83 жастағы зейнеткер магистрант атанды
83 жастағы зейнеткер магистрант атанды
83 жастағы Алматы тұрғыны Юрий Бойко Томск политехникалық университетінің магистратурасына түсті, деп хабарлайды "Экспресс К". Ақсақал электр энергетикасы мамандығы бойынша білімін жетілдіруге ниетті.
Юрий Бойко 20 жылдан бері алматылық "Агропромтехремонт" кәсіпорнын басқарып келеді. Оған дейін 12 жыл бойы КСРО құрылыс және сәулет академиясында бас конструктор болған. "Мен магистратураға ұйықтамай, жетілу үшін түстім. Ресейлік жоғары оқу орнында қашықтан білім алғым келеді, жұмысты оқумен қатар алып жүремін. Мен тау өзендерінде СЭС тұрғыздым, олар 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді", − дейді магистрант. Сондай-ақ, инженер-механик Үлкен Алматы өзеніндегі электр станциясын, Талғар СЭС-ін және Қызылорда өңіріндегі жаңа тоғанды салған.
Зейнет жасына келсе де, жоғары білім алуды кеш санамайтын азаматтардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, жуырда Оралдағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде оқитын зейнеткер-студенттің оқу ақысын төлей алмауына байланысты оқудан шығарылатыны хабарланған болатын. Оған оқу ақысының күрт көтерілуі себеп болды. Оқудың бір жылдық бағасы бастапқыда 70 мың теңге болса, кейін 100 мың теңгеге көтерілген. 68 жастағы зейнеткер зейнетақысы небәрі 30 мың теңге болғанына қарамастан, қажетті қаражатты тауып, оқу ақысын төлепті. Заң факультетінің 4-курсында оқитын ақсақал үздік студент екен. Ол қызыл дипломнан үмітті.