіберді. Соның тақсіретін қазір тартып жүрміз. Кеңес үкіметі кезінде балабақша, білім ошақтары орысша болды деп өзімізді ақтауға болмайды. Ол заман тарихтың бір белесі. Өтті, кетті. Енді жаңа заман келді. Ата-баба армандаған заман бұл. Ата Заңымыздың 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі» деп, ал «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл ­– мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп жазылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деп халықтың көптен күткен тілегін айтты. Кезінде Керей мен Жәнібек хандардың ту тіккен мемлекетінің аты Қазақ мемлекеті болды. Біздің халық, қызы мен ұлы өзінің ұрпақтық парызын неғұрлым тез түсінсе екен. Мысалы, адамның бойы, салмағы, түр-түсі сияқты тілдің де көрсеткіші бар. Ол тілде сөйлейтін адам, ол тілде шыққан ғылыми әдебиет, ол тілде сөйлейтін фильм деп халықаралық ұйым өзінің мәртебесін беріп отырады. Біз Тәуелсіздік алған жылдары қазақ тілі ең төменгі орындарда болды. Шүкір, қазір «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы тарихымыз, әдебиетіміз, мәдениетіміз түгенделіп, жылдан-жылға толығуда. Елбасы мемлекеттік тіл туралы 2006 жылы айтты, биыл тағы да тілге тиек етті. Енді үшінші рет айтқызбауымыз керек. Барлық қазақтың ұл-қызы өз ана тілінде сөйлеуге тиіс! Әсіресе, ел басқарып отырған азаматтар.

Бізді соғысып басып ала алмаған көрші мемлекет ұлтымызды зерттеген ғой. Сонда «Қазақ халқы қызмет құмар» депті. Егер қызметке орыс тілін білетіндерді қойсаң, өзінен-өзі мектебін жауып, баласын орыс мектебіне береді деген. Екіншіден, әйелді қатты сыйлайтынымызды, құрметтейтінімізді ескерген. Халқымыз: «Ер баланы тәрбиелесең, бір адамды тәрбиелейсің. Қыз баланы тәрбиелесең ұлтты тәрбиелейсің» деген. Осыны ескеріп, қыздарды орысша оқытатын интернат ашқан. Біз қазір осы мәселені қолға алуымыз керек. Биліктегілер жеке адаммын деп ойламауы тиіс. Бір адамға қарап бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қазақ өседі. Мемлекет, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин 1923 жылы «Кеңсенің тілі қазақ тілі болмай, іс оңбайды», – деген. Халыққа ешкімнің өкпесі жоқ. Баласын қазақ мектебіне беріп жатыр. Облыс, ауыл, аудандардың жиналысы, телеарнасы қазақ тілінде. Бүкіл қазақ қазақша білмейді деген жаңсақ пікірдің пайда болуына жұрттың көз алдына күнде шығатын биліктегілер мен байлықтағылар үлес қосуда.

– Өзіңіз айтпақшы, қазір шынымен де қарапайым адамдар қазақ тілінде сөйлейді. Ал бірақ сіздерге есеп беруге келетін министрлер сөзінің басын қазақша амандасып, орыс тілінде жалғастырып жатады. Елбасы да мемлекеттік шенеуніктер мемлекеттік тілде сөйлеуі керек деді. Неге біздің басшылар осыны санасына сіңірмей жүр?

– Кез келген заңды қабылдау бар да, оны жүзеге асыру бар. «Тілдер туралы» заңды қадағалайтын, оның нәтижесін мемлекеттік қызметкерден сұраудың тетігі ойластырылмаған. Мысалы кез келген заң орындалмаса, Әкімшілік кодексте бап бар. Ал «Тілдер туралы» заңды орындамағаны үшін Әкімшілік кодексте шара қолданатын бап жоқ. Әкімшілік кодекске мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты қорғайтын баптар енгізілсе, онда қазақ тіліне міндеттілік пайда болып, қажеттілік қалыптасар еді. Әкімшілік кодекстің 81-82 бабында жеке адам қонақүйге, әуежайға, дүкенге барғанда маған қазақ тілінде қызмет көрсетпеді деп прокуратураға шағымдана алады. Ал Тіл басқармаларына жеке тексеру құқығы, шара қабылдау құқы берілмеген. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігі, оның Тіл комитеті осы заңды жүзеге асыру үшін жұмыс істеуі қажет. Биыл «Ономастика туралы» заңға өзгеріс енгізілген кезде шара қарастыру жағы қолға алынды. «Судың да сұрауы бар» емес пе?! Мысалы, қаншама бағдарлама қабылданып, миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Бұған дейін сол заңның Әкімшілік кодекс­те болмағанының өзі қызық жайт. 22 жыл аз уақыт емес. Енді Тіл комитеті жұмысын ширатуға тиіс. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде Парламенттің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева кезінде Үкіметте тіл жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия болғанын, оны Премьер-министрдің өзі басқарғанын айтты. Бұл комиссия кезінде министрлерден, облыстық әкімшіліктерден, ұлттық компаниялардан «Жиналыстарыңыз қазақша өте ме? Қағаз қазақша сөйлей ме? Қазақ тілі қалай қолданылады?» деп сұрап отырған. Елбасының жарлығымен 2006-2010 жылдары бүкіл министрліктер, облыстар, Парламент, Президент әкімшілігі қазақ тіліне көшкен еді. Қазір бәрінен есеп алуға болады. Бірақ сұралмай отыр. Сол комиссияның отырысы соңғы жылдары өтпей қалды. Осы мәселені министрлік биылдан бастап жандандыратын шығар деп ойлаймын. Ал кез келген министрлік «Менен келіп қашан сұрайды?» деп отыра бермей, басқарма, департамент жиналыстарын мемлекеттік тілде өткізуі керек. Бізге қазақ тіліндегі қағаздары қате келеді. Өз үйлерінде сызу сызбаған адамға Парламентке келіп ою ой дейміз. Ол мүмкін емес қой. Яғни, министрлікте 90 пайыздан астам қазақ жұмыс істесе де, бір де бір жиналысы қазақша өтпейді, бір де бір қағазды қазақша жазбайды. Жүз, бес жүз адам істесе де, орысша жазады, жұмысқа алған бес-алты аудармашысы ақ тер, көк тер болып аударады. Парламентке келетін қағаз аудармашының өресімен келеді. Кейбір министр келеді де: «Бұны аудармашы берді», – дейді. Вице-министрлерге: «Сонда сен вице-министр болып келіп отырсың ба, әлде аудармашы боп па?» дейсің күйіп-пісіп. Әлгі қағазды тексеруге оның өресі жетпейді. Өздері жиналыста қазақша сөйлеп, қағазын қазақша жазса болмай ма? Құдай-ау, солардың жиналыста сөйлейтін сөзі бес минуттан аспайды. Заңды таныстыратын кезде әрі кетсе 20 минут беріледі. Бұл қағазбен жеті парақ қана. Ал күнделікті анықтама жазу, мәлімет беру бір жарым парақ қағаз. Оны жазу үшін кез келген компьютерде аударма тұр. Қазақшасы дайын. Өзің жазатын сөзді жаттап алуға үш ай жетеді. Соған ынта жоқ. Қазақстан халқының 70 пайызға жуығы қазақтар. «Соның екі пайызы қазақ тілін білмейді» деген еді Дихан Қамзабекұлы бір пікірінде. Қалғанының бәрі қазақ тілінде сөйлейді. Өзің басқарып отырған мемлекеттің көпшілігін құрайтын халықты бір заңға жұмылдыру үшін соның тілінде сөйлеу керек емес пе?! Басқаны былай қойғанда, Ауылшаруашылық, Білім және ғылым министрлігі жиналыстарының орыс тілінде өтуі көпшілікті менсінбеу деген сөз.

– Осыдан біраз уақыт бұрын Әділет министрі Берік Имашевқа сын-ескерту жасағаныңызды бүкіл қоғам біледі. Бір қуаныштысы, алты айда қазақ тілін үйренемін деп уәде берген министр жақында ғана баяндамасын қазақша жасады. Ризашылығыңызды білдірдіңіз бе?

– Мен бірден білдірген жоқпын. Ол кісі қазақ тілінде үш дүркін жиырма минуттан баяндама жасады. Ішім жылып, жақсы көріп отырдым. Бірақ қай күні тоқтап қалар екен деп ойлап жүрдім. Өткенде Парламенттегі сөзімді біреу естіп, біреу естімеген шығар. Сіздің газетіңіз арқылы шын ризашылығымды білдіремін. Бұл менің жанайқайым. Сол күні сұрақ қою, сөйлеу деген жоспарымда жоқ еді. Министрдің Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадовқа: «Менің қай тілде сөйлеуім Конституциялық құқым» дегені намысыма қатты тиді. Жоғарыда айтқандай, адамға өмірге келерде құқықты Конституциядан бұрын Жаратушы береді. Мысалы, біреудің орыс, француз, ағылшын болғысы келетін шығар. Ата-ананы таңдамайды дейді. Сол сияқты ұлтын да адам таңдай алмайды. Жаратушы қай ұлттың өкілі болатынын әкесінің қаны мен анасының құрсағында жатқанда салады. Ана құрсаққа қазақ болып салынғаннан кейін басқа құқықты ойлаудың ешқандай жөні жоқ. Әртүрлі саясат бойынша бізді Құдай берген құқымыздан ажыратып, ана тілді, мына тілді үйрен деуі мүмкін. Жеті жұрттың тілін білсін. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ Жаратқан қазақ қып жаратқаннан кейін өзінің ана тілін білуі керек. Қазақты Абай арқылы әлемге танытқан жазушы Мұхтар Әуезов «Өзінің ана тілін білмеген, сыйламаған адамды толыққанды мәдениетті деп санауға болмайды», – дейді. Әуезовті қазақ қой десеңіз, Гарвард университетін құрып, отыз жыл басқарған Чарльз У.Эллиот: «Мен білім алудың аса маңызды бөлігі ретінде бір ғана интеллектуалды қажеттілікті мойындаймын, ол – ана тілін нақты әрі мүлтіксіз меңгеру», – депті. Міне, осыны біздің шенеуніктер біле бермейді. Бір нәрсе болса: «Мен үш тілде, төрт тілде сөйлеймін», – деп міндет қылады. Кешегі Алаш арыстары да бірнеше тілді білді. Мұстафа Шоқайдың өзі жеті тілді меңгерген. Сондықтан қазақ үшін көп тіл білу – мақтаныш емес, бұл – ынта. Елбасы үш тіл біл дегенді тақыр жерге айтып отырған жоқ. Ал бірнеше тілді біліп тұрып, ана тілінде сөйлемеу, бұл – мәдениеттілікке жатпайды. Кейбіреулер қазақ тілі тек мәдениет саласына ғана керек деген сыңай танытады. Бұл – қатты адасу. Алаш арыс­тары ұлтқа қажет нәрсеге ұйысқан. Санкт-Петербургте дәрігерлік білім алған Халел Досмұхамедов: «Өз тіліңді біліп тұрып, өзге тілде сөйлесең – сүйініш, өз тіліңді білмей, өзге тілде сөйлесең – күйініш», – дейді. Олар бізден бұрын оқып, әлемді таныған. Қазақтың өшіп кетпеуін, қазақтың терезесі өзгелермен тең болып, жұртқа қазақ ретінде мойындатуды арман еткен. Сондықтан бүгінгі дәрігерлер Досмұхамедовтің, теміржолшылар Тынышпаевтың салған жолын жалғастыруы керек. Орман шаруашылығының инженері Әлихан Бөкейхан педагог не болмаса тілші емес. Бірақ ұлт үшін ең бірінші нәрсе тіл екенін сол кезде сезінген. Ұлтқа не керек? Ана тілі керек пе? Ана тілін жазды. Әліпби керек пе, оны да жасады. Қаріп керек пе, қарпін де ойлап тапты. Сондықтан да менің мамандығым – дәрігер, инженер, заңгер деп қарап отыра беруге болмайды. Бүгінгі таңда ұлтымызда бәрі бар. Аштан өліп, көштен қалып жатқан ешкім жоқ. Абайдың жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Енді бірі көрсем, білсем деп туады» дейді. Биліктегі азаматтар алдына мақсат етіп қойса, жақсы үйренетінін Имашев дәлелдеді. Менің сөзімді жерге тас­тамай: «Бір қазақтың қызы ашына тіл қатты ғой», – деп шамырқанбай, шамданбай өзін-өзі қамшылап, үйренді. Министрдің бос уақыты бола береді деп ойламаймын. Бірақ қиыннан қиыстырып үйренді. Бір келді, екі келді, тіпті төртінші келгенінде екі заңды қатар әкеліп, әрқайсысына жиырма минуттан қазақша баяндама жасады. Сосын өзіме «Болды, Оразкүл! Енді рахмет айтуың керек» дедім іштей. Бәлкім, жұрттың көзінше даусымды көтеріп, қатты айтқан шығармын. Соның барлығына кешірім сұрай отырып, рахметімді айтамын. Ешкімге де кеш емес екендігін жұрт түсінсе екен дедім. Жалғыз мен емес, халық рахмет айтады. Жұмысым жүрсін, халыққа пайдам тисін деген шенеунік үлкен бетұрыс жасауы керек. 2017 жылы ЭКСПО өтеді деп жатырмыз. Бұл да бізге таңсық емес. Кешегі Ұлы Жібек жолы қайта келеді. Бірақ ЭКСПО-ға келетін қонақтар біздің тілімізді естіп, салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді көріп кетсін. Сондықтан бірнеше тілді білетін, бірақ ана тілінде сөйлеп тұрған министрлер мен басшыларды көргендер: «Ойпырмай, мыналар өшіреміз дегенмен өшпепті, жоямын дегенмен жойылмапты, мойындамаймын дегенмен, өзін мойындатыпты», – десе, бағамыз да, құнымыз да артады. Жаһандануға өз тілімізбен, өз ділімізбен, өз дінімізбен кірсек деген арман бар менде. Бұл жолда ешуақытта шаршамаймын, Алла тағала маған соған жететін қуат берген.

– Дәрігер дегеннен шығады. Сіздің жанайқайыңызды Денсаулық сақтау министрі қаперіне алмайтын сияқты көрінеді.

– Қазақ қыздың бетінен алмаған ғой. Сол себептен де достық рәуіште жәймен айттым. Осыдан кейін Имашев сияқты үйренетін шығар деп үміттенемін. Берік Мәжитұлына қаттырақ айтқанымды түсінетін адам болса, содан-ақ сабақ алады ғой.

– Жаңа оқу жылында 1-сыныптан бас­тап ағылшын тілі оқытылмақшы. Ана тілін бойына сіңірмей жатып, бөтен тілді үйрену қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

– Өмір шеңбермен емес, спиральмен дамиды. Өткен ғасырдың басындағы педагогтардың айтқанымен қатып қалуға болмайды. Немерелеріммен бірге тұрам, менің балаларым менен пысығырақ. Ал немерелерім балаларымнан да ақылдырақ. Жаңа технологияны бір айда үйренсек, олар сол күні меңгеріп алады. Сондықтан бес жасқа дейін баланы ана тілімен сусындату керек. Отбасында ана тілі мәңгі болуы тиіс. Ал сыртқа шыққанда өзін тең құқылы санау үшін әлемдік тілдерді білгені дұрыс. Ол бала ата-анасына рахметтен басқа ештеңе айтпайды. Өзіміз де шетелге шыққан кезде «әттең-ай, тіл білсек қой» деп қаламыз. Сандаған ғасырлар бойы ағылшындармен аралас-құралас болып жүрген Еуропаның азғантай бөлігі ғана ағылшын тілінде сөйлейді. Егер біз өз өндірісімізді дамытып, қазақтың 56 түрлі ұлттық тағамын қазақ тілінде шығарып отырсақ, тіліміз әлемге қажет болады. Шетелдіктерге біздің құртымыз, қазы-қарта, жентіміз керек болса, бізбен қазақ тілінде саудаласып алып кетеді. Қазақ әуелі өзінің ана тілін, сосын ағылшын тілін білсе ұтпаса, ұтылмайды.

– Жазу мен сызуды жаңадан үйренген бала қазақ әріптерін ағылшын тілімен шатастырып алмай ма?

– Ақыры сол таңбаға көшетін болдық қой.

– Латын әліпбиі туралы пікіріңіз қандай? Қазірдің өзінде қоғамның өзі екіге жарылып жатыр емес пе?!

– Өзім латынды қолдаймын. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасын басқарғанда соның екі азабын тарттым. Біздің ілкімді жігіттердің бәрі қонақүйін, мейрамханасының атын ағылшынша жазады. «Біздің әрпіміз кириллица, неге ағылшынша жазасыңдар?» деп сұрасақ, «бізге әлемдік серіктестеріміз солай жазыңдар деген» дейді. Ақыры бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енеміз десек, олардың көбісінің жазатын қарпі – латын. Сосын 1940 жылы кириллицаға көшкенде тоғыз төл әрпімізбен өттік. Бірақ күні бүгінге дейін осы төл дыбыс­тарымызды ұлтты құрап отырған халықтың тілі екен деп менсініп, ешкім жазған емес. Қазақтың 85 пайызының аты-жөні қате жазылады. Мысалы, әкесі куәлік алғанда баламның аты Тілекқабыл десе, орыс тілді маман «Телекабель» деп жазады. Қызымның аты – Мөлдір десе, ана жерде отырғандар «Малдир», «Молдир» деп жазып береді. Ақын Марина Цве­таева: «Адамның өзін мазақтауға бо­лады, бірақ атын мазақтауға болмайды», – депті. Бізде аты-жөндері сауатсыз жазыл­ған, сол себепті де бұрмаланған, әжуаланған есім­дер мыңдап, он мыңдап саналады. Біздің аты-жөніміздің 85 пайызы мазаққа айналып жүр. Дейл Карнеги: «Әр адам үшін өзінің атынан тәтті, жағымды ешнәрсе болмайды», – дейді. Латынға өтсек, осыдан құтыламыз. Кезінде орыстандырудың ең төте жолы аты-жөнін қате жазу мен «ов», «ев»-ке өткізу еді. Грузин, армянның зиялылары көшеге шығамыз деп, қарсы болды. Біздің Алаш зиялыларын атып тастағаннан кейін басы жоқ дене ретінде оп-оңай өтіп кеттік. 1996 жылы өзіміздің ата-тегімізді қазақша жазайық деп 47 нарқасқа қазақ, Рахманқұл Бердібай, Шерхан Мұртаза бастаған азаматтар қол қойып, Елбасына хат жазды. Елбасы оны қолдап, 1996 жылы 2 ақпанда жарлыққа қол қойды. Сол бойынша Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза деп жазуға болады деді. Өкінішке қарай, бұл Жарлықтар насихатталмайды. Қазақ болудың төте жолы аты-жөнімізді дұрыс жазу. Сондықтан латын әліпбиіне көшуді қолдаймын.

Ауыл қызы жатқа тисе, бүкіл алашқа сын

– Парламентте көпбалалы аналар көп емес. Соның бірі өзіңіз. Саясатта жүріп, отбасының қамын ойлап, баланы тәрбиелеу де оңай емес. Қалай үлгересіз?

– Қазақ «Қыздың қырық жаны бар» дейді. Мына заманға біздің қыздар риза болуы керек. Себебі, еркек, әйел демей білімің, білігің жетіп жатса, халқыңа қызмет етуге мүмкіншілік беріп отыр. Осындай заманды дұрыс пайдалануымыз керек. Қазақ әйелі басшылықта, билікте жүрсе, ол бәрібір ұлтының жағдайын ойлайды. Ең бірінші, қазақ қызды жатжұрттық деп тәрбиелейді. Үйінде отырған қызына: «Сен қонақсың, сенің үйің басқа үй», – деп айтады. Мінеки, осы тәрбиеден ажырамауымыз керек. Қыз бала өмірге келгенде-ақ Алла тағаланың пешенесіне жазып қойған екі үлкен міндеті бар. Ол – тұрмысқа шығу және бала туу. Бірінші осыны орындап алу керек. Егер халыққа қызмет жасап, еңбек еткің келсе, келешекте жолыңды ашық қылатындай жерді таңдау керек.

– Сонда сіздің барған жеріңіз жолыңызды ашып берді ме?

– «Жақсы елге түскен келін – келін, жаман елге түскен келін – келсап» дейді. Алла тағала маған Жора Тойлыбайұлын жолықтырды. Келінін қызынан артық көрген екі анасы жолымды ашып берді.

– Оңтүстікке келін болу – үлкен мектеп. Қазір бәзбір ата-ана қыздары оңтүстікке келін болса, тотайы каторгаға түскендей уайымдайды. Ал сіз енеңізбен қанша жыл бірге тұрдыңыз?

– 20 жылдан артық бірге тұрдық. Үлкен қызымды тұрмысқа бергеннен кейін өмірден өтті. Балаларымның бәрін енелерім бақты.

– Байқасаңыз, кейбір қыздар осы бастан енем болмаса екен деп тілеп жүреді. Ал келін ата-ененің шаңырағынан тезірек кетуге асығады. Сіз екі енеңіздің көңілін қалай таптыңыз?

– Менің енем: «Келін деген өтпелі уақыт. Қауын-қарбыздың науқаны сияқты» дейтін еді. Қазіргі келіндерге айтарым, сендер мәңгі келін болмайсыңдар ғой. Әрі кетсе жиырма бес жыл. Одан кейін өзің ене боласың. Келінінің өзіне не істегенін қаласа, ол сондай тіршілік жасауы керек. Біреудің алақанына салған баласын сүйіп, оған жар болдың. Ал сені алғаннан кейін ол әке-шешесінен безінуі керек пе? Кейде жұмыс бабымен, ата-енесінің қалауымен бөлек тұрады. Әңгіме бөлек тұруда емес. Көңіл бірге болу керек. Саған сондай керемет азаматты тәрбиелеп берген әке-шешеге күніне бірнеше мәрте рахмет айтып жүруің керек. Әр адамның ойы, қараған көзі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысының барлығы Алланың назарында. Алланың мейірім-шапағатына бөленем деген қыз бен ұл Аллаға қарсы тіршілік жасамауы керек. Сонда бәріне үлгересің, жолың ашық болады. Ешкімге жамандық тілемеу керек. Біреуді жек көруге қақымыз жоқ. Кемшілігін көріп, бетіне айту керек. Бірақ сыртынан жек көріп, ғайбаттауға болмайды. Өзіңе кімнің қалай қарағанын қаласаң, сен кез келген адамға солай қара. Сонда түк те шаршамайсың. Алла тағала саған көмектесетін адамдарды күн сайын, ай сайын жолықтырып отырады.

– Қазір баланы балабақша бағады. Бір сөзіңізде бос уақытым көп болса, немеремді құшақтап жатар едім депсіз. Өзіңіз де немере бағатын жастасыз, әлде қызметті қимайсыз ба?

– Осы қызметті істеп жүріп-ақ немерелеріме үйде отырған әжелерден артық көңіл бөлемін, қараймын. Өзім немерелеріммен бірге тұрамын. Тіпті жиендеріме де уақыт тауып, барып тұрамын. Құдай қаласа, үлкен қызымыздан бір-екі жылда шөбере көріп қалатын шығармыз.

– Қазақ қыздары туралы бекер айтып жатқан жоқпыз. Қазір шетелдіктерге тұр­мысқа шығып жатқан қыздар баршылық. Біз­дің қыздар неге шетелдіктердің со­ңы­нан еріп кетіп жатыр? Әлеуметтік себебі бар­ ма?

– Жалпы, біреудің тағдыры туралы пәлен деп айту қиын. Бірақ бұл жалпы қоғамды алаңдататын нәрсе. Қыз бойжеткеннен кейін әйтеуір тұрмысқа шығу керек. Қазақта «Қыз бен малдың бармайтын жері жоқ» деген мақал бар. Ауылдың қыздары өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жатса, біздің жігіттердің әлі де болса намысының оянбағаны деп ойлаймын. Сондықтан жігіттер ішімдікке, нашақорлыққа салынбауы керек. Алла тағала адамды жаратқанда ұлдардың санын артық еткен. Олар өз қыздарымызды уақытында алып жатса, мұндай болмас еді. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» демей ме? Сондықтан өзіміздің жігіттер сөз айтып тұрса, олар өзге ұлттың жігітінің мойнына асылмас еді. Яғни, біздің жігіттер өз қарындасын қорғайтын дәрежеге жеткен жоқ. Мұның барлығы кезінде бізді ұлттық тәрбиеден, салт-дәстүрден, тілден әдейі алыстату саясатынан басталды. Қазақтың жырлары, эпостары, термелерінде жігіт қандай болу керек, қыз қандай болу керек екенін әдемі жеткізе білген. Тәуелсіздікке қол жеткізген мына заманда біз жастарды солай тәрбиелеуіміз керек. Бұл – біздің қоғамның дерті. Бұған жеке қызды кінәлауға асықпайық дегім келеді.

– Мұның бәрі Батысқа еліктеушіліктен туындап отырған жоқ па? Осы батыстанудың өзі бізге не береді?

– Жақсы нәрсенің барлығына еліктеу керек. Бірақ Батыстың өзі жеріп отырған дүниелер бар. Мысалы, қазір Батыс қартайып бара жатыр. Бала тумауды, жас күйеуге немесе бірнеше күйеуге тиюді, үйленбей бірге тұруды насихаттауда. Мұның арты неге апарады? Біз көгілдір экранда, кинода, әдебиетте қазақ болып қалудың жағдайын қазірден ойластыруымыз керек.

– Бізде демографиялық мәселе өте өзекті. 20 миллионға жету керек деген бас­ты арман бар. Гендерлік саясатты қолға алып, әйелдің белсенділігін арттырып, еркектермен құқығын теңестіреміз деп жатырмыз. Мұның демографияға кері әсері тимей ме? Осы саясатқа көзқарасыңыз қалай?

– Бұл жаңалық емес. Бұл жерде қыздарды кінәлаудың керегі жоқ. Мысалы, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргендердің 55 па-йызы нәзікжандылар. Білім саласында 80 пайыздан асатын шығар. Денсаулық саласында да солай. Сонда жігіттер қайда? Олардың көбі білім алмай, басқа жолға түсіп кетті. Бұл жерде қыздар кінәлі емес. Жігіттер үйде отырып қалған кезде, алға әйелдер шықты. Бұл саясат қызды билікке апарғаннан болған жоқ. Қара жұмыста да, базарда да тола әйел қауымы. Оларды біреу базарға апарып, қызметке қойып жатыр ма? Әйелдерде отбасыны асырауға деген жауапкершілік жоғары. Міне, осындай жауапкершілікті мойнымен көтеретін ер азаматтарды тәрбиелеу керек. Яғни, тәрбие беру жолымен айналысатын «Жастар саясаты туралы» заң, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Білім және ғылым министрлігі жастарға, ер азаматтарға, отбасы институтына бағытталған бағдарлама қабылдауы керек. Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі – отбасы. Сондықтан бар жауапкершілікті көтеретін нағыз ер азаматтарды тәрбиелеу керек.

– Дегенмен, қазір әйелдер билікке де ұмтылып жатыр, кәсіпкерлікпен де айналысып жатыр. Сонда кім бала туады?

– Бұл пікіріңе түпкілікті қосылмаймын. Билікте жүрген әйелдер бала тумайды дегеніңді құптамаймын.

– Сіз сияқты көпбалалы аналар бірен-саран емес пе?

– Парламенттегі, министрліктегі әйелдер­дің барлығының отбасы, бала-шағасы бар. Қазақтың өмірінде қолынан іс келетін қыздар жігіттермен бірге жүрген. Шапқыншылық кезінде төсін тартып алып, ер азаматтармен бірге соғысқан. Аттың құлағында ойнаған. Кешегі Әлия мен Мәншүк Кеңес одағының батыры болса, бұл да жаңалық емес. Олар да алдыңғы апа, әпкелерінің жолын қуды. Қазақта қыздардың атымен аталған рулы елдер бар. Қазақта қыздар жігіттермен баяғыда тең болған. Әңгіме жігіттердің отбасылық жауапкершілікті сезінбей, баласын асырау міндетін дұрыс түсінбейтіндігінде. Бұл жерде мәселе қыздарда емес. Қазір жігіттер билікке, жалпы жұмыс істеуге ұмтылмайды. Ит ішпейтін араққа әуес болып, нашақорлыққа салынады. Осыны тоқтату керек.

– Қоғамда жетім балалардың көбейіп кет­кендігі де ер азаматтардың жауапкер­ші­лігінің кемдігінен бе?

– Статистикаға қарасақ, 20 жасқа дейінгі ер азаматтар көп. Кешегі ақпаратқа қарасақ, жетім балалар үйіндегі он баланың сегізінің әке-шешесі тірі екен. Міне, көптеген ата-ана жауапкершілігін түсінбейді. Отбасын құрған кезде әйелін де, бала-шағасын да асырау міндетін Алла тағала ер азаматқа берген. Күйеу қыздың ата-анасына: «Қызыңызды аламын, ішкені алдында, ішпегені артында болады. Үлде мен бүлдеге орап отырамын», – деп үйленеді. Ертесіне сұлу қыз көрсе, сау бол деп те айтпайды. Тек одан туған балаға иелік етуі мүмкін. Біздің ата-бабамыз бірнеше әйел алса да, бәріне тең қараған. Материалдық тұрғыдан да, моральдық жағынан да. Қазір көп жігіттер қай әйел бай, соның артынан кете береді. Статистикалық көрсеткішке қарасақ, қазақ отбасының онынан төртеуі ажырасып кетеді екен. Себебі, біз жастарды дайындамаймыз. Отбасында әйел мен еркектің парызы мен міндетін түсіндіріп, тәрбиелеу керек. Білім ұяларында, отбасында мұнымен ешкім айналыспайды. Мектеп бағдарламасына арнайы пәндер енгізді, бірақ қай дәрежеде оқытылып жатқанынан хабарым жоқ. >– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары