БАСПАНАНЫҢ БІТПЕЙТІН ЖЫРЫ
БАСПАНАНЫҢ БІТПЕЙТІН ЖЫРЫ
Баспанасыз күнің қараң. Әсіресе қалада пәтер жалдап тұратын жас отбасылар тұрғын үй тапшылығын тартып-ақ келеді. Үкіметтің халықты баспанамен қамту үшін жасалған бағдарламасы баршаға қолжетімді емес. «Тұрғынүйжинақбанкі» арқылы пәтер алу өте қымбат. Ай сайын 100 мың теңге төлеп отыруға әсіресе жас отбасылардың жағдайы жоқ. Бұл туралы Мәжілісте өткен кеңесте ашық айтылды.
«Отбасының шығыстары 64 мың теңге сомасында – бір адамға айына 16 мың теңгеден тиеді. Ал пәтер сатып алу үшін бос лимит 42 мың теңге. Алаңы 40 шаршы метр пәтерге ай сайынғы ипотекалық төлем (15 жыл мерзімге, 12% жылдық ставка) бойынша 86 мың теңге, бұл 42 мың теңге деген қолжетімді лимиттен екі есе артық. Сонымен, айына нақты 100 мың теңгеге дейін табысы бар отбасы үшін өз бетімен тұрғын үй сатып алу үлкен проблема болып отыр», – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин. Елімізде баспаналы болғысы келетіндер саны көп. Бірақ олардың барлығының айлығы ипотекалық несие төлеуге жетпейді. Он отбасының екеуі ғана мұндай баспанаға қол жеткізе алады екен. Ендеше ипотекалық қарыздың халыққа тиімді жолдарын қарастыру керек, ал бізде Үкімет қанша жағдай жасаймын десе де бәзбіреулердің пайдасы алдыңғы орынға шығып кетеді.
Мәжіліс депутаттары ойын сан-саққа жүгірткен отырыста баспана мәселесі бүкпесіз айтылды. «Бүкпесіз» деп отырғанымыз кезекке тұру мәселесі. Жас отбасылар мен «үйі жоқ, күйі жоқ» баспанасыз қарапайым халық үй алудың кезегіне тұрады. «Үмітсіз шайтан» деп халық баспананы айлап-жылдап күтеді. Бірақ кезек жүрмейді, берілген үйдің саны аз, қаржылай жағдайы сәйкес келмейді немесе берілетін үйдің іргесі көтеріліп, ішкі жұмыстары бітпеген – міне, осы мәселелер көбінде кедергі. Ипотекалық жүйенің қымбаттығы мен тиімсіздігін біле тұра, халықты құрғақ уәдемен суарудың қажеті жоқ деп мәлімдеді ҚР премьер-министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев. «Баспана мәселесі әрдайым өткір тұрады, әрдайым солай болған. Бізде осы мәселені саясиландыру және осынау маңызды әлеуметтік проблема арқылы билік пен халықты бір-біріне қарсы қою талаптары жасалуда. Нағыз патриоттар осылай жасайды деп ойламаймын, нағыз патриоттар «неғұрлым жаман болса, соғұрлым маған жақсы» қағидатымен әрекет етпей, керісінше, мәселені шешудің нұсқаларын ұсынады», – деді ол.
Дегенмен «Қолжетімді баспана-2012» бағдарламасының аясында тұрғын үй құрылысының жылдық көлемін 10 миллион шаршы метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жалға берілетін үйлердің құрылысы келесі жылы басталады. Алдағы үш жылдың ішінде ол баспаналардың көлемі 1 миллион шаршы метрге көбейтілмек. «Халық әлі де болса бұл бағдарламаға күмәнмен қарайды» дейді кейбір депутаттар. Мұнда насихат жұмыстары тыңғылықты жүргізілмеген соң, азаматтар өз құқы мен білімін қажетінше пайдалана алмай отыр. Ал, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева жобаны телеарналар арқылы тұрақты жарнамалау керек деген пікірде.
Тұрғын үйдің жан басына шаққандағы көлемін көбейту, баспана алуға кезекке тұру, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жүйесін ұйымдастыру және мемлекет пен жекеменшіктік әріптестікті дамыту жайы осынау отырыста жан-жақты талқыланды.
– Тұрғын үй мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарламалар бар. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін көптеп қаржы бөлініп жатыр. Бірақ мемлекеттік бағдарламалардың ешбірінің баспана мәселесін түбегейлі шешуге қауқары жоқ. Тұрғын үй мәселесі түбегейлі шешіледі деген шындыққа жанаспайтын пікір. Тек аз ғана адам баспаналы болып жүр, – деді депутат Дариға Нұрсұлтанқызы.
Спикердің айтуынша, барлық тұрғын үй құрылысына қатысты бағдарламалар тек құрылыс ауқымының өсіміне қол жеткізіп қана қоймай, ең алдымен оның экономикалық тұрғыдағы қолжетімділігіне бағытталуы шарт.
Бұл қарқынмен қолжетімді тұрғын-үй тапшылығы таяу 50 жылда да жойылмайды. Қолжетімді баспанаға азаматтардың төрт санаты ғана қол жеткізе алады. Сонда басқалары қайтпек? Расында, үйге мұқтаж жандардың саны тізімдегі нормадан 2-3 есеге артық.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
– Біз барлық облыстардан баспана кезегінде тұрғандарға қатысты жағдайды көрсететін мәліметтерге қол жеткізе алмадық. Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстары туралы еш мәлімет ала алмадық. Ал келіп түскен кейбір көрсеткіштердің өзі үлкен күмән туғызады. Мәселен, халқы ең көп қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысында баспанаға ресми кезекте бар-жоғы 10 мың адам ғана тұр. Ал Шығыс Қазақстандағы кезекте тұрғандар саны 15 мың 156 адамды құрайды. Осы көрсеткіштерді тереңірек тексеру керек деп санаймыз.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Біздегі ипотекалық жүйе нашар дамыған. Неге? Жауап айқын – қарыз қымбат, кредит бойынша ставка өте жоғары, бүгінгі орташа ставка мөлшері 14-16 пайызды құрап отыр. Ал ипотека арзандауы үшін банкте ұзақмерзімді әрі арзан қаражаттар көзі болуы шарт. Дегенмен, әлемдік қаржы жүйесі басына түскен безгектен айықпай тұрып, ондай ресурстарға қол жеткізу де оңай болмайтыны айқын. Бұны бүгін мойындауымыз керек және қажетсіз құрғақ уәдемен жұртты адастырмауымыз керек.
Ақниет ОСПАНБАЙ