САФУАН АҒА НЕМЕСЕ БІР ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХЫ

САФУАН АҒА НЕМЕСЕ БІР ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХЫ

САФУАН АҒА НЕМЕСЕ БІР ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХЫ
ашық дереккөзі
368

1993 жылы Қызылжарда қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдық тойы өтетін болды. Оңтүстік әкімшілігі Мәдениет басқармасының бастығы ретінде он шақты адамнан құралған делегацияны басқарып баруды маған тапсырды. Ұшқан құстың қанаты күйетін қашық­тық­тан, яғни қарама-қарсы ендіктегі сол­түс­тікке ұшақпен ұштық та келдік. Той – сән-салтанатымен көрікті. «Халық қаласа – хан түйесін сояды» дегендей сол елдің әкімі ұлтының өзге екендігіне қарамай әзірленіп-ақ бағыпты. Салтанатты жиыннан кейін ән шашу дейсің бе, аламан бәйге дейсің бе, қазақша күрес дейсің бе-еу, бәрі өз деңгейінде өтіп жатты.

Бесін мезгілі мен намазшамның аралығында қонақтардың қайда, қалай орналасуы да шешілді. Алматылық азуы ай білеген бір-екі жазушымен бірге біздің облыстан келгендерді күту Қызылжардың Жамбыл атындағы ауданының әкіміне тапсырылыпты. Қазір аты-жөні есімде жоқ, біртоға, іскер жігіт екендігі байқалып тұр. Ауданда қонақүй жоқ па, болмаса мәнісі жоқ па, әйтеуір әлгі жігіт бізді тура үйіне бастады.

Әкімнің үйі кең аулалы, айналасын биік жасыл ағаштар қоршаған бес-алты бөлмеден тұратын, кәдімгі жер үй екен. Беті-қолымызды шайып, дастарқан басына жиналдық. Қазақы ақ дастарқан барынша молынан жасалынған. Төрге қазақтың белгілі жазушысы, өзіміз кітабымен, суреттерімен сырттай таныс сырбаз-сері – Сафуан Шаймерденов ағамыз жайғасыпты.

Тобымыздағы бесаспаптығымен белгілі, Ресейден білім алған мәдениет қызметкері Асқар суырылып шығып, оңтүстіктіктерді жіпке тізгендей таныстырып өтті.

– Ой, айналайын, Ханбибі деген бала сен екенсің ғой, – деп, жанында отырған маған бүкіл денесімен бұрылып қараған Сафуан аға, пісте мұрнына ілінген нәзік көзілдірігінің астынан сүзіле бір қарап өтті. – Қош келдің, айналайын! Олай дейтінім – бұл менің ауылым. Мен дәл осы ауылда туып-өстім. Балалық, бозбалалық шағым осында өтті – деді, сыбызғыдай дауысы сызылып.

– Рахмет аға, туған топырағыңызға тартып сұлу жаралған жан екенсіз. Қызылжарға мың алғыс. Мағжан, Сәбит, Ғабит сынды әдебиет алыптарын өмірге келтірген. Өзіңіздің де «Инешіңізбен» етене таныс­пын, – дедім ағымнан ақтарылып.

Ағаның көңілі алабұртып, нәзік жаратылған келбетіне қызыл рең жүгірді. Оның себебі осы үйдің иесімен етене танысқан соң болды-ау, деймін.

– Оу, айналайын-ау, сен өзіміздің әлгі (әйел атын айтты, есімде жоқ) Қалқатайдың баласы екенсің ғой, ә? – деп біраз кідіріңкіреп, мүдіріңкіреп, тұтығыңқырап қалды. Терең ойлар толқынына шым батып кеткендей болды да, тәуекелге бел буғандай, бел буғанда да « әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, бір күрсініп алып:

– Қайран, Қалқатай, қыз біткеннің төресі еді ғой. Азғантай білімге ұмтылған балалардың ішіндегі оқығаны да, тоқығаны да бойына қонған бойжеткен еді, – деді бізге қарап. – Ол кезде қыз он үштен асса, оны бойжеткен қатарына қосатын.

– Мен бүгінде жетпістің екеуінен астым. Ал махаббат дерті жүрегімде әлі өмір сүріп келеді. Адалын айтайын, Қалқатай – менің алғашқы махаббатым еді, – деді жанары суланып.

Үй іші аң-таң. Дембелше келген әкім жігіт қызанақтай қызарды. Келіндер шай құйған қалпы жүздерін төмен салып, қолдарындағы кеселерін сыртынан сыйпалай берді.

Оның бірін қаперіне іліп жатқан аға жоқ. «Сонау бір шақта, сол шақта» өткен-кеткен, жалт-жұлт еткен, түлкідей бұлаңдап қайта соққан жастық шағын ойына түсірумен әлек. Жалпы ақын мен балада ес болмайды деген рас-ау!

Мен де ол кез жас едім, – деп әңгімесін жалғастырды. – Қалқатайға хат жаздым. Ұмытпасам: «Сен алтайы қызыл түлкі болсаң – бүркіт болып ілемін, сен ақша бұлт болып аспанға ұшсаң соңыңнан қуып жетемін, қара бұлтқа айналып, жерге жаңбыр етіп қайтарамын» деген сияқты хаттар жазып ем… Сол кездегі өзіне сенімді, өзгенің пікірімен санасқысы келмейтін өркөкірек жастық-ай, желең жігіттік-ай! – деп, өзін де, өзгені де елітіп, жеті қырдың ар жағында қалған жастық шағын көзі жасау­рай еске алған сайын, жас келіндер ұялып, жерге қарады, олардың ұялыс тапқанына мен өзімді кінәлідей сезініп, әңгіме арнасын қалай басқа арнаға бұрсам екен деп әбігерге түстім.

Өнер адамы – қалам иесінің бастан кешкен сезімі өткен жылдармен санаспайтынын бір кісідей-ақ түсініп отырмын. Ал кейінгі жастар оны ұғар ма, сезінер ме? Әйтпесе жас келіндер әлекке түспес еді де!

Барынша әсерленіп, шалқып, бусанып, шабыттанып отырған таза жанды қаламгердің бір сәт кідіргенін пайдаланған мен:

– Ағатай-ау, баяғыда өтіп кеткен алғашқы махаббатыңызды айта бергенше, соңғы махаббаттарыңыздан да айта отырсаңызшы, – дедім еркелей қарап.

– А,а, – деп кідіріп қалды аңғал ақын. – Солай ма? – деді таңғалып: – Ол жоқ қой, қарағым, бүгінде?…

– Неге болмасын. Жаныңызда отырған жоқпын ба? – дедім қалжыңдай.

– А-а, – сен бір өзің жақсы бала екенсің. Талантты бала екенсің. Бұрын сені неғып көрмегем, а — а?!.

– Ой, аға, мені көретіндей болдыңыз ба? Анда-санда бір топ өлеңдер жазып қойғаным болмаса, ауылда жатып бала табудан қолым босады ма, түге! – деп мүләйімси қалдым.

Ағаның тақырыптан ауытқып, ынтасы­ маған түсе берген кезде алдымызға ас келіп қалды.

Шіркін, Қызылжардың ғана емес бүкіл қазақтың паспорты – қазақы дастарқаны ғой. Және ет жарықтықты аямайды-ау, аямайды. Қызыл көрсек көзіміз қасқырдың көзіндей жанады-ау, жанады! Тегіміздің Көкбөрі екендігін етке деген құмарлығымыздан-ақ айқындауға болар. Қойшы, ет көрмегендей болмайын, сөзімнің тобықтай түйініне ойы­сайын.

Әкім үйінің қадірлі қонақтары «етке тойсам, сорпаға иттігім жоқ» дегендей, жас­тар жағы сорпадан бас тартып, қолдарын майлыққа сүрте бастады. Сафуан аға кеседегі сорпаға аздап шампан тамызып ішіп отырды.

Осы кезде мен отырған орындықтың арқалығынан, яғни ту сыртымнан бір жігіт тіл қатты.

Үрпек шаш, көк көзді, сары жігіт. Есімі Шашубай екен.

– Ханеке, сізбен тобық ойнайын деп едім! – Алақанындағы тобықты маған ұсынды. Мен орнымнан тұрып тобықты алдым. Топ шу ете қалды.

– Тобық ойнаудың шарты болады!

– Болса болсын! – деді Шашубай.

– Ханеке, сіз ұтылып қалсаңыз, неге бәс тігесіз? – деді топ.

– Ат-шапан айыбым болсын!

– Ал сен ше? – деді қызынған топ Шашубайға.

Ойында не барын қайдам, нарттай қызарып кетті. Жүзінен иманы төгіліп тұрған жігіт сөзге мәрт екен:

Есіл өзенін оңтүстікке бұрамын!

– Әп, бәрекелді!

– Ау, нағыз жігіт қой өзі!

Қоштап, қолпаштаған жұрт дуылдап жатыр. Осы кез тығыншықтай қарасұр жігіт ағасы (сол ауылдың адамы болса керек) орнынан сұрлана көтеріліп:

– Ей, Шашубай, Есіл сенің жекеменшігің бе еді, берсең сөзіңді бер, маған десең өзіңді бер! Немене, Есіл саған ойыншық па? – деп шын ашуға басты.

Отырған жұрт үрпейісті. Мен ыңғайсыз­данып қалдым. Есілді сұрағам жоқ еді. Оның үстіне дәл қазір Есілді алып кетейін деп тұрғандай, әлгі жігіттің қызғанышына, әзіл түсінбес морттығына таң қалдым. Жұрт у-ду. Екі жарылған топты Саф ағаның мына сөзі тоқтатты.

– Қарағым Сман, – деді әлгі қарасұр кісіге қарап. – Ақындар ауылына келіп отырмыз. Әдебиетте ақындар әлемі деген сөз бар. Поэзияда метафора – аллегория деген болады. Ол тек әдебиетшілерге ғана емес, әрбір әдебиет сүйгіштерге қатысты. Қатысты болғаны сол – оны түсіне білу керек. Өзің, әке-шешең оқыған «Батырлар жырында» небір эпикалық теңеулер бар. Болмағанды болдырып, алты айлық жолды алты сағатта шауып өтетін Қобыландының Тайбурылын білесің ғой, бұл – эпикалық теңеулер. Тыңдарманын еліктіру үшін жыраулар – ақындар солай сермейді. Бұл ауыз әдебиеті барлық халықта, барлық елде бар нәрсе. Шығыстың дүлдүл ақыны Хафиз: «Бір сұлудың меңіне Самарқан мен Бұқараны берер ем» деп жырлаған. Бірақ Бұқара мен Самарқанның халқы Хафизге қарсы «митинг» ұйымдастырған жоқ қой.Сондықтан әзіл сөздің астарына үңіле білу керек, – деп сөзін аяқтады.

Білгірлігі, білімділік пен бітімгерлігі қандай?! Әр сөзі сақаға балқытып құйған қорғасындай.

Асық алшы түсті. Жұрт қайта жанданып, әзіл-қалжың жалғасын тауып, кезегімен ән айтылып, күй тартылды.

Өзге жақты қайдам, біз тоқтаған үйдің есік пен терезесін тіптен қуыс-қуысынан қуаныш төгіліп жатқандай. Тоқсан жылдығы тойланып жатқан Ғабит Мүсіреповтің әруағы бір аунап түсті-ау деймін. Ол кісі туралы да бізге жырдай ғып әңгіме шерткен де, көзін көрген Саф ағамыз болды.

Қара сөзден қасықтап май алатын, шешендігін – тектілігімен, көрегендігімен, біліктілігімен қара қылды қақ жаратын әділдігімен, керек кезде батырлығымен (желтоқсандағы сөзін айтам) көркемдеп, толтырып-толықтырып отыратын қазақтың қара нарларының бірі де бірегейі де осы – Сафуан ағамыз екендігіне көзімді жеткіздім.

Сол бір кездесуде ойымда қалған тағы бір сөзі есіме түсіп отыр.

Әрнәрсенің соңы болатынындай, әдемі думанның соңы түн жарымда аяқталған. Жатын орынға қай қазақ қонақүй іздесін? Оңтүстіктен барған делегация тобымызбен сол үйге қонатын болдық. Әрине, ер азаматтар мен әйел балалары әр бөлмеге бөліндік.

Маған ұзын дәліздің оң жағына орналасқан балалар бөлмесіне төсек салып қойыпты. Есікте кілт жоқ – есіктің айқұлақтанған тұтқасы көзге шалынды. Бұрышта тұрған орындықтың аяғын әлгі есіктің тұтқасына енгізіп қойдым. Бұл өз ойымнан қорғанған түрім. Төргі бөлмедегілер далаға кіріп-шыққан сайын дәліздің тақтайы сықыр-сықыр әндетіп сала береді. Ондайда орнымнан атып тұрып, есікке үрейлене қарап қоям. Обалы не, ешкім есік қақпады.

Бір-екі сағат өтті ме, өтпеді ме, таң аппақ атып, беті-қолымызды шайып, жиналған бетіміз.

«Аман-сау өрбідіңдермені» айтып жатырмыз. Сафуан аға кешегі өзі отырған залдағы диванда тынықса керек, оны сөзінен байқадым.

Ақында ішкі қалтарыс болушы ма еді, ағымнан ақтарылдым.

– Шынымды айтсам ұйқы көргем жоқ. Дәліздің едені сықырлаған сайын маған келе жатқан біреу ме деп, қоянның көжегіндей төсегімде бүрісіп отырдым. Қатты қорықтым, аға!

– Ойбай, қарағым, сенің қорыққаның – менің қорыққанымның жанында түк емес екен.

– Неге? Жаныңызда жігіттер болмады ма ? Қайда жаттыңыз?

–Тап осы орында. Мына диванда. Жалғыз жаттым.

– Мына бөлмеде жігіттер болған көрінеді, неге қорқып жүрсіз? – деймін өкшелеп қалмай.

– Әй, қарағым әлі бала екенсің ғой, – деді жылы жымиып: – Өзің туралы батырлау, өжеттеу бала екен деп ойладым, ел аяғы басылғанда «жаныңызға жата тұрайын» деп келсе – «не тауып берем» деп қорықтым.

Дастарқан маңындағылар күлкіге қарық. Ешкім ұйықтамаған секілді. Бүгінгі таңғы отырыс – көп сериялы фильмнің жалғасындай.

Мына күлкінің маған қатысы барын байқаған бойда ренжіңкіреп:

Аға, не айтып отырсыз? О заман да бұ заман, әйел баласы ер азаматқа өз аяғымен барып па еді? – дедім білгірсіп.

Бір минут тыныштық орнап, жұрт Сафуан ағаның аузын бақты. Ол кісіге сөзім шыбын шаққандай да шымбайына батпай, өзіне тән сырбаздығымен жауап қатты:

– Қарағым, мына сөзіңді жұрт естімесін. Ақын адам салт-дәстүрді, өз халқының мінезін білуі керек. Сені «Еңлік-Кебекті» оқымады деп айта алмаймын. Оқысаң – Еңліктің өзі Кебекті іздеп бармай ма?

Жым болдым. «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғызды» айтып кеткен осы жұрт. Ұлттың тарихын, салт-дәстүрін бойына сіңіре алмаған адамнан ақын шыға ма? Сол сәт өзімнің ақын екендігіме шүбәланғаным бар.

Күн көтеріле Есілдің тарам-тарам саласындай, әрбіріміз тарау- тарау жолдарымен жөнімізге кеттік. Қоштасар сәтте Сафуан аға тілдей визиткасын ұсынып:

– «Алматыға келсең, үйге соқ», – деді.

Көп ұзамай газеттерден ағаның атақты спортшы ұлы Саянның кенеттен қайтыс болғанын естіп, қайғылы ағаның бейнесін елестеттім. «Үй өртенсе үй тұрғызар, адам өлсе кім тұрғызар» дегенді жете түсінгеннен жұбату сөздер айтып жедел хат жіберуге дәтім бармады.

Көп ұзамай сәті түсіп Алматыға іссапармен келетін болдым да, аға үйіне соғып, қайғысын бөлісудің реті келді. «Қуанышты бөліссе көбейеді, қайғыны бөліссе азаяды» емес пе?

Есікті сұңғақ бойлы, қараторы келген, сұсты апай ашты. Мен аты-жөнімді таныстырып есіктен ендім. «Кел, кел, қарағым!» деп апай ішке бастады. Стол басында жұмыс жасап отырған ағамның реңі солыңқы. Абыр-сабыр адам аяғы басылған сыңайлы. Орны толмас қазаның соңы қайырлы болсынды айтып көріскен соң, шәй дастарқанына жақындадық.

Осылай болды ғой, осылай болады деп кім ойлаған? – Ағаның көзі жасаурап, жас өлімнің жазылмайтын жара екендігін еске алып терең күрсінді. Кешегі желтоқсан көтерілісі салған жараның аузын тағы да бір тырнап жаңғыртқан жара болды, – деді де үнсіз қалды. Алдыма қойылған кеседегі шәй ішілер емес. Көзім бөлмеде тұрған журнал столы үстіндегі үйіліп жатқан газеттерге түсті. Жанында көзілдірік жатыр.Ішімнен ойлап қойдым: «Аға жазу жазғанда басқа көзілдірік, газет оқығанда басқасын киетін болды ғой» деп.

Сезімтал аға байқап қалды-ау, мені апаймен таныстыра бастады.

– Мына кісі Бағдат деген апаң болады.Мамандығы әдебиет ауылынан алыстау болса да, газет-журналдарды көп оқиды. Мен естімеген кейбір жаңалықтардан құлағдар етіп отыратын да осы кісі, бір жағынан менің саяси шолушым, хатшым да осы кісі!

Көпшік қоя сөйлегенін есіте тұра былқ етер апай болмады. Сабырлы, салмақты.Қайғы табы жүзінен әлі өшпепті.

– Айналайын, – деді апай біруақ үнсіздіктен соң, – кесеңе мұз қатты ғой, алыс­тан келген көрінесің, дәм тата отыр. Өзің жәйлі хабардармын. Ағаң Қызылжардан оралған сапарда «өрі, қыры бірдей, бір қарындас таптым» деп қуанып отырған. Апайдың жүзі жылыды.

– Ханбибі, сол сапар жайлы, әнебір тобық берген жігіт жәйлі емес, сол тобық ойынындағы қазақтың дәстүрі жәйлі бір сюжетті өлең жазсай, – деді аға.

Бұл тапсырма – маған ағаның айтқан аманаты, жасаған базынасы сияқты сезілді сол сәт.

Үй иелерінің қасіреттің қара нүктесінен тіршіліктің басқа қыры – әдебиетке ауыс­қанына риза қалыппен ауылға аттанып едім.

Уақытта аяқ жоқ. Тек қанат бар. Зуылдап ұшады. Сондай күндердің бірі – Оңтүстікте үлкен дүбірлі той өтетін болды. Үш жүздің басы қосылған Ордабасы биігіне ескерткіш орнатылып, оған көршілес, емшектес үш тәуелсіз Мемлекеттің Президенттері келетін болып, алашапқын кез басталған. Мен ол кезде облыстың мәдениет басқармасын басқаратындықтан «тас түскен жеріне ауыр», барлық мәдени шаралардың маған жүктелетіндігі де белгілі. Ақындар айтысы, концерттік бағдарлама, театрландырылған көрініс, бірінен соң біріне шапқылап, аласұрып жүрген шақ. Сондай бір кезеңде маған жанашырлық танытып жүретін Асқар досым алдымнан шыға келді. Жанында бір жігіт бар. Асқарым шешесі ұл тапқандай ыржалақтайды:

– Ханеке, Қызылжар есіңізде ме, тобық ше? Тобықтың иесі Шашубай ғой, – деп жанындағы жігітті нұсқады.

Шашубай есімде қалыпты дей алмаспын, бірақ «тобықты» естігенде біреу үстімнен шелектегі мұздай суды құйып жібергендей әсерде болдым. Реңім қашып кетсе керек, әлгі жігіт: – Ханеке, сұрамаймын, сұрамаймын! – деп безек қаға жөнелді.

– Мәселе сенің сұраған-сұрамағаныңда емес, дәстүр бойынша қолыма тиген сол тобықтан айрылып қалғаныма өкініп тұрмын. Оның үстіне ол жайлы Сафуан ағаның да тапсырмасы бар еді, – дедім сөзім үзік-үзік шығып.

Жасыратыны жоқ, іс-шара аясында жігіттің ат-шапанын тапсырып, көңілім жайланғандай болды. Көп ұзамай «Тобық» деген өлеңнің сұлбасы дүниеге келді.Қарапайым қазақ жігіттерінің образын бере алдым ба, жоқ па деп көп ойландым.

ТОБЫҚ

Бұл оқиға жұрт есінде,

Айтпай сырды іркесің бе?

Бір тойында ұлы ақынның,

Қызылжардың бір кешінде.

Думан кеште аспанға әнді

Шарықтатқан жастар бар-ды.

Қазақтың салт-дәстүрімен

Табақ тарту басталған-ды.

Сұлу көштің көрігі еді,

Сезімталдың серігі еді,

Ұяң жігіт «аманат» деп,

Маған тобық беріп еді.

Қызынған топ: «Шарты! – деді, –

Шартсыз ойын жарты», – деді.

Қабыл алып, күлді жігіт,

Көзінде тұр бар тілегі.

Жанары отты, ұғам нені.

– Мен шартымда тұрам, – деді, –

Қапы қалсам, Есілімді

Оңтүстікке бұрам! – деді.

Жан-жағына жүз алақтап,

Кетті біреу қызарақтап.

– Бере алмаймыз Есілді біз,

Бермейміз! – деп, дызалақтап…

Берем десең, сөзіңді бер,

Берем десең, өзіңді бер!

Есіл саған ойыншық па,

Сөзің емес көз ілдірер!..

…Сөзі-оғы емес, жәй мергеннің

– Ат боп қайтар, тай бергенің…

Сабыр, сабыр, сабыр, – деді

Сафуаны Шаймерденнің, –

Ойыннан от тұтанады,

Содан жүйке жұқарады.

Бір сұлуға берген Хафиз

Самарқан мен Бұқараны,

Берген сенің азаматың

Сөзін қайтып жұта алады?!

… Әзіл-қалжың жететіндей,

Сөз сүйектен өтетіндей.

Дөң жігітке көрінгені-ай

Есілді ертіп кететіндей!..

Қазағым-ай, әзілің бар,

Кеңдігіндей жазығың бар.

Бермесе де, мәрт жігітке

Іштей айтар наз-үнім бар!

Көңіл толып үлгереді,

Көңіл солып үлгереді.

Оңтүстік пен Солтүстіктей

Кездеспеспіз, кім біледі?!

…Күндер өтті. Айлар өтті,

Жылжып жылдар, қайда кетті?

Үш жүзімнің басын қосқан

«Ордабасы» тойға жетті!

Тойда біреу – бағы ашылып,

Тойда біреу – дара шыбық.

Қарсы алдымда… сол, баяғы,

Кетті жүрек аласұрып!

Тұрмын жүдеп… Жоқ тобығым!

Өрттей сөнді отты күнім!

Серт дегенің қиын екен,

Серттен тайған бопты күнім!..

Ұтылғанның жайы мұңлы,

Көтерейін айыбымды!

Өкінемін, сала алмадым

Есіліңе қайығымды!

Бір тұман ой тарамады,

Көңілімді жаралады.

Ат-шапаным айыбыма

Мойнын бұрып қарамады!

Аттың ұрып сауырына,

Тартты жігіт ауылына.

Жауап бере алмадым-ау

Тіршіліктің дауылына!

Сездім, жігіт өкпеледі,

Кінәлады текке мені.

Мен боталы інген едім,

Көш алыстап кеткен еді!..

…Өмір деген құбылмалы,

Қатпар-қатпар ұғымдары.

Табылмады тобық құрғыр,

Есіл өзен бұрылмады…

Әр адам сияқты әрбір өлеңнің де өмірбаяны болады. Осы өлеңнің өмірге келуіне Сафуан аға себепкер болып еді. Өлең қалды, аға жоқ. Ол кісімен қоян-қолтық араласып, сапарларда үзеңгі жолдас болмасам да, бірді-екілі кездескен сәттер қаламыңа жел беріп, өзін есте қалдыруға жол сілтеуден артық нәрсе бола ма? «Ақынды ақын аямаса болмайды, ақынды ақын аямаса, ол қайғы» деп Мұқағали ағамыз айтып-ақ кетіп еді ғой. Алма алмаға қарап қызаратынындай, жұлдыздың жұлдызға жарық беретініндей қаламгер жандардың бір-біріне деген шапағат-мейірі осылай болса керек деп ойлаймын.

Ағаны ойласам – Алматыны ойлаймын.

Алматы. Алматыны ойласам, тағы да қаламдас-әріптестерімді ойлаймын. Қандай бақытты деп. Біреулер «Алматы адамды ақын ғып шығармайды» дейді. Кейбір ақындар артқы аяғын шайнап тастаған қасқырша ұлып, «сұр қала, безерген қала, безбүйрек қала» деп күңірене ұрсып жазып жатады. Ау, сол ақындарды кім ұстап тұр, – деймін-ау сондайда.

Менің ойымша, Алматы – мәдениеттің өзі, көзі, шыңы. Әдеби орта да, мәдени орта да сонда! Сафуандай, Әзілхандай, Қасым Қайсеновтей, Тұрсынбек Кәкішевтей, Мұхтар Мағауиндей – жазып қойған хаты бар орта. Әлкей Марғұланды, Қаныш Сәтпаевты, Мұхтар Әуезовтің сөзін естімек түгілі, бір көруге зар болған біз сияқты ауылдың ақындары зарласа болады. Кезінде кетпен-күректі жырлайтын – реалистік әдебиеттің ауылы бізден де алыстады. Бізге бір нәрсе жетіспейтін сияқты. Ол – аяулы ағалардың аялы алақаны екен. Солардан алатын сабақ екен. Өкінішке қарай, олар да аз-ақ қалыпты. Қазақ зиялыларының астанасы болған, болып та қала беретін Алматы қаласында бүгінде аға Шәймерденовтің де, бала Шәймерденовтің де көшесі сайрап жатыр.

Сафуан аға Шаймерденовтің де есімі көңілдерде сайрап жататындығы анық!..

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері

Серіктес жаңалықтары