БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМА ҺӘМ БАСПАНА

БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМА ҺӘМ БАСПАНА

БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМА ҺӘМ  БАСПАНА
ашық дереккөзі
161

Қазақстандықтар тұңғыш Президент күнін жалпыхалықтық мереке ретінде атап өтті. Кез келген мемлекеттің мәртебесі оның астанасымен айқындалады. Бұл орайда еліміздің астанасын Алатау баурайынан Сарыарқа төсіне көшірген Қазақстан Президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен.

«Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы ұзақ мерзімге белгіленген. Астананың тәуелсіздік алған жылдар ішінде жеткен табыстары аз емес. Солардың дені осы бағдарламаның жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанымен байланысты. Аталмыш бағдарлама алғаш қабылданған кезде қазынасы бос Ұлттық қор қазірде 50 миллиард доллардан астам алтын-валюталық байлыққа кенеліп отыр. Бұл – Елбасының еңбегі, елдің жетістігі. Өйткені Президент егемендік алысымен, ұлттық экономиканың негізгі салаларын нарықтық қатынастарға бағыттады. Соның арқасында аз ғана жылдың ішінде өтпелі кезеңді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті: Қазақстанда барлық сала өркен жайды. Көз де, сөз де тимесін деп тілейік, сол саясат пен үздіксіз дамудың арқасында бүгінде еліміз Еуропаға танылып отыр.

Елбасы идеясымен бой көтерген елорданың әрбір күні жаңалыққа толы. Елдегі аймақтар елордаға қарап, бой түзейді: өйткені бұрын-соңды қолға алынбаған істер осы жерден бастау алып жатыр. Соның бірі – «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша жаңа тұрғын үй салу жобалары қолға алынып, соның нәтижесінде 49 мың пәтер салу көзделіп отыр. Оның 14,5 мыңын әкімдік салады. 16 мыңын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры тұрғызса, 12 мың пәтерге «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ кіріспек. Үкімет қаулысы бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры директорлар кеңесін өткізіп, әкімдікке осы жобаға 20 миллиард теңге қаражат бөлді. Одан бөлек көнерген үйлерді ысыру арқылы қаладағы тұрғын үйлерді жаңарту мәселесі бар. Қазіргі таңда елордада 228 ескі үй бірінші кезекте ысырылмақ. Олардың есесіне 3,5 мың пәтер берілу жоспарланған. Соңғы төрт жылда үлескерлер мәселесі де бірізділікке түсті. Экономиканы оңалту шаралары нәтижесінде мемлекет тарапынан 50 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 243 құрылыс нысаны, яғни тұрғын үй аяқталып, мыңдаған отбасы өз пәтерлерінің кілтін алды. 19 нысан бойынша 6952 үлескерді алдап соққан алаяқ компания иелері заң алдында жауап беріп, жаза тартуда.

Баспана мәселесі қоғам назарын аударған ең өзекті проблеманың бірі болғандықтан, қандай қала болмасын оның болашағы бас жоспарға сай дамиды. Өткен жылы қаланың бас жоспарына соңғы өзгертулер енгізілді: Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, бұл жоспар енді 2030 жылға дейін өзгермейді. Астананың құрылысы енді тек бас жоспарға сай дамитын болады. Негізгі құрылыстың дамуы бірнеше аудандарға бөлінген; Мыңжылдықтар аллеясы – Орынбор көшесі, Тұран даңғылы, Южный көшесі – бұрынғы «Садоводчество». Осы аудандардың кешенді сәулеттік бет-бейнесі жүйеленіп, белгіленген нысанның аясында нормаға сай салынуына мән берілмек: ғаламтордың сыртын әрлеу, көлік тұрақтарын салу, мүгедек жандарға арналған қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Жасыратыны жоқ, бұрын салынған құрылыстың сыртын әр фирма өз қалауларынша жүргізіп келген. Ендігі жерде ондай берекесіздікке жол берілмейді: құрылыс нысандарының сыртқы материалдары құрамынан керамогранит, алюкобонд және бірқатар осындай сапасыз дүниелер аластатылып, олардың орнын гранит, мәрмәр, креатон, аркетон, кірпіш басуда.

2014-2015 жылдарға дейін қалада бірнеше жолайрық салу жоспарланған. Ақжол көшесін кеңейту сол жоспар негізінде жүзеге асырылмақ. Ол ел арасында «бүкір көпір» атанып кеткен үлкен жол айрығына келіп қосылатын болады.

Сонымен қатар, Астана қаласының тұрғын үй саласында орын алып отырған проблемалар да жоқ емес. Мәселен, берілетін нысандар тапсыру мерзімдерін толық көлемде сақтай бермейді. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша жалпы алаңы 540 499, 08 мың шаршы метр болатын 25 нысан проблемалық тұрғын үйге жатқызылып отыр. Бұл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментімен өткізілген тексерістің нәтижесінде белгілі болды.

Құрылысқа қатысушылардың жеткілікті деңгейде біліктілігі мен кәсібилігінің болмауы, кейбір құрылыс салушыларының жосықсыздығы және мүмкіндігі болмауы тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пайдалануға берілетін жалпы алаңы 206,4 мың шаршы метр 16 тұрғын үй кешенін ағымдағы жылдың соңында тапсыру тиіс болса, осындай салғырт-салақтық кесірінен тапсыру мерзімін келесі жылға ауыстыруға себеп болып отыр.

Таяу жылдары Астана тұрғындары толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Қазақстан Респуб­ликасының Премьер-министрі Серік Ахметов бізге берген бір сұхбатында: «Астанаға газ керек екенін біз жақсы түсінеміз. Енді оны жеткізу қажет. Солтүстік құбырына қатысты, яғни «Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана» жобасы талқыланып, Елбасының нақты тапсырмасы берілді. Бұл жоба бойынша техникалық негіздеме бекітілді. Оның аясындағы жобаның құны 215 миллиард теңге», – деген еді. Демек, қаржы мәселесі шешілді, енді астаналықтардың көгілдір отын қызығын көретін күн де алыс емес деген сөз.

Тағы бір жағымды жаңалық: таяуда Елордада жаңа азық-түлік қоймасы ашылды. Бұл нысан 3850 тонна көкөніс пен азық-түлік өнімдерін сақтауға есептелген.Шаруашылық басшысы Ұлан Арынбековтің айтуынша, аталған нысан елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға көмектесіп, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтатуға мүмкіндік бермек.

Жаңа жобаның құны – 403 миллион теңге. Оның 245 миллион теңгесі – «ҚазАгроқаржы» АҚ-ның қаржысы.

Айта берсе, Астананың жағымды жаңалықтары таусылмайды. Әзірге байыпты бағдарламалардың арқасында баспаналы болғандардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бұл көрсеткіш алдағы Тәуелсіздік тойында арта түсіп, Жаңа жылда қоныс тойын тойлаушылар саны көбейе берсін деген тілек жиі айтылуда.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана

Серіктес жаңалықтары