ҚАЙ-ҚАЙДАҒЫҢДЫ ҚОЗҒАЙТЫН ҚАЗАҚ КӨШІ

ҚАЙ-ҚАЙДАҒЫҢДЫ ҚОЗҒАЙТЫН ҚАЗАҚ КӨШІ

ҚАЙ-ҚАЙДАҒЫҢДЫ ҚОЗҒАЙТЫН ҚАЗАҚ КӨШІ
ашық дереккөзі
272

Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ:

Қазақстан Үкіметі сонау тәуелсіздіктің қарсаңында-ақ қазақ көшін бастап кеткен болатын. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайының қарсаңы ұлтымыз тарихында мәңгілікке алтын әріптермен жазылатын айтулы уақиғаларға толы болды. Еліміз бодандықтан бостандыққа шықты. Жат жұртта жүрген біз, Қазақстан тәуелсіздік жариялағанда бақыттан басымыз айналып, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалған еді. Ендігі арман – Тәуелсіз қазақ топырағына қалай жету болатын. Кешікпей оның да көкжиегі көрінді. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін екі апта өтпей жатып, 1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ радио­сы» арқылы шетелдердегі қазақтарға арнап: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекеннен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайта келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білем. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы ел аралық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Сондықтан, атамекенге келемін деуші ағайынға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген жан тебірентерлік, жүрекжарды сөзін естігенде, радио қабылдағышты құшақтап, қуаныштан ағыл-тегіл жылағаным әлі есімде.

Ол кезде «Қазақ радиосын» қалт жібермей тыңдап, елден жеткен газет-журналдарды обырлана оқитынбыз. Тұңғыш қазақ құрылтайының қарсаңында жасалып жатқан қызу дайындық, елдегі ағайынның ықылас-пейілі бізді ғаламат тәтті сезімдерге бөлейтін.

Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы сан ғасырға созылған бодандықтан соң, тұтас әлем қазақтарына ғаламат рухани сілкініс тудырған тарихи уақиға болды. Ата-бабамыз армандаған осы күнге дейін отаршылдық үстемдік тұсында біздің туған халқымыз өз басынан қандай нәубеттерді өткермеді?! Бұл туралы тұңғыш құрылтайда Елбасы: «Әрине, бодандықтың аты – бодандық. Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұлан-ғайыр даламыз Империяның меншігіне айналды. Дініміз тәрік, тіліміз ғаріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз міскін халге ұшырадық. Өз жерімізде өзіміз қырғынға ұшырап, өз жерімізде өзіміз қуғынға түстік. Мыңдаған жандар қырылып, мыңдаған жандар Атажұртын тастап кетуге мәжбүр болды. Республиканың ұлттық құрамына таяу арада түзеп болмастай, орасан нұқсан келтірілді; жер құнары азып, Атамекен тозып кетті. Кербез сұлу Көкшетаудағы сексен көлдің саны азайып, айдынды Аралымыз тартылды, Абай туған Шыңғыстауды қырық жыл бойы Семей атом полигонының сынақтары сілкінтіп тұрды, Сарыарқаның шалғыны азып, жер жаннаты Жетісудың жайлауы жүдеді». («Тәуелсіздіктің бес жылы» 52-, 53-беттер) деп мұң шаққан болатын. Шынында, отаршылдық үстемдік тұсында қайыс ноқта ма, темір ноқта ма – бодандық қамытын киген халқымыз атып-асу мен қудалаудан көз ашқан жоқ. Әсіресе, өткен жиырмасыншы ғасыр тұтас қазақты торғайдай тоздырып, қынадай қырған қасіретті кезеңдерге толы болды. Шығыста Гималайдан батыста Берлинге дейін, оңтүстікте Тарымнан солтүстігі Итжеккенге дейінгі жарты әлем бейуаз халқымыздың қанымен боялды. Осындай ұлттық қасіреттен соң қайта қауымдасқан қазақ ұлты өзінің Қазақстандай азат елінде емен-жарқын қауышып, бақыт құшағында армансыз шалқыған күндер еді ол. Содан бері қазақ билігі көші-қон саясатын еліміздің стратегиялық саясаты ретінде табаны күректей жиырма жылға жуық уақыт табанды жүргізді. Соның арқасында миллионға жуық қандасымыз елге оралды. Республика халқы бір жарым миллион қандасымызбен толықты.

Өкінішке қарай, тәуелсіздіктен бері қазақ көші дәл соңғы жылдардағыдай дағдарысты жағдайға тап болған емес. Дәлірек айтқанда, қаңтарылып тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Бұл жағдайға байланысты өткен жылы Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Президент Н.Назарбаевтың өзі де соңғы екі жыл бойы көшіп келу квотасының орындалмағанын ашық мәлімдеді. Өткен жылдың желтоқсан айындағы ресми мәліметке сәйкес, көшіп келу квотасының небары 33 пайызы ғана орындалған. Аталған құрылтайда Елбасы: «Қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюды» қадап тапсырған болатын. Өкінішке қарай, Президент тапсырмасын орындауға біздегі атқарушы билік асықпайтын сияқты. Себебі, ол кісі бұл сөзді өткен жылдың алғашқы жартысында айтқан болатын. Міне, осы жылдың соңғы жартысы да аяқталуға жақын, бірақ баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Тіпті елге оралған қандастарымыздың жағдайы одан бетер қиындай түсті. Мұның ең басты себебі, біздегі құзіретті биліктің өз қандастарымыздың жағдайын жылдан жылға қолдан қиындатып отырғандығы дер едім. Атап айтар болсақ, Республика Үкіметі ең алдымен осыдан бірқанша жыл бұрын-ақ ешбір негізсіз, себеп-сылтаусыз 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Рес­публикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысының күшін жойды. Соның кесірінен елге келген өз қандастарымыздың мәртебесі келімсектермен бірдей болып калды.

Бұдан кейін, 1999 жылдан бастап қолданысқа енген тағдыр тәлкегімен бөлініп-жарылған отбасылардың халықаралық адам құқығы пактілері негізінде шетелдердегі туыстарын өздерінің жеке кепілдігі арқылы шақыртып алуының жолын жапты. Өткен жылдың 14 сәуірінде Премьер-министріміз өзі қол қойған №307 қаулысымен «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» деп аталатын 2000 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің №136 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы елге келетін өз қандастарымыздың Қазақстан Республикасындағы жағдайын мүлде қиындатып жіберді. Соның кесірінен визасының мерзімі біткен сан мыңдаған қандасымыз сот шешімімен елден қуылып, бес жыл мерзімге дейін өз отаны Қазақстанға қайтып оралу құқығынан айрылды. Одан да сорақысы, осы жылы Үкімет көшіп келу квотасын 2015 жылға дейін тоқтату жөнінде қаулы қабылдады. Енді ел-жұрт аталған кемшіліктерді С. Ахметов Үкіметі түзейді деп үміттенеді.

Ал, дәл қазір оралман қандастарымыздың басындағы ең үлкен қиындық – олардың елге келгеннен кейінгі азаматтық алудағы әкімшілік кедергілердің есіңнен тандыратындығы. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның жаңартылған нұсқасында оралмандарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қолданылатындығы айтылған. Әрине, заңдағы бұл жаңалық құптарлық жағдай. Бірақ, оралман ағайын азаматтық алуда өзі келген елінен қылмыс жасамағаны жөнінде анықтама әкелуі шарт деген талап қосылыпты. Және оған сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері растап мөрін басады екен. Басқа елді білмеймін, Қытайда бұл мәселе әлдеқашан заңмен реттелген. Мысалы, «Қытай Халық Республикасы азаматтарының шекарадан кiрiп-шығуы туралы» ҚХР Заңының 8-бабында: «Төмендегі жағдайлардың біреуі болса, азаматтардың шекарадан шығуына тыйым салынады» – деп айқын жазылған. Бұған мыналар кіреді: «1.Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар және қоғам қауіпсіздігі, прокуратура немесе сот орындарының біреуі күдікті деп тапқан азаматтар; 2.Соты аяқталмаған азаматтық дау-шарға іліккендер; 3.Жазасын өтеушілер; 4.Еңбекпен түзеу мекемесінің тәрбиеленушілері»

Заңнан әліппелік сауаты бар адамдардың барлығы осыған ұқсас заң талаптарының барлық елде бар екенін білмеуі мүмкін емес. Соған қарамастан, оралман қандастарымызға 20 жылдан аса уақыт қойылмаған басы артық талап қою кімге керек болғанын өз басым түсіне алмадым. Алматы қаласында тұрақты тіркелудің адам айтқысыз машақатын да айтпай кетуге болмайды. 2010 жылы Алматы қалалық мәслихаты қабылдаған тіркеуге тұрудағы адам басына 15 шаршы метрден кем болмауы жөніндегі шешімі қандастарымыздың басындағы жағдайды ерекше қиындатып жіберді. Бұдан тыс, елімізге оқу іздеп келген шетелдердегі қазақ диаспорасы ұл-қыздарының жағдайы да кісі қызығарлық емес.Олардың оқуға қабылданғанға дейінгі уақытша тіркелу орындарының болмауы және тіркелу мерзімін создыра алмауы және оқуға қабылданғанан кейін азаматтыққа құжаттарын рәсімдей алмауы олардың өміріндегі ең басты қиындық саналады. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 33-баптың 1-тармағы 2-абзацындағы: «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы» – деген ерекше тағдырлық маңызы бар нормалардың болуына қарамастан, жоғары және арнаулы оқу орындарының көбісі оларды жатақханаларға тұрақты тіркелуге қолдау хат бермейді.

Әрине, құқықтық базадағы өзіндік кемшіліктер де жетіп артылады. Мысал, 23-баптың 6-тармағында: «Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келсім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Рес­публикасы аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады» деп жазылған. Тұтас 23-бап оралмандарға арналған жеңілдіктер мен басқа да көмек түрлеріне арналған соң, мемлекетке салмақ салмай өз мүмкіндігімен елге оралған ағайынды тақ бір кінәлі адамдай, бар жиған-тергеніңді жатжұртта қалдырып, кеденнен 50 келі жүгіңмен ғана өтесің деп міндеттеудің қандай қажеттілігі болғанын түсінсем бұйырмасын. Міне, енді көшіп келу квотасының 2015 жылға дейін тоқтатылуына байланысты елге оралған қандастарымыздың барлығы да бар жиған-тергенін жатжұртта қалдырып кетуге мәжбүр. Аталған жағдайға байланысты қазақ көшін қалыпты арнаға бұру мақсатында кезек күттірмейтін құқықтық және әкімшілік шараларды қолға алу қажет деп білеміз.

Рахым АЙЫП,

кәсіпкер

Серіктес жаңалықтары