АДАМДАРДА ЖҮРЕК БІРЕУ, ЖЫЛЫЛЫҒЫ ӘРТҮРЛІ
АДАМДАРДА ЖҮРЕК БІРЕУ, ЖЫЛЫЛЫҒЫ ӘРТҮРЛІ
Бижамал РАМАЗАНОВА:
Еңбегімен есімі елге танылып, қоғамда өзіндік орнын қалыптастырған жандардың бірі – Бижамал Рамазанова. Қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхамед Қонаев мемлекет басқарған тұста Бижамал апай Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы міндетін атқарып, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылды. Кейін Алматыдағы республикалық мұрағат басқармасын басқарған уақытта Бижамал Рамазанқызы өзінің іскерлігі мен ұзақ жылғы тәжірибесін пайдаланып, ұлттық мұрағаттың жұмысын жандандырып сала берді. Қазір де Бижамал апай қол қусырып үйде отырған жоқ. Қазақтың қайраткер қызы бүгінде Алматы қалалық ардагерлер кеңесінде қолынан келгенінше, қариялардың мұң-мұқтажын шешумен айналысып жүр.
– Әңгімемізді еліміздің өмірінде елеулі із қалдырған, адамдармен жұмыс істеудің үлгісін көрсеткен ағалардан бастасақ деймін. Бижамал апай, сіз үшін Сабыр Біләлұлы Ниязбеков қандай жан? Ол кісіні өзіңіздің рухани ұстазыңыз санайсыз ба?
– Қазақ Республикасының Жоғарғы кеңесінің Президиумында Сабыр Біләлұлымен 10 жыл бірге қызмет еттім. Ол кезде бұл мекеме ең жоғары орын еді. Сабыр Біләлұлы 1965-1978 жылдар аралығында КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 6 мәрте, КСРО Жоғарғы Советіне 3 мәрте депутат болып сайланды. Қазақстан Компартиясының Пленум және басшылық бюро мүшесі болды, бірнеше рет республикалық, Одақтық партия съездерінің делегаты және құрамына сайланды. Сабыр Біләлұлының еңбек өткелдері мақтан етуге тұрарлық. Ол кісіні алаштың алып азаматтарының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан, нардың жүгін көтерген, тазалықтың, еңбекқорлықтың, отансүйгіштіктің үлгісін көрсеткен қайталанбас тұлға десек, артық айтқандық болмас.
Түр-түсіне, ұлтына қарамай бүкіл Қазақстан халқы сыйлап өткен, өз басы таза ниетпен оларға адал қызмет еткен, бар жігерін, ақыл-парасатын елінің көркеюіне, туған Қазақстанның абыройын арттыруға арнаған, өз ойын бүкпесіз айтып, «турасын айтып, туғанына жақпаған», ардың, тектіліктің еншісін иеленген азамат еді. Жүздеген адамдарға қорған болған, мыңдаған адамдарды жебеген Сабыр Біләлұлының есімі ол кісіні көрген, қызметтес болған әр адамның көңілінен фәни жалғанда кетпейтін болар…
Қазақстанның батысы мен шығысында, солтүстігі мен оңтүстігінде Сәбең болмаған елді мекен жоқ шығар және оның бәрі жәй аралау болған жоқ. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларды көтеруге бас болу, нақты көмек көрсету және оны мұқият тексеру арқылы көптеген жаңалықтарды іске асыруға мұрындық болды Жергілікті өнеркәсіп саласына, алыстағы малшылардың мұқтажын уақытымен қамтамасыз етуге, олардың қысқы және жазғы қоныстарында монша, дүкен, көшпелі автолавка мен автоклубтардың уақытылы келуіне деген қамқорлық айрықша болды.
Әділеттілік, адамгершілік, тәртіптілік, ұлылық деген ұғымдар ол кісінің жаңылмас мінезі, шаң баспаған «қаруы» және құралы екеніне, осы үлгімен көптеген адамдарды тәрбиелегеніне куәгерлер аз емес. Қазақстанның елеулі елдер қатарына қосыла бастауы сол ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында айқындала түсті. Оның көбі сол біз қызмет атқарған 60 жылдарда басталды десек, артық айтқандық емес. Жоғарғы Кеңесте қызмет атқарған Сабыр Біләлұлының ұлтқа, елге атқарған өлшеусіз еңбегі бар деп айтуға болады.
Еліміздің қиын кезең белесінде кездескен жайды еске алайын. 1986 жылы Қазақстанға билік жүргізуге М.С.Горбачевтің сенімді серігі Г.В.Колбин деген келіп, бұрынғы басшы қызметкерлерді бір жағынан тексертіп, екінші жағынан Димаш Ахметұлы Қонаевқа қарсы адамдардың қатарына қоспақ үшін С.Б.Ниязбековті қабылдауына шақырады. «Сіз Қонаевтың кемшіліктерін көп білетін адамдардың бірісіз», – деп көпшік қоя отырып, сыр тартпақ болғанда, ол кісі: «Мен Димаш Ахметұлымен бірге басшы орындарда көп жыл қызметтес болдым. Ол кісінің мынандай-мынандай қатесі болды деп айта алмаймын. Мәселелер ақылдасып шешілетін. Егер ол кісі қателескен болса, мен де қателестім. Бірге жауап беруге тиіспін», – деп сөзді бірден тұжырымдаған екен.
Жоғарғы Кеңес президумының Указымен үлкен лауазымды адамдарды жоғары қызметке тағайындау, министрлер мен министрлер кеңесінің төрағаларын тағайындап, соны елге жариялайтын мекеме еді біз қызмет істеген орын. Шын мәнінде, үлкен мекеме еді. Бүкіл Жоғарғы сот, прокуратура, ішкі істер министрлігімен бірге жұмыс істеп, заң шығарушы орган болды Барлық кодекстер мен заңдар осы мекеме арқылы өтетін. Ол кезде біз екі тілде қатар жұмыс жүргіздік. Жарғылар да, заңдар да екі тілде дайындалды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің президиумы бірінші рет 1960 жылдың ортасында ғана заңдарды қазақшалай бастады. Азаматтық кодекстер мен жерге, суға, некеге байланысты, қылмыстық іс жүргізу туралы заңдар алғаш рет қазақшаланды. Бұл шаруа біз үшін оңай болған жоқ.
– Жоғары жақтан жұмысқа қатысты арнайы нұсқау болатын ба еді?
– Жоқ, жоғары жақтан ешқандай нұсқау болмайтын. Бұрын Заңдар бір ғана тілде шыққан екен. Ал біз екі тілде қатар жұмыс жүргіздік. Ол Заңдарды ешкімге бағынбай, барлығын өзіміз дайындадық деп айтуға болмайды. Біз ол уақытта бір орталыққа, яғни Мәскеуге бағынатын едік. Заңдардың жобасын даярлап алғаннан кейін Мәскеуге жіберетінбіз. Ол жақтағылар кей нәрсеге келісетін, кей нәрсеге келіспейтін. Басқа республикалардың да заңдарымен салыстырмалы түрде қарайтын еді. Неке заңына байланысты менің келісе алмай кеткен бір дүнием болды. Жоғарғы Кеңес президиумы қазақ қыздарының 18 жасқа толғаннан кейін ғана неке құруға жағдайы бар деген шешім шығарды. Мұны ең болмағанда 16, 17 жас деп алуға болатын еді. Біз осыны қаншама рет мәселе қып қойғанымызбен, оны өзгерте алғанымыз жоқ. 18-ге толмаған, 17 жаста балалы болған қыздардың сүйгендері заң бойынша сотқа тартылды. Олардың отау құрмай жатып азаматының сотқа түскеніне жанымыз ауырады. Соны қанша өзгертуге тырысқанымызбен, қолымыздан еш мүмкіндік келген жоқ. Бәрібір заң бойынша, кәмелеттік жас 18 болып қала берді. Ол кезде 17 жаста қыздар мектеп бітіріп қоятын. Олар мектеп бітіре салып тұрмысқа шығады, бірақ 18 жасқа толмаған болса, күйеуі сотталады. Жалпы әрбір өткен заманның өз жақсылығы, өз кемшілігі бар. Ол дәуірдің жақсылығы біздің еліміз көркейді, есейді. Соғыстан кейінгі уақытта оқу, білім дамыды. Білім бар жерде бәрі болады. Ол заманда орта мектепті бітірмеген бала болмайтын. Біз осы уақытқа дейін ең сауатты елдердің қатарындамыз. Қазір кейбір балалар оқымай қалып жатыр. Мұның бәрі қазір болып жатқан жағдайлар. Кеңестік кезеңде білім алмай қалу деген болған емес. Өйткені бүкіл жергілікті кеңестер, ұйымдар әрбір баланың білім алуы үшін күресетін. Бұл темірдей тәртіптің арқасы. Егер бір баланың мектепке бармай қалғандығы турасында ақпарат келетін болса, үлкен шу туатын. Кеңес қызметкерлері мен партия органдарының мүшелері ол баланы қалайда оқуға тартатын еді. Ал ол кезеңнің ең басты кемшілігі – орыс тілін білмесе, жұмысқа орналаса алмайтындығы болды.
– Жалпы, ұлттық ерекшеліктерге байланысты шектеу болды ма?
– Ашық түрде болмаса да, үндемей жасалатын. Өйткені ол жылдары міндетті түрде әрбір үлкен мекеменің бірінші бастығы қазақ, орынбасары орыс ұлтынан тағайындалатын еді. Ауданнан бастап, республикаға дейін осындай тәртіп болатын. Бірінші хатшы өзге жұмыстарымен басқа аймақтарға кетеді, сондықтан көп жұмыс екінші хатшының қолында. Кадр таңдауды екінші хатшы шешеді деп айтуға бола қоймас. Бірақ, таңдау соның қолынан өтеді. Ал енді осындай жағдайда жұмыс істеу Сабыр Біләлұлына оңай болған жоқ. 3-4 облыстарда жұмыс істегенде, бұл кісі қара қылды қақ жаруға тырысты. Өте таза адам еді. Ол кісіге адамдардың кім екендігі маңызды емес, бастысы жұмысқа деген ынта-жігер мен адалдық. Біреудің өсегіне, біреудің сөзіне, біреудің мақтауына, біреудің жамандағанына ол кісі назар аударған емес. Өзінің ойымен, принципімен жұмыс істейтін. Жоғарғы Кеңестің аппаратында жұмыс өте тиянақты өтті. Бүкіл мекеменің жұмысын 50-60 қана адам істейтін. Сол кезеңдерде күн демей, түн демей екі тілде жұмыс жүргіздік. Ол кісі менің қолым болмаса, ешбір құжатқа қол қоймайтын. Ең алдымен мен қол қоюым керек еді. Заң бойынша Мәскеуде Георгадзе қол қойып отырды. Бірде мен ауырып, оншақты күн ауруханада жатып қалдым. К.Н. Крюкова деген мен алғаш келгенде орынбасар болатын. Мен Кеңеске келгенде Шарипов Исағали деген ағай болды. Кәрілеу кісі еді. Сол кісіге екі жылдан астам хатшы болып отырдым. Крюкова апайымыз Целиноградта жұмыс істеген, Ресейдің шығыс жағынан келген адам еді. Менің орныма Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы П. Конселяристовтың қолымен қойыпты. Содан жұмысқа келсем, «қайда кеттің, неге кеттің?» деген қоңыраулар түсті елден. Халық деген намысшыл ғой. Өте қырағы халық. «Рамазанованың орнына қазақтың заңына, қазақтың қаулысына Конселяристовтың қол қойғаны не деген сұмдық, бұл қандай заң, қайдан шыққан, қай жерде жазылған?» деп келіп шу шығарды.
– Ниязбековтің, Шаяхметовтің, Тәшеновтің ұлтқа деген адалдығының сыры неде деп ойлайсыз?
– Шаяхметов туралы ешнәрсе айта алмаймын. Жалпы қазақ намысы күшті халықпыз. Тәуелсіздік алған 20 жылдың алғашқы 15 жылында біз әлсіреп қалдық. «Қалай боламыз, өз аяғымызға тұра аламыз ба, жоқ па?» деп көп ойландық. Әсіресе, менің көп ойлайтыным қыздар мәселесі. Қазақ қызы өзінің ұлтына басқаны теңгермеген еді ғой. Менің осыған жүрегім қан жылайды. Біздің генофонның бәрі шашырап кетті. Қайда кеткені белгісіз? Екінші қазақ өзінің атын ешқашан сатқан емес. Қазақ атын өзгертіп, қырғызбын, орыспын, өзбекпін деп жазылған емес. Қазақтың осындай бір кереметтігі бар. Ол кезде тазалық, нағыз отансүйгіштік болды. Мысалы, көшеде кетіп бара жатқан қарияны көргенде амандасып, жағдайын сұрауға мен әлі де міндеттімін. Мейлі ол қай елдің азаматы болсын, мен осылай жасауға тиіспін. Бұл енді адамға деген жанашырлық. Әркімде жүрек біреу-ақ болғанмен, оның жылылығы әртүрлі. Қазақтың бүгінге дейін көрмегені жоқ. Ол кезде ұлдарымыз қазақтың қыздары оқымаған, жетілмеген деп, ұлттық дәстүрмен тәрбиеленген бойжеткендерімізді бағаламай, бұдан гөрі татардың қызын алу керек дейтін еді. Одан кейін орыс қыздары керемет деп орысқа үйленді. Сөйтіп талай дүниені бастан кештік қой. Қазір қыздарымыз басқа ұлттың жанында кетіп бара жатса, өздерін нағыз бақытты адамбыз деп ойлайды-ау деймін. Осыдан қалай құтылатынымызды мен білмеймін. Қазақтың қыздары қазаққа күйеуге шыққаннан кем болып жатқан жоқ. Мен көзіммен көрген бір оқиғаны айтайын. Бірде Сомалидің саваннасына бара жаттық. Сонда жолда бір түйе, екі ешкінің қасында шашы жалбыраған сары әйелдің отырғанын көрдім. Елшіліктегі адамдардан «мынау не істеп отырған адам» деп сұрағанымда, Мәскеудегі бір генералдың қызы екенін, Сомалидің жігітіне күйеуге шыққандығын айтты. Келгеннен кейін өзінің азаматтығын жойған. Бірақ, балалы бола алмаған. Сондықтан әке-шешесі «бізге қалайда перзент керек?» деп екінші әйел алуға рұқсат сұраған. Ол рұқсат бермеген. Онымен қоймай, ұрыс-керіс шығарып, елшілікке барып, тыныш отырған елді дүрліктіріп шу шығарған. Ешнәрсеге көнбеген. Содан кейін бәрі жиналып, бізде әйелдің құны бір түйе, төрт ешкі, біз осыны саған береміз. Ары қарай өз өміріңді өзің біл деп, қызды алыс жерге апарып тастаған. Міне, қандай бақытсыздық? Ол қызды да кінәлауға болмайды. Әр елдің әдеті, заңы, дәстүрі, салты басқа. Егер осындай бір өкінішті өмір біреулердің басынан өтсе, мен журналистерден сұранар едім, сондай жандармен сөйлесіп, әңгімелерін елдің құлағына сіңіріп, ең болмаса жастарға септігі тисін деп жазып тұрса екен. Бүгінде 42 жасқа дейін отырған қыздардың саны 600 мыңдай. Әрине бұл оңай дүние емес. Бірақ өз еліңде өмір сүруге болады ғой.
– Сіз комсомолды басқарған кезде жастар тәрбиесіне қалай көңіл бөлдіңіздер?
– Кеңес кезінде негізгі мәселе – мемлекеттік тәртіпті сақтау. Екінші елді, жерді өзімдікі деп қарау. Өйткені біз Отан үшін жанын қиған адамдардың отбасымен бірге болдық. Олар бейбітшілікті сүйді, басқыншылыққа қарсы болды. Әрбір жас туған жерді сақтап қалуды, туған жерді көркейтуді міндетім деп есептеді. Сондықтан, ол кезде тәрбие беру кезінде патриотизм, отансүйгіштік турасында ешқандай мәселе болған жоқ. Өйткені бүкіл айналамыздың өзі осыны айтып тұрды. Соғыстан қайтқан азаматтар біреуінің қолы, біреуінің аяғы, біреуінің көзі жоқ мүгедек болып оралды. Олар «соғыстан келдім» деп дандайсыған жоқ. Кішкентай лашық үйді өздері салуға тырысты. Ал қазір де ауызды қу шөппен сүртуге болмас.
– Бүгінгі қарттардың ешқандай мұңы, зары жоқ деп ойлайсыз ба?
– Үлкен адамдардың басында мынадай қиындықтар кездесіп жатады. Мысалы, ерлі-зайыпты адамдар талай жыл тұрады. Сосын күйеуі, не әйелі қайтыс болады. Балалары әр қалаға жұмыс істеуге кетеді. Олардың әке мен шешенің қасында үнемі отыруға мүмкіндігі жоқ. Өздері тұрған қалада өзіне ұнайтын жұмыс істеуге тағы да мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан не әке, не шеше қалады үйде. Немерені де бұл жерде ұстай алмайды. Сондай жандарға ұлы, не қызы келіп көмектесіп тұрмаса болмайды. Жалғыздық, әсіресе қартайғанда адамды қинайды. Онымен де күресе білуге тура келеді. Соғыс кезінде тылда еңбек еткен әйелдердің зейнетақысы тым аз. Олардың зейнетақысы қазір пәтерақы төлегеннен артылмай жатады.
– Сізге мұңын айтып келетін ардагерлер бар ма? Олардың басты арыз-мұңы қандай?
– Қазір ондай жандардың саны азайды. Қалада қазір 75 жасқа толған зейнеткерлер метро мен таксиден өзге қоғамдық көліктерде тегін жүреді. 2 миллионға жуық тұрғыны бар қалада мұндай шаруа атқару үкіметке оңай емес. Зейнеткерлер зейнетақысын уақытылы алады. Жалғызбасты адам болуы мүмкін, оның күтушісіз қалуы мүмкін. Бірақ оған да әлеуметтік жағдай жасалған. Үкіметтен аздап ақша алатын күтуші адамдар бар. Ол аптасына бір рет тамағын әкеп беруге, дәрілерін әкеп беруге міндетті, ол бекітіліп қойылған. Міне, бұл үлкендерге жасалған қамқорлық. Бірақ, бұл әлі де жеткіліксіз.
– Қарттардың қамқоршысыз қалуы, олардың қарттар үйінде тұруы жастардың мейірімсіздігінен болып жатқан жоқ па?
– Біріншіден, мейірімнің аздығы. Мейірімнің азаюы 90 жылдардан басталды ғой. Әкесі мен шешесі де зейнетақы ала алмады. Балаларында жұмыс болмады. Әншейін айдалада аралда тұрғандай болдық та қалдық. Ақшамыз да азайды. Бүкіл өндіріс құлдырады. Ауылшаруашылық техникасы да істен шыға бастады. Сол кезде қалайда күн көру үшін Қазақстанның үлкен қалаларына жүгірді. Балалар да сол кезде қараусыз қалды. Қазіргі 21-25 жастағы балалардың көбі қиындықпен өсті. Өз мамандығына байланысты әркім жан-жаққа кетіп жатыр. Жұмыс істеймін деген адамды үйде ұстауға болмас. Сондықтан балалар үйден жырақ кетіп жатыр. Бұл қоғамда бар жағдай, бұл әзір өзгертуге келмейді. Жастарға кінә қою қиын, біздің менталитетіміз осылай болып кетті. Ата-анасы «Сен егер оқымасаң, диплом алмасаң, сен бізді жұрт алдына масқара қыласың», – деп үйретті. Ал ол алған дипломы жарамай қалды. Себебі, көп тараған экономист пен заңгер мамандығында жұмыс орны жоқ. Сонымен жастарымызда жұмыссыздық белең алды. Бұл біздің де кінәміз, өздері туралы ойламаған балаларымыздың да кінәсі. Осы жағдайлардың бәрін ойлап отырып, кереметтей таң қаламын Елбасыға. Біз қазір қырық рудан құралған құрама елде бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ешкімде жұмысымыз жоқ. 103 елдің дауысын алып, ЕХРО-2017 көрмесін өткізуді жеңіп алғанымыз керемет жағдай. Мұның құпиясын әлі түсініп бола алмай жатырмыз. Кейбіреулер 1 желтоқсан неге керек дейді. Қазақ қазақ болып, ұлтымыздың ел болуына ерен үлес қосқан осыдан 20 жыл бұрын өзіміз сайлаған президентіміздің күнін тойлаудың несі әбестік. Елбасының осы күнге дейін атқарған істері үшін, тіпті бір ғана полигонды жапқаны үшін біз ғана емес, барша адамзат мың алғыс айтуда. Бұл да болса Нұрекеңнің көрегендігі, тәуекелшілдігі, елінің қамын ойлағандығы.
– Бижамал апай, кеңестік кезеңде тамыр-таныстықпен, рушылдықпен жұмысқа орналасу болатын ба еді?
– Жоқ, ондай болған жоқ. Жұмысқа тұрарда «жеке іс қағазыңды алып кел» дейді. Сонда туған жерін, әке-шешесін бәрін жазып келеді. Сол жеке іс парағына қарап, адамды жұмысқа қабылдайды. Екі апта бойы сынақ мерзімінен өтесің. Заң күшті еді ғой ол кезде. Мәселен, менің бірде-бір туысым мен жұмыс істейтін мекемеде қызмет атқарып көрген емес. Тек мұғалімдер мен дәрігерлердің айналасында ғана қызметтестер болды.
– Қазір «жеп қойыпты, пара алыпты» деген фактілер көбейіп кетті. Сіз қызмет атқарған Жоғарғы Кеңесте дәл осындай оқиғалармен қылмысты болған адамдар болды ма?
– Біздің дәл өзіміздің айналамызда болған жоқ. Бірақ республиканың жоғары орнында жұмыс істегендіктен көп нәрсе көрдік. Комсомолда істеп жүргенде бәрі қардан аппақ деп ойлайтын едім. Жоғары Кеңеске келгеннен кейін ғана өмірдің көлеңке, күнгей жағын көрдім. Бір жыл ішінде 80-90 адам ату жазасына бұйырылады. Сол үшін мен қол қоятын едім. Ол аз емес. Ату жазасына кесілгендердің арасында мал ұрлағандар, тұрмыстық жағдайға қатысты қылмысты болғандар да болды. Пара бергендердің 1-2 ғана жағдайын кездестірдім. Адам өлтіру көп еді. Бірақ кісі өлтірген қазақтар аз. Өзге ұлт өкілдері көбірек болатын. Сатушы болып істейтін әйелдердің көбі сол кезде қиындыққа душар болды. Міне осыларды, әр апта сайын әр облыстардан келгендерді төраға қабылдайтын. Сәрсенбі күні орынбасар, жұма күні мен қабылдайтынмын. Әсіресе, жұма күні қабылдау өте ауыр. Ол кезде халықтың жағдайы ауыр болды. Капиталистік қоғам бай, оларда қылмыс жоқ деп ойлаушылар болар, бірақ оларда қылмыс тіптен көп. Қылмыс қай кезде де қылмыс. Ол адамның тәрбиесіне, ар-ұятына, қоғамына байланысты. Дін жоқ жерде қылмыс жүреді. Аяқ астынан орын алатын қылмыстар әйелдер арасында көп кездеседі. Адам жас кезде адасып қалуы мүмкін. Балалар да солай біреуге еріп кетеді. Бірақ ол кезде нашақорлық деген жоқ еді. Арақ ішіп, қылмыс жасап түрмеде көбірек отыратын. Қылмыс ол кезде де аз болған жоқ. Бірақ оның бәрі жарияланбайтын. Бәрі жасырын, құпия түрде қалатын. Қазір ашық жарияланып жатыр.
– Тіпті, телеарналардың өзінде ашық ештеңе көрсетілген жоқ емес пе?! Социалистік қоғамды сүттен ақ, судан таза етіп көрсету кеңестік идеологияның басты принципі болған сияқты. Қалай ойлайсыз?
– Телеарналар аз ғой, оларда ашық ешнәрсе көрсетілмейтін. Қоғамдық тәрбие жақсы болды. Мектеп те жақсы, мектептен тыс уақытта тәрбиелеу, неше түрлі үйірмелер болды. Бәрі ақысыз, пұлсыз болды. Бірақ балабақшада орын жетпейтін. Ол кезде балабақшалар салынбайтын еді. Тұрғын үй мен балабақша деген өмір бойы біздің жетіспеген шаруамыз болды ғой. Қайдан жетіссін?! Ылғи соғыстан соғыс болды. Құрылыс материалы, құрылысшылар жетіспейтін. Құрылыс тек 60-80 жылдары жақсы дами бастады. Тек Алматыда ғана емес, бүкіл республикада жақсарды. Бұған республика басшыларының беделі әсер етті. Әсіресе, Дінмұхамед Қонаевтың беделі зор еді.
– Екі кезеңнің де қиындығы мен қуанышын басыңыздан өткеріп келесіз. Бүгінде Сізді не күйіндіріп, не сүйсіндіреді?
– Ең бірінші қуанатыным – Қазақстанның тәуелсіз ел болғандығы. Әлем елдерінің қазақ деген елді естігеніне қуанамын. Көп елде болып, өзімнің қазақ екенімді түсіндіре алмай кеткен адаммын. 1961 жылы бір топ туристерді алып, Үндістанға бардым. Шетелдерде мені үнемі жапон немесе қытай халқының өкілі деп қабылдайтын. Тіпті кейде «Орыссың ба?» деп сұрайтын. Қазақ екенімді түсіндіруге тырысам. Бірақ түсінбейді. Бірде Танзанияға бардық. Терещкованың әйелдер делегациясын басқарып барған едім. Джулиус Ньерере деген президенті болатын. Өте керемет салмақты адам. Президенттің әйелімен кездесу керек болды. Аты – Мәриям. Ол әйелдер қауымдастығын басқарады екен. Ол кісі науқастығына байланысты кеңсеге келе алмайтын болды. Содан үйіне шақырды. Теңіз жағасында орналасқан кішкентай ғана үй екен. Қабырғада жер жүзінің картасы ілулі тұр. Біз саясатымыз туралы сарнап айтып жатырмыз. Сонда айтқаны әлі күнге есімде. «Ғапу етіңіздер, мен зорға хат таныған адаммын. Сіздер айтып жатқан нәрседен хабарым жоқ. Сіздің мемлекетіңіз әлем бойынша жер көлемі жөнінен 9 орында екен. Мен осыны айтам президентке. Келгендеріңіз жақсы болды. Бізде сіздердегідей орасан зор байлық, кең шалқардай жер жоқ», – деді. Үйіне қарасаңыз, шынында да жұпыны ғана бөлме. Сол жолы Танзания президенті Джулиус Ньерераның да айтқаны есімде. еді: «Мен өз елімнің балаларының шет елде оқығанына қарсымын. Мысалы, бір үйде үш бала бар дейік. Біреуі Египетте, біреуі Америкада, біреуі Дар-Эссаләмда оқыды. Жазда елге келгенде, әлгі үш бала бірін-бірі түсінбеді. Анау өзінің оқыған елін мақтайды. Әрқайсысы өзі көрген, оқыған елдің салтын мақтайды. Олардың психологиясы өзгеріп кетеді», – деді. Біздің сапарымыздың мақсаты да осы тұрғыдан болатын. Яғни, танзаниялық қыз-келіншектерді КСРО-да медицина саласында оқыту болатын. Президенттің әлгі сөзінен кейін оны айтуға ұялдым. Қазір бізде он жылдықты бітіре салып, үш мың бала «Болашақпен» оқуға кетіп жатыр. Мен соны естіген сайын, әлгі Танзания президентінің сөзін есіме алам. Ал қыздардың өзге елдіктерге тұрмысқа кетіп жатқанын естісем, көрсем Сомалидегі жағдай көз алдыма келеді.
– Әңгімеңізге рахмет, апай!
Гүлзина БЕКТАСОВА