ҰЛЫ АҚЫН ШЫНЫМЕН АТЫЛДЫ МА?

ҰЛЫ АҚЫН ШЫНЫМЕН АТЫЛДЫ МА?

ҰЛЫ АҚЫН ШЫНЫМЕН АТЫЛДЫ МА?
ашық дереккөзі

Бұған күмәнданатын куәгер бар

Соңғы кезде тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта парақтап, кейбір мәліметтердің нақтылығына көз жеткізу керектігі жиі айтылып жүр. Әсіресе, сонау нәубет жылдарында саяси жүйенің құрбанына ұшыраған қазақ зиялыларына қатысты дерек көздері сан түрлі пікірталас тудыруда. Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары Алаш арыстары – Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллиннің тарихта жазылғандай 1938 жылы емес, бертін келе аса ауыр жағдайда өмірден өткендігі туралы жазған болатын. Тіпті, мұны растайтын «тірі куәгерлер» мен зерттеушілер де бар көрінеді.

Біз білетін тарихта «ақын Мағжан Жұмабаев сталиндік репрессияның құрбаны ретінде 1938 жылы атылған» деп жазылған. Тарихшылар да аса құпия құжаттарда солай екендігін айтады. Алайда кейбір баспасөзде ақсақал Абдулла Әбдірахмановтың Магадан облысы, Сусуман ауданы, Берелех ла­герiнде Мағжан Жұмабаевпен бірге болғандығы туралы әңгімесі кеңінен жарияланды. «Бүгінде жасы 93-ті алқымдаған ақсақалдың айтқан тың деректерінің анық екендігіне көз жеткіздік» деген «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай бастаған топ Ресейдің Магадан облысына арнайы барып қайтыпты. Бұл сапардан соң «Біз тарихи тұлғаларымызға қатысты кез келген дерек пен дәйекке бей-жай қарамауға тиіспіз. Мұндай деректерді індетуге, шындықтың түбіне жетуге міндеттіміз» деген ойға қалдық дейді олар.

Елімізге белгілі тарихшы-ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Алаш қайраткерлеріне қатысты тың деректің анық-қанығына көз жеткізу үшін «Мағжан Жұ­мабаевтың, Сәкен Сей­фуллиннiң өмiрбаяндық деректерiн айқындау, жерленген орнын табу, сүйектерiн елге жеткiзу – ұрпақ парызы» атты ғылыми конференцияда бас қосты. Әуелгі сөзді алған «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Магадан экспедициясы барысына тоқталып, ақын Мағжанның 1938 жылы ату жазасына кесілмегендігі туралы мысалдарға ой жүгіртті.

«Бүгінгі әңгіме – ақын өліміне қатысты. Мағжан шынымен де 1938 жылы атылды ма? Рас, барлық құ­жат­тарда «Мағжан 1938 жылы 19 нау­рыз­да атылды» деп айтылады. Бірақ хал­қы­мыздың ұлы перзенттерінің бірі, даңқты қол­бас­шы Бауыржан Момышұлы Мағ­жан­ды соғыстан кейінгі жылдары өз көзімен көргенін маңайындағы жұрттарға айтып та, естеліктерінде жазып та кетіпті. Баукең өзінің естелігінде: «1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болу керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде: – Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, – деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп: – Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, – деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де:

– Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз, – дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп, суға кетіп қайтыс болғандығын айтты» деп жазады. Бұл да Мағжанның 1938 жылы о дүниелік болмағанын растаса керек», – деді ол. Экспедиция басшысы: «Магаданда Мағжанға қатысты құжаттарға кезікпедік. Кейбір мұрағатқа рұқсат етілмеді. Біз оларға «Халық жауы» ретінде ұсталғандардың құжаттары түбегейлі жойылмайтын шығар?» деген сұрақ қойғанымызда, «100 пайыз сақтау мүмкін емес. Жойылмайды, жоғалмайды деп ешкім де айта алмайды» деп жауап берді. Сондықтан да ұлт зиялыларына қатысты кейбір аса құнды деректер қасақана жойылып кетуі неғайбіл», – деген пікірін ортаға салды.

Бұдан кейін сөз реті жиналған көпшілік тыңдауға асық болған 93 жастағы Абдулла ақсақалға берілді. «Халық жауының баласы ретінде 1949 жылы Магаданның Сусуман деген жеріне айдалдым. Сол жерде Мағжан Жұмабаевты көрдім. Ол бұған дейін үш рет сотталған екен. 20 жыл азаппен өмір сүрген ол әбден жүре алмайтын халге жеткен. Арасында сырлас, әңгімелес болдық. Аурудан арылмасын білді ме, ауылға жете алмасын ойлады ма, бір күні бір сырты қапталған, су өтпесін деп жазу жазылған, қолдан жасалған блокнотын беріп, «мынаны Алматыданмын деген қазаққа берерсің» деп аманаттаған еді. Мен өзім сауатсыз адаммын. Оның үлкен ақын екендігін кейін білдім ғой. Көбін жәдитше және кейінгі әріппен жазған екен, оқи алмадым. Бірақ елге жетерде ұрлатып алдым. Бұған әлі күнге дейін өкінемін» – деген ақсақал аз ғана үнсіздіктен соң әңгімесін қайта жалғады. – Мағжан 1951 жылғы қаңтарда қайтыс болған. Оның денесінің 3-4 адаммен бірге күреліп тасталғанын көрдім. Қазақтың зиялы ұлы осылайша Сусумандағы Берелех поселкесінде көмусіз қалды. Ақынның аштық пен цингадан зардап шеккен денесі тұлып болып ісіп кеткен. Өмірінің соңғы сағаттарында аяқ баса алмай еңбектеп қалды. Ал ол туралы мен кейіннен 1938 жылғы наурызда атып өлтірілген дегенді естідім. Бұл қате дерек. Осыншама жасқа келген маған сеніңіздер», – деп әңгімесіне нүкте қойды Абдулла қарт.

Сонымен, арнайы эспедиция Магаданға барып, Мағжанның қабірін іздеп қайтты. «Әрине, қазір мұнда бәрі өзгерген, ел де басқа, жер де басқа. Елу жылда ел жаңа. Ешкім сыртқа тіс жармағанымен бәрінің көкейінде бір дүдәмал сұрақ тұрды. Абдулла ақсақал өзі жатқан жатақтарды бірден тауып, жұмыс істеген жерді ойша топшылады. Алдымен Берелех өзенінің жағасына жетті. Тоқтады да іздегенін тапқандай қуана күлімсіреді. Көп жыл бұрын қазылған, алтыны алынған құм-тастардың үйінділері көзге бірден түседі. Ары қарай сапарымыздың ең басты мақсаты – ескі қорымға келдік. Текке үміттенбеппіз. 60 жыл уақыт өтсе де өзі көрген азапты жердің ой-шұқырын көнекөз қарияның жады толық ұмыта қоймапты. Бұдан алпыс жыл бұрын қойылған белгіні табу мүмкін болмады. Шіріген ағаш бұл төңіректі өрт шалғанда жанып кетсе керек. Шамасы кейіндеу орнатылған болар, темірден жасалған белгілерден 1937 жыл, 1952 жыл деген жазуларды оқыдық. Демек, Мағжан Жұмабаев 1951 жылы қаңтарда қайтыс болса, осы қорымға жерленгендігіне күмән тумаса керек», – дейді «Жас Алаш» газетінің тілшісі Сәния Тойкен.

Айтпақшы, Сәкен Сейфуллинді де атылды дегеннен кейін көрген адамдар бар екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Бұл жөнінде «Сәкен Сейфуллиндi 1938 жылдан кейiн көрген адамдардың айғақтары. Олар НКВД-ның дерегiн терiске шығарады» деген тақырыпта баяндама жасаған С.Сейфул­линнiң iздеушiсі Шәкизада Әбiлдиннің пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. «Оның мынандай екі айғағы бар. Бірінші, Қарағандының көмір шахтасында апат болдыра жаздағаны үшін 20 жылға сотталып, Магадан облысына айдалып барған Иван Николаевич Мудров 1940 жылдың наурыз айында казармадан түнде шығып кеткен немесе біреулер қасақана шығарып жіберген Сәкен Сейфуллиннің өлі денесін қардың астынан бір жарым айдан кейін тауып, өз қолымен жерлеген. Екінші, 18 жастағы жігіт Әлиев Серік деген 1939 жылы желтоқсанда Магаданда басталған теміржол құрылысында Сәкен Сейфуллинді жолықтырады. Міне, осыдан кейін Сәкенді зерттеуге бел будым. Көп ұзамай Қарағандыдағы Иван Мудровтың үйіне барып, жан-жақты сауалдың астына алдым. Ол «Сәкен орыс тілінде таза сөйлейтін әрі әңгімені өте әдемі айтатын. Көбінесе әкесімен бірге аң, құс аулаған кездерін жиі айтып, еске алатын» деді.

Шәкизада Әбiлдиннің айтуынша, ұлтымыздың екі арысы жайлы деректердің астарында шындық бар. Алайда мұны зерттеушілер әлі де елеп-екшеуі керек. Әйтпесе жоғарыдағы куәгерлердің пікірі дүдәмал талас тудыруы мүмкін.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

– Бүгінгі конференцияның жөні бөлек. НКВД құжаттары бойынша Мағжан мен Сәкенді 1938 жылы атылған деп келдік. Біз сол дерекпен өмір сүріп келеміз. Әсіресе, соңғы бір-екі жылда Рысбек Сәрсенбай бастаған топ Магаданға барып, үлкен жұмысты атқарып қайтты. Мағжанмен бірге болған Абдулла ақсақал кезінде ақынның қолжазбасын да алған екен. Бірақ әр түрлі жағдайда жоғалтып алыпты. Өкінішті. Тіпті Сібір әскерлер округінің бастығының орынбасары Ба-уыржан Момышұлының естелігінде 1948 жылы Мағжанды көргенін жазады. Бұл ұлы тұлғалардың тарихына үлкен сенсация жасады. Олар атылмаған екен. Демек, ату жазасына кесілсе де, өлімге жұмсағандай ауыр еңбекке салған. Магаданда Мағжанның моласы бар деп естідік. Құдай қаласа, табылса, оны да елге әкелетін шығармыз. Сөйтіп, жоғымыз табылып, көзіміз ашылып жатыр. Басқа арыстарымыздың да тағдыры осылай болуы мүмкін.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы,

профессор:

– Бұл Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин 1938 жылы атылды деген деректің қаншалықты дәлелді екендігін тексеруге арналған жиын. Бұған дейін екі ақынның репрессия кезінде атылмай, тірі қалғандығы туралы материалдар жарияланып келеді. Сонымен бірге екі ақын жатқан лагерьге экспедиция жасалды. Аталмыш конференцияда сол экспедицияның зерттеу нәтижесі баяндалуда. Бұл қажет нәрсе. Тарихи фактіні анықтауды тек қана мұрағат құжаттарына қалдыруға болмайды. Ғалымдар ел арасындағы сақталған деректерді де зерттеуге тиісті. Мағжан ақынның тірі болғандығы, оның Колымада қайтыс болғандығы туралы Бауыр­жан­ Момышұлының естелігі де бар. Мағжан Жұмабаевпен бірге болдым деген ақсақал Абдулла Әбдірахманов та экспедиция мүшелерімен бірге лагерьге барып қайтты. Әрине, ғылым нақтылықты қажет етеді. Ғылым тек қана фактіге ғана сүйеніп, соның негізінде ғана тұжырым жасайды. Меніңше, Мағжан мен Сәкен кейінірек те өмір сүрді деген тұжырымға толықтай көз жеткізу үшін әлі де болса зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бірақ та бұл шара бұдан кейінгі атқарылатын жұмыстарға қозғау салады деп ойлаймын.

Шайзада БЕКИШЕВА, М.Жұмабаевтың немересі:

– Мағжан тек қана біздің атамыз емес, ол өзінің атын мәңгіге қалдырып кеткен жан. Өлеңдерімен анасын, Ота­нын, махабатты, барлық әдемілікті жырлаған адам. Сондай ұлы адамды айыптау, осылай жер аудару таста жазылғандай «кінәсіз кінәлі болған».

Экспедиция мүшелері сандаған азап лагерьлерінің орта тұсындағы дәл осы тарихи белгі басында ескерткіш тақтаны орнатуға қалдырды. Ақын ғұмырын мұрағаттық құжаттармен зерт­теу жұмысы жалғасуда. Дәйек толық табылғанда ұлы ақынның НКВД жендеттері қолынан емес, Колыма түрмесінде қаза болғаны туралы анық айтылатын болады. Ал Мағжан Жұмабаев жайлы тың деректің әзірге жалғыз тірі куәгері – оның 93 жастағы лагерлесі Абдулла Әбдірахманов қана.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ