Соңғы жылдары Қазақстан экономикасы бір мезгілде бірнеше маңызды сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Бір жағынан, макроэкономикалық тұрақтылық сақталып, мемлекеттік қарыз деңгейі халықаралық стандарттар бойынша қауіпсіз шекте қалып отыр.
Екінші жағынан, қарызға қызмет көрсету шығындарының жедел өсуі, жоғары базалық мөлшерлеме, салық саясатының өзгеруі және инвестициялық ағындардың қайта бағдарлануы ұзақ мерзімді экономикалық өсімге қатысты сұрақтарды алға тартады. Мемлекет басшысы алға қойған ВВП-ны 2029 жылға қарай 450 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту міндеті де осы факторлар аясында жан-жақты талдауды талап етеді.
Экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Юлия Владимировна Баеваның пайымдауынша, экономиканың нақты жай-күйін түсіну үшін тек көлемдік көрсеткіштерге емес, олардың ішкі сапалық мазмұнына назар аудару қажет.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 74,3 млрд АҚШ долларын немесе ЖІӨ-нің 25,3%-ын құрады. Бұл көрсеткіш көрші және көптеген шығыс елдерімен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Бұл нәтиженің маңызын қалай бағалайсыз және қарыз деңгейін қауіпсіз шекте ұстап тұруға қандай негізгі факторлар ықпал етіп отыр?
Ескерту: ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қазанда мемлекеттік қарыз көлемі 64,9 млрд АҚШ долларын құрады. Сізде 1 желтоқсанға арналған деректер бар ма?
(https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/documents/details/917198)
Мәселе мемлекеттік қарыздың көлемінде емес, оны қызмет көрсетудің құнының жоғары болуында. Мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге арақатынасы тұрғысынан алғанда, Қазақстан шынымен де көптеген елдермен салыстырғанда қауіпсіз деңгейде тұр. Алайда мемлекеттік қарыз проблемасына басқа қырынан қарауды ұсынамын. Жыл сайын республикалық бюджеттен қарызға қызмет көрсетуге және негізгі борышты өтеуге қомақты қаражат бөлінеді.
Мәселен, 2023 жылы қарыздарға қызмет көрсету шығындары 1,8 трлн теңгені, ал қарыздарды өтеу 2,4 трлн теңгені құрады. Осылайша, 2023 жылғы қарыз бойынша жалпы төлемдер көлемі 4,2 трлн теңгеге жетті.
2024 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 2,2 трлн теңге және 4,4 трлн теңге болып, жалпы сома 6,6 трлн теңгені құрады. Бұл соманың жыл сайын өсіп келе жатқаны байқалады, алайда мәселе өсімнің өзінде емес, оның қарқынында. Егер 2023 жылы қарызға қызмет көрсету мен оны өтеуге кеткен шығындардың ЖІӨ-дегі үлесі 3,5% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4% жетті.
Біз 2007 жылдан бастап талдау жүргіздік: сол уақыттан бері қарызға қызмет көрсету және оны өтеу шығындарының ЖІӨ-ге қатынасы жыл сайын өсіп келеді. 2007 жылы бұл көрсеткіш шамамен ЖІӨ-нің 1% ғана құраса, 2024 жылы 4% жетті.
Базалық мөлшерлеменің жоғары болуын ескерсек, қазіргі мемлекеттік қарыздар бюджет үшін өте қымбатқа түседі.
Сондықтан елдің жиынтық мемлекеттік қарызы салыстырмалы түрде төмен болғанымен, оны өтеу мен қызмет көрсету бюджеттің өзіне елеулі салмақ түсіреді.
Қымбат қарыз алудың екі негізгі салдары бар. Біріншіден, нақты секторды дамытуға бағытталуы тиіс қаражаттың едәуір бөлігі қарызды өтеуге жұмсалады. Екіншіден, жаңа мемлекеттік қарыздарды тарту үшін пайыздық мөлшерлеме инвесторлар үшін тартымды болуы керек. Бұл өз кезегінде инвестициялық ағындарға әсер етеді: капитал жоғары табыс ұсынатын мемлекеттік бағалы қағаздарға бағытталып, жеке секторға аз барады. Нәтижесінде инвестициялар жеке сектордан мемлекеттік секторға ығысады. Бұл экономиканы либералдандыру міндеттеріне кедергі келтіруі мүмкін, себебі мемлекеттік қарыз инвестициялық ағындардың құрылымын өзгертеді.
Осылайша, мемлекеттік қарыз мәселесіне тек көлемі тұрғысынан емес, оны қанша қаражатқа қызмет көрсетіп отырғанымыз тұрғысынан қарау қажет.
– Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ-сін 450 млрд АҚШ долларына дейін, яғни екі есеге ұлғайту міндетін қойды. Қазіргі экономикалық өсім қарқынын (9 айда 6,3%) ескерсек, бұл мақсаттың қаншалықты шынайы екенін қалай бағалайсыз?
- Шынында да, алты жыл ішінде елдің ЖІӨ-сін долларлық мәнде екі есеге арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл үшін жыл сайын ЖІӨ-нің номиналды өсімі шамамен 12%, ал нақты өсім 6–7% деңгейінде болуы тиіс. Қазіргі көрсеткіштерді ескерсек, бұл міндетке қол жеткізу теориялық тұрғыдан мүмкін.
Алайда Қазақстан экономикасы үшін ВВП-ны екі еселеу міндетінің өзінде ішкі қайшылық бар. Мұндай өсімге жету үшін экономикалық белсенділікті ынталандыратын шаралар қажет. Бірақ қазіргі жағдайда экономикалық тетіктер әртүрлі бағытта жұмыс істеп отыр. Мысалы, Ұлттық банк инфляцияның өсуі аясында қатаң ақша-несие саясатын жүргізіп, жоғары базалық мөлшерлеме арқылы тұтынушылық және инвестициялық белсенділікті тежейді. Жаңа салық саясаты (ҚҚС-тың өсуі және басқа да шаралар) да ұқсас шектеуші әсер етеді.
Ал бюджет саясаты, керісінше, экономикалық белсенділікті ынталандыруға бағытталған. Сондықтан, менің ойымша, қазіргі жағдайда екі бірдей ауқымды мақсатты қатар іске асыру қиын: бір жағынан – ЖІӨ-ні екі еселеу, екінші жағынан – бюджеттің фискалдық тұрақтылығын арттыру және республикалық бюджеттің трансферттерге тәуелділігін төмендету.
– Халықаралық қаржы институттарының бағалауы бойынша, Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың АҚШ долларына жақындап қалды. Бұл деңгей елдің мәртебесіне қаншалықты сәйкес келеді және одан қандай қорытынды жасауға болады?
- Жан басына шаққандағы ЖІӨ, әдетте, экономиканың өндірістік нәтижелерін уақыт бойынша және басқа елдермен салыстыру үшін қолданылады. Алайда мұндай салыстыруды номиналды доллар бағамымен емес, сатып алу қабілетінің паритеті (САҚП) бойынша жүргізген дұрыс. Себебі Қазақстанда және, мысалы, АҚШ-та 1 АҚШ долларына сатып алуға болатын тауарлар мен қызметтер жиынтығы әртүрлі, сондықтан номиналды көрсеткіштер бойынша салыстыру әрдайым дұрыс бола бермейді.
ТМД Статкомитетінің деректері бойынша
(https://new.cisstat.org/ru/web/guest/702), Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ САҚП бойынша шамамен 41 мың АҚШ долларын құрайды, бұл көрсеткіш Ресейден (47 мың АҚШ доллары) ғана төмен.
Дегенмен, бұл көрсеткішті халықтың әл-ауқатының өзгеруін бағалау үшін негізгі индикатор ретінде қолдануға болмайды. Әл-ауқат, ең алдымен, нақты табыстардың өсуімен, өмір сүру ұзақтығымен және сапасымен, білім деңгейімен, аурушаңдықтың төмендеуімен, экологияның жақсаруымен және басқа да әлеуметтік факторлармен өлшенеді. Сондықтан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішін өте сақтықпен пайдалану қажет: кей жағдайларда ол халықтың табысы мен тұрмыс деңгейінің артқанын көрсетсе, басқа жағдайларда өмір сапасы айтарлықтай жақсармай-ақ өсуі мүмкін.