1432
Біз – бір елміз, бір халықпыз
Біз – бір елміз, бір халықпыз
Қазақ тағы бір белес басына шықты.
Тәуелсіздіктің 21 жылдығы тойланды.
2050 жылға дейінгі даму жолы сараланды.
Бұған дейінгі жолымызда не бар еді?
style=’text-align: jutify;’>Президент Астанадағы сәулетті опера театрының сахнасында, жұма күні жариялаған кезекті Жолдау өткен 21 жылдық қалыптасу жолын түйіндеп, алдағы 38 жылдық даму сорабын саралады.
Бұл Жолдаудың маңызы мен мәнін сараптамас бұрын оны бұған дейінгі маңызды стратегиялық құжат – 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасымен салыстырып көрген абзал.
«2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» жалпы шамасы 13 687 сөзден тұратын. Жаңа құжаттың одан мың сөзі артық. Барлығы 14 656 сөз. Ауқымды құжаттың айтары да көп.
Бұған дейінгі 2030 жылды межелеген бағдарлама бұрынғылардан жеткен даналық сөздерге бай еді. Оның ішінде қазақтың мақал-мәтелі мәтінде екі рет, айдар түрінде екі рет қолданылған болатын.
Ол бағдарламада «әкелік» үн, қамқорлық сарын басым болатын. Сөздің басы «Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді?» деген сұрақтан басталады да, одан әрі «Біз басқа елдердің тәжірибесін зерделей алсақ та әрі солай етуге тиісті болсақ та және халықаралық қоғамдастықтағы қолайлы үрдістерді пайдалана алсақ та, біздің жасымызға жеткенде балаларымыз бен немерелеріміз мақтан ете алар Қазақстанды құру жөніндегі үмітіміз бен арманымызды іске асыру үшін қажетті осынау орасан зор жұмысты өзге ешкім де емес, тек біздің өзіміз ғана игере аламыз» деп түйінделген.
1997 жылғы Жолдау – бетбұрысты құжат болатын. Өйткені осы жылдан бастап Ел Президентінің халыққа жолдау жариялауы дәстүрлі оқиғаға айналды.
Әуел баста 33 жылға жоспарланған салиқалы құжат 15 жылда өміршеңдігін дәлелдеді. Президенттің өз сөзімен айтқанда, «осы жылдар ішінде біздің Стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді».
Жалпы, он бес жылда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі алған асуы да, жетістігі де аз емес. Мұның бәрін Президент санамалап, қадап-қадап айтып өтті. Ең бастысы, «Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі», – деді Елбасы.
Бұл құжатта «қазақ» деген сөздің өзі бір-ақ жерде «Алайда, шовинизм мен ұлтшылдық әлi толық ұмытыла қойған жоқ. Мұндай процестердi қыздыра түсу әрекеттерi халықтың көпшiлiгiн қызықтырмайды, керiсiнше олардың наразылығын тудырады. Русофобия күрт кемiп, қазақ дәстүрлерi мен тiлiнiң қайта өрлеу үрдiсi табиғи құбылыс деп қабылданатын болды. Қоғам этникалық проблемаларды бұрынғы жылдарға қарағанда анағұрлым байыппен, сындарлы және ашық талқылайтын болды» деген абзацта кездесетін.
Сонымен, «Қазақстан-2030» стратегиясының толықтай жүзеге асыруын күтпей-ақ, алға жаңа міндет, жаңа меже белгіленді.
Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа жолдауында мемлекет өміріне, қоғам дамуына қатысты бар саласы, мәселелер жан-жақты қамтылған. Оның бәрін тізбелеп жатуды артық көрдік. Оның үстіне, жиыны 14 600 сөзден асатын стратегиялық құжат алдағы 38 жылда талай қайта оқылып, қаралып, Елбасының өз сөзімен айтқанда, оған өмір ағымына қажетті түзетулер мен өзгерістер енгізіліп отыруы да заңды.
Бұл бағдарламаның біз байқаған, ел аңғаруға тиіс, кешегі 2030 стратегиялық құжатымен салыстырғанда, бірқатар өзгешеліктері бар. Бірі – құжат ХХІ ғасыр жастарына арналған. Н.Назарбаев өз сөзінің мәйегін жастарға, Қазақстан жастарына бағыштады. «Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35» деген Президент «Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер» екенін пысықтады.
Екіншіден, стратегиялық бағдарлама ел бірлігін бекіте түсуді көздейді. Осы жолы Елбасы елдің бірлігіне, халықтың біртұтастығына көп маңыз бере сөйледі. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», «Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі», «Ел бірлігі – ең асыл қасиет», – дейді Президент. Бұл жерде бірлікті сақтауда, елдің тұтастығын сақтауда қазақтың мойнына артылар жүктің орасан екенін Елбасы еске салды. «Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт», – деді Президент.
Қазақтың шежіресінің өзі бірліктің мысалы ретінде ауызға алынды. «Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым» деп қадап айтты Н.Назарбаев. бұл орайда «қазақ» терминінің 28 рет, ал «бірлік» ұғымының 14 рет қайталанғанын атап өту керек.
Үшіншіден, бұл жолдауда «ұлт», «халық» ұғымдары біртұтас, жалпы түсінікте қолданылған. Барша ел азаматтарын бір ұлт, бір халық етіп тануға талпыныс бар. Бұл осы «ұлт» ұғымын 18 жерде қолданудан айқын аңғарылады. Ал «қазақ ұлты» термині үш жерде кездеседі. Бұлардан бөлек «жалпыұлттық» ұғымы 4 рет, «көпұлтты» немесе «ұлттар мен ұлыстар» ұғымдары 8 рет пайдаланылған. Мұның бәрі Қазақстанды мекендеген 100-ден астам этносты бір ғана ұлтқа біріктіру саясатының анық дәйегі ғана. «Біз – бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз», «Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс», «Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз» деген Н.Назарбаев мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстыратын, елді біріктіретін роліне айрықша тоқталды.
Жалпы, «қазақ тілі» ұғымы (ара-тұра мемлекеттік тіл немесе ана тілі) құжатта 20 мәрте кездеседі. Бұл «2030 Стратегиясымен» салыстырғанда мемлекеттік тілге көзқарастың едәуір жақсарғанының көрінісі болса керек (Кестені қараңыз).
«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз» деген Елбасы бұған дейін қоғамда көп талқылауға түскен латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты шешімін айтты. «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз».
Сонымен, 2025 жылға дейін қазақ тілі латын емлесіне көшіп, тұрғын халықтың 95 пайызы қазақша сөйлеуі тиіс. «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн», – деді Президент.
Елбасы Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екенін тағы бір рет еске салды.
Бұдан әрі үштұғырлы тіл саясатын ұстанудың да жалғасатынын айтты. «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек» делінген Жолдауда.
Асылы, 2050 жылға дейін Даму стратегиясын жүзеге асыру үшін, Қазақ елінің тәуелсіздігін баянды ету үшін бірлік пен татулық қажет екені шүбәсіз. «Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай», – деген Президент: «Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз», – деп өз сөзін түйіндеді.
Гүлбиғаш Омарова