КОНТРАБАНДАЛЫҚ ТАСҚЫН ТОЛАСТАР ЕМЕС

КОНТРАБАНДАЛЫҚ ТАСҚЫН ТОЛАСТАР ЕМЕС

КОНТРАБАНДАЛЫҚ ТАСҚЫН ТОЛАСТАР ЕМЕС
ашық дереккөзі
396

Биылғы Аяз атаның жаңа жылға сыйлығы ерекше болды. Әдетте Аяз ата кәмпит ұсынып жататын, кейбіреулері түрлі ойыншықтар беретін еді. Жаңа жыл шыршасының астында көлемінің өзінен адам қорқатын жиналмалы найза-пышақтармен қоса, электр разрядымен бірге электрошокер жатқанын көріп пе едіңіз. Сөйтсек, мұндайда болады екен.

Дәл жаңа жыл қарсаңында осындай қауіпті контрабандалық жүк облыс кеден­шілері мен ведомствоаралық қызметкер­лердің бірлескен операциясы кезінде Ал­маты облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің «Алатау — КРО» кеден бекетінде тәркіленіпті. «Алатау» кедендік рәсімдеу орталығының жетекшісі Құр­манғали Алдабергенов мұндай контрабандалық жүктердің алғаш рет тәркіленіп отырмағанын айтады. Құрманғали Алдабергенов: «Бұл жаңа жыл қар­саңында анықталған ірі контрабандалық тауарлар партиясының біреуі ғана. Қазан айында біз әйгілі өндірушілердің белгі­ле­рі­мен декларация толтырылмаған баспа­хана жабдықтары, аяқкиім, киім-кешек, опа-далап тиелген он үш ірі жүк көліктерін тоқтаттық. Қараша-желтоқсан айларында осындай тағы алты машинаны ұстаған едік. Бірақ шекараны тәртіпке сай кесіп өтетін өнегелі азаматтармен салыстырғанда, кон­трабандашылардың үлес пайызы қанша деген сұраққа дәл жауап беру өте қиын. Өйткені олар өз фирмалары мен ЖШС атау­ларын жиі өзгертіп отырады. Бес-алты машина жүк алып кіргеннен кейін, әлгі фирманы таппай қаласың. Оның орнына жаңа ЖШС пайда болады. Бұлардың көбі бір күндік ғана компаниялар. Қазіргі кез­де тергеу амалдары жүргізілуде. Мүмкін, бұл жүктердің артында кімдер тұрғанын және қазан айында тұтқындалған контрабандалық жүктермен байланысы бар-жоғын анықтармыз. 2012 жылдың тамыз айынан қазіргі күнге дейін біз 500 тоннаға жуық декларацияланбаған жүк тұтқындадық», – дейді.

Бұл контрабандалық жүкке қатысты істердің көбі қаржы полциясының қа­рауына жататындықтан, сол мекемеге беріледі. Әйтсе де кейбір сарапшылар Қытай және Ке­дендік одақ құрамына кіретін елдер арасында тауар айна­лымы көбейген сайын, контрабандалық ағын­дар да ұлғая түсетінін айтуда. Ал ке­деншілер контра­банда­шы­ларға қарсы қозғалған істердің барлығы бірдей сотқа жете бермейтінін айтады. Өйткені олар өздерінің барлық байланыстарын пайдаланып, тиісті адам­дарды сатып алуға тырысады екен. Осы арқылы контрабандашылар өздерін және тауарларын тұтқындауға жол бер­меу­дің барлық амалдарын қарастыратын көрінеді.

Кедендік бақылау комитетінің төр­ағасы Мәжит Есенбаев дәл осы себептерге байланысты Мәжіліс депутаты Азат Пе­руа­шевтің экономикалық контрабанданы, атап айтсақ, еркін айналымда жүрген та­уар­ларды қылмыстық жауапкершілік са­на­тынан әкімшілік жауапкершілік санаты­на өткізу туралы ұсынысын қолдайтынын айтады. Комитет төрағасы Мәжит Есенбаев: «Мә­селе дұрыс қойылып отыр. Біздің тарапымыздан бұған қарсылық жоқ», – дейді. Кеденшілер де арадағы делдалдар мен қандайда бір пысықайлар пайдасын көргенше, декларацияланбаған тауарларға көлемді айыппұлдар салып, сол пайданы мемлекет көргені дұрыс деген пікірді алға тартады.

Едіге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары