ХАЛЫҚТАН АЛҒЫС АЛҒАН — «АЙТУҒА ОҢАЙ»

ХАЛЫҚТАН АЛҒЫС АЛҒАН — «АЙТУҒА ОҢАЙ»

ХАЛЫҚТАН АЛҒЫС АЛҒАН —  «АЙТУҒА  ОҢАЙ»
ашық дереккөзі
498

«Қазақстан» Ұлттық арнасынан қыркүйек айының орта шенінен бастап көрерменге жол тартқан «Айтуға оңай» ток-шоуы бүгінде елдің де, көзіқарақты зиялы қауымның да назарына іліккен жобалардың бірі. Осы бағдарлама төңірегінде әртүрлі әлеуметтік желілерде қызу пікірталастар орын алып, тіпті баспасөз бетінде де мақала жарық көріп үлгерді. Қоғамдағы әрбір өзгеріске, әсіресе медианарықтағы кез келген жаңалыққа сергек қарайтын журналистер қауымының да, телеарналардағы жаңа бағдарламалардан күтері мол жұртшылықтың да өз пікірлерін білдіріп, келелі ойға тамызық болатын көзқарастарын ортаға салуы құптарлық жәйт. Осы бағдарламаны күн-түн деместен еңбектеніп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей эфирге дайындап жүрген «Айтуға оңай» ұжымының, яғни Ұлттық арнаның журналистерінің де өз ойымен бөлісетін кезі жеткен сияқты.

Ең әуелі ток-шоу бағдарламаларының жанрлық сипатына, көрерменге берері не деген сұраққа тоқтала кетсек. Жалпы, ток-шоу жанрының отаны Америка екенін екінің бірі біледі. Бұл жанр қарапайым адамдардың телебағдарламаға қатысып, өзінің еркін пікірін білдіре алатын ашық алаңы іспетті. Әлемдік телевизия тарихында теледискуссияны алмастырған осы жанр дүниеге келгелі бері, ең жоғары рейтингтерді иеленіп келеді. Ток-шоу жанрына деген көрермен қызығушылығының өзі тектен-тек туындаған жоқ. Өйткені мұндай бағдарламалардың өз артықшылықтары мен мүмкіндіктері жетіп артылады. Мәселенің бір қыры, өмірдің түрлі қиындығына ұшыраған мыңдаған жандар басына түскен ауыртпалықтың өзгелердің де иығында бар екенін, өзінің жалғыз еместігін түсінеді, әрі студияға келген кейіпкерлер мен танымал қонақтардың дәл сондай мәселеге жаны ауыратынын, әрі өз тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісуге даяр екенін біледі. Ал екінші қыры, дәл осы ток-шоу жанры қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстардың астарына көппен бірге үңіліп, күрмеулі мәселелерді де біріге отырып шешуге, тығырықтан шығудың жолын бірге қарастыруға, тіпті кей жағдайда адам өзін қалай ұстауы тиіс, қандай қадамдар жасауы керек деген сияқты әралуан қам-қарекеттерді қамтиды. Америкалық ток-шоулардың басым көбі әу баста үйде отырған әйелдерге арналып түсіріліп, әрі күндізгі уақытта көрсетілгені, сондай–ақ оның мазмұндық астарында қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған идеология жүргізілгені соңғы кездері ғана ашық айтыла бастады.

Дәстүрлі ток-шоулар жүргізуші, сарапшылар және студия қонақтары атты үштағаннан тұрады. Ток-шоудың табиғатында сұхбат, пікірталас, ойын-сауық, драматургия секілді бірнеше жанрлардың өзара үйлесуі хабардың көрерменге әсер ету мүмкіндіктерін де ұлғайта түседі. Америкалық ток–шоудың «атасы» Фил Донахьюдің атышулы бағдарламаларынан кейін, әлемнің түкпір–түкпірінде осы жанр телевизия саласына дендеп ене бастады. Ал көршіміз Ресейде бұл жанр 90-жылдан бастап қарқын алды. Нәтижесінде, тек ресейліктерді ғана емес, посткеңестік елдердің де көрерменін жаулап алған «Большая стирка», «Страна советов», «Принцип домино», «Что хочет женщина», «Короткое замыкание», қазіргі «Пусть говорят» сияқты ток-шоулар өмірге келді. Заманның тынысы өзгерген сайын ток-шоулар да мазмұндық-формалық жағынан түрленіп, әрбірінің мақсат-мұраттары бір-бірінен ерекшеленіп отырары анық. Қазақ елінің медиа кеңістігінде де осы кезге дейін, бүгінгі күні де түрлі ток-шоулар жарыққа шықты. Оның ішінде өз арнасын да, аудиториясын да қалыптастыра алғандары баршылық. Әрдайым ұлттың жүрек соғысының тамырын тап басуға талпынатын «Қазақстан» Ұлттық арнасында тұсауын кескен «Айтуға оңай» ток-шоуы осындай бағдарламалардан несімен ерекшеленбек, оның алдына қойған мақсаты қандай? Міне, ендігі сөз осы жайында…

«Айтуға оңайдың» концепциясы жасалып, оның мазмұндық сипаты мен атқаратын функциялары анықталар тұста, редакция құрамы өзара ақылдаса келіп, халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігінде, тұрмысындағы бірталай құбылыстардың шығу төркінін, астарын ақтарып, бұқараға ой тастап қана қоймай, хабарға қатысқан әрбір кейіпкердің жанына батқан ауыртпалықты бөлісуге, мүмкін болса, оның шеше алмай жүрген түйткілдеріне көмек беруді мақсат тұтты. Үш ай көлемінде халық көңіліне жол тапқан бұл бағдарлама өз көздеген межесіне белгілі бір деңгейде қол жеткізді деген ойдамыз. «Айтуға оңай» ток-шоуының редакциясына еліміздің әр аймағынан күн сайын соғылып жатқан қоңыраулар, үздіксіз ағылып жатқан хаттар, сондай-ақ көрермендер жинауда жоғары рейтингке қол жеткізуі сөзімізге дәлел. Сөзімізді тележурналистиканың білгірлері қуаттар, әрине, ток-шоудың мақсаты белгілі бір кейіпкердің басына түскен қиындықты сол сәтте шешіп беру емес, тұрмыста, өмірде орын алып отырған нақты бір мәселеге елдің назарын аудару, оның шығу себептері мен салдарын көптің талқысына салу. Әрі тақырыпты жан-жақты талқылау. Аты talk-show деген ағылшын сөзінен алынған бағдарламаның көтерер жүгінің өзі де әңгімелесу, пікірлесу аясынан шығады.

Ал ток-шоудағы тележүргізушінің атқарар рөліне келсек, жүргізушінің басты міндеті барлық әлеуметтік-тұрмыстық, кей жағдайда құқықтық кикілжіңдердің түйінін тарқатып, үкім айту емес. Шешім табу – студияға арнайы шақырылған мамандарға тиесілі. Жалпы, көрерменге жеке пікірді тықпалау журналистік міндетті асыра пайдаланумен тең. Тақырыптың түйіні әрбір көрерменнің көкейінде туындауы тиіс. Біздің мақсат көрерменнің тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өзі жасауына жол беру. Әрбір адамды ойландыруға, әрі өзіндік шешім қабылдауына мүмкіндік жасау. Хабар барысында кейбір сұрақтардың басы ашық қалуы да заңды. Ол сұрақтар нақты көздемей-ақ өз нысанасын табатыны анық.

Сондай-ақ, бағдарламаның мазмұндық астарында халыққа беретін тәрбиелік маңызы да сырт қалмайды. Әсіресе, жүргізушінің сөзінің мәйегін халық даналығынан, мақал-мәтелдер мен аңыз-әңгімелерден алуы да кездейсоқ емес. Білуімізше, осы ток-шоу жанрын терең зерттеген мамандар қазіргі тележүргізушілерді «шоумен», «интеллектуал» және «жанашыр» деп үш типке бөледі. Бейсен Құранбекті осы үш түрдің қайсысына жатқызасыз? Әрине, жанашыр жүргізуші деуге болады. Ал кей тұста даусының қатқыл шығуына немесе қызуқанды қимылына қарап, жүргізушіні қаталдық танытты деп түсінуге болмайды. «Жаман үйді қонағы билейді» демекші, егер жүргізуші мінезсіз болса, оны да студия қонақтары билеп кетуі ғажап емес. Расында, кәсіби мектепте шыңдалған Бейсен Құранбектің бағдарлама барысында ара-тұра эмоцияға берілуі, студияда өзін еркін ұстауы, тіпті кейде кейіпкерді қызу сұрақтың астына алатыны бірталай көрерменнің танымындағы тележүргізушілер образына тосын қалып әкелді десек болар. Шамасы, ел-жұрттың танымында ресми киініп, еш мүдірмейтін, салқынқанды да ақылды журналистің образы жатталып қалған. Барлық ток-шоудың халыққа танылуы мен жұрт көңіліне жағуы – тікелей жүргізушінің образымен байланысты. Жүргізуші де ет пен сүйектен жаралған адам. Егер «Айтуға оңай» сияқты әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуды жүргізуші өте салқынқандылықпен, артық эмоцияны ішке жиып жүргізер болса, бұл хабар осы күнгі көрсеткішіне қол жеткізбеген болар еді. Шындығында, «біреудің жоғын біреу күліп іздеген» көп бағдарламаның бірі болып шығар еді. Осы тұста еске бір әңгіме түсіп тұрғаны. Оралхан Бөкейден бір кездесуде: «Неге осы сіздің шығармаларыңызда басы артық сөйлемдер мен тыныс белгілер өте көп?» деп сұрағанда, жазушы: «Сол артық сөйлемдер мен тыныс белгілерде Оралхан Бөкеевтің өзі тұр деп түсініңіздер» деген екен. Сол айтпақшы, артық эмоциялардың, кішкене ғана бұрылыстардың, кідірістердің өзінде «Айтуға оңайдың» барлық табиғаты тұр. Хабардың мақсаты да – көрерменнің көңіл-күйіне әсер ету, көтерілген тақырыпқа қызықтыру әрі өзгенің өміріне бей-жай қараудан арылту. Ал кез-келген ток-шоуда, тіпті аты дүркіреген әлемдік ток–шоулардың өзінде көтерілген тақырып толыққанды шешімін таппайды. Тек шешім табудың жолдары мен ұсыныстар ғана айтылады.

Сол секілді, «Айтуға оңай» да күнде алтын жұмыртқа туатын ертегідегі тауық емес, әрине. Аптасына төрт күн эфирге шығатын хабардың кейбіреуі сәтсіздеу шығып жатса, ол да заңдылық. Ел алдына шығып, назымды айтам деген кейбір кейіпкердің табан астында айнып қалуы да, қала берді көтерілген мәселені жіліктеп, шағып беретін маманның хабарға қатыса алмай қалуы, тағы да басқа толып жатқан техникалық ұсақ-түйек себептердің өзі алдын-ала ойластырылған хабардың мазмұнын аз-кем ақсатуы кәдік. «Айтуға оңай» ток-шоуының редакциясында өздеріне әзілдеп, «Айтқыштар» деп ат қойған отыздан аса қызметкерлер осындай кедергілерге мойымастан, алға қойған мақсаттарына жанын сала қызмет етіп жүр. Бағдарлама эфирге шыққан үш айдың ішінде шығармашылық топ хабарға қатысқан бірқатар кейіпкерлердің кәдесіне жарап, кейбір мәселелердің оң шешім табуына ықпал етті. Атқарылған немесе енді жүзеге асатын шаруаның бәрін эфирге сыйғызу мүмкін емес. Соның біразын тілге тиек етер болсақ, ток-шоудың бірінші бағдарламасына қатысқан ақын Сәбетай Сыпатаевтың кітабы қазір баспада даярлану үстінде. «Терезенің ар жағы» атты жетімдерге қатысты бағдарламадағы Александр мен Алексей есімді қос жетімге Алматы қаласында орналасқан «Жастар» үйінен баспана мәселесі қарастырылып, студияда ақшалай көмек ұсынылды. Осы хабарға қатысқан Тимур Бахыт есімді екі аяғынан айрылған азаматқа мүгедек арбасын көрермендер алып берді. Жуырда ғана көрсетілген «Тілсіз жау» тақырыбының кейіпкерлері, өрттен жапа шеккен Гүлзира және Гүлмира Селақыноваларға республиканың түкпір-түкпірінен хабарласып, жеке есепшот нөміріне қаражат жіберуді қарастырып жатыр. Сондай-ақ, «Асыл-Арман» емдеу орталығы тегін ем–дом жасайтындарын, күйік шалған жарақаттарынан айықтырып беретінін жеткізді. Тіпті кәсіпкер Серікбол есімді азамат қаржылай көмектесіп, дәрі-дәрмек жағынан көмектесуге бел буып отыр. «Сұлулық синдромы» атты бағдарламамыздың кейіпкері бетін күйік шалған Шолпан Көбесоваға Жоғары санаттағы пластикалық хирург Мақан Тынышбаев тегін операция жасап, көмек көрсететін болса, «Ән қалықтап барады көшеменен» тақырыбындағы Сәкен Таласпаев есімді азаматтың жағдайын сазгер Қалдыбек Құрманәлі назарға алып, құжатын жасап берді. «Дәрігердің қателесуге қақысы бар ма?» атты бағдарламадағы бір қолынан айрылып қалған екі жасар Әдемі Нұрымоваға академик Камал Ормантаев протез алып берсе, осы бағдарламаның келесі бір кейіпкері Жайлау Құбашевқа Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Тілепберген Алдамжарұлы қаржылай көмек көрсетті. «Жұмыс таппай жүрмін» атты бағдарламамызда Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Қанат Өскенов екі кейіпкеріміз Аида Сәмиева мен Ілияс Шалбаевтардың жұмысқа тұруына септігін тигізді. «Қорғансыздың күні» атты хабарымыздағы Елдос Ахметжанов есімді зәбір көруші азаматқа құқық қорғаушылар көмектесіп, сол бағдарламадан кейін «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері азаматтың мәселесін нақты қадағалауына алды. Бұл «Айтуға оңайдың» шапағаты тиіп, атқарылып жатқан шаралардың бір парасы ғана. Осы істің бәрін ток-шоудың шығармашылық жұмысынан бөлек, түсірілім сыртында атқарып отырған Ұлттық арнаның, атап айтқанда «Айтуға оңайдың» журналистері. Осы редакциядағы қызметкер жастардың әрбірі Ұлттық арнаның негізгі ұстанымын өздерінің азаматтық парыздарымен ұштастыра біледі. Ол – «әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтқандай, ұлтқа деген жанашырлық, әрбір хабардың халық игілігіне жарауы үшін тер төгу.

Жанар ӘБСАДЫҚ,

журналист

Серіктес жаңалықтары