БАЙЛЫҚТЫҢ БАСЫ — ДЕНСАУЛЫҚ

БАЙЛЫҚТЫҢ БАСЫ — ДЕНСАУЛЫҚ

БАЙЛЫҚТЫҢ  БАСЫ — ДЕНСАУЛЫҚ
ашық дереккөзі
230

Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің демографиясына қомақты үлесін қосып жатқан өңір. Халқы тығыз қоныстанған аймақта бала туу көрсеткіші де жоғары. Сондықтан да демографиямыздың жыртығын жамап отырған облыстың әлеуметтік һәм медициналық жағдайы қашан да мемлекет назарында болатыны сөзсіз.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында айтылғандай, халықтың орташа өмір сүру деңгейін 70 жасқа ұзарту қолға алынуда. Облыстың денсаулық сақтау жүйесін 122 дербес медициналық ұйым құрайды. 2010-2011 жылдары өңірде 134 денсаулық сақтау нысаны іске қосылса, биыл 5,6 млрд. теңге болатын 59 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда. Оның 51-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынбақшы.

Әрине, халық көп жерде, медицинаға деген сұраныс та мол. Материалдық-техникалық ресурстарда серпіліс беретін жобалар ретінде сәулелі диагностика мәселесі шешілді. Облыстық клиникалық аурухана мен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында магнитті-резонансты томограф іске қосылды. Сондай-ақ облыстық кардиологиялық орталықта электрофизиологиялық зерттеуге арналған жүйе пайдалануға берілді. Соңғы жылдары өңірдің медицина саласында Ресей, Украина, Белоруссия, Литва, Польша, Түркия, Израиль сияқты халықаралық орталықтармен ынтымақтастық орнатылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және ЮНИСЕФ, ЮНФПА жобалары бойынша іс-шаралар жүзеге асып, Литвамен жасалған үш жылдық меморандум жалғасын тапты. Бұл бойынша Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қолдауға арналған пилоттық жобалар да сәтті өтті. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмайловтың пікіріне сенсек, қоғамда ілгерілеушілік бар.

Қазіргі уақытта жүрек-қан тамырлары аурулары, туберкулез, жұқпалы аурулар, жарақаттар ел ішінде кеңінен кездеседі. Бұл аурулардың пайда болуының қауіпті факторларын жою тек скрининг бағдарламасы арқылы ғана мүмкін болмақ. Осы орайда қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша облыста 2 ангиографиялық зертхана тәулік бойы жұмыс істейді. Облыстық клиникалық аурухана мен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында 2 инсульт орталығы ашылды.

ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып ашылған скринингтік орталық Қазақстанда қалқанша бездің және тоқ ішектің обырын ерте анықтай алады. Осыған орай облыстық онкологиялық диспансерде радиологиялық корпус іске қосылды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде көрінетін жерде орналасқан қатерлі ісіктің анықталуы 77,7 пайызға дейін, онкоаурулардың бес жылға дейінгі аман қалушылық көрсеткіші 48,4 пайызға дейін өсті.

Елбасының тапсырмасымен ден­саулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қа­зақстан» мемлекеттік бағдарламасын жү­зеге асыру барысында «Денсаулық жолы» акциясы жылда ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат ауыл тұрғындары арасында онкологиялық және туберкулез ауруларымен қоса басқа да әлеуметтік ауруларды ерте сатысында анықтау, скринингтік тексеруден өтуін қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау және мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру болып табылады. Биыл акция Бәйдібек, Отырар, Сайрам, Түлкібас, Төле би, Арыс ауданда­ры­ның шалғайдағы елді мекендерінде кең ауқымда өткізілді. Нәтижесінде шалғайда жатқан тұрғындар арасында дәрігерлік тексеруден 3225 адам өтіп, оның ішінде 521 науқас анықталып, 306 адам орталық аудандық емханаларға, 133 адам облыстық емдеу мекемелеріне жолдамалар алды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру және ауру­дың алдын алу бойынша ақ­параттық та­нымдық материалдары таратылды. Адам­ның да, мемлекеттің де, қо­ғамның да бас­ты байлығы – денсаулық. Осынау бай­лығымызға балаған ден­сау­лығымыздың қамын ерте бастан ойлауымыз қажет. Сондықтан әр адам жыл сайын алдын ала медициналық тексеруден өтуі тиіс.

ҰРПАҚТЫҢ САУЛЫҒЫ – ҰЛТ САУЛЫҒЫ

Оңтүстік өңірде балалар арасында жұқпалы аурулардың белең алғандығы туралы талай рет жазылды. Алайда бүгінде медицинадағы кем-кетіктер жаңа заманауи мүмкіндіктердің арқасында біршама түзеліп келеді. Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақовтың айтуынша, медициналық мекеме облыстың 15 жасқа дейінгі балаларына жоғары мамандандырылған және шұғыл хирургиялық, педиатриялық, реанимациялық көмек көрсететін жалғыз көп бейімді ауруханасы. 2009 жылдан бері ауруханада неонаталдық хирургия, анестезиология және реанимация дамып келеді. Бүгінде туа біткен ақаулар бойынша жаңа туған нәрестелерге 502 ота жасалынған. Бұдан кейін балалар арасында өлім көрсеткіші 22 пайызға төмендеген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының бастығы Жұмағали Исмаилов мырзаның айтуынша, облыста ана мен нәрестелер өлімінің көрсеткіші 2011 жылы елімізде республикалық деңгейден төмендеген. «Бұл Тәуелсіздік жылда­рын­дағы бұрын-соңды болмаған жағдай. Ал биылғы жылы қыс айларында вирустық пневмония бойынша жүкті әйелдер арасында өлім-жітім орын алғаны рас. Сон­дық­тан қазір осы күзден бастап бізде бі­рінші рет жүкті әйелдер арасында вакцина жасау қолға алынуда. Ана өлімін төмендету мақсатында облыста 2012 жылдың 1 қа­занынан бастап 40 мың жүкті әйелге республикада алғашқы рет тұмауға қарсы егу жүр­гізілуде. Жалпы ана мен бала ден­саулығын қорғау облыс әкімі мен мәсли­хаттың үнемі назарында. Балалар мен жаңа туған балалар хирургиясын, оның ішінде асқазан-ішек жолдары хирургиясын, нейрохирургияны, кардиохирургияны дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Неонатальды хирургия бойынша 2012 жылы 149 балаға операция жасалды. Сондай-ақ, биылғы жыл­дың 9 айында про­­филактикалық тексерумен 729472 балалар мен жасөспі­рімдер қамтылды, бұл тексерілуге жататын контингенттің 78,7 пайызын құрады. 175402 (24%) балада алғаш рет патология анықталды, олардың ішінде науқастардың 46,3 пайызы оңалған.

Былтыр сәбилерге хирургиялық көмек ұйымдастыруға сәйкес, аурухана Қызылорда, Жамбыл облыстарына медициналық көмек көрсететін неонаталдық хирургия өңірлік орталығы деген мәртебеге ие болды. Балалар ауруханасының негізінде медицина қызметкерлері үшін тренингтік орталық ашылып, шеберлік кластары өткізілуде. Бүгінде орталықта 913 медицина қызметкері 93 тренингке қатысып, білімін жоғарылатқан. Былтыр аурухананың жаңа типтік құрылысы аяқталды. Жоба бойынша 360 төсек орнына арналған мекемеден биылдан бастап остеохондропатиямен ауыратын науқастарды қалпына келтіру үшін 50 төсек орын ашылды.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Әнуарбек Әбдібекұлы медициналық мекеме ашылған күннен бастап еңбек етіп келеді. «Тәртіп бар жерде, талап бар» демекші, бас дәрігер қарамағындағы қызметкерлердің қашан да өз ісіне жауапкершілікпен қарауын қатаң міндеттейді. Әр күн сайын дәрігерлерге көңілі қам, науқас балалармен сыпайы қарым-қатынас жасауды ескертіп отырумен қатар, отбасының қуанышына айналған – балалардың тез арада ем алып, сауығып кетуіне жұмылдырады. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты ауылдар мен елді мекендерден шипа іздеп, ағылған жандарды жылы қабылдап, қолдан келгенше көмек беру кезек күттірмейді. Науқас баланың диагнозын дұрыс қойып, сол бойынша ем жүргізу шараларын белгілеу маңызды жайт.

АНА МЕН БАЛА – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Ана мен баланы қорғау – ана мен бала денсаулығын қамтамасыз етуге, отбасыны берік етуге, балаларды тәрбиелеуге анағұрлым қолайлы жағдайлар жасауға, оларды физикалық, интеллектуалдық және мінез-құлықты тұрғыдан дамытуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-шаралар жүйесі. Әйел-ана және өсіп келе жатқан ұрпақ денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық нормалар Қазақстан Республикасы Конституциясында және басқа да заңнамалық актілерде айқын көрсетілген.

Ана мен бала денсаулығын сақтап, қамқорлық жасау мәселесі – мемлекеттік істің маңызды бір бөлігі. Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Кейінгі 10 жылда бала туу 25 пайызға өсті, тұрғындардың жалпы өлімі 11 пайызға азайды. Осы уақыт ішінде денсаулық сақтау саласының қаржыландырылуы 10 еседен артық (2002 жылғы 1,9 пайыздан 2011 жылы ІЖӨ-нің 3,1 пайызына дейін) өсті. Елде жоғары медициналық технологияны дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. 180-ге жуық телемедициналық орталық жұмыс істеп тұр» деп, еліміздегі біраз жетістіктерді де тілге тиек еткен болатын.

Осыған байланысты Оңтүстік өңірде ана мен бала денсаулығын жақсартуда оң өзгерістер байқалуда. Атап айтқанда, былтыр соңғы 20 жылда болмаған ана мен бала өлімінің ең төменгі көрсеткішіне қол жеткізді. Бұл орайда литвалық әріптестермен жасалған үш жылдық меморандумның маңызы ерекше. Бүгін де ай сайын ана өлімі күрт төмендеген. Ал ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша, нәресте өлімінің көрсеткіші 5,7 пайызға кеміді. «Осы деңгейді кемінде үш жыл ұстап тұрсақ, ана мен балаға жасалған қамқорлықтың жемісін көретін боламыз», – дейді мамандар.

Бұған дейін өңірдің балалары кар­диохирургиялық көмекті тек Астана, Алматы қалаларындағы республикалық орталықтан ғана алып келсе, бүгінде туабіткен жүрек ақауларына ем іздеген балалардың көптігіне байланысты Шымкент қаласында кардиохирургия бөлім­шесінде балаларға ота жасала бас­тады. Мұнда көмек көрсететін мамандар шетелдерге барып, тәжірибе алмасып келген. Бір айта кетерлігі, туабіткен жүрек ақауы бар балалар саны азаяр емес. Күту парақшасындағы 480 баланың 350-370-іне ота жасау қажет. Ол ол ма, бүгінде дәл осындай диагнозбен 1811 бала есепте тұр.

Соңғы кезде балалар арасында түрлі дерттің дендеп кетуі қоғамды бейжай қалдырмайтыны анық. Бұған жергілікті деңгейде ғана емес, Үкімет болып күш салуымыз қажет. Ұлттың айнасы – ана мен баланың саулығы. Ендеше дүние есігін шыр етіп ашқан сәбилердің өмірін сақтап қалу – бүгінгі отандық медицинаның алдында тұрған жауапты іс. Ал еліміздің демографиясына титтей де болса, үлесін қосып жатқан Оңтүстік өңір үшін бұл кезек күттірмейтін шаруа.

Мира БЕРІКБОЛОВА

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары