БАЛБАЛТАСТАРДАН ҚҰЛПЫТАСТАРҒА ДЕЙІН...
БАЛБАЛТАСТАРДАН ҚҰЛПЫТАСТАРҒА ДЕЙІН...
Мен Серікті 1972 жылы көктем айында ҚазҰУ-дің тарих факультетінде, ұстазымыз республикаға белгілі археолог М.М. Оразбаевтың жетекшілігімен өтетін «Археолог» үйірмесінде «Бөріжар қорғандары» – атты баяндама жасап, студенттік ғылыми жұмыстарға белсене араласып жүргеннен білетінмін. Университетті бітірген соң тағдыр екеумізді тарихи-сәулет ескерткіштерін зерттеу және реставрациялау мекемесінде (кейінгі Казреставрация институты) табыстырды, содан жұбымыз жазылмай бірге жұмыс істеп келеміз. Серік алғаш ғылымға келген бетте-ақ университет қабырғасында алған теориялық білімдерінің жоғары екенін көрсетті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Рәбия Сұлтан Бегім мавзолейін (Әбілхайыр ханның әйелі – А.Т.) қалпына келтіру жобасын жасағанда, бұрынғы зерттеушілердің ескерткіштің периметрін анықтауда қателік жібергенін ашып көрсетті. Ғылым академиясының хабарларында мақала жазды, сөйтіп өзінің ғылымдағы сара жолын анықтап алды. 1970 жылдардың аяқ шенінде Батыс Қазақстанға жасаған экспедицияларының бірінде ортағасырлық Байтақ мавзолейін егжей-тегжейлі зерттей келе, Абат атын қайтарып «Абат-Байтақ» деп дәлелдеп жазып, кейін зерттеушінің тарихи-архитектуралық, өнертану тұрғысынан түбегейлі зерттемесі 2000 жылдың ортасында бұл баға жетпес сәулет мұрасын толық қалпына келтіруге ғылыми-архитектуралық дәлел болды. Абат-Байтақтың қайта тууы және толық реставрациялануы С.Әжіғалидің зерттеулері арқылы жүзеге асты деп айта аламыз. 1970 жылдың басынан Маңғыстаудың тас ою-өнері, сәулет ескерткіштері жөнінде баспасөзде, жоғары мінбелерде көп айтылды, бірақ ескерткіштер өз дәрежесінде зерттелмеді, ғылыми бағасын ала алмады, оған шын мәнінде елімізде түбегейлі зерттеу үшін бар мамандардың өрісі жетпеді, ғасырлар өтінен жеткен ескерткіштердің бұл тобы өз зерттеушісін күтіп жатқан еді. Осы ескерткіштерді іздеп табуға, әйгілеуге, талдауға, айшықтауға, ғылыми тәпсірлеуге ғалым бүкіл өмірін арнады. 30-дан аса экспедициялар, мыңдаған шақырымдарды артқа тастап бүкіл Арал – Каспий өңірін шарлаған ізденістер нәтижесінде үлкен көлемді Көшпенділер сәулет өнері туралы монографиясын жарыққа шығарды. Мұндай зерттеулер бұрынғы КСРО көлемінде аз болған, бірақ 1990 жылдардың аяғындағы дағдарыстарда осындай кітаптың шығуы Қазақстан сәулет өнерінің ғана емес, бүкіл көшпенділік үрдісінің мәдениеті жөнінде күрделі құбылыс еді.
Арал-Каспий өңірінде Серіктің көрмеген құлпытасы мен кесенесі, өлшемеген сағанасы мен сырлытамы қалмаған шығар. Бүкіл өмірін қазақ қабіртастары мен құлпытастарына арнаған ол ғылымда жаңа бағыт, жаңа сала «Қазақ ескерткіштану» саласының тұғырнамасын жасады. Бұл саланы неге жеке ғылым ретінде қарастырамыз дегенде ғалымның айтары: «Солженицыннен бастап: қазақ ұланғайыр даланы безіп жүрген халық, олардың бұл жерлерге хақы жоқ деген орам ойлары бар. Біз ата-бабалардың қабір-құлпытастарын тексеріп, орындарын анықтап, эпиграфиялық жазуларын оқып, мазар-мавзолейлерін жаңғыртып беру, біздің ата-бабамыздың жері екеніне дәлел», – дейді С.Әжіғали.
Серік екеуміз биыл жазда Қытайдың Алтай аймағында экспедицияда жүріп Бөке батырдың қабірін өлшеп, фотоға түсіріп, аңыз-әңгімелерін жазып алып қайтқанда бір қария келіп былай дегені бар-ды: «Қытайлар Алтайды біздің жеріміз дейді, осы жерде біздің 14–15 атамызға дейінгі тұқым-жұрағаттарымыз жатыр, одан әрі көктүрік, ғұн, сақтардың молалары. Мен қытайлардың өздеріне де айтам, сендердің, бір молаң, бір құлпытасың қарақшы тасың бар ма? Сендердің зираттарың 1980 жылдардан бастап пайда болды деп көздерін шұқып тұрып көрсетемін. Ештеңе айта алмайды».
1990 жылдардың аяғынан бастап С.Әжіғалидың бастамасымен шетел қазақтарын зерттеу жобалары Моңғолиядан басталды.Экспедициялар жүргізілмес бұрын бағдарламалар алдын-ала қойылатын сұрақтар айқындалды, зерттеу маршруттары белгіленді. Қазақтар тұратын Баян Өлгей, Қобда аймақтарында, Налайх жерінде жүргізілген 7-8 жылға созылған кешенді экспедиция жұмыстарының қорытындысы жоспарланған межеден асып түсті. Біріншіден заттық мұралар: сымтастар, балбалдар, бұғытастар, қыстаулар, қора-қопсылар, бейіт-зираттар, көне жұрттардың орындары, топографиялық – геодезиялық, архитектуралық өнертану тұрғысынан зерттеліп, есепке алынды. Мал шаруашылығы, егіншілік, тұз өндіру, сабын қайнату, қолөнер, ұсталық, құс салу, аңшылық, киіз үй жасау, шөп шабу, мал емдеу т.б. этномәдениет салалары бойынша қыруар деректер жиналды. Басқасын былай қойғанда, бір ғана Моңғолия қазақтарында 480 бүркітші тұратыны анықталды. Алты мыңға жуық сурет түсірілді. Менің ойымша, бұл экспедициялардың жемісті жұмыстарын ондаған, жүздеген жылдар өткенде Потаниннің, Козловтың, Грум-Гржимайлоның мұраларын қазіргі ғалымдар қалай бағалап пайдаланса, келешек ұрпақ мұндай кең тынысты, кемел құлашты С.Әжіғали бастаған зерттеулерге де солай баға беретініне кәміл сенемін.
Қазір төртінші жылға айналып барады, тура осындай әдістермен қытай қазақтарын зерттеу басталды. Моңғолияның 150 мың қазағын шын ғылыми тұрғыдан тарихи-этнографиялық бағытта зерделеу Қытайдың 1,5 млн. қазағын жан-жақты тексеріп, этномәдени келбетін тұлғалауға үлкен тәжірибе болды.
Қазіргі заман қым-қиғаш идеялардың, ғылыми тұжырымдардың, теориялардың пікір сайысы. Баяғыдай бес қаруын асынып елін, жерін қорғаған батырлар заманы кеткен, елін, жерін, мемлекетінің намысын ақыл-оймен, терең біліммен, биік парасатпен қорғайтын ғылым сардарларының уақыты келді. Мәскеу, Петербург қалаларында өткен ғылыми форумдарда өзім куә болған Серіктің бір қасиеті сол, иісі қазақ, тіпті түркі ұлыстарының тарихы мен мәдениеті туралы кереғар пікірлерге жол бермей, ешқандай эмоцияға салынбай, таза ғылыми тұрғыда тойтарыс беріп, салиқалы түрде пайымдап беруінде. Осындай додаларда ғалымның ғалымдығының да, азаматтығының да шын бейнесі мен бағасы анық көрінеді. Мен мұны айтып отырғаным, кейбір «патриоттар» мен ғалымдар өз елінде атойлап, уралап жүреді де, шетке шыққанда қожайынының алдындағы құлдай жорғалап, елінің мүддесін сатып жіберетіндеріде бар.
Биылдан бастап С.Әжіғали басқарып отырған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнология бөлімі Х.М. Әбжановтың жобасы бойынша 20 кітаптан тұратын 10 томдық Қазақстан тарихының этнографияға арналған 2 томдығын жазуды бастады. Бұл еңбектің бұрынғы шыққан тарихтарға қарағанда ерекшелігі – Серіктің өзі басқарған көп жылғы экспедиция материалдары осы кітаптарға кірістірілетін болады.
Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарих ғылымдарының докторы