Атыраулықтар екпеден ат-тондарын ала қашуда

Атыраулықтар екпеден ат-тондарын ала қашуда

Атыраулықтар екпеден ат-тондарын ала қашуда
ашық дереккөзі
251

Атырау тұрғындары сәбилеріне екпе салғызудан жаппай бас тартуда. Дәрігерлер түсіндіру жұмыстарына белсене кіріскенімен, ата-аналарды райынан қайтара алар емес. Бұл туралы  «Астана» арнасы хабарлады.

Өткен жылдың статистикасына сүйенсек, облыста 309 сәбиге ата-анасы екпе салғызудан бас тарса, биылғы жарты жылдың өзінде 306 балаға екпе жасалмаған. Мәселен, аты-жөнін жария етпеуін сұраған 29 жастағы келіншек арна тілшілеріне екпеден бас тарту себебін былай түсіндірген: “Интернеттен неше түрлі жағдайларды көріп жатырмын. Екпе алған баланығ бірі сал болып қалған, бірінің құлағы естімейді, мұрыны өсіп кеткен. Баламның денсаулығы үшін, денсаулығын қорғау үшін екпеден бас тартып отырмын. Мен бірінші баламда да қарсы болғам, екінші қызыма да екпе салдырмаймын деп шештім”, – дейді.

Ал дәрігерлер екпеден бас тарту сәбидің болашағына балта шабумен бірдей екенін түсіндіріп әлек. “Нәрестенің дүниеге келген алғашқы 12 сағатта және 3 күнге дейін салынатын гепатит пен туберкулездің алдын алатын екпенің қажеттілігін ата-аналар білмейді”, – дейді ақ халаттылар. Мәселен, тек былтырғы алты айда осы перзентханада 98 сәбиге ата-анасының қарсылығымен екпе салынбаса, биыл 177 сәби қауіпті аурулардан қорғанатын вакцинаны алмаған. Бас тартушылардың 90 пайызы дін жолында жүрген отбасылар екен.

Атырау облысы перзентханасы бас дәрігерінің бала ісі жөніндегі орынбасары Әлмира Сабырғалиеваның айтуынша, емханадағы қалың папка бас тартушылардың арыздарына толып қалған. Өз дегендерінен қайтпайтын ата-аналар арызды тіпті нотариалды куәландырып тапсыратын көрінеді.

Мәжбүрлеп егуге құқығы болмағандықтан дәрігерлердің қолы байлаулы. Олар екпе салдырмаудың салдары жұқпалы ауруларға әкеп соқтыратынын ескертумен ғана шектелуде. Мысалы, соңғы кезде аймақта қызылша дерті белең алды. Өткен жылы қызылшаға шалдыққан 23 науқас тіркелсе, биылғы алты айда 44 адам дәрігерге шағымданған. Олардың барлығы да –  қызылшаға қарсы екпе алмағандар.

Серіктес жаңалықтары