БАБАЛАР ТАҢДАЙЫНАН ТОЛҚЫНДАП ШЫҚҚАН ТІЛ

БАБАЛАР ТАҢДАЙЫНАН ТОЛҚЫНДАП ШЫҚҚАН ТІЛ

БАБАЛАР ТАҢДАЙЫНАН ТОЛҚЫНДАП ШЫҚҚАН ТІЛ
ашық дереккөзі
256

Таяуда Шыңжаң Жазушылар одағының мүшесі, Көктоғай ауданы жазушылар бірлестігінің төрағасы, Дауылхан Нұрханұлымен сыр бөлісіп, екі ел арасындағы әдеби байланыстар туралы әңгімелескен едік. Шерткен сырларымызды,«Түркістан» газетінің ойлы оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік

– Дауылхан аға, бүгінгі таңда Алтайдағы қазақ әдебиеті қандай деңгейде деп ойлайсыз. Қазақ тілінің қанық бояуын көмескілендіріп алған жоқпыз ба?

– Бауырым, әуелі бүкіл қазақ елінің азаматтарына көп рахмет. Қазақтың тілі тұшымды, өткір орамды әрі жұмсақ тіл ғой. Мына біз жасап жатқан Алтай қазақтың ежелгі қонысы, қасиетті мекен, бұл әр қазақ баласына жат емес. Тауының биктігінен, даланың кеңдігінен бе, ауаның тұнық, суының мөлдірлігінен бе, тіліміз айшықты әрі бояуы қанық. Тіліміз толық бояуынан ешқашан ажыраған емес. Бабалар таңдайынан толқындап шыққан қызыл тілдің шоғы өше қойған жоқ. Алланың берген сыйы мен топырақтың ұлылығы осында болса керек. Тіл қасиетін өшірмеу басты назарымыздағы жұмыс. Әдебиеттің етек жеңін ұстап жүрген азаматтарымыз бар. Кең тынысымен, тіршілікке бой алдырмаған бір шоғыр әдебиетке келіп қосылды деп есептеймін. Салмағын ат, салауатын жер көтермейтін бұрынғылардан қалған сарқыншақтардың соңынан жеткен шоғырларды айта аламын, кейбіреуі халықаралық әдеби сыйлықтар да алып үлгерді. Жалпы тұтас дүниедегі қазақтың қанынан қасиет кеткен жоқ десек қателеспеген боламыз. Алды сендер жаққа барып, қазақтың көк байрағының түбіне тұрақтады. Бабалар ошағының шоғын өшірмеу үшін қоламтасын көсеген азаматтар екі жақта да бар. Әдебиеттің әсемдігін, ойдың көркемдігін солардан іздеуге болады.

– Біреулер бүгінгі әдебиет ұлттық нақышынан айырылып қалды деп жатады. Қысқа өлең жазуға қарағанда салмағы зіл батпан баллада жазуға машықтанған ақын ретінде сіз осы пікірге қалай қарайсыз?

– Анамыздың ақ сүтінен дарып, бабамыздың қадір-қасиетімен келген Поэзия дейтін көркемдікке жүрегімнен, алпыс екі тамырымнан ағытылып шыққан дүниемен қосылсам еш арман жоқ. Рухы өлмес соны шығарма жазу екінің бірінің еншісіне тие бермейді. Біздікі осы жолда құлшыныс қана. Уақыт – әділқазы. Халық – айна. Болашақ безбен. Осы сапарда дұрыс танымға келіп, өлеңге өлердей ғашық болмайынша, бақытың құтайматыны белгілі. Біздегі ғашықтық, жалпы жазушылардағы әдебиетке ғашықтық. Биік әрі таза болса, онда әдебиетіміз оңында. Ал салмақсыздыққа айналып арзандыққа бой ұрсақ. Ертеңі қиындау. Алла ғұмыр беріп, дүние тыныш болса қазақ әдебиет әлі талай белесті бағындыра алады. Ешқандай алаңдаушылық болмау керек. Талай жылдан бері қолымнан қаламым түскен емес. Мен қазақ әдебиеті үшін не бердім? Ертең не берем деген ой мазалайды. Тың бір тақырып, тамаша мазмұн жасай алмасақ та, әйтеуір сол бір ғашықтық. Соңғы бес жылда тұтас поэма жазуға ауыстым. Тамырымда шымырлап жатқан толқынды қағазға сала алмай жүрген жайым да жоқ емес. Бар поэманың саны қазір он бес шақты. Барлығы қоғам шындығынан алынған нәрселер. Түрліше шырғалаңдардан ақ бесік тербеусіз қалып, адамы жерлеусіз қалған қасіреттерді де жаздым… осындай қасіреттер жан дүниеме үлкен дақ салды. «Қанға батқан қара жол» деген шығармам содан жазылды. Ертістің етеңін ойлап, « Еңіреп аққан ерке өзен» дүниеге келді. Бұл екі жұртты толғандырған дүние. Қазір қоғам экономика тұмауына кіріптар болған кез, қазақтың кейінгі күні ойлантады. Қарт әке-шешелерін күтімханаға тастап кеткен қандастарымыздың жағдайын ойлап, кеудең жалынға айналатын кезі жоқ емес. Ұлттың тағдыры әдебиет тағдыры екені сөзсіз. Халықты дәрімен, витаминмен емдеуге болмайды, әдебеиеті болмаған кезде.

– Заман сұранысы шығар, ғаламтор әдебиеті мен жазба әдебиетті жарыстырып жатқан жайымыз бар. Болашақта түгелдей ғаламторға өтсек, кітап басылымы сорлап қалмай ма?

– Біздің әдебиет арыдан келген әдебиет, Күлтегін, Тоныкөктерден. Ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті, ғаламтор әдебиеті болып жалғасып келе жатыр, ауызда тұрып өлмеген әдебиет таңбада тұрып өшеді дегеннің қисыны аз. Күллі дүниені толғандырып тұраған бір нәрсе бар. Жер шарының жағасынан алған, қиян-кескі экономика дәуірі әдебиетімізге де ықпалын тигізуде. Кітап басылымының қарқыны баяу. Адамдардың ындыны ақшаға шектеліп барады. Бәрін ақша шешеді деген ұстаным бар. Осы ұстанымнан арылмасақ, көшіміз алға баспайды. Бірақ ақындардың, жазушылардың жүрегін ақшамен жаулаймын деген жан қатты қателескені. Әлем әдебиетін ешкім сатып ала алмайды. Ақ бесікте оянып, асқар тауға арқа тіреген қалпымызды жоғалтып, тілімізді тоналтып алмасақ болғаны. Тіліміз бен жүрегімізді жұттырып қоймас үшін қорғаныс жасап, сол ғаламтор жүйесіне тілдік мәтін орнатуға болатын шығар? Бірақ бүгін сәбидің бесігін компьютермен тербеп жатқандар да жоқ емес, ол әрқандай ұлт үшін үлкен қасірет. Ұрпаққа қиянат Қолдан жасалған. Тоқпен тербейтін шығар, жүрегімен ана сүтін емізе алама? Мәселе осында тұр. Бұрын түрліше газет-журналдарды, «Абай жолын» «Атау-кере», «Аласапыран» қатарлы кітаптарды таласып-тармасып, шам түбінде оқыдық. Сол кітапты сұрап барған үйде оқыған адамнан әсерін тыңдап, ой бөлістік. Бүгін мұның бәрі кімге керек? Әркім өз үйінде отырып-ақ ғаламды төңкереді. Адамдық менменсуден жалғыздық шығып отыр. Көре алмаушылық дертіне ұшырағандар да жоқ емес. Тұлпар мініп, ту ұстайтын азаматтардың белі бекем болса, ертеңі де нұрлы бола бермек. Жарық таң, жасыл жайлау алдымызда. Интернет қазір маңызды қаруға айналды, ол да өзінше бір майдан. Көңіліме сыймайтыны айнала жарнаманың базары боп барады. Интернетке шыққанның бәрі алтынның сынығы, асқар таудың биігі, аспанның жұлдызы деп айта алмаймыз.

– Қазақша театр бар ма сіздерде?

– Бар, сахналық қойылым ұлттық түсін жоғалтқан жоқ. Бірақ саны аз. Қазақ театры сорлап қалды. Ешкім жазбайтын болды», – деп жүрсек, өткен жылы сен әкелген театр журналын көріп, жақында жіберген театр журналдарын оқып, қабағат қуандық. Азаматтар бар екен ғой, ұлтына, ұрпағына жаны ашитын деп. Сол журналды шығарып отырған ұжымға, Болат Бекжан есімді азаматқа шексіз алғыс білдіргім келіп отыр. Өзі де өнерден алыс адам емес екені жазғандарынан менмұндалап тұр. Сәті түссе ол азаматпен сырласа жатармыз жол түсіп барып жатсақ. Қазіргі комедиялық театрларды өте керемет деп айтуға ертерек секілді. Пьеса жазатын адамдар сиреді. Жастар келмейді қазір. Барлығы өлең жазуда, ертең не болатыны бір Аллаға аян.

– Күңгірттік түсі басым шығармалар бәрімізді меңдеп бара жатқандай, ұлттық төл шығарма бояуынан солғындап кетті. Бізге модернизм қаншалықты керек?

– Мен де осы күңгірттік туралы толғанып жүрген жайым бар. Зиялы қауым білгенмен, қара қауым білмесе, бұл ұлтқа қатерлі нәрсе. Біреулер өзін зиялымын деп, әдебиетке зиянын тигізіп жүр. Тамаша көркем сұлулығынан айрылып, күңгірттікке енген шығарманың тағдыры да тым қысқа. Ешкім сапырып кете алмайтын, ағызып ала алмайтын таза қорғасын сөзді қор еткендер ойланатын шақ туады әлі. Бұл ағымға жалпы ағалар да аң-таң, ұйқасы бір қағаз бетіндегі нәрсе, адам ұға алмайтын жылтырақ. Не ой айтатынын ешкім білмейтін нәрсе, ол да бір шаршау шығар. Заман дамыды, поэзия дамыды десек, жылтырақпен дамып жақсылық таппасымыз белгілі. Өзгенің туын көтеріп, өзгенің тақымында терлеген шығармадан сақтансақ дұрыс. Мысалға, айтатынын айтып кеткен ұлы ақындардың шығармасынан күңгірттік табуға бола ма? Жоқ, олар жазса, кезінде білмеген жоқ, тазалықты көздеді ғой есілдер. Мұқағали «Үйректермен иректелген суларыңды сағындым» деп жазады, сол суларды көріп жүрміз, бірақ айта алмадық. Жаза алмадық. Ал Мұқаң қалай өрнектеп сурет салғанын ойлашы. Ол сол судағы көріністің тілі. Бұндай шығарманы халық радиодан тыңдасын, теледидардан көрсін, үйінде отырып оқысын, бірден түсіне қояды. Содан, міне, ақындық қасиет деп айтасың. Модернизмге тер төгіп, қызыл май боп жүрген азаматтар ұлтын сыйлап, адалдықтан айнымай, сол ағымның жетегінде кеткеннен гөрі, әлгі ағымға қасиетті тілімізбен барып, өрнегін дұрыс салса нұр болар. Қанша сұлу өлең жазған ақынды халық сонша сүйеді ғой. Тұма ағаңдар мен Қадеңдердің шығармасын айтшы, қандай керемет!

– Сіздің ойыңызша нағыз ақын қандай болады?

– Ақын деген халықтың жүрегі. Олар қандай жерде өмір сүрсе де, яки алыс-жақын болсын, бірін-бірі танып, қорғаштап, дұрыс бағалап жүрсе қуаныш. Жаға жыртысып, жанжалдасып, қадірін кетіріп жүретіндер болса, ол ақын емес. Мүшәйра деген нәрсе бар, аразанқол шығарманың жұлдызын жандырып тұрғандай сезіледі. Ақынмын деп құр айғайлай бергеннен гөрі ұлтына қызмет ете алса жақсы. Қоғамға, ортаға сәйкесуі керек. Онсыз ақын өмір сүре алмайды. Сахарада қалып кеткен қасиетті ойларды суреттеп, сахнаға көтерген Қасым, Төлеген, Жұматай, Жұмекен. Бүгінде Тыныштықбек секілді ақындарды нағыз ақын деуге болады.

– Алға құрған жоспарларыңыз қалай?

– Қазақстандағы қаламгерлердің үздік шығармаларын қытай тіліне аударсақ және өзіміздің төте жазуға түсірсек. Шығармашылық байланыс жасасақ деген жоспар бар. Қазір қолға алу үстіндеміз. Әр жыл сайын қолымызға Қазақстаннан көптеген кітаптар келіп тиеді. Арнайы сайттардан, өзің секілді бауырлардан алдырып оқып тұрамыз. Кіндік жұрттағы әдебиет қай биікте тұрғанын жақсы білеміз, дамушылықтары бар. Шетел әдебиеті мен әлем әдебиетін шығаратын «Көкжиек» журналы бізде жарық көреді. Содан көп мағлұмат аламыз.

– Қазақ елінен кімдердің шығармалары қолыңызда бар, атап берсеңіз?

– Мен өзім оқығандарымды айтатын болсам, прозашылардан Шерхан Мұртаза, Оралхан, Мұхтар, Дулат Исабек қатарлы кісілер. Ақындардан Қадыр, Тұманбай, Жұмекен, Мағжан, Мұхтар Шаханов, Мұқағали, Жаркен Бөдеш, Тынштықбек, Мұрат Шаймаран, Маралтай, Фариза, Күләш, Гүлнәр Салықбаевалар. Жастардан Ақберен, Ерлан Жүніс, Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлі, Ұларбек Нұрғалым, Танакөз қатарлы ақындардың шығармасымен таныспын. Ұлт үшін қызмет атқарып, әдебиетіміздің даңқын асыруға жалпымыз міндетті болайық.

– Аға, әңгімеңізге көп рахмет.

Әңгімелескен

Көгедай Шәмерханұлы

Серіктес жаңалықтары