ҰМАЙ АНА БЕЙНЕСІ ТАБЫЛДЫ

ҰМАЙ АНА БЕЙНЕСІ ТАБЫЛДЫ

ҰМАЙ АНА БЕЙНЕСІ ТАБЫЛДЫ
ашық дереккөзі
1357

Алматы қаласында мәдени мұрамызды түгендеуге байланысты тағы бір шара жүзеге асты. «Тарихи-мәдени мұра және замануи мәдениет» атты тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарға жиналған отандық және шетелдік ғалымдар бұрын-соңды болмаған жаңалықты, яғни Қазақстан аймағынан алғаш табылған тәңірлік белгі – Ұмай ана бейнесінің табылғандығы туралы мәлім етті.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Көшпенділердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған ауқымды басқосуға көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан елдерінің белгілі ғалымдары мен Астана мен Алматыдағы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарынан беделді ғалымдар қатысты. Семинар жұмысы «Орталық Азия елдері мен Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: материалдық мәдени мұра; Орталық Азия елдері мен Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: материалдық емес мәдени мұра; Орталық Азия мен Қазақстанның заманауи мәдениеті және медиатану мәселелері» деген секциялар бойынша жалғасын тауып отырды. Ондағы мақсат – тарихи-мәдени мұрамызбен қазіргі мәдениетті байланыс­тырып, сабақтастығын жетілдіру. Жиында Орта Азия елдері мен Қазақстан арасындағы философиялық, әлеуметтік-мәдени, тарихи және экономикалық мәселелер талқыланып, Көшпенділердің мәдени мұрасы институты жүргізген ғылыми зерттеулердің қорытындысы ұсынылды. Әрине, мәдени мұраларды зерттеп, өзіміздің қоржынымызға салу үлкен еңбек. Елімізде Ұмай ананың тасқа қашалған алтыншы бейнесінің табылғанына әсерленген ғалымдардың қуанышында шек жоқ. «Бір ай бұрын біздің институттың ғалымдары Алматы облысы, Жамбыл ауданында тасқа қашалған мүсінді тапты. Ол – сарапшылардың пайымдауынша, Ұмай анамыздың бейнесі. Бұған дейін Ұмай анамыздың бейнесі көне түркілер мекендеген жерлерде бес рет табылған екен. Бұл алтыншысы. Ол сенсациялық ғылыми жаңалық деуге болады», – дейді Көшпенділер мәдениеті мұрасы және Мәдениет саясаты институтының негізінде жаңадан құрылған Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының директоры, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаев. Бұл жаңалықты Көшпенділер мә­дениеті институтының жетекші ғы­лыми қызметкері Алексей Рогожинский бастаған археологиялық-этнографиялық ғылыми экспедиция ашқан. Алексей Рогожинскийдің айтуынша, ол ежелгі түркі кезеңінде, яғни ең кемінде біздің дәуірімізге дейінгі 7-8 ғасырларда қа­шалған. Қоғалы шатқалынан табылған суретке қатысты ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар. Түркітанушылар кейбірі бұл Ұмай ана десе, екіншілері ежелгі Түркі және Қытай жазбаларында Ұмай ананың бейнесіне қатысты нақты мәліметтердің жоғын алға тартуда. «Бұл Қазақстан аумағындағы Ұмай ананың тасқа қашалған алғашқы бейнесі емес. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстанда табылған бейне Мемлекеттік орталық музейге қойылған болатын. 2009, 2012 жылдары Алматы облысындағы Жамбыл ауданындағы Қоғалы шатқалында аралығы бірнеше жүз метр болатын 2 жерден бірегей бейнелер табылып отыр», – деді тарих ғылымдарының кандидаты А.Рогожинский. ҰМАЙ АНА БЕЙНЕСІ ЖАЙЫНДА Көне түркілердің мифологиясында «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебейтін періште саналады. Бізге жеткен деректерде ерте дәуірде Алтай тауын мекендеген түркі жұрты құрық бойы қар жауған бір қатты қыста қырылып қалады. «Осы қақаған аязда Айсұлу атты қыз бөстекке оранып аман қалады. Оны Алтайдың үңгірін мекен еткен Аю батыр тауып алып, Айсұлуды сұлқ жатқан жерінен Ұмай ананың көмегімен тірілтіп алады. Көп ұзамай Аю батырдан Айсұлу жүкті болады. Аю батыр үйде жоқта толғақ қысқан Айсұлуды Ұмай ана жебеп, бір ұл, бір қызды дүниеге әкеледі. Содан түркі қауымы рулы елге айналып, бүгінге күнге жетеді». Яғни, көне бұл аңыздан ұғатынымыз «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебеуші мейірімді рухани күш саналады. Кейбір батыс зерттеушілері «Ұмай ананы» Тәңірге балап, ер түріктің ұрпағын хақ сенімнен адастырғысы келеді. Алайда «Ұмай ананы» теология және космогониямен байланыстырудың еш реті жоқ. Бұл туралы зерттеуші Д.Қыдырәлі: «Ориенталист ғалымдар «Ұмай» сөзін «тәңір ана» деп қате аударып жүр. Біздің ойымызша, Ұмай – аналарды қолдайтын періштенің аты. Қыз ұзатылғанда, неке қиылғанда, әйел босанғанда Ұмай анадан медет тілеу осыдан келіп шыққан», – деп «Ұмай ана» ұғымын дәл зерделейді. (Д.Қыдырәлі Атымды адам қойған соң… «Таймас» бас­пасы. Алматы 2008). Түркілер «Ұмай ана» деп Адам атаның қосағы Хауа ананы айтқан секілді. Себебі, белгілі руника зерттеушісі Қ.Сартқожаұлы да Орхон-Енисей тас жазуында түркілердің «Ұмай текті ұрпақ» деген тіркестерді қолданғанын жеткізеді (С.Қаржаубай. Орхон мұралары. Күлтегін. Астана 2003). Демек, түркілер «Ұмай ананы» Тәңірге баламай, керісінше оның жатырынан жаралғанын пайымдаған. Яғни, түркілердің дүниетанымындағы «Ұмай ана» Адам атаның қосағы Хауа ана болуы бек мүмкін. Ал Ұмай ананың тасқа қашалған алтыншы бейнесінің елімізден табылып жатқаны бекер емес. Мұны ғалымдар әлі де зерттеп, зерделей түсетіндігін айтады. Ол үшін келесі жолы Жамбыл облысына арнайы экспедиция жасамақ. Мәдени мұрамызды түгендеп, кейінгі ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізу негізгі мақсатымыз дейді олар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары