БАЗАРДЫҢ ШОҢЫ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА
БАЗАРДЫҢ ШОҢЫ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА
Дүниежүзілік банк Орталық Азияның ең ірі базарларында қанша қаражат айналыста жүретінін есептеп шығарды. Десе де алпауыт базарлардың көлеңкесіндегі қара нарықтың айналымын есептеу оңай болмас.
Қазақстанда базарлардың басым бөлігі оңтүстікте орналасқан. Алматы қаласының Солтүстік айналымындағы «Барахолканың» бір жылдық тауар айналымынан түсетін қаржы 1 миллиард 742 миллион долларды құрайды. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, бұдан да ірі айналымды базарлар бар. Еліміздің базарларынан асып түсетін сауда-саттық айналымы көршілес Қырғызстанда екен. Бішкекке жақын «Дордой» базарында ең үлкен жылдық айналым тіркелген. Ол жылына 2 миллиард 842 миллион долларды құрайды.
«Биржевой Лидер» басылымының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жалпы жылдық айналым 2 миллиард 154 мың долларды құраса, Қырғызстан бойынша – 3 миллиард доллардан асады, ал Тәжікстанда – 256 миллион шамалас.
Еліміздегі базарларға тасымалданатын тауардың басым көпшілігі Қытайдан әкелінсе, қалған бөлігі Қырғызстан арқылы келеді. «Дордой» мен алматылық «Барахолка» Қазақстан мен Тәжікстан базарларының негізгі тауар жеткізушісі болып табылады. Тағы бір қызық мәлімет, Қырғызстан базарларындағы барлық импорттық тауарлар қытайлық өндірістен шыққан. Сонда Орталық Азия елдерінің тауар айналымындағы заттардың барлығы дерлік қытайлық өндірістікі екен, бұл аз десеңіз, бүкіл әлемдегі кәсіпорынның жинақтаушы жұмысшы күші – Қытайда.
Дүниежүзілік банктің пікірінше, базарлар қарапайым халықтың жұмыс орнына айналған. Мұндай саудамен шекара маңындағы әрбір үшінші тұрғын айналысады. «Қазiр Алматыда 74 әмбебап базар жұмыс iстейдi. Онда 180 мың адам жұмыс істейді» – дейді кәсіпкерлер өкілі Жібек Әжібаева.