АЛАШТЫҢ АҚСЕЛЕУІ

АЛАШТЫҢ АҚСЕЛЕУІ

АЛАШТЫҢ  АҚСЕЛЕУІ
ашық дереккөзі
950
Елордамыз Астанада 6 желтоқсан күні жазушы, әдебиет зерттеуші, профессор Ақселеу Сейдімбектің 70 жылдық мерейтойына арналған «Ақселеу Сейдімбек мұрасы және тәуелсіздік құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Осы жиын тұсында Ақаң туралы айтылған сөздерді жинақтап, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Елордамыз Астанада 6 желтоқсан күні жазушы, әдебиет зерттеуші, профессор Ақселеу Сейдімбектің 70 жылдық мерейтойына арналған «Ақселеу Сейдімбек мұрасы және тәуелсіздік құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Осы жиын тұсында Ақаң туралы айтылған сөздерді жинақтап, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Ақселеу Сейдімбектің кезінде Теміртау қаласында басталған сыйластық қарым-қатынастары өмір бойы жарасымды жалғасын тауып келді. Оған Ақаңның қазасына орай Президенттің елге, халқына, ағайын-туыстарына арнайы жолдаған көңіл айтуы дәлел. Онда былай делінген: «…Белгілі қаламгер, этнограф ғалым, халқымыздың үлкен жүректі ұлтжанды азаматы. Ол жан-жақты дарын иесі ретінде өзінің бүкіл білімі мен қажыр-қайратын туған халқының пайдасына бағыштап, мейлінше мақсатты әрі жемісті еңбек ете білген аса қадірлі тұлға еді. Сол себепті төл мәдениетімізді жаңғыртып, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып, өзінің айшықты ізін қалдырды: еңбегімен халқымыздың зор құрметіне және сүйіспеншілігіне бөленді: онымен жастай танысып, сыйлас-пікірлес болғанымды ұмытпаймын. Ұлт руханиятының үлкен жанашыры әрі шынайы жоқтаушысы болған ардақты азаматтың еңбегі мен жарқын дидары халқымыздың әрдайым жүрегінде сақталады деп сенемін!» Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті *** …Мынау сахарамызды түгел шолып, сыр-сипатымызды тегіс қамтып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап, дүлдүл оймен, ділмар тілмен толғайтын дана ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер қайран Ақселеу енді ортамызда жоқ. Атар таңның жарығы себездеп, айналаны нұрға бөктіріп, аймаңдайы жарқырап, аққан жұлдыздай көзден ғайып болатын ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Аймаңдай төсін айқара ашып, көкке саусақтарын салалай тарақтап, әр сөзін сақадай салмақтап, шалқая қарап, шабыттана сөйлеп тұрғаны кеше ғана емес пе еді. Қазақта «Сал қандай болады? – Ақселеудей болады; Сері қандай болады? – Ақселеудей болады; Би қандай болады? – Ақселеудей болады; Батыр қандай болады? – Ақселеудей болады; Пір қандай болады? – Ақселеудей болады; Қазақтың жақсысы мен жайсаңы бәрі қандай болады? – Ақселеудей болады; Қазақтың кәдепті қызыл нары қандай болады? – Ақселеудей болады… деген сөз бар. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады, ал, Ақселеудің орнына кім жүре алады?! Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады. Біз жан-жақтан жамырасып табысқан төл едік. Бүгінде аз қалдық. Тіпті, селдіреп барамыз. Ақселеудің ажалы естен тандырып кетті. Жер жастандырып кетті. Өкінішке қапы жоқ. Ербиіп әзер жүрміз, әзер тұрмыз. Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы *** Азаматтығы айрықша асқақ Ақселеу ағамызды, адамгершілігі биік текті тұлғамызды, асыл қазынамызды, қимас жүрек қимасымызды аяусыз ажал арамыздан алып кетті. Ортамыз ойсырап, жанымыз сырқырап, жүрегіміз қан жылап қалды. Жаңаарқа тәрізді киелі өңірдің талантты перзенті, тумысы бөлек ерекше дарын, даусы сұлулықтың үлгісіндей болған Ақселеу Сейдімбек халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі халқының өкілі еді. Дегдар жазушы, шежіреші, ғұлама ғалым, сазгер және дәулескер күйші, қабырғалы қаламгер халқының мәдениеті мен әдебиетіне, өнер мен ән-күйіне, ділі мен біліміне қосқан еңбегі ұшан теңіз. Сырбаздықтан сұлулыққа суарылған шын зергердің қолынан шыққандай әсер қуат алатын күшті көсемсөздігі мен еңбекқорлығы бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың көкірек көзін ашу үстіндегі кәусар бұлақ… Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі *** Бір өзінің бойында тұтас қазақ ұлтының асыл қасиеттері, шежіре-дастандары, екі дәуірдің тарихы сақталған Ақселеу Сейдімбексіз тәуелсіз елдің үш жылы өтті. Бірақ осы үш жыл ішінде ұлттық тақырыптағы мәселені жетер жеріне жеткізе айтып жатқан адамдар табылып жатса да, дәл Ақаңдай әдемі жеткізген адам болған жоқ. Мен болмысымнан тұйық адаммын, ал Ақселеу ерекше еді. Ол жүрген жерінде, бірге отырған жиналыстарда сол ортаға ерекше ықпал етіп, әдемі әңгімемен үйіріп әкететін…Сағындық… Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, жазушы *** Ақселеу ағамызбен соңғы жылдары кездесудің сәті түспеді. Пендеміз ғой, Ақаңдай алып тұлғаны арамызда жүре беретіндей көретінбіз. Студенттердің тілегі бойынша «Ақаңмен кездесу жасаймыз» деп жүргенде ғалымнан көз жазып қалдық. Менің Ақаңның қазақи болмысына, журналист, жазушы, ғалым, тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы сынды адами қасиеттеріне, ел үшін атқарған өлшеусіз қызметіне ден қойып жүргеніме 40 жылдан аса уақыт өтіпті. Қарағандыда екінші университеттің негізі қалана бастаған кез болатын. Мен сонда кооператив университетінде оқып жүрген студент едім. Бірде оқу орнымызда «Жолдастық, достық, махаббат» деген тақырыпта диспут өтетін болды. Кездесуге талантты журналист Ақселеу Сейдімбектің келетінін алдын-ала біліп алдық. Сол жиында ол: «Өмірде кездесетін, басқа проблемалардан оқшау тұратын, мәртебесі де биік мәңгілік тақырыптар болады. Ол жолдастық, достық, махаббат. Адам адам болғалы бұл тақырып еш көмескі тартпастан, тот баспас­тан аяулы қасиеттердің бірі болып келе жатқаны аян. Өйткені бұл – адамзат болмысына ғана лайық ғажайып қасиет. Аристотель мен Платон, Шоқан мен Достоевский арасындағы достық, Джульеттаның Ромеоға деген, Баянның Қозыға деген мөлдір махаббаты, Нұркеннің, Әлияның, Мәншүктің туған жеріне, еліне деген сезімдері…. Міне, мұның бәрі қай кезде болса да еншісіне олқы келмеген, ғасырлар өтсе де жақұттай жарқырап, үлгі-өнеге бола білетін асыл қасиеттер. Достық, жолдастық деген біздің өміріміздің бөлінбес бір бөлігі. Бізге сүйген жар қымбат, махаббат қымбат. Ал, Отанға, туған жерге деген аяулы сезім, адамзат атаулыға деген туысқандық пейіл – біздің өміріміздің символы. Бұл сырласу кешін талай нақты істермен одан әрі мәнерлі де мәнді, сырлы да сәнді етіп жалғастыратындарыңызға сенімдімін», – деді. Ендігі жерде жаңалыққа, жақсылыққа жаны құмар студент-жастар оқиғаның жазылуы қалай болар екен деп тағатсыздана күтіп жүрді. Кеш барысындағы әңгіме «Жолдастық, достық, махаббат» атты диспуттың өз атауымен 1972 жылы «Лениншіл жас» газетінің 13 желтоқсандағы нөмірінде басылды. Барлық студенттер сол мақала жазылған газетті тегіс алуға тырыстық. Сол диспут қазіргі күні өткен күннің бір белгісіндей қол бұлғайды да тұрады. Айта кететін тағы бір сәт: 2009-2010 оқу жылының алғашқы күндерінде 1-курсқа келген студенттерге атақты академик-ғалымдардың лекцияларын тыңдау мүмкіндігі жасалды. Солардың ішінде айнымас достар Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғараұлы да болды. Досының сырқаттанып қалуына байланысты 9 қыркүйек күні дәрісті Ақселеу аға оқыды. Ал 16 қыркүйекте жос­пар бойынша Ақселеу аға дәріс оқу керек болатын. Алайда дәріс оқылған жоқ. Қасиетті қадыр түні ағамыз мәңгілік мекенінен жай тапты. Оның жастарға арнап оқыған соңғы дәрісі тұтас қазақ халқы үшін үлгі-өнеге болып қалды. Майра МАКИБАЙ, кітапханашы *** Ақаң жүз елу, екі жүздей қызметкері бар тұтас бір Академияның 10-20 жылда жасайтын ғылыми зерттеулерін айналдырған бір-екі жылдың ішінде еңсеріп тастайтын. Сонау бір жылдары қазақ жік-жікке, ру-руға бөлініп жүргенін көріп, содан шығудың жолын іздестіріп, бар қазақ бір атадан тарағанын, яғни «қарға тамырлы қазақ екендігін» дәлелдеп, онысын ұзақ жылдардағы ғылыми еңбектеріне арқау етті. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов інімізге рахмет, Ақселеудің атына мектеп атын берді, бюсті қойылған мұражай бар. Оның ішінде Ақаңның көзі тірісінде тұтынған заттары: өз қолымен жасаған домбырасы, торсығы, тартқан қобызы мен шаңқобызы, шақшасы, тіпті киген киімі мен аяқ киіміне дейін қойылған. Ақаңның жанұялық суреттерімен қоса, жас кезінде, қызмет бабында түскен суреттері ілінген.Мұражай ішіне кірген адам Ақаңның рухын жанымен сезінгендей әсерде қалады. Әкім ТАРАЗИ, жазушы *** Әкеміз қайтқан үш жылдың ішінде елімізде әкейге қатысты ауқымды шаралар аз атқарылған жоқ. Туған жерінде 70 жылдық еске алу тойы өтті. Астананың төрінен тамаша мектепке аты берілді. Мерзімді басылымдар жарыса жазып жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Әкем қазақты бар жанымен сүйді: қазақтың бүкіл мәдениетін, салт-дәстүрін терең зерттегеніне өзім куәмін. Талай рет таң атқанша бірге отырып сырласатын едік. Бар ғұмырын қазақ өмірін терең зерттеп, оны бойына сіңіріп, сіңірілген дүниені өзінің бойында қалдырмай қазақ халқына әр қырынан бере білді. Әкеміздің атындағы мектептен алдағы уақытта қазақ халқы үшін еңбек ететін ұл-қыздардың көптеп шығатынына кәміл сенемін. Ернар АҚСЕЛЕУҰЛЫ Мені Ақселеу Сейдімбектің шығарма­шыл­ығы өзінің сан қырлылығымен таң­ғал­­дырды. Тілі орамды қаламгердің қаламынан шыққан кез келген дүниенің өз оқырманын мақала біткенше бір деммен ұстап тұруы қатты қызықтырды. Бірде журналистика шеберлігі жайлы ақыл сұрағанымда: «Қызым, не жазсаң да адамның ет-жүрегін елжірететіндей етіп жаз», – деп еді. Бұл оның осы мамандықтағы өмірлік кредосына айналған сөзі болатын. Ақселеу Сейдімбек – ақпараттық жанрдың өңіне әр келтірген қаламгер: ол қоғамның негізгі қозғаушы күші журналистикаға жаңа леп алып келген, оның ыстығы мен суығына бірдей төзген қайталанбас тұлға. Ең өтімді жанр ретінде ақпаратты түрлі формада беру арқылы оны байыта түсті. Ақселеу ағадан дәріс тыңдағанымды мақтаныш тұтамын. Құндыз ЕРАЛЫ, магистрант
Дайындаған Базарбек ТҮКІБАЙ

Серіктес жаңалықтары