Салықтың төмендігі – тұрақтылық кепілі

Салықтың төмендігі – тұрақтылық кепілі

Салықтың төмендігі – тұрақтылық кепілі
ашық дереккөзі
282

2020 жылы еліміз қаржылық дағдарысты еңсерген, бәсекеге қабілетті экономикасы мен өндірістің инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасаған мемлекетке айналуы тиіс. Сондықтан еліміздегі салық түрлері жеңілдетілген. Заманауи салық түрлерін қалыптастыру Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. Салық жүйесінің сан түрлілігі әлем елдерінің тәжірибесінен айқын көрінеді. Еліміздің салық жүйесінде халық үшін жеңілдіктер өте көп. Мәселен халықтан жиналатын салық есебінен күн көріп отырған құрылымдар бар. Бірақ Қазақстанда кейбір салық түрлерінде өзгерту енгізу қажет. Бұл туралы Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев айтқан еді.

Әлемнің көптеген елдерінде әртүрлі салық жүйесі қалыптасқан. Қазақстан салықтың жаңа түрлерін ойлап тапқан жоқ. Еуропада темекі мен алкогольге өте жоғары айыппұл белгіленген. Сауық мекемелері өз қонақтарын жоғалтпау үшін Үкіметке миллиондаған сомамен салық төлеуге мәжбүр. Қазақстанда бұл жүйе қалай қалыптасқан? Бізде темекі үшін айыппұл көп емес. ҚР Мәжіліс депутаттары қолға алған салықтың түрі – темекі өнімдеріне салынатын акциз. Елімізде 4 миллион адамның шылым тартатынын айтқан олар, халық денсаулығына төнген қауіптің бетін қайтаратын бір жол – темекінің бағасын өсіру дейді. Үкімет бұл пікірдің жаны бар екенін мойындағанмен, акцизді дәп қазір көтеруге құлықты емес.

Қазіргі қаржылық дағдарыс кезінде мемлекеттік бюджеттің кіріс қаражаттарын қалыптастыру қажеттілігі маңызды болып отыр. Себебі қазіргі кезде мемлекет акциз салығының ставкасын өсіре отырып, біріншіден, бюджеттегі қаржылық ресурстарды көбейтеді және қоғамдағы тұтынатын зиянды тауарлардың сатылуын, таралуын, пайдаланылуын біршама шектей алады.

Алғаш рет акциз салығы XVIII ғасырда нанға және етке салынған. Қазақстанда ірі акциз салығын төлеуші компаниялар төлейтін салықтың мөлшері көп деп шағымданған емес. Арақ-шарап өндіретін «Бахус» шарап зауыты, «Жетісу», «Юникс», «PARLAMENT-ICE», әлсіз алкогольді газдалған сусын шығаратын фирмалар және Алматы арақ-шарап зауыты, сондай-ақ, АҚ «Филипп Моррис Қазақстан», Алматы және Шымкент темекі зауыттары, Атырау, Ақтау, Маңғыстау мұнай-газ өндіретін және Павлодар, Шымкент, Екібастұз жанар-жағар май өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар Үкіметке ірі көлемде акциз салығын төлейді. Шетелдерде бүгінгі таңда күлкілі де күмәнді салық түрлері көп. Олардың деңгейі де жыл сайын өсіп отырады, бірақ жергілікті халықтың табысы жақсы болғандықтан, салық төлеуден бұлтармайды. Сондықтан кәсібін Қазақстанда жүргізуге кет әрі емес олар. Қазақстан Республикасында салықтың жеңілдігін пайдаланып, бизнестерін осында жүргізетін халықаралық алпауыт компаниялар бар. Табысының көлеміне қарамастан еліміздің салықтарын төлеп, өз акционерлерін сайлауы тиіс.

Жанармай көп жағылса – салық та көп

Көлік жүргізушілерден құлағым шалғаны – көлік құралдары салығы көптің көңілінен шықпайды. Көлік қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден төмен жеңіл көліктерге салық ставкасы төмендетілді. Бірақ қозғалтқыш көлемі бір бірлікке артқан сайын салық мөлшері де 7 теңгеге көбейеді екен. Бірақ бұл да жүргізушінің ойынан шығып тұрған жоқ. «Мен көлігіммен жұмысқа ғана барып-келем. Анда-санда ғана қала сыртына шығамын. Бірақ жыл сайын өкіртіп тұрып салық төлеймін, бірақ көлікті аз пайдаланам ғой», – дейді көлік иесі. Қоршаған ортаға зияны тиіп отырған жоқ, ал мұндай шағымданушылардың саны жыл сайын артып келеді.

Осындайда көлік салығы жағылатын жанармайдың есебінен алынса, халыққа пайдасы мол болар еді. Яғни кім көп жанармай жағып, көлікті көп пайдаланса, сол салықты тиісінше төлейді. Себебі жанармай есебінен салық ұсталып отырады ғой. Онда көлігін аз пайдаланатындар салықты да аз төлейді. Бұл ретте салықтан бұлтаратын «таксистер» қауымы еске түседі. Олар тіркеуде болмаған соң табысын бөліскісі келмейді, бірақ жанармайды көп жағады. Ендеше олардан салықты артығымен ұстап қалуға болар еді.

Салық органдары елге әртүрлі қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта бұл қызметтің 30-40 түрі бар. Салық органдарының қызметін қадағалап отыратын халықаралық ұйымдар да бар. Соның бірі – әлеуметтік сараптама жасайтын «Doing business» ұйымы. «Doing business» биржалық банкінің сараптамасы бойынша, 2007 жылдан бастап еліміз жоғары көрсеткішке ие бола бастаған. Биыл осы ұйымның көрсеткішінде 183 елдің ішінде 17-ші орынға ие болдық. Бұл біздің салық органдары қызметтерінің жылдан-жылға жақсарғанын көрсетсе керек. ТМД елдері арасында бірінші орында тұрмыз, ал Ресей жүзден кейінгі сатыға түсіп қалған. «Тиімсіз салықтық әкімшілендіру туралы мәселеге келсек, онда елімізге қатысты халықаралық ұйымдардың берген бағалары керісінше, жағымдыны дәлелдеп отыр деп ойлаймын. Өйткені бізде басқа елдерге қарағанда салықтық жүктеме төмен және бұл инвесторлар тарту мен бизнесті дамыту үшін қолайлы болып табылады», – деді Қаржы министрі Болат Жәмішев.

Кіріс пен шығыс есебі

тапсырылады

Ал жеке бастың табыс салығы 2013 жылға дейін өзгеріссіз – 10 пайыз күйі қалады. Әйтпесе үкімет келесі жылдан бастап аталған салықты өсіруге ынталанған болатын. Жалпы еліміздің салық жүйесіндегі өзгерістер туралы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев «Bnews» сайтындағы онлайн-конференцияда егжей-тегжейлі айтқан еді.

«Салықтық қызметті жақсарту жүйесін автоматты түрде енгізуге тырысып жатырмыз. Салық төлеуші біздің салық органдарына келмей-ақ, үйінде отырып-ақ компьютермен салық қызметінің түрлерін ала алатын болады. Әр салық төлеуші өзінің декларацияларын тапсырып отырады. 2011 жылдан бастап сол декларацияның түрін 30 пайызға азайтуға тырысып келеміз. Салық органдарының сайтында жеке кәсіпкерлерге көрсететін автоматты қызметтер бар. Басқа да мемлекеттік органдар мен салықтық жүйені біріктіріп, «е-үкімет» жасап жатқанын білесіздер, бүкіл қызметтің бәрі бір органға берілетін болады», – дейді Әнуар Жұмаділдаев.

– Салық жүйесін реформалауда бірінші кезекте бизнес өкілдеріне және салық төлеушілерге жағдайды жақсарту, оңайлату ойға алынады. Біз олармен қарым-қатынас жасағанда әртүрлі бизнес процестерден өтеміз. Біздің арамызда салықтық саясат бар, соны жеңілдету керек. Бизнес процесстерде салық төлеушінің жұмысы көптеу, әрине. Сондықтан салық төлеушілерге кезекке тұрмайтындай әртүрлі жеңілдік жасап отырмыз. Осының бәрі реформада қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда пилотты түрде Алматы қаласын электрондық жүйеге ауыстырдық. Енді әрі қарай бүкіл республиканы қамту көзделуде. Салық инспекторының алдында отырып сөйлескеннен кейін кнопканы басып, «қанағаттандым» немесе «қанағаттанбадым» деген өзінің пікірін білдіруге болады, – деді ол.

Шындығын айтқанда, қазір кәсіпкер ретінде тіркелу өте оңай. Ал оны жабудың өзі бір машақат. Оны кәсіпкерлер де, жа-уып көрген адамның өздері де біледі. Тексеру жылдарға созылып жатады. Соның ішінде мұқият тексерістен өтетін де кәсіпкерлер бар. Өйткені олар салықтан жалтарып қашады. Солардың арасына кейде кішігірім жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де кіріп кетеді. «Жоғарыда айтқанымыздай, биылдан бастап салықтық заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Соның ішінде біз осы сұрақты да қамтыдық. Ол бойынша салық төлеуші қосымша құн салығын төлемейтін болса, оларды біз тексерусіз, камералық түрде компьютермен тексеріп, жағдайы келіп тұрса, автоматты түрде жауып жібереміз. Қазіргі кезде біз оларды автоматты түрде жаба салуға құқығымыз жоқ. Сондықтан осындай ыңғайлы түрін келесі жылы енгізетін шығармыз, – сөзін аяқтады Әнуар Серқұлұлы. «Жаңа Салық кодексі ТМД елдерімен кедендік кедергілердің болмауы есебінен біздің елімізде инвестициялық климаттың біраз жақсаруына мүмкіндік береді. Ол (Салық кодексі) Қазақстанда бизнес жасауды отандық та, сол сияқты шетелдік те өндірушілер үшін аса тиімді етеді. Осыған байланысты ол шикізаттық емес секторға салық машақаттарын төмендету үшін корпоративтік табыс салығын 2009 жылы 30%-дан 20% дейін, 2010 жылы 17,5% дейін және 2011 жылы 15% дейін кезең сайын төмендету қарастырылады. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін, оларға біздің экономикамызға қосымша инвестициялау үшін біраз айналым құралдарын бөлуге мүмкіндік беретін жақсы қолдауға айналады. Мен егер қазір жаңа Салық кодексінде корпоративтік салық бойынша алдын ала төлемдер алып тас­тау ұсынылғанын жарияласам, кәсіпкерлер қуанады деп ойлаймын», – деді Президент Н.Назарбаев.

Елбасы Жолдауында Үкіметтік қызметкер­лердің тек кірісі емес, шығысы жайында да декларация тапсыруы керек деген тапсырмасы болды. Бұл мәселе әзірге жан-жақты сарапталып жатыр. 2014 жылдан бастап Үкіметтік мекемелер, үкіметке қатысы бар мекемелер, «ҚазМұнайгаз» және де басқа ұлттық компаниялар есебін тапсырады. Қалғандары 2016 жылы зейнеткерлерден бастап бірінші декларацияларын тапсырады. Ал 2017 жылдан бастап жылдағы өсімін үстінен қосып отырады. Қазіргі уақытта үкіметтік қызметкерлер және депутаттар, судьялар осы есепті тапсырып отырады. Кіріс пен шығыс сәйкес келіп отырса ғана бізде көлеңкелі бизнес, сыбайлас жемқорлық, көлеңкелі экономика болмайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталған Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселе жеке-дара аталып өтті.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары