Қарағанды облысында блок-бекетте полицейлер ұрланған жылқылар тиелген жүк көлігін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұрланған жылқылар тиеген КамАЗ жүк көлігі Астанадан Қарағандыға қарай бағыт алған.
Оны Теміртау қаласындағы блок-бекеттердің бірінде тексеріс жүргізіп жатқан патрульдік полицейлер тоқтатты.
Көлікті тізгіндеген азамат Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны болған.
– Тексеріс барысында жүргізуші 45 бас жылқыны Степногорск қаласының тұрғынынан 13,5 миллион теңгеге сатып алғанын айтты. Жылқылардың нақты иелерін анықтау мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері жылқыларды бейнежазбаға түсіріп, әр өңірдегі шаруа қожалықтарының чаттарына жіберген, – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.
Біраз уақыттан кейін Ақмола облысының 54 жастағы тұрғыны бейнежазбадан өзіне тиесілі ұрланған 27 жылқысын таныған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.