Аққу аңыз және «Аққыз»

Аққу аңыз және «Аққыз»

Аққу аңыз және «Аққыз»
ашық дереккөзі
1669

Жуырда «Баспалар үйінің» баспасөз-клубында «Аққыз» көркем фильмінің журналистерге арналған жабық көрсетілімі болды. Фильмнің режиссері Жаңабек Жетіру «бұл фильмді ұлт дүниесін сақтап қалу мақсатында» түсіргенін айтады. Фильмнің желісі – мифологиялық аңызға негізделген.

Аңыз бойынша Алла дүниедегі бар тіршіліктерді жаратпас бұрын, әуелі киелі Ақ құсты жаратқан. Киелі аққу жұмыртқасын қорғап, өзінің қанатынан ұя жасап сақтаған көрінеді. «Аққудың жұмыртқасынан тіршілік атауы бастау алған» деседі. Міне, осы аққудың іс-әрекетін фильмнің бас кейіпкері Аружан қайталаған екен. Ол анасының қарсылығына, тіпті өзіне төнген қауіпке қарамастан, аққудың жұмыртқасын қорғап қалады. Өкінішке қарай, он жасар Аружан аңшылардың оғынан қаза табады. Фильм­де мифологиялық, философиялық сарын басым. Мәселен, Құман Тастанбеков қарт атаның бейнесімен қатар, қазақтың аңыз-әдебиетіндегі Қорқыт ата, Асан қайғы, Қарлығаш бидің рөлін сомдайды. Осы кейіпкер арқылы фильмнің бүкіл ойы мен мағынасын түсіндіргендей болады. Режиссер «Аққызды» Қапшағай көлінің жағасында түсіріпті. Негізінен фильмнің тақырыбы бойынша теңіз – жер – адам және табиғаттың бөлінбес бөлшегі – құстар картинаның негізгі нысандары. Осы уақытқа дейін фильм Таллинде, Делиде, Римде, Антальяда, Калькуттада өткен халықаралық фестивальдерге қатысқан. Бұл, әрине, қазақ фильмінің жетістігі. Десе де, фильмнің әттеген-ай дейтін жерлері де бар. Бұл менің сыным емес, ойым ғана. Фильмде Аружан мен Арманның аналарын қорада, шөптің үстінде зорламақ болады. Дәл осы тұсында басқаша кадр жасалса болмас па еді деген ой туды бізде. Мысалы, малының ұрланғанын айтып тұрған дәрменсіз, қорғансыз жесір әйелді бас салып зорлауға әрекеттенгенше, оған көмектесудің жолдарын қарастырып, намысқа тырысса болмас пе еді… Қазақ қашан әйел затына қырын қарап еді… Қызды «болашақ ана» деп сыйлаған, ананы құрметтеген, жетімді жылатпаған, жесірді қаңғыртып жібермеген қазақтың намысы биік еді ғой. Ал бүгінгі қазақ кинолары нені көрсетіп жүр? Намысшыл, рухы биік қазақтың шынайы бейнесін дұрыс ашып жүр ме? Сонда біздің кино түсірушілер зорлауды көрсетпесе, фильмдері сәтсіз шығады дей ме?.. Міне, осындай ойлардан кейін санамда сансыз сұрақтар қалды. Қазақ фильмінің бағы әлі жанбай тұр ма, әлде қазақ режиссерлерінің идеясы арыға бармай тұр ма? Мен осыны түсіне алмадым. «Аққыз» фильмінің тағы бір жерін түсінбеген сияқтымын. Фильмде анасы мен қарындасына қамқор болып, солар үшін ауыр тірлік істеп, соңынан кітапханада еңбек етіп жүрген Арман не үшін кісенделіп кете барды? Оны фильмде анасы да түсінген жоқ, фильмді қарап отырған біз де түсінбеген күйі қала бердік. Сәтті шыққан фильмнің осындай кейбір олқы тұстары адамға өкініш сыйлайтын сияқты. Қорыта айтсақ, қазақ фильміне жаңа серпіліс қажет-ақ. Бірақ қашан және қалай болары белгісіз… Жақсыдан үміттенейік.
Ақбота Мұсабекқызы

Серіктес жаңалықтары