АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА – АРНАЙЫ КӨМЕК

АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА – АРНАЙЫ КӨМЕК

АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА – АРНАЙЫ КӨМЕК
ашық дереккөзі
239

Құрғақшылық пен қуаңшылықтан шаруасы шатқаяқтаған ауылдағы ағайынға мемлекеттен арнайы көмек көрсетілуде. Бірнеше бағдарлама шеңберінде шыққан шығынын қайтарып алуға тырысатын шаруаларға алдағы үш жылда 300 млрд. теңге бөлінген. Бұл ауыл шаруашылығы саласын қаржылық сауықтыру мақсатында бөлінген қаражат.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ҚР Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚазАгро» холдингі мен облыс әкімдеріне құрғақшылықтың зардабын аса көп тартқан аймақтардағы көктемгі егін егу және жиын терім жұмыстарын жүргізу үшін қарыз алған ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің несиелер мерзімін ұзарту бойынша жұмыс өткізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Корпорация 2012 жылы республикалық бюджеттің несие қаржысы есебінен көктемгі егін егу және жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін 37 қарыз алушыны 28,8 млрд. теңгеге қаржыландырды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды. Биылғы жылғы ауа райындағы құрғақшылыққа байланысты Корпорацияға несиелер мерзімін ұзарту бойынша ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінен сомасы 11,97 млрд. теңге көлеміндегі 14 өтініш келіп түсті. Олардың ішінде 29 қарашадағы жағдай бойынша 9 қарыз алушыға 11,1 млрд. теңгенің несие мерзімін ұзарту жөніндегі өтініші мақұлданса, сомасы 774,6 млн.теңгенің 4 өтініш қаралып жатыр, ал 1 қарыз алушының несие мерзімін ұзартудан бас тартылды. Баспасөз хабарламасына қарағанда, қарызды қайтару мерзімін ұзарту «Қазгидромет» кәсіпорны ұсынған мәліметердің негізінде жүзеге асырылады. Ал олардың карталарына сәйкес, құрғақшылықтың негізгі ошағы Батыс-Қазақстан облысының жеке аймақтары, Қостанай, Ақмола облыстарының оңтүстік бөліктері және Қарағанды облысының батыс және оңтүстік бөлігі, Ақтөбе облысының оңтүстік және шығыс бөліктері болып табылады. Қарызды қайтару мерзімінің негізгі көлемі егін егумен айналысатын екі облыс – Ақмола және Қостанай облыстарына тиесілі.

Осыған орай, Ақмола облысы бойынша корпорация тарапынан сомасы 4,8 млрд. теңгенің, Қостанай облысы бойынша өтініш берген 5 қарыз алушының 4 -не жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгенің қарызды қайтару мерзімін ұзартуға шешім шығарылған. Ал қарызды қайтару мерзімін ұзарту себебі негізсіз болғандықтан және қарыз алушының өз міндетін атқаруға мүмкіндігі болғандықтан бір қарыз алушының өтінішіне келісім берілген жоқ. «Бұдан өзге, «ауыл шаруашылығы өндірісін, өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді несие серіктестіктері жүйесі арқылы несиелеу» бағдарламасы бойынша, қарыз мерзімін ұзартуға қатысты жалпы сомасы 2,6 млрд. теңгеге 256 өтініш келіп түскен. Оның ішінде, сомасы 1 176,4 млн.теңге болатын 179 өтініш мақұлданса, құны 1 389,6 млн.теңгенің 66-ы өтініші қаралуда. Тоқтала кететін жайт, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің құжат жинаудағы уақыт тығыздығына байланысты берген өтіші бойынша, Корпорация өтініш қабылдау мерзімін 2012 жылдың 10 қарашасынан 20 қарашаға дейін ұзартқан болатын. Несие серіктестіктер жүйесі арқылы несиелеу бағдарламасы бойынша қарыз мерзімін ұзартуға байланысты өтініштер 2012 жылдың 1-ші желтоқсанына дейін қабылданады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Ресми деректерге сүйенсек, мемлекет ауыл шаруашылығы саласын қаржылық сауықтыру мақсатында 2013-2014 жылдарға 300 млрд. теңге бөлгелі отыр. Ал «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеу кәсіпорындарының ақ қант, құрғақ сүт, сары май мен сыр өндіруге қажетті шикізатты сатып алуға кететін шығындарды жабуға көмектескелі отыр. «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәлімдеуінше, отандық ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты 130 келісімге қол қойылып, 130 млн. долларға жуық қаражатқа несие бөлінген. «ҚазАгро» холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, отандық астық саласында биылғы қуаңшылықтың садарынан жағдай қиындаған. Бұл агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да салаларына кері әсер еткен. Бұл жағымсыз жайт Қазақстанмен бірге АҚШ, Еуропалық Одақ, Австралия, Аргентина, Ресей, Украина сияқты астық өндіруші және экспорттаушы елдерге тән болған. Өндіріс көлемінің төмендеуі сондықтан. Сарапшылар қуаңшылықтың салдары астық нарығындағы бағаның шамадан тыс шарықтауына әсер етуі мүмкін деп алаңдап отыр. Соңғы кездері әлемдік нарықтағы бидай құны тоннасына 35-89 долларға дейін өскен. Жыл басынан бері Қазақстандағы 1 тонна астық 1,5 есеге жуық жоғарылапты. Сонымен қатар жүгері, соя т.б. дәнді-дақылдар да қымбаттаған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, республика бойынша алдын ала жүргізілген есептерге сүйенсек, 353 мың гектар дәнді-дақыл егілген жер жарамсыз. Облыстардың болжамдарына қарай гектарына 8,1 центнерден 12,8 млн. тонна астық алынады деп күтілген. Бүгінде отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, ауылдық жерлер мен агроөнеркәсіптік кешендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, сонымен қатар ауыл шаруашылығы бизнесіне қатысушылардың қаржылық ахуалын жақсарту т.б. мәселелер Елбасы мен Үкіметтің басты назарында. Президенттің құрғақшылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетуге қатысты Министрлер кабинетіне арнайы тапсырма беруі сондықтан. Осы орайда, астықты арзан бағаға еліміздің өзге аймақтарына жеткізу қарастырылған. Бұл нан мен ұнның бағасын өсірмеуге сеп. Тағы бір маңызды жайт, шаруаның қорадағы малына беретін қысқы жем-шөбін дайындау жылда қиындық туғызады. Соңғы жылдары жайылымдық жерлердің жекеменшікке өтуі, мал жайылатын аумақтың уақыт өткен сайын сапасы кеміп, ауқымы тарыла түсуі де – Үкіметтің бас қатырып отырған мәселесі. Құс шаруашылығы мен шошқа шаруашылығында да шешімін таппаған түйткілдер жетерлік. Шенеуніктер мал шаруашылығына қатысты проблемаларды шешу үшін шаруаға жекеменшік банктерден несие алуды, көктемгі-күзгі егін алқаптарының жұмыстарына орай алған мойындарындағы қарыз мерзімін ұзартуды т.б. ұсынады. Бұл ауыл шаруашылығы саласын қаржылық сауықтыруды тапсырған Елбасының нұсқауына байланысты.

Құрғақшылықтың салдарынан астық бағасы күрт қымбаттаған сәтте Үкіметтегілер нан бағасы мен бірінші сортты ұн, бидай қымбаттап кете ме деп алаңдайды. Нанның қымбаттамауы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғышарттарының бірі. Осы себепті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» Холдингі» АҚ, Алматы мен Астана, сондай-ақ, барлық облыс әкімдіктері арасында бірінші сортты ұннан пісірілген нан, бірінші сортты ұн бағасын қымбаттатпау және мал санын азайтуға жол бермеу туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат шеңберінде ішкі нарықтағы алыпсатарлыққа жол берілмес үшін аймақтарды бағасы алдын ала бекітілген астықпен қамтамасыз етуге шешім қабылданды. «ҚазАгро» өзінің еншілес компаниясы – «Азық-түліктік келісімшарттық корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ (Азық-түлік корпорациясы) арқылы ұн шығарушы кәсіпорындарға бидайдың бір тоннасын 28 мың теңгеден тасымалдауды қолға алды. Кәсіпорындардың міндеті – 1 сортты ұнды өндіріп, оны наубайханаларға бекітілген баға бойынша жеткізу. Ал наубайханалар болса, бөлшек сауда жүйесі арқылы нанды адын ала бекітілген құнмен сатуы тиіс. Ұн дайындау кезінде шыққан қалдықтарды ысырап етпес үшін мал шаруашылығына бағытталады.

Былтыр астық бағасын арзандатуға тырысқанда «ҚазАгро» бағаны реттеу әрі шаруаны шығынға батырмау мақсатында ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер қолындағы басы артық бидайды кеткен шығындарды есептей отырып, нарықтағы құннан жоғары бағаға сатып алуға мәжбүр болған еді. Осының арқасында агроөнеркәсіптік кешендердің 7,5 мың нысаны қаржылық құлдыраудан аман қалды. Астықтың күткен межеден төмен деңгейде жиналуы және малға жем-шөпті қажетінше жинай алмау мал шаруашылығы мен құс шаруашылығына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан еліміздегі мал мен құс санын, әсіресе ұрғашы малды азайтпауға қатты көңіл бөлінуде. Осы орайда, «Сыбаға» бағдарламасының шеңберінде шаруа қожалықтары мал сатып алып, оны көбейтуге мүмкіндік алды. Аталған құжат жайылымдық жерлерді жаңалауға және ауқымын кеңейтуге де көмек болмақ.

Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі үнемі мемлекеттің қолдауына зәру. «Кәсіпкерліктің жол картасы-2020» бағдарламасында қарастырылған мәселелер негізінен осы салаларды дамытуға арналған. Құжат шеңберінде күні бүгінге дейін 1935 келісімшарт түзіліп, жекеменшік кәсіпкерліктегі 1550 субъект 2,7 млрд. доллар көлеміндегі мемлекеттік қолдауға сүйеніп отыр. Азық-түлік пен сусын өнеркәсібінде 270 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілген.

Бүгінде 2013 жылдың көктемгі және күзгі егін жұмыстарына дайындық басталып кетті. Биыл осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 70,5 млрд. теңге болған. Ал келесі жылғы ахуалға келсек, әкімдіктер шаруалардың қолында бар тұқым қоры мен жетіспейтін тұқымды анықтауы тиіс. Әсіресе, биылғы құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтар анықталуы тиіс. «ҚазАгро» тарапынан берілген мәліметтерге сүйенсек, қазір мемлекеттік қорда 22,4 мың тонна бидайдың тұқымы сақтаулы. Сонымен қатар мемлекеттік тұқымдық ресурстарды пайдаланудан түскен қаражат 1 млн. 134 мың 600 теңге көлемінде. Бұл қаражат 25 мың тоннаға жуық дәнді-дақылды сатып алуға мүмкіндік береді. Астыққа қатысты проблемалар арасында еліміздегі астық қоймаларының аздығы бар. Азық-түлік корпорациясы дәнді-дақылды сақтау қуатын арттыру мақсатында өз қорындағы 500 мың тоннаға жуық бидайды Солтүстік Қазақстан облысынан, сондай-ақ, Қостанай мен Ақмола облыстарынан республикамыздың құрғақшылықтан аса зардап шекпеген өзге облыстарына қарай ауыстыруда. Алайда, элеваторлардың қуатын арттыру әлі күнге шешімін таппай отыр. Осы мақсатта «ҚазАгро» элеваторлық қуатты арттыруға жағдай жасайтын, астықты кептіру және сақтаудың балама тетіктеріне қатысты инвестициялық жобаларды қаржыландыру қолға алынған. Күні бүгінге дейін 339 мың тонна астық сақталатын қойманың құрылысына қатысты 18 жобаға қаражат бөлінген. Оның жалпы құны – 5 886,4 млн. теңге. 2010-2011 жылы 284 мың тонна бидай сақталатын 14 жоба іске асырылған көрінеді. Ал 2012 жылы жоспарланған меже – 138 мың тонна астық сиятын 9 жобаны жүзеге асыру. Оның құны 2 472 млн. теңгеге жуық. 2014 жылға дейін 32 840 млн. теңгеге жалпы көлемі 1 млн. 563 мың тонна астық сақталатын қойма салынады. Бұл астық сақталатын нысандардың көбеюіне және дәнді-дақыл қорын көбірек жинауға сеп.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары