АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ҚҰЗЫРЫНА АҚША БЕРІЛМЕК

АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ҚҰЗЫРЫНА АҚША БЕРІЛМЕК

АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ҚҰЗЫРЫНА АҚША БЕРІЛМЕК
ашық дереккөзі
457

Жуырда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өңірлерді дамыту бойынша кеңес өткізді. Үкімет басшылары, әкімдер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері қатысқан кеңесте аймақтардың экономикалық дамуы жан-жақты талқыланды.

Өңірлерді дамыту дағдарысты еңсерудің бірден-бір жолы. Бұл мәселе қолға алынғалы бері де біраз уақыт өтті. Индустриялы-инновациялық бағдарлама негізінде облыстарда жаппай өндіріс орындары, ірі зауыт-фабрикалар ашылып, бұрынғылары қайта іске қосылды. Десек те өңірлердің даму үрдісі әлі де баяу. Бұған себеп – жергілікті атқарушы билік органдарының енжарлығы, баяулығы. Бұл мәселені шешудің бір жолы – инвес­тиция тарту. Шетелдік немесе отандық инвесторлармен біріге отырып, өндіріс жүргізуде кездесетін қиындықтарды ығыстыру керек. Осы туралы Мемлекет басшысы тәптіштеп айтты:

– Индустриялық-инновациялық серпіліс үшін өңірдің болашағы туралы нақты қамқорлық және ерік-жігер қажет. Біздегілер бюджетке сеніп алған, қаржыны бөлумен, құрылыс жүргізумен ғана айналысқысы келеді. Өңірлерге инвестиция тартуда қызығушылық болуы үшін жер қойнауындағы байлықтарды пайдалануға мораторийді алып тастау керек. Егер облыс кен орындарына инвестиция тартатын болса, табыстың бір бөлігін оларда қалдыру керек, – деді Елбасы. Жалпы бұл мақсатта Тараз, Талдықорған, Қарағанды қалаларында инвест-форумдар өткізіліп, бірнеше табысты келісімшарттар жасалды. Бұл алғашқы қадам, әрине. Десек те Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары үш жыл ішінде бар болғаны 60 пайыз трансферт өсімімен 550 мың доллар инвестиция тартқан.

Еліміздің жалпы экономикалық өсімі соңғы үш жылда 5 пайыздан асып отыр. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде де бұндай көрсеткіш жоқ. Десек те өңірлерді дамыту арқылы біз әлемдік нарыққа шыға алатынымыз белгілі, сондай-ақ республиканың түкпір-түкпіріндегі жергілікті халық жұмыспен қамту мәселесі шешілер еді.

Кеңесте Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының экономикалық жағдайы таныстырылды. Аталмыш облыстарда қабылданған бағдарламалардың нәтижесі баяндалды. Мәселен, соңғы он жылда Ресей мен Шығыс Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1,1 миллиард долларды құрады. Облыстағы өндірістің өсімі 60 пайызды құраған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасалды, оған қазір халықтың 25 пайызы тартылған. Бюджеттегі түсімнің 19 пайызы осы саланың үлесіне тиесілі», – деді жоғары көрсеткіштерді атай келе. Сондай-ақ Павлодар облысында жалпы ішкі өнім 1,6 триллион теңгені құрап отыр. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артуы инвестициялық тартымдылыққа да әсерін тигізді. Шетелдік инвестициялар осы жылдың соңғы 10 айында 20 миллиард теңгеден асып түсті. «Өңірде 100 шақты бірлескен кәсіпорын белсене жұмыс жүргізіп отыр. Биылғы 9 айда облыстың ішкі сауда айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларынан асты, Ресеймен арада ол 2 есе, ал Беларусьпен сауда-саттық 3 есеге артты. Біз Ресейдің шекаралас өңірлерімен ынтымақтастықтың ауқымы мен түрлерін кеңейту үстіндеміз. Оған қоса, біз ынтымақтастығымыздың деңгейін Ресей мен Беларусьтің барлық өңірлеріне жеткізу қажет деп санаймыз. Бүгінде облыста өңіраралық ынтымақтастықтың өзіндік «жол картасы» қалыптасып келеді, бұл міндетті орындауға жауапты мемлекеттік органдар анықталды, – деді облыс әкімі Е.Арын.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары