ОҚУЛЫҒЫҢ ОСАЛ БОЛСА, ОҚУШЫНЫ КІНӘЛАМА – 2

ОҚУЛЫҒЫҢ ОСАЛ БОЛСА, ОҚУШЫНЫ КІНӘЛАМА – 2

ОҚУЛЫҒЫҢ ОСАЛ БОЛСА, ОҚУШЫНЫ КІНӘЛАМА  – 2
ашық дереккөзі
419

Оқулық мәселесінің өзекті екенін қоғам да мойындады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері олқылығы басым оқулықтар жайында айтылып та, жазылып та жүр. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде де оқулық мәселесіне ерекше тоқталып өткені сондықтан. Бұған дейін «Түркістан» газетінің төрінде белгілі тарихшы-ғалымдар мен мамандар соңғы кезде жиі талқыға түсіп жатқан тарих оқулығы жайында пікір алмасса, бүгінгі дөңгелек үстелде «Қазақ тілі» мен «Әдебиеті», «Химия» пәндері жөнінде әңгіме өрбіткен едік.

К.Адырбекұлы: Соңғы кезде еліміз де, Елбасы да оқулық мәселесіне қатты көңіл бөлуде. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде оқулыққа баса назар аударылған болатын. Қай елдің білімі, ғылымы күшті, сол ел озады. Білім негізі мектепте қаланады. Қазір орта мектептерде оқу сапасы қалай? Оқулықтар қалай жазылуда? Ұстаздардың, оқушылардың талғамынан шығатын оқулық бар ма? Бізде әлі күнге талас. Қазір кез келген мұғаліммен сөйлесе кетсең, жыларман күй кешеді. Бүгін осы мәселе жөнінде әңгіме өрбітсек деймін. Оқулық авторы және мұғалім ретінде ойларыңызды ортаға салсаңыздар.

Т.Жұмажанова: Қазір бізде бірнеше баспа бар. Баяғыда жалғыз баспаға қарап қалған күніміз де болды. Сондықтан баспаның көбейгенін қолдаймыз. Шын мәнінде, оқулықтың көбі «Мектеп» бас­пасынан дайындалып жатыр. Мәселе баспаның атында емес, оқулықтың мазмұнында ғой. Оқулықтың сапалы шығуы баспаның ар-ожданына және тартылған авторларға байланысты. Ал бас­палар арасында бәсекелестіктің болуы заңды. Олар да қаржы тартқысы келеді. Қай баспаның оқулығын таңдау керек дегенге келсек, бұл тағы да оқулықтың сапасына келіп тіреледі. Бүгінде Үкімет, Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге мән бермей отырған жоқ. 2000 жылы жаңа оқулық жазуға байланыс­ты тұжырымдамалар, стандарттар қолға алынды. Биыл ғана Тараз қаласында осы мәселе жөнінде үлкен мәжіліс өтті. Мұғалімдер оқулықтар жөнінде сын айтты. Мұндағы нәтиже – жастарымыздың алатын білімінде. Өзім әдіскер-ғалым болғандықтан мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында өтетін лекцияға қатысып, жиі кездесіп тұрамын. Сонда ең алдымен оқулықтың сапасын сұраймын. Шын мәнінде, ескерту, сын айту жеңіл. Оқулық жазу оңай шаруа емес. Соңғы кезде оқулық жазуға әдіскер-ғалымдар, мектеп мұғалімдері тартылуда. Бір адамның қолынан шыққан оқулық дұрыс болмайды. Себебі ғалым мектептің тәжірибесінен бейхабар. Тағы бір нәрсе – оқулық бағдарламаға сәйкес жазылады. Мәселенің түп-төркіні бағдарламада жатыр. Жақында Білім академиясында бұрын жабылып қалған қазақ тілі мен әдебиетінің бөлімі ашылды. Бұрынғы бағдарламалар қайта талқыланып, ұсыныстар қаралды. Ал әдебиетке келсем, адам баласының ғасырлар бойы жасаған байлығы ұшан-теңіз. Қазақ халқының жүрегіндегі алтын жауһарлардың бәрін әдебиет оқулығына сыйғызу мүмкін емес. Бағдарлама бойынша сағат саны 5-сыныпта үш сағат, 9-сыныпта үш сағат, 6, 7, 8-сыныпта екі сағат. Бұрынғы қалпын сақтаған. Бірақ әдебиетті, ұлттық құндылықтардың бәрін бағдарламаға сыйдырып, оған неше сағат берсек те, үлгере алмаймыз. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолына» бұрын 9 сағат берілсе, қазір 6 сағат қана. Алты сағатта төрт томдық шығарма туралы не айтып үлгересіз? Бұл жерде оқушының ізденісін, қызығушылығын туғызу керек. Мұғалім іс-шеберлігі арқылы бағыт-бағдар беруші. Жаңа буын оқулықтарының ерекшелігі – оқулыққа қосымша әдістемелік нұсқау, хрестоматия берілген. Қазір балалар өте сауатты. Баланы кітап оқуға қызықтыру керек. Біраз мемлекеттерде болдым. Олар студенттердің ізденуін мектепте қолға алып жатыр екен. Бірақ біз ешкімнен қалып қоймаппыз.

К.Адырбекұлы: Шынында да, қазір талап күшті. Балалардың да ынтасы жақсы. Қазіргі балаларды бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Дей тұрғанмен, орта мектеп оқулығы, білімі жөнінде сын көп. Жақында ғана Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «Оқулық шығару барысында үлкен көлемде қаржы айналымға түседі. Және бұл жүйенің әр деңгейінде әрбір тиын біреудің немесе бірнеше қалтаға түсіп кетіп жатыр. Соңында осының бәрінен біздің балаларымыз зардап шегеді. Сондықтан оқулықтың бәсекелестер ортасында жасалуына тосқауыл қою керек. Оқулықтардың құрастырылуын мемлекет қадағалап, сараптама жасап, «Міне, мына оқулықтар тізімін бекітеміз» дегенде ғана баспаханалар оқулық шығаруға таласа берсін», – деді. Нұрша апай, осы орайда не айтасыз?

Н.Оразахынова: Жаңа ғана Төкен апай жақсы жағын айтып өтті. Мұғалімдер тарапынан оқулыққа қатысты сын көп естимін. Олар да кітаптың кемшілігін жоғары жаққа жазсақ та, нәтиже жоқ деп жыларман. Біздің қолымызда билік бар сияқты: «Сіздер неге айтпайсыздар, жаңадан басылып шыққан оқулықта қателіктер қайталанып жатады», – дейді. Біз кейде: «мұғалімдер оқыта алмайды. Бұған өздері кінәлі», – деп айтамыз. Бірақ оқулық жақсы болса, мұғалім неге қиналады? 20 жылда қаншама сын айтылса да, «баяғы жартас, сол жартас». Енді 2015 жылдан бастап шығатын жаңа оқулықтар сапалы болады деген сенім бар. Екінші мәселе – стандарт пен бағдарлама бар десек те, бізде әр түрлі мектеп бар. Мысалы, жалпы білім беретін орта мектеп, гимназия, лицей, Назарбаев мектептері, дарынды балаларға арналған мектептер бар. Бірақ бәрінде бір оқулықпен оқытады. Егер мектеп әртүрлі болса, неге оқулық та әртүрлі болмайды?

Д.Мыңжасарқызы: Сонда сіз оқу­лықты мектептің деңгейіне байланыс­ты шығару керек дейсіз бе?

Н.Оразахынова: Шын мәнінде, мектеп ерекше болса, онда оқулық та сондай болуы керек емес пе? Онда неге балаларды бөліп оқытамыз? Мысалы, гимназияда гуманитарлық бағытқа, ал лицейде жаратылыстануға көңіл бөледі. Бірақ оқулық біреу ғана. Екінші тоқталатыным, баспалардағы бәсекелестік туралы. Тамыз айында кейбір ата-аналар оқулықтың бәрін алып қояды. Ал оқу жылы басталған кезде басшылар: «Сіздер «Алматыкітаппен» емес, «Атамұра» баспасының оқулығымен оқисыздар», – дейді. Оқулықтың өзі қаншама ақша тұрады? Ауылда тұратын туған інімнің бес баласының төртеуі мектепке барады. Сонда оның 20-30 мың теңгеге алған кітабы жарамай, қайтадан сатып алуына тура келеді. Тіпті мұғалім де алдын ала жасаған сабақ күнтізбесін қайта жазады.

«ОҚУЛЫҚТЫ МҰҒАЛІМ ЖАЗСЫН,

АЛ ҒАЛЫМ ОНЫҢ СӨЗІН ТҮЗЕТСІН»

К.Адырбекұлы: Бұны кім өзгертеді? Де­пар­тамент пе, әлде мектеп басшылығы ма?

Н.Оразахынова: Бұл департамент пен баспаның байланысынан туындаған мәселе. Мысалы, департамент бастығының баспада туысы немесе жақын досы болса: «Министрлікке біздің баспадан шығатын оқулыққа тапсырыс бер», – дейді. Көрдіңіз бе, Үкіметтің ақшасы желге кетіп жатыр деген сөз. Міне, қаншама қаржы жұмсалса да, жарамсыз болып қалатын оқулықтар жетерлік. Бір өкініштісі, біздегі авторлардың көбі мектепті білмейді. Олардың ішінде жоғары оқу орнын кеше ғана бітіріп, автор болып кеткендер бар. Мектепті, мұғалімді, баланың ерекшелігін білмесе, қалай оқулық жазады? Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов: «Оқулықты ешқашан кабинетте отырып жазуға болмайды. Оқулықты мұғалім жазсын, ал ғалым оның сөзін түзетсін», – деген екен.

Д.Мыңжасарқызы: Нұрша апай, өзіңіз қазақ тілін жетік білетін мамансыз. Қарап отырсақ, «Қазақ тілі» оқулығында тіл салаларын беруде ешқандай сәйкессіздік жоқ. Мәселен, 5-сыныптың «Қазақ тілінде» (авт. Г.Қосымова, Ж.Дәулетбекова) әуелі тіл білімінің дыбыстық жағын зерттейтін сала – ­Фонетиканы өтпестен бұрын, сөз бен мағынадан, яғни Лексикадан бастайды. Сіздіңше, осы дұрыс па?

Н.Оразахынова: Бұл өзекті мәселе. Біз бұрын «Қазақ тілінің» 5-сыныбын фонетикадан бастайтын едік. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Білмегендіктен бе, жоқ әлде басқа себептері бар ма, қазақ пен ноғай мұғалімдері оқытуды дыбыс пен жаттықтырудан бастамайды», – дейді. Былайғы жұрт фонетиканы оңай деп қарайды. Фонетика – тіл білімінің кіші саласы болғанмен, өте қиын. Мұнда дауыс­ты дыбыс, ашық дауысты дыбыс деп айта салуға болмайды, оның неге ашық, неге дауысты дыбыс екенін айтып, дәлелдеу қажет. 1-сыныптан осылай оқытсақ, балада ғылыми таным, логика қалыптасып, жүйелі білім алады. Меніңше, стандарт, бағдарлама, оқулық жасаған адамдар бір-бірімен өзара байланыста, сабақтастықта болуы керек. Ал Лексика – тіл ғылымының ең қиын, күрделі саласы. Егер фонетиканы балалар жетік білсе, сөздің мағынасын, мәйегін білу қиын емес. Алайда сөздің құрамын ажырата алмай тұрып, оның тура және ауыспалы мағынадағы сөз екенін айыру қиын. Қазір 5-сыныптың «Қазақ тіліне» эвфемизм, дисфемизм кіріп кеткен. Мұғалімнің қолында сөздік жоқ. Ата-ана да, оқушы да қиналады. Ал мұндай жаңа нәрсені кіргізу үшін мектепке том-томдап сөздіктер беру керек.

Өзім жаратылыстану бағытындағы 10-сынып оқулығын жаздым. Тіпті, соған қалай кіріп кеткенімді де білмей қалдым. Содан не керек, «Тез жазыңдар» деп қолқа салды. Айтайын дегенім, сол кезде екі мұғалімді авторлыққа тарттым. Бұл оқулық бірен-саран сынға ұшырағанмен, көпшілікке ұнады. Өйткені мұны жазуға мұғалімдер қатысты.

Д.Мыңжасарқызы: Демек, мектеп мұғалімі қатысқан оқулық сапалы болады дейсіз бе?! Бірақ та қазір «Қазақ тілі» оқулығында мәтін қуалап кеткен сияқтымыз. Әсіресе, бастауыш сынып оқулықтарында газет-журналда жарияланған мақалаларды кесек-кесек күйі бере салған. Бұған не айтар едіңіз?

Н.Оразахынова: Иә, мәтін көп. Мәтін арқылы білім береміз дейміз. Кейде бір, екі бет болып кететін мәтін бар. Сонда «Әдебиетте» де, «Қазақ тілінде» де мәтін болса, онда тілдің құны қайда қалды? Шын мәнінде, тіл – математикадан да қиын пән. Ұлт зиялысы Жүсіпбек Аймауытов: «Баланы автоматты сөйлету үшін оны автоматты ойлауға бейімдеуіміз керек», – дейді. Автоматты ойлау үшін баланың санасында білім жинақталуы керек. Демек, тіл пәнін өте қарабайыр етуімізге болмайды. Айтып отырғаның өте дұрыс. Жаттығудағы мәтіннің бір-бірімен байланысы жоқ. Зат есімде басқа, сын есімде басқа мәтін. Бала сабақтастықпен үздіксіз білім алып отыруы керек. Сол арқылы тілдік қор пайда болады. Сын айтылғаннан кейін, әріптестер арасында өкпе-наз болады. Бірақ біз айтуға тиіспіз. Өйткені бұл – болашақтың ісі. Біз 2015 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне лайықталып шығатын оқулықтарда ұлтымыздың бет-бейнесі, болашағы көрініс табуы керек. Стандарт пен бағдарлама әлі талай талқылауға түсетін шығар, бірақ оқулық жазуға мұғалімдерді тартқан өте дұрыс екендігіне көзім жетті. Мысалы, Ресейдің оқулықтары неге мықты? Себебі, олар алдымен эксперимент жасайды да, артықшылығы мен кемшілігін анықтайды. Содан кейін ғана өндіріске жібереді. Ал біз алдымен өндіріске жіберіп алып, эксперимент жасаймыз. Бұл дұрыс емес. Айналып келгенде, бұдан мұғалім зардап шегеді.

Д.Мыңжасарқызы: Ата-ана ретінде осы жағдай мені де алаңдатады. Үй тапсырмасын қараған кезде бала тұрмақ, өзіміздің де мүдіретін кезіміз көп. Қалай ойлайсыз, оқулықтың құрылымын өзгерту қажет емес пе?

Н.Оразахынова: Меніңше, осы мәселені қайта қарайтын уақыт келген сияқты. Оқулықтың құрылымы өзгеруі керек. Осы жерде тілге тиек ететін жайт, біз неге бұрынғы авторларды ысырып тастаймыз? Кезінде «Қазақ тілі» оқулықтарының негізін қалаған Балақаев, Аманжоловтар қалуы керек қой. Біз тек әдістерін, жаттығуларын өзгерткен шығармыз, бірақ ереже сол ғой. Көзі кеткен екен деп, өзін де алып тастауға болмайды. Сол авторлардың біреуін сақтап қалсақ, мұғалім де, оқушыларымыз да «Бізде осындай ғалым, автор болған екен. Бізге мына оқулықты қалдырған екен…» деп айтып жүретін еді. Ал біз керісінше ол кісілерді сызып тастадық. Кейінгі ұрпақ ол ғалымдарымыздың кім екенін білмейді. Бұл да кемшілік.

К.Адырбекұлы: Бізде жаратылыстану саласында математика, химия пәндері бар. Мұнда да мамандар шама-шарқынша оқулық жазуда. Бірақ сол оқулықтардың мәтіні түсінікті болу үшін тіл мамандарына көрсетіп алса. Мәселен, 2-сыныпқа арналған «Математика» оқулығында: «Цирк ойыншысының қорабында 10 көк және 7 жасыл шарик бар. Ол қарамай қораптан 8 шарик алды. Ең болмаса, 1 көк шарик оның қолына түсе ме? 1 ақ шарик ше?» деген мәтіндік есеп бар екен. Балаға мүлдем түсініксіз. Шала білім осыдан шығады. Ал осыны автордың өзі жеткізе алмаған сияқты. Егер автор оқулықты жазып болған соң тіл ғалымдарына бір мәрте қаратып алса, бәлкім тілі жатық болар ма еді…

Н.Оразахынова: Мұның бәрі көшірме. Неге біз біреуден көшіріп ала береміз? Математиканы, химияны, биологияны да көшіреміз. Сонда өзімізде оқулық жазатын негіз жоқ па?

Д.Мыңжасарқызы: Тағы бір мысал. 5-сыныпқа арналған «Математикада»: «7 картоптың құны 210 теңге, 5 килограмм картоптың құны неше?» десе, тағы бір жерде: «Бір иттің құны 17 рубль, ал шошқаның құны 51 рубль, сонда шошқаның құны иттің құнынан неше есе көп» дейді. Мұның бәрі ресейлік оқулықтан сөзбе-сөз алынғаны көрініп тұр. Әлде, бізде мысалға келтіретін өз еліміздің ақша бірлігі мен қазақылықты көрсететін атаулар жоқ па?

Т.Жұмажанова: Бұл таза аударма. Шын мәнінде, рубльдің орнына теңге десек болмай ма? Өмір бойы математика, химия, физиканы аударма оқулықпен оқып келдік. Тек қана қазақ тілі мен әдебиетін ғана өзіміздің авторлар жазды. Жаңағы стилі түсініксіз мәтін өте жауапсыздықтан туған. Жаңа буынның төл оқулықтарын мұғалімнің талқысына салу керек.

Оқулықтың асығыстық болмай жазылған күні жоқ

Д.Мыңжасарқызы: Екеуіңіз де оқулық авторысыз. Негізінен оқулықты қанша уақытта жазасыздар? Ол үшін арнайы жағдай жасала ма?

Т.Жұмажанова: Оқулықтың асығыстық болмай жазылған күні жоқ. Жаңа буын оқулығын екі айда жазып бітіріңдер деді. Біздің беретін сабағымыз бар, жұмысымыз бар. Босатпайды. Ешкім шығармашылық демалыс алып, оқулық жазып көрген жоқ. Бұл мәселе сан мәрте айтылды. Оқулықтың авторы басқа нәрсені ұмыта тұрып, жүрегімен сонымен болу керек. «Бұрын не бердім, қазір не қалдырдым?» деген мәселені ойлау қажет. Айта кетерлік бір жайт, «Әдебиет» оқулығына мәтіннен гөрі сұрау тапсырмаларды, өзіндік ой қозғайтын дүниелерді беру қажет. Мысалы, 9-сыныптың оқулығын жазғанда әрбір тақырыптың басына «Ой қозғау» деген айдар қойып отырдық. Мұғалім оқушыны өзіндік ізденіске жетелеп, белгілі бір жүйемен ой-жүйесін, танымдық білімін жетілдіруі керек. Бүгінде түрлі көмекші құрал көп. Электронды нұсқа, мұғалімдер үшін жүйелік қор жасалды. Бірақ оны қалай тиімді пайдалану жағы мұғалімге байланысты.

Д.Мыңжасарқызы: Негізі оқулық жазуға қомақты ақша бөлініп жатыр емес пе?! Сонда авторларға аз бөліне ме?

Т.Жұмажанова: Көпшілік жұрт авторлар керемет қаламақы алады деп ойлайды. Біздің авторлар да, мұғалімдер де қанағатшыл ғой. Сондықтан ақшаның көбі авторларға кетіп жатыр деген ой тумаса екен деймін. Біз авторға қанша қаржы бөлінетінін білмейміз. Баспа қалай бөледі, одан да хабарымыз жоқ. Есебін сұрамаймыз да. Бірігіп жазған үш авторға бөлінетін қаламақы бір айлық жалақымызға жетсе, қуанамыз. Көп ақшаның қайда кетіп жатқанына авторлар басын ауыртпайды да.

Н.Оразахынова: Білім және ғылым министрі Жұмағұлов: «Егер маған барлық жағдайды жасаса да, оқулық жазбас едім. Оқулықты мектеп мұғалімдері жазсын», – деді. Шын мәнінде, солай. Біз еліміздің патриотымыз ғой. Ақша аз төлесе де, бірақ шығармашылық мүмкіндік берсе екен дейміз. Қазір қағазбастылық басым. 12 жылдық білім беру жүйесіне сапалы оқулық дайындаймыз десек, ең алдымен шығармашылық топ құрылуы керек. Әсіресе ауылдағы мұғалімдердің оқулық мазмұнының жақсаруына деген құлшынысы жақсы. Бұл тұрғыда Жүсіпбек Аймауытов: «Оқулықтың тілінің түзелуі тек қазақ тілінің маманына ғана тиесілі емес, математиканы, тарихты, жағрафияны оқытатын мұғалімдер де оқушының тілін түзеуге кірісуі керек» дейді. Ол үшін оқулықтың тілі дұрыс болуы керек. Біз, өкінішке қарай, Алаш арыстарының әдістемелік, психологиялық еңбектерін оқымаймыз. Солардың әрбір сөйлемдерінің өзі бүгінгі қоғамдағы сұранысымызға жауап береді.

Т.Жұмажанова: Дұрыс айтасың, қазір айтып жүрген қашықтықтан оқыту жүйесін 1930 жылы Сейіл Жұманбаев «Аулақтан оқыту» депті. Көрдіңіз бе, бұл жаңалық емес. Ал оқулық жазуға мұғалімдерді қатыстырған дұрыс. Бірақ мұғалімге жетіспейтін бір нәрсе бар. Оқулықта берілген тақырып бойынша ғылыми жағынан ізденуге өресі жетпей жатады. Мұғалімнің ізденуге уақыты да жоқ. Сондықтан мұғалімнің тәжірибесін, әдіскердің теориялық білімін, методист-ғалымның әдіс-тәсілін бірлесіп пайдаланғанда ғана жақсы оқулық шығады. Айталық, Ресейдің үш қаласының ғалымдары үш методика жасаса да, салыстыра келе ең мықтысы таңдап алынады. Балама оқулық шығып жатса, қолдауымыз керек.

Н.Оразахынова: Үкімет негізгі оқулықты жазу үшін тапсырысты мемлекеттік баспаға беруі керек. Қаражат та соған бөлінуі қажет. Сосын баспа мықты авторларды таңдап алғаны жөн. Ал басқа баспалар ақша тапсын да, балама оқулық шығара берсін. Өзі азғантай ақшаны бірнеше баспаға бөле берсек, әрине не баспаға, не авторға жетпейді. Осы жерде бір ұсынысым бар. Білім жетілдіру инстиутының курсына келген мұғалімдерге оқулықтарды беріп, талқылатып жіберсе, сосын сол пікірлер арқылы авторлармен жұмыс істесе, тиімді болар еді.

К.Адырбекұлы: Ғалым ретінде жақсы пікір айттыңыздар. Ал баста­уыш сыныптағы бала тәрбиесі мәселесі тағы бар. Бір сыныпта отызға жуық бала бар. Отызының мінезі отыз түрлі. Осы ауыртпалықтың бәрі бастауыш сынып мұғаліміне түседі. Оған үлкен тәжірибе керек. Негізгі білім бастауышта қаланады. Мұғалім балаларға анасындай болып, сүйіспеншілігін жеңіп алу керек. Ал бірақ олар сабақ беруден гөрі, қағазбастылықтан қол тимейді дегенді айтады. Тіпті, отыз баладан сабақ сұрап, үлгере алмаймыз дейді.

К.Орманова: Бізге 45 минутта оқулық бойынша берілгені 9 тапсырма. Кейде үлгереміз, кейде үлгермейміз. Сыныпта 32 оқушы бар. Дәл қазіргі жағдайда «Атамұра» баспасының оқулықтары өзінің қалпына келді. Кейде жас ерекшелігі ескерілмей жатады. Тіпті ата-аналар: «Біз мұны 7-8 сыныпта оқитын едік. Бұл бастауыш сынып кітабында жүр», – деп мұңын шағады. Бірақ мұны дұрыс түсінген бала шығара алады. Осы дөңгелек үстелге келердің алдында әріптестерімнен «Қандай ұсыныстарыңыз бар» деп сұрағанымда, олар «Алматыкітаптың» «Математика» оқулығы орыс сыныптарына арналған оқулықтың тура көшірмесі. Сөзбе-сөз аударылған. Оны түсінікті тілмен балаларға жеткізіп жатырмыз» дегенді айтты. Бұл жерде мұғалім өзі ізденіп, қайтсе де тапсырманы орындауға тырысады. Ал «Математикада» тоғыз тапсырма көбірек. Жеті тапсырманы үлгеруге болады. Төрт бағанның әрқайсында төрт есептен он алты мысал берілген. Соны кішкене қысқартса екен. Сыныпта шығармашылық тапсырмаларды орындауға үлгермейміз. Бірақ 1-4 сынып «Математикасына» өзгерістер енгізіліп, толықтырылды. Қазір аса қиын емес.

Д.Мыңжасарқызы: Негізі оқулық пен мұғалім барлық ауыртпалықты оқушыға жүктеп қойған жоқ па?

К.Орманова: Қазақ тілінде шұбалаңқы мәтіндер көп. Одан да жаттығулар керек. Бала мәтін туралы ізденуі керек. Негізі сол тапсырмалардың тең жартысы мұғалімді ізденіске жетелеу үшін берілген. Біз өзіміз түсіндіріп, бірлесіп отырып сыныпта орындаймыз.

К.Адырбекұлы: Биылдан бастап бастауышқа ағылшын пәнін оқыту енгізілді. Мәселен, Жапонияда 7-сыныпқа дейін басқа тілді үйретпейді екен. Ал Малайзия елінде ағылшын тілін оқытуды 1-сыныптан бастайтын көрінеді. Өйткені әлемдік ғылым ағылшын тілінде. Біз осы мемлекеттің тәжірибесіне сүйеніп отырған сияқтымыз. Алайда ағылшын тілін бастауыштан үйрету тиімді ме? Ағылшын тілін үйрету үшін еңбек сабағының бір сағаты алынған. Ал Елбасының бағдарламасында адамды еңбекпен тәрбиелеу керек екендігі нақты айтылды. Еңбек ойландырады, еңбек денсаулықты түзейді, еңбек жалқаулықтан арылтады. Бұл неге ескерілмейді? Осыған қалай қарайсыздар?

К.Орманова: Елбасы 50 елдің қатарына кіру керек деген тапсырма берді. Ол үшін шетелмен тығыз байланыста болу керектігі анық. Сондықтан да ағылшын тілін білуді міндеттеп отыр. Қазір 1-сыныпта ағылшын тілі әліппе ретінде қосымша үйретіледі. Меніңше, ағылшынды 4-5 сыныптан бастап оқытса да үлгеретін сияқтымыз. Бала әуелі өзінің ана тілін, бастауыштағы негізгі білімін сіңіріп алуы қажет. Бірақ бұл процесс жүріп кетті.

«БАСТАУЫШТА БАЛА ӨЗ АНА ТІЛІМЕН ҚАРУЛАНУЫ КЕРЕК»

Н.Оразахынова: Жақында ғана үш тілді оқыту мәселесі туралы дөңгелек үстел болды. Сонда барлық елдің тәжірибесі айтылды. Елбасының ойы дұрыс. Бірақ ол кісі «Оқушылар бастауышта қандай білім алып жатыр? Деңгейі қалай, ағылшын тілін үйрететін мамандар бар ма? Оқулығы сапалы ма?» деген мәселенің бәрін қарап отырмайды ғой. Оны бергі жағындағы мамандар қарауы тиіс. Әсіресе, сіз бен біз айтуымыз керек. Ағылшын тілін оқыту қазақ баласына өте ауыр. Сыныпта 32 бала бар дедіңіз. Қалада тілдік пәнді бөліп оқытса, ауылды жерде 42 бала болса да, бір сыныпта отыр. Қазақтың баласы кәдімгі «а» әрпін әрең жазса, екінші жағынан ағылшынша да таңбалайды. Бұл баланың денсаулығына қатты әсер етеді. Мектепке жаңа келген бала оқудан қашады ғой. Сондықтан да бастауышта бала өз ана тілімен, ділімен, салт-дәстүрімен, тарихы, мәдениетімен қаруланса, 5-сыныпқа келгенде түсінігі қалыптасып, екінші, үшінші тілді еш қиындықсыз үйренеді. Және бұл қазақ тілінің грамматикасына сабақтастырылып, негізделіп үйретілуі керек. Мектепте он жыл оқыған балалар бакалавр, магистратураға түсерде ағылшын тілінен сүрінеді. Өйткені нәтиже жоқ. Оған да қаншама сағат, қаншама қаражат кетуде. Шын мәнінде, болашақта ұлтымызды, тілімізді сақтап қалатын – қазақ мектебінің балалары. Еңбектің қиыншылығын көретін бастауыш сынып мұғалімдері. Қазір бала мектепке дайын болып келмейді. Ата-ана балама бар жылтырақты әперсем болды деп ойлайды. Ал оның тәрбиелік жағы мұғалімге тиеді. Тағы бір қарама-қайшылық нәрсе – көрсеткіш қуамыз. Оқу меңгерушісі мұғалімге «Сіз мынандай пайыздық көрсеткіш бересіз», – дейді. Сосын 4-ке жетпей тұрған балаға «4», 5-ке жетпегеніне «5» қоя салады. Сөйтеді де, 5-сыныпқа келгенде бес үздіктің екеуі ғана қалады. Өйткені бастауыш сынып мұғалімдері бағаны көтермелеп қойып жібереді. Бұдан соң мұғалім мен оқушы арасында түсінбестік пайда болады. «Бас­тауышта жақсы оқып келдім, бұл мұғалім неге мені төмендетеді?» деген ой келеді балаға. Ата-ана да қазір баға сұрайды. «5» қойсаңыз, сіз жақсы мұғалімсіз. Ал баласының білім алуы қызықтырмайды. Біз баланы ғана емес, ата-ананы да тәрбиелеуіміз керек.

К.Адырбекұлы: Забира, талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мұғалімсіз. Сіз бұл пікір туралы не айтасыз?

З.Шартықова: Біздің №13 мектеп-гимназия «Атамұра» баспасының оқулығымен білім беріп келеді. Бірақ бағдарлама бойынша келе жатамыз да, комиссия келді дегенде «балама оқулық қосыңдар» дейді. Сөйтіп «Алматыкітап» баспасының оқулығын пайдалануға тура келеді. Электронды оқулық та бар. Біз жақында 10-11 сыныпқа Блун таксономия әдісі бойынша сабақ өттік. Шын мәнінде, біз, мұғалімдер көп сөйлейді екенбіз. Бағдарлама жұп-жұмыр болса, оқушылардың ізденуіне жол ашылады. Мұнда дидактикалық материалдар көмек береді. Мәселен, 10-сыныптың дидактикалық материалдары жақсы. Арнайы тесттері бар. Ал 5-сыныптың қазақ сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» дидактикалық материалдарын орыс сыныптарынікімен салыстырсақ, екеуі екі бөлек. Біз табу, десфемизм, эсфемизмді өтіп жатсақ, орыс сыныптары басқаны өтуде. Яғни, оқулықпен сәйкес келмейді, бағдарламаға жуымайды. Сырты бүтін, іші түтін. Сонда мұның несі көмекші құрал?

Былтыр 11-сынып тест сұрақтарында «Найман атаның баласының аты кім?» деген сұрақ болды. Жауабында «Жоламан» емес, «Мәңгүрт» деп берілген. Неге Жоламан деп жазбасқа? Жаңа дұрыс айтып жатырсыздар, бастауыштан келген балаға лексиканы өтеміз. Балалардың ішінде өзіміздің төл дыбыстарды, «і», «ә», «ө», «ң», «ғ», «ұ», «ү» ажыратып, дұрыс айта алмайтындары көп. Сол себептен 5-сыныптың «Қазақ тілін» фонетикадан бастау керек дегенге қосыламын. Тағы бір айта кетерлігі, 2005 жылы «Атамұрадан» шыққан 5-сыныптың «Қазақ әдебиетінде» діни әңгімелер деген тақырып бар. Ал 2010 жылы шыққан оқулықта бұл «Діни әңгімелер. Әфсаналар» деп берілген. Онда: «Періштелерді жаратты. Олар раббын мақтады, оған құлшылық етті. Бар ыждаһатымен сәждеге ұрынды» деген мәтін жолдары бар. Бәрі арабша сөздер. Басқа тілдің сөзін аудармамен беру керек емес пе?! Кейде өзіміз қалай түсіндіретінімізді білмей қаламыз. Раббым сөзін «жаратушы» деп айтайық десек, оқушылар «мені әке-шешем жаратты» дейді. Осы кезде қиналамыз. Әрбірден соң 5-сыныптың баласына дін туралы айту әлі ерте. Қазір оларды қалай бұрсаңыз, солай кетеді. Ислам дінін дәріптеу үшін 9-сыныпта арнайы «Дінтану» пәні оқытылады. Ал бастауышта ағылшын тілін оқытуға келсек, өзім мұны қош көрмеймін. Балам екінші сыныпта оқиды. Қазақ тілінен диктант алсам, қазақ әріптерін ағылшынша жазып жібереді. Бала екі әліпбиді шатас­тырып қолданады. Мұны сол 5-сыныптан бастау керек қой.

Т.Жұмажанова: Біз Ұлыбританияда конференцияда болдық. Қаланың әкімі екі ай бойы бүкіл қаладағы отбасының қай тілде сөйлейтінін зерттепті. Мұның астарында ана тілін сақтап қалу мәселесі қылтияды. Әлем ғалымдары «бала он жасқа дейін өзінің ана тілінде сөйлеп, ойлап, жазып үйренсе, одан кейін тілін ешуақытта ұмытпайды» дейді. Мұны біз де айтып келеміз. Отбасында ата-ана өз тілінде сөйлеуі керек. Қазір біз бір нәрседен қалып қоятындай жанталасамыз. Бірақ әлемнен қалмау керек жағын да ойлау керек. Қазақ баласы бірнеше тілде сөйлесе, неге қуанбасқа?

Н.Оразахынова: Білім беру жүйесінде неге Қытайдың жүйесін алмаймыз? Қытайлар баласын мектепке балабақшадан кейін берсе, қазақтың балалары мектепке бірден барады. Олар 1-2 сыныпта тіл үйренуден қиналғанмен, 4-5 сыныпта қытайдың балаларын басып озады екен. Мұны тіпті жапонның ғалымдары зерттемекші болған. Мәселен, бір сабақта 7 есеп көп десеңіз, Қытайда үй тапсырмасына он, кейде жиырма есеп береді. Білім өте сапалы беріледі. Бұл жерде жауапкершілік ата-анаға артылады. Күнделікте «тапсырманы орындады» деген ата-анасының қолы болмаса, мектепке кіргізбей қояды екен. Демек, балаға неғұрлым аз тапсырма беру дұрыс емес. Қазір балалар жалқау. Біз баланы аямауымыз керек. Бүгіннен еңбекке үйретпесек, тілден ақсап жатса, ертең ұлт ретінде қалай боламыз?

К.Адырбекұлы: Бір басқосуда белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков қазіргі аспиранттардың, жас ғалымдардың білімінің төмендігіне қарны ашатындығын айтып еді. Жалқаулық, енжарлық көбіміздің қанымызда бар. Кейде нашар мұғалімдердің шығып жатқаны осыған да байланысты шығар. Магистратураға, аспирантураға озат оқитындарды алу керек… Енді химия оқулығына ойыссақ. Химияның араласпайтын жері жоқ. Химия бұрын тұрмыстық затқа араласатын еді, қазір тамаққа да қосады. Баспасөзден Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында химия пәнінен 40 жыл сабақ берген Жұмабек Жұмақанның өлеңмен «Химия қақпасы» атты оқу құралын жазғанын оқыдым. Мұны балалар жақсы қабылдаған екен. Алғашқы кезде ғалымдар да, мұғалімдер де қолдапты. Бірақ оған Немеребай Нұрахметов деген химик қарсы шығып, бағдарламадан алдыртып тастаған көрінеді. Жалпы, химия пәнінде ұлттық ғалымдардың жаңалығы бар ма? Сөйлемдік құрылымдары балаларға түсінікті ме?

Г. Таленова: Жұмабек Жұмақанның 2004 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан оқулығы сол кезде қолдау тапқан болатын. Өйткені автор қырық шақты химиялық элементті тізім бойынша бере салмай, түсіне, атауына, шығу тарихына байланысты ұлттық нақышта түсіндіріп берген. Оқушылар да элементтерді жақсы қабылдады. Бірақ біз қазір министрлік бекіткен Немеребай Нұрахметовтің оқулығымен оқимыз. Бір қынжыларлығы, осы жаңа буын оқулығында да кемшілік көп. Профессор Нұрахметов тек студенттермен ғана жұмыс істегендіктен мектепті онша біле бермейтін сияқты. Сараптама бөлімі қате тұстарын жинап-теріп, хат ретінде жіберген еді. Міне, қазір 2012 жыл болса да, сол кемшілік әлі бар. Сабақ өткенде қатесін жөндеп отырамыз. Оқушылар бізге: «Белгілі химик-ғалымдар оқулықта қате жіберіп қойған ба?» дегенде, не дерімізді білмейміз. Кейде қатені өздері тауып алып, қаламсаппен түзеп қояды. Бәлкім, бұл баспаның қателігі шығар. Оқулықты жазу барысына мектеп мұғалімдері тартылса екен. Оқулық мектепке жіберілмей тұрып, сараптау, талдаудан өтсе. Сосын оны бірнеше баспа емес, бір ғана баспа шығарса, құба-құп. Химия – қиын пән. 8-сыныптан бастап оқытылатын пәнде «магнийдің жоңқасын қышқышпен қысып, ұстап тұрып қыздырғанда ол лап етіп тұтанып ауада көп жылу бөледі» деген мәтін жолдары бар. Негізі мектеп базасында магний емес, темір жоңқалары бар. Ә дегеннен химияны білмейтін бала магнийдің қасиетін қайдан біледі? Теориялар баланың түсінігіне ауыр. Ғылыми түрде. Тағы бір кемшін тұсы – тақырыптардың орны ауысып кеткен. Алғашқы тарауда органикалық затпен таныспай, заттың формуласын білмей жатып реакция теңдеулерін жіктеп кетеміз. Оқушы тұрмақ, өзім де қиналамын. Мұны жоғары оқу орнының студенттері де әзер түсінеді. Осы теорияны алып тастаса екен деген ұсыныс бар. Бұл арнайы химик мұғалімдердің форумында айтылған ұсыныс. Оқулықты түсіндірмеу керек, бала өзі ізденуі қажет. Біз түсініп тұрған оқушыға тағы да түсіндіреді екенбіз. Бірақ оқулықты отандық ғалымдардың жазып жатқанына қуанамыз. Әрине, ресейлік оқулықтан көшірілген тұстары көп. Кейде аударған кезде сол күйі қалдырса ғой деп отырасың. Өйткені қазақшасы түсініксіз. 11-сыныпта орыстың ғалымы Кучеровтің реакциясының олқылығын жөндеген отандық ғалым А.Шәріпхановты баса көрсетемін. Мақсатым – өзіміздің ғалымдарды дәріптеу. Балаларда мақтаныш сезімін ояту.

А.Битуғанов: Бастауышта мұғалім болдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен жоғары сыныпқа да сабақ бердім. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ересек адамдарды арнайы курста оқыттым. Орыстар қазақ тілін үйренгісі келеді. Бірақ оқулық жетіспейді. «Қазақ тілі» қоғамында жүргенде, арнайы курстардың ешқандай оқулықсыз тіл үйрететініне көзіміз жетті. Сосын қазақ тілінің дамымай жатқаны әкім-қараларға да байланыс­ты. Кезінде сондай әкімдер «Қазақ тілі» қоғамы жабыла берсін деді. Оқулықты шығаруды бір ғана баспаға беру керек. Бір теріні жан-жақтан жұлмаласа, не болады? Сосын ұлттық оқулықтарды ескі сарқыншақтардан тазаласа деймін.

К.Адырбекұлы: Міне, ұлағатты, мән­ді пікір алмасу болды. Мұның бәрі бола­шағымыз – балалар үшін. Білімді ұрпақты оқыту, тәрбиелеу мәселесі өте өзекті. Айтылған сынды баспалар, оқулық авторлары дұрыс қабылдайды деген сенім бар.

Дөңгелек үстелді

ұйымдастырғандар

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары