ҚИҚУЫ КӨПКЕ СОЗЫЛҒАН ҚАШАҒАН

ҚИҚУЫ КӨПКЕ СОЗЫЛҒАН ҚАШАҒАН

ҚИҚУЫ КӨПКЕ СОЗЫЛҒАН ҚАШАҒАН
ашық дереккөзі
271

Қашаған… Әлемдегі ең ірі кеніш. Мол қоры бар кеніш табиғат тылсымы деп те айдарланды. Соңғы 40 жылда табылған қара алтынға бай мұнай ошақтарының бірі. Солтүстік Каспий қайраңында орналасқан кеннің игерілмей тұрғанына біраз уақыт болды.

1960 жылдары Алясканың Солтүстік баурайында ашылған Prudo Bay кен орнынан кейін Қашаған соңғы қырық жылда ашылған ірі жаңалық деп есептеледі. Қашағанның бірінші барлау ұңғымасын бұрғылау нәтижесінде 2001 жылы шілдеде игеру жұмыстары басталып кетті. Бұл ұзақмерзімді жоба, оны «Agip Kazakhstan North Operating Company B.V» компаниясы жүзеге асыратын болады. Қашағанда шамамен 38 миллиард баррель мұнай бар деп есептеледі, оның ішінде газды айдау технологиясы қолданылса 13 миллиард баррель мұнай алынуы ықтимал. Бірақ басқа да мұнай ошақтары сияқты елімізде қазылатын мұнайды трансұлттық компаниялармен бөлісеміз. Бұл кенішті де Қазақстан 100 пайызға игеріп, табысын өзі ғана көріп отырған жоқ. Бір оператор ғана өндіріспен айналысады. Бірақ оның құрамына жеті халықаралық мұнай компаниясы кіреді: «Eni» 18,5 пайыздық, «ExxonMobil» – 18,52 пайыз, «Shell» – 18,52 пайыз, «Total» – 18,52 пайыз және «ConocoPhillips» – 9,26 пайыз, «Inpex» – 8,33 пайыздық үлеспен консорциумның атынан мұнай өндіруді жүзеге асырады. Ал «ҚазМұнайГаз» үлесін 16,81 пайызға жеткізіп, аталмыш компаниялармен дәрежесі тең болды. Алайда соңғы аталған компаниялардың бірі «ConocoPhillips» өз активтерін сатады деген сыбыс барлық ірі өндірушілерді селк еткізгені анық. Кейбір дерек көздеріне сенсек, бұл компанияның активтерін Қазақстан сатып алмақшы. Өйткені компаниядан түсетін пайда 14 пайызға төмендеп, 15 миллиард доллар табыстан қағылған. 2012 жылдың соңына дейін ConocoPhillips 20 миллиард доллар тұратын активтерін әлі де саудаға салуы мүмкін. Бизнес саласындағы басылымдардың дерегіне сүйенсек, бұл сауда ConocoPhillips-тің қиын қаржылық жағдайын жақсартуы мүмкін. Жуырда ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев бұл сыбысты жоққа шығарды. «Қашаған кенішін игеру бойынша консорциум акционерлерінің бірі ConocoPhillips компаниясы осы кенішті игеру жобасында өзінің үлесін (8,4%) сату туралы ешқандай құжаттар тапсырған жоқ. Сату және сатуға тілек білдіру туралы ешкім айтқан жоқ, бұл әзірге сөз жүзінде. ConocoPhillips тек өз үлесін сата алатынын хабарлады, әзірге басқа ештеңе білмейміз. Қашан және нені сататыны бұл олардың құқығы, менің білетінім олар сатуға бел буған», – деді Kazenergy форумында министр мырза. Егер Қазақстан тарабы америкалықтармен келісімге келе алса, Қазақстанның Қашағандағы үлесі 25 пайызға көбеймек. Әлемді дүр сілкіндірген жобаны игеру мәселесі әлі де кейінге шегеріліп келеді. Мәселе неден басталды? Жалпы Мұнай және газ министрлігі бұл кенішке қатысты келеңсіз жайттарды түрлі себептермен түсіндіріп әуре. Әйтсе де түсініспеушілік қара алтынды бірлесе қазатындардың өзара келіспеушілігінен туындағаны анық. Кенішті игеруді одан әрі жалғастыру үшін трансұлттық компания ҚР Үкіметінен ұңғу жұмыстарын жеңілдету, бағаны арзандатуды сұраған болатын. Бірақ Үкімет бұл жобаны кері қайтарды. Егер бұл жоба іске асса, күніне 1 миллион баррель мұнай өндіруге болар еді. Үкіметпен арада жасалған келісім бойынша, Қашаған 2005 жылдан бастап игерілуі тиіс. Алайда міндеттеме орындалмай, экологиялық және технологиялық қиындықтарды желеу еткен өндірушілер 2007 жылға шегеріп қойды. Сол кезде Қазақстан Үкіметі олардың еркелігін көтере алмайтынын ашық білдіріп, мәселені төтесінен қойды. Осылайша Қазақстан тоқсаныншы жылдары тиынға сатқан активтерді біртіндеп кері қайтаруда. Бүгінде Қашағанды игерудегі негізгі жауапкершілік «Норт Каспиан Оперейтинг Компании Б.В.» (НКОК) операторына жүктелген. Аталмыш алпауыттардың бірі Eni-мен Сауат Мыңбаев бірнеше жыл бұрын кездесуінде жергілікті жердің заңдық құқықтары мен талаптарын сақтау жөнінде ескерткен еді. «Біздің еліміздің заңдарын және өз мойындарына алған міндеттемелерін нақты орындау – Қазақстанда жұмыс істейтін барлық компаниялар үшін, оның ішінде шетелдік компаниялар үшін де міндетті болып табылады. Біз бұл жайтты, әсіресе, мемлекетіміздің мүддесі туралы сөз болып отырған кезде назардан тыс қалдыра алмаймыз», – деп атап көрсетті С.Мыңбаев. Министрдің айтуынша, «егер қойылған талаптар орындалмайтын болса, біз заңнамамызда қарастырылған барлық шараларды қабылдайтын боламыз». Сондай-ақ, министр Қашағанды игеру жоспары мен бюджетіне жаңа түзету қабылдаудың тиімсіз екенін негіздеді. «Қазақстан Үкіметінің инвестициялық келісімшарттардың тұрақтылық қағидасын ұстанатынын тағы да атап көрсетемін. Қазақстан Қашаған жобасын жүзеге асырумен байланысты мәселені шешуге бағытталған ашық диалогқа әзір. Жер қойнауын пайдаланушылардың өз міндеттемелерін орындауларына қатысты біздің талаптарымызды саясиландырмау­ларын өтінемін», – деп мәлімдеді сол жолы С.Мыңбаев. Еліміздің экономикалық мүддесін қорғау үшін операторлармен ашық келіссөздер жүргізу қажет. Расында еліміз тәуелсіздік алып, мұнай кеніштерін трансұлттық компаниялармен бірге игере бастады. Осы жылдардың ішінде Қазақстанның экономикалық мүддесіне неше мәрте зиян келді, ұлттық заңнаманы бұзу фактілері де сан мәрте тіркелді. Бірақ … Кенішті игерудің екі жылға кешіктірілуі Қазақстан жағына өте көп мөлшерде шығын келтіруі мүмкін деп жазды халықаралық басылымдар. Ауызекі тілде Солтүстік Кас­пий жобасы аталып кеткен Қашағанның Қазақстан үшін де, оны игеруге қатысып жатқан алпауыт компаниялар үшін де маңызы өте зор. Сол себепті де алпауыттар уақытты созу өздеріне тиімді екенін ұғып отыр. Бұрғылау жұмыстары Қашаған, Қаламқас, Ақтоты және Қайран кен орындарында орналасқан 11 теңіз блоктарында жүргізілмек. 2013 жылдың қаңтары мен маусым айы аралығында Қашаған жобасы коммерциялық негізде жүзеге асады. «Қашағанда бірінші кезеңнің барлық мәселелері шешілгенін сіздер білесіздер. Ағымдағы жылдың мамыр айында реттеу туралы сәйкес келісімге қол қойылды. Жұмыстың алға басып келе жатқанына барлығымыз көз жеткізіп отырмыз. 2013 жылдың қаңтары мен маусым айы аралығында коммерциялық негізде жүзеге асырылады деп күтіп отырмыз», – деді Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, Қашаған жобасының екінші кезеңінде ҚР Мұнай және газ министрлігі консорциумнан қажетті құжаттардың енгізілуін күтеді. Бірінші кезеңде «Д» аралында тәулігіне 370 мың баррель мұнай өндіріледі, бұдан кейін бұл көлем тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтылады. Қашаған мұнайын өндірудің ең жоғары сатысында тәулігіне 1,5 миллион баррельге дейін «қара алтын» өндіріледі. Жобаға қатысушылар белгіленген мерзімде мұнай қазумен дереу айналысуы қажет. Бірінші кезеңнің соңғы мерзімі – 2013 жылдың желтоқсан айына белгіленген. Ал өндіру осы мерзімнен асып кетсе, онда шетелдік компаниялардың жобаға салған инвестициялары күйіп кетеді. Сондай-ақ 2013 жылы қаңтар-маусым айларында Қашаған жобасы бойынша коммерциялық өнім өндіру жұмысы бас­талады. «Ал жобаның екінші кезеңі бойынша өзгерістер болады. Осыған байланысты министрлік консорциумның тиісті ұсыныстарын күтіп отыр. Жалпы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп атап көрсетті С.Мыңбаев. Ал Қарашығанақ жобасы болашақта кеңейтілетін болады. Министрдің сөзіне қарағанда, ол бойынша Ресеймен тиісті келіссөздер жүргізілуде. «Себебі шикі газдың басым бөлігі Орынбор газ өңдеу зауытына жеткізіледі. Ал шикізаттың қалған бөлігі Қазақстан жерінде салынатын жаңа зауытта өңделмек», – дейді министр. Негізі жоспар бойынша кенішті игерудің екінші кезеңі 2018-2019 жылдары басталады. Мамандардың бағалауынша, бұл – Қазақстанға әлемнің ең ірі мұнай экспорттаушыларының бестігінің қатарынан орын алуына мүмкіндік береді.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары