Ұлысқа жақын болу– ұяттан

Ұлысқа жақын болу– ұяттан

Ұлысқа жақын болу– ұяттан
ашық дереккөзі
217

Мемлекеттік қызметкерлерге талап күшейе түспек

Билік пен халық арасындағы көпір үзіліп қалған. Біраз уақыт бұрын. Мұны таяуда әкім-қаралармен кездескен жиында Елбасы да ескертті. Түрлі деңгейдегі әкімдерді халыққа қызмет етуге шақырған ол: «Халықтың мұң-мұқтажына жақын болғанда ғана елде тәртіп те, құрмет те болады», – деді. Бұдан былай ауыл әкімдері мәслихат арқылы сайланбақ. Ал қазақша білмейтіндер әкімдік тақтан тіпті дәметпейді де.

Әкімнің орынтағын он жылдап «жылы­тумен» ғана айналысқан әкімдерге Президент өз еркімен отставкаға кетуді ұсынды. Ал бірнеше облыстың әкімі сол жиыннан сөгіс арқалап қайтты. Жылы-жұмсақ пен шен-шекпеннің дәмін бір татып алған бойкүйез әкім-қаралардың орындарын өз еркімен босата қоюы неғайбыл. Бірақ басты міндетін халыққа қызмет ету деп білетін әкімдердің саусақпен санарлықтай екендігі анық. Былтыр жыл соңына қарай барлық деңгейдегі әкім-қараны алдына жинаған Елбасы халыққа қызмет етуге пейілсіз шенеуніктерді сынға алған болатын. «Мансап баспалдағымен тек кәсіби тұрғыда білікті мамандарды ғана жоғарылату керектігін мен бір емес, бірнеше рет айттым. Бүгінде кейбір аудан мен қала әкімдері бір орында он жылдан бері отыр! Мұнда тұрған ештеңе жоқ, егер жұмыс жақсы жүріп жатса. Мұндайларды билік басынан аластау қажет. Олардың өздері де әкімдіктен кетуді немесе басқа жұмысқа ауысуды қарастыруы тиіс», – деп ашық айтқан Н.Назарбаев шенеуніктерге мемлекеттік қызметкердің мойнына артылатын жүк пен міндетті еске салған. «Мемлекеттік қызметкер» ұғымының астарында қызмет ету міндеті бар екенін ескерткен ол шенеунік біткенді, жоғары оқу орындарының ректорлары, мектеп директорлары мен тіпті балабақша меңгерушілерін басшылық қызметке орналаса салысымен, халыққа қызмет етуді естен шығаратынын сынға алды: «Мен адам тағдырына жауап беретін түрлі әкімдік қызметкерлері мен шенеуніктерді айтпай-ақ қояйын. Бірде бір нарықтық экономикада жоқ нәрсе: мемлекеттік қызметкер Қазақстан халқы төлейтін салық есебінен қаржыландырылады, халық сіздерді қызметке алды, мені де. Олар бізге емес, біз оларға қызмет ету үшін! Қанша рет айтуға болады? Адамдарға, олардың мұң-мұқтажына жақын болу керек. Сонда ғана құрмет те, тәртіп те болады».

Соңғы кездері мемлекеттік тілді дамыту мәселесі биліктің басты назарында. Былтыр Үкімет басына келісімен-ақ, Премьер-министр Серік Ахметов Министрлер кабинетіндегі мемлекеттік маңызы бар барлық жиындар тек мемлекеттік тілде өтетінін мәлімдеген. Президент халыққа Жолдауында да мемлекеттік тілді дамытуға қатты көңіл бөлді. Қазақстанның Қазақ мемлекеті екенін, Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін және 2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиістігін көлденең тартқан Нұрсұлтан Әбішұлы әкімдік қызметке сайланатын және тағайындалатын тұлғалар егер қазақ тілін, яғни, мемлекеттік тілді білмесе, әкімдік орын бұйырмайтынын ашық айтты.

Әкім-қаралармен өткізген сол жиналыс­та Елбасы мемлекеттік қызметтің сапасы жоғарылап, саяси мемлекеттік қызметкерлер саны 8 есеге күрт қысқаратынын айтты. Сол жиыннан бірнеше әкім алғыстың орнына сөгіс арқалап қайтты. Қол қусырып қарап отыратын, өз бетінше әрекет етуге құлықсыз әкімдерді сынға алған Президент: «Біздің әкімдер бюджетке әбден сеніп алған. Мемлекеттен бөлінетін қаражатты бөліп беріп, құрылысты жүргізумен ғана айналысқысы келеді. Ақмола, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары соңғы үш жылда небары 550 мың доллар көлеміндегі шетелдік инвестиция тартты. Трансферттің 60 пайызға өскеніне қарамастан!». Ол Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловке «Ауызсу» бағдарламасы бойынша жұмыс істемейтін нысандарға қатысты деректерді жасырғаны үшін ұрысты.

Н.Назарбаев тарапынан сын тезіне іліккен тағы бір мәселе – қағазбастылық. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың соңғы кездері бір-біріне қайшы келетін тексерулер саны артқанын айтуы оның ашуына тиді. Президенттің пікірінше, біртұтас мемлекеттік бақылаушы орган құру керек. Осы орайда, Н.Назарбаев экс-премьер Кәрім Мәсімовті де басынан сипаған жоқ: «Бұл Мәсімовтің премьер-министр боп тұрған кезінде он мыңдаған тексерулерді қысқартуға күші жетпегінін көрсетеді. Қаржы министрлігі, Есеп комитеті қызметкерлері бірінің артынан бірі толассыз тексерулер жүргізеді». Алдына бастары салбырап, жер шұқып отырған әкімдерге: «Мемлекеттік қызметкер «қызмет ету» сөзінен шыққанын мен қайталаудан жалықпай келемін. Естуімше, ҚР Білім министрлігінің тек бір департаментіне аймақтар есептің 300 түрін дайындайды екен. Оны әзірлеу үшін небары бір облыстың мектептер мен балабақшалары 100 мыңнан астам есеп беруге мәжбүр. Оған 1 жарым, екі айдай уақыт кетеді екен. Сонда олар жұмысты қашан істейді? Тонналаған есептер, шын мәнісінде өзгерген ештеңе жоқ», – деп кейіген ол дәрігерлерге адамдарды емдеуге, ал мұғалімдерге балаларды оқытуға мүмкіндік беру қажеттігін айтты. Бұдан былай әкімдердің рейтингін анықтайтын арнайы тізім құрылады. Басты көрсеткіштер – халықты жұмыспен қамту, яғни жұмыссыздықпен күрес. Сонымен қатар ауыл әкімдері жергілікті сайлауларда мәслихат арқылы сайланбақ. Сайлау тәртібі: аудандық мәслихатқа аудан әкімі кемінде екі үміткерді ұсынған соң, халық атынан өкілдік ететін депутаттар дауыс беру арқылы білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті мен бағдарламасына қарап сайлайды. Алдымен ауылдардағы 2 жарым мың әкім сайлауға түседі. Бұл жалпы әкім-қараның 90 пайызына тең. Қалған аудан мен қала әкімдері – 212. ауыл әкімін жергілікті халықтың тікелей араласуымен қызметке қою, өңірлердегі талай мәселенің орталықтардағы кабинеттерде емес, сол жердің өзінде шешілуіне зор мүмкіндіктер туғызатыны сөзсіз. Мысалы, әкім бюджеттен қаржы бөлінетін 15 бағдарлама бойынша ауыл ақсақалдарымен, белсенді тұрғындармен өзара жұмыс істеп, шешілуге тиісті тұсқа керекті соманы бөлуге ұсыныс бере алады.

Түрлі мерекелерді тойлауға құмар әкімдер бюджет қаражатын ысырап ететіні анық. Тойшылдар мен коммуналдық төлемдердің бағасын көтерген әкімдерді де оңдырмады Президент. Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетовке аймақтардағы бюд­жеттік қаражатты мақсатты игерудің сапасын арттыруды тапсырды. 2012 жылды 1 қарашасында бюджеттің 143 млрд. теңге­сін аймақтар игере алмапты: «Бұл қаржы бір облыстың бір жылдық бюджетіне тең». Жиыннан кейін Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Жамбыл, Шал ақын аудандарының әкімдері жұмыстан босатылса, былтыр Шымкент пен Арыс қалаларының, Ақмола облысында Ерейментау, Батыс Қазақстанда Ақжайық, Сырым және Қазталов аудандарының әкімдері отставкаға жіберілген болатын.

Аталмыш жиында Н.Назарбаев Президент жанынан Ұлттық комиссия құрылатындығын және аталған құрылым «А» корпусына кадрлық резерв таңдайтынын айтты. Сондай-ақ, аттестациялаудың нәтижесі бойынша елдегі құқық қорғау органдарының қатарынан жеке құрамның 25 пайызы кеткенін хабарлады. Ресми деректерге сүйенсек, 900 адам лауазымды қызметінен босатылған, 400-і басқа жұмысқа ауыстырылып, 250-і жұмысынан өз қалауымен шыққан. Аттестациядан сәтті өткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы 2013 жылдан бастап жоғарылатылмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары